Хадис

Кутуб ситтә, № 1809

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
234. Рүкүғ пен сәждеде оқылатын дұғалар
Нөмірі
№ 1809 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 9
1809
Кутуб ситтә, № 1809 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас

وَعَنِ ابْنِ عَمْرَو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ أَبُو بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ لرَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: عَلِّمْنِي دُعَاءً أَدْعُو بِهِ فِي صَلَاتِي، قَالَ: قُلِ اللَّهُمَّ إِنِّي ظَلَمْتُ نَفْسِي ظُلْمًا كَثيرًا، وَلَا يَغفِرُ الذُّنُوبَ إِلَّا أَنْتَ فَاغْفِرْ لِي مَغْفِرَةً مَنْ عِنْدَكَ وَارْحَمْنِي إِنَّكَ أَنْتَ الْغَفُورُ الرَّحِيمُ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.анһума) былай дейді: «Әбу Бәкір (р.а.) Алла елшісіне (с.а.с.) келіп:

– Маған намазда оқитын дұға үйретіңіз, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) оған “Аллаһумма инни заламту нафси зулман касиран уә лә йағфируз-зунуба иллә анта, фағфир ли мағфиратан мин ғиндика уархамни, иннака антал-ғафурур-рахим” деп дұға етуін айтты. Мағынасы: “Уа, Алла! Мен өзіме көп зұлымдық жасадым. Күнәларды Сен ғана кешіресің. Мені Өз құзырыңнан келетін кешіріммен кешір, мейіріміңе бөлей гөр. Расында, Сен аса Кешірімді, ерекше Мейірімдісің”».1

Түсіндірме

1. Бұл соңғы риуаяттар намазда сәлемнен бұрын оқылуы сүннет дұғаларды қамтыған. Бұл дұғаларда Алла елшісі (с.а.с.) өз-өзіне зұлымдық жасағанын айту арқылы кешірім тілеп, жасырын-ашық, бұрынғы-кейінгі істеген күнәларды тілге тиек етіп, кешірім сұраған. Кейбір ғалымдар «Фатх» сүресінің басында айтылғандай бұрынғы және кейінгі күнәларының барлығы кешірілгенімен, Алла елшісінің бұлай дұға жасауын түсіндіруге қиналған. Алайда бірнеше қырынан жауаптар да берілген:

1) Расулалла (с.а.с.) үмбетіне дұғаны үйрету мақсатында осындай сөздерді қолданған.

2) Бұл дұғадағы мақсат – үмбеті үшін сұрау. Сонда «Я, Раббым! Үмбетім үшін сенен кешірім тілеймін» деген мағына шығады.

3) Қарапайымдылық танытып, қаншалықты бағынатындығын көрсету, одан қорқуды артық көріп, бағыныштылығын көрсетіп, разылығын тілеп, әмірін орындағысы келген. Дұғасына жауап берілгенімен де тілегін қайталап сұраудан бас тартпаған. Өйткені бұндай әрекет сауап бергендіктен, рухани және ақыреттік дәреженің өсуіне себеп болады.

Расулалланың (с.а.с.) дұғаға қатысты берген осы тақылеттес жеке мысалы үмбетін сондай әрекет жасауға ынталандырады. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.с.) толықтай кешіріле тұра бағыну мен дұға жасаудан бір сәтке де ажырамаса, кешірілгеніне нақты кепіл жоқ қарапайым адам дұға мен мойынсұнушылығын тіптен арттыруға мәжбүр.

2. Әзірет Әбу Бәкірге үйреткен дұғаға қарай отырып «Қандай да бір адам шыншылдық секілді қаншалықты жоғары мәртебеге жетсе де кемшіліксіз болмайды» деген де пікір айтылған.

3. «Абыройыңа лайық кешіріммен кешір» деп аударған сөйлемге өзіңдегі кешіріммен деп түпнұсқаға жақынырақ тәржіма беруге болады. Ибн Дақиқ әл-Ғид екі ықтималға тоқталып: «Бірі таухидке ишарат. Бейне бір “Я, Алла! Бұны сенен басқа ешкім жасамайды. Олай болса оны мен үшін жаса”, – дегендей. Екіншісіне келсек, құлдың көркем, ізгі амалдарының себебінен өзін құтылуға лайық деп білмей, тек мейірімнен бастау алатын кешірімді сұрауға ишарат болады». Кейбір ғалымдар осы екінші жорамалды құптап «Я, Алла! Мен амалыммен лайық болмасам да, сен маған (өзіңе жарасатын) мейіріміңмен кешірім ет», – деп түсіндірген.

4. Ғалымдардың арасынан кең мағынаны қамтыған дұғаларды сұрау мұстахаб, бірақ дұға намаздың қай жерінде оқылатындығы хадисте анық айтылмаған дегендер кездеседі. Көпшілік ғалымдар кейбір хабарларға сүйеніп, оның орны соңғы отырыста сәлем беруден бұрын екендігін айтқан. Сонымен қатар сәжде мен ташаһһудта оқылатындығын айтқандар да бар.

  1. 1Бұхари, Сифату әс-Салат, 149, Дағуат 17, Таухид 9; Мүслим, Зикр 48, (2705); Тирмизи, Дағуат 98, (3521); Нәсәи, Саһу 58, (3, 53).