Хадис

Кутуб ситтә, № 1804

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
234. Рүкүғ пен сәждеде оқылатын дұғалар
Нөмірі
№ 1804 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
1804
Кутуб ситтә, № 1804 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِذَا رَكَعَ أَحَدُكُمْ فَلْيَقُلْ ثَلَاثَ مَرَّاتٍ: سُبْحَانَ رَبِّي الْعَظِيمِ، وَذَلِكَ أَدْنَاهُ، وَإِذَا سَجَدَ فَلْيَقُلْ: سُبْحَانَ رَبِّي الْأَعْلَى ثَلَاثًا، وَذَلِكَ أَدْنَاهُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Қайсыбірің рүкүғке барғанда “Субхана Раббийәл-азим” деп үш рет айтсын. Мағынасы: “Аса ұлы Раббым кемшілік атаулыдан пәк”. Бұл – ең азы. Сәждеге барғанда “Субхана Раббийәл-ағла” деп үш рет айтсын. Мағынасы: “Аса жоғары Раббым кемшілік атаулыдан пәк”. Бұл да – ең азы».1

Түсіндірме

Алдыңғы хадистің түсіндірмесінде айтып өткеніміздей, рұкүғ пен сәждеде оқылатын дұғалардың әртүрлі нұсқасы жеткен. Біз тоқталып отырған Ибн Масғудтың риуаяты – солардың бірі. Ибраһим Нәһәи, Хасан Басри, Әбу Ханифа, Әбу Юсуф, Мұхаммед және бір риуаятта Ахмад ибн Ханбал осы хадисті негізге алып, аталмыш дұғаны үш мәрте оқуды сүннет деп білген.

Риуаятта үштен кем айтпауға кеңес бар. Демек, үштен аз болса сүннет басшылыққа алынбағаны. Үштен көп айтуға тыйым жоқ. Десек те соңғы шегіне қатысты кейбір жорамалдар айтылған. Мәуәрди: «Ең көбі он бір немесе тоғыз, ортасы бес. Алайда бір мәрте айтса да тәсбих орындалады», – дейді. Тирмизидің Ибн әл-Мүбәрак пен Исхақ ибн Рахуядан жеткізуінше имамның тәсбихті бес мәрте айтуы мұстахаб. Шәуканидың пікірінше тәсбихті тоғыздан көп жасаған жағдайда саһу сәждесі талап етіледі, ал үштен көп оқылса, саны жұп емес, тақ болуына қатысты ашық дәлел жоқ.

Рүкүғ пен сәждеде жасалатын зікірдің үкіміне қатысты әртүрлі пікір айтылған. Әбу Ханифа, Имам Мәлик пен Имам Шәфиғидің пікірінше сүннет. Орындалмаған жағдайда еш нәрсе талап етілмейді. Ахмад ибн Ханбал мен кейбір ғалымдарда уәжіп. Әдейі тастаған жағдайда намаз бұзылады. Қателікпен орындалмаса, саһу сәждесі жасалу керек. Захирилерден Ибн Хазм «парыз» деп кесіп айтады.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат 154, (886); Тирмизи, Салат 194, (261).