Хадис

Кутуб ситтә, № 1810

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
235. Ташаһһудтан кейін оқылатын дұға
Нөмірі
№ 1810 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
1810
Кутуб ситтә, № 1810 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Аббас

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ بَعْدَ التَّشَهُّدِ: اللَّهُمَّ إِنِّي أَعُوذُ بِكَ مِنْ عَذَابِ جَهَنّمَ، وَأَعُوذُ بِكَ مِنْ عَذَابِ الْقَبْرِ وَأَعُوذُ بِكَ مِنْ فِتْنَةِ الدَّجَّالِ، وَأَعُوذُ بِكَ مِنْ فِتْنَةِ الْمَحْيَا وَالْمَمَاتِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.анһума) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) ташаһһудтан кейін “Аллаһумма инни ағузу бика мин ғазаби жаһаннама, уә ағузу бика мин ғазабил-қабри, уә ағузу бика мин фитнатид-дажжали, уә ағузу бика мин фитнатил-махйа уәл-мамат” деп дұға ететін. Мағынасы: “Уа, Алла! Тозақ азабынан Саған сиынамын. Қабір азабынан Саған сиынамын. Дәжжалдың бүлігінен Саған сиынамын. Өмір мен өлімнің сынағынан Саған сиынамын”».1

Түсіндірме

1. Бұл жерде ташаһһудтың соңғы отырыс екендігі хадистің кейбір нұсқаларында айтылған.

2. Захирилер «ташаһһуд» сөзін шектеусіз айтқан риуаяттарды негізге алып, хадистегі төрт нәрседен сиынуды екі отырыста да уәжіп деп білген.

3. Кейбір риуаяттарда «...فَلْيَتَعَوَّذْ... «яғни, «қайсыбірің соңғы отырыстан шыққан соң мына төрт нәрседен сиынсын» деген бұйрыққа бағынып, захирилер бұл дұғаның оқылуын «уәжіп» деген. Захири мәзһабына жатпайтындардың арасынан да осындай үкім бергендер бар. Тауус ибн Кәйсән бұл дұғаны оқымай тұрып сәлем берген ұлына намазын қайта оқытқан. Көпшілік ғалым «қалаған адам оқиды» деп ерікке қалдырған.

4. Бұл хадис қабір азабынан сиынуды қамтығандықтан, қабір азабының бар екендігінен хабар беріп, сол арқылы оны жоққа шығарған муғтазила ағымының ұстанымын терістейді. Негізі қабір азабы жайлы тек бұл хадис хабар бермейді. Мағыналық мутауатир деңгейіне жеткен көптеген риуаят бар.

5. «Өмірдің бүлігі»-нен мақсат Ибн Дақиқ әл-Ғидтің пікірінше, адамға өмір бойы қиындық тудыратын дүниелік бүліктер, құмарлық, надандық т.б. себептерге сүйенген сынақтар. Бұлардың арасынан ең ауыры – өлім алдындағы сынақ. Өйткені адамның өмірін иман немесе күпірге мөрлейді.

6. «Өлімнің бүлігі»-нен мақсат өлім алдындағы бүлік деп жорамалданған. Бұл өмірдің ішінде орын алғанымен де өлімге жақындығының себебінен соған жатқызылған. Сонымен қатар өте маңызды бүлік болғандықтан назардан тыс қалдырмаған жөн. Алайда бұл сөзде қабір бүлігі көзделгендігі де айтылған. Шындығы сол, дүниеден өткен адамдардың қабірде бүлікке кезігері анық. Бұны көптеген хадис білдірген. Өлімнің бүлігі дегенде қабірдегі бүліктің көзделгенін айтқанда, бүлік сөзін «азап» деген мағынада түсінгеніміз жөн екендігін білдіргіміз келеді. Бүлік – аят пен хадистерде азап, сынақ, адастыру, жамандық жасау, бәлеге ұшырату, жындылық, жанжал, бөлінушілік, иманның әлсіздігі, көтеріліс сынды әртүрлі мағынада қолданылған.

Өмірдің бүлігі – сабырсыздық таныту, өлімнің бүлігі – қабірде Мүнкәр-Нәкирдің сұрақтарына сасып, жауап бере алмау деп топшылағандар да болған.

7. Дәжжал – ақырзаманда шығып, үмбетті материалды және рухани көптеген зиянға ұшырататын тұлға... Бұл тақырыпқа №5011-5015 хадистерде тоқталатындықтан, бұл жерде егжей-тегжейлі тоқталмаймыз. Бірақ мынаны айтып өткен жөн: Дәжжал бүлігінен сиыну күнде бес уақыт намазда сиынатындай намазға кіргізілуі – бұл мәселенің қаншалықты маңызды екендігін көрсетсе керек. Сондай-ақ риуаяттар сахабалар дәуірінде дәжжал түсінігі негізгі дәріс тақырыптарының ішіне кіргізіліп, бастауыш мектеп жасындағы балаларға үйретілгендігін көрсетеді.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат 184, (984).