Хадис

Әртүрлі хадистер

Кутуб ситтә, 5-том, 231-тарау · 8 хадис · № 1782–1789

Хадистер

1782
Кутуб ситтә, № 1782 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يُسْتَجَابُ لِأَحَدِكُمْ مَالَمْ يَعْجَلْ، يَقُولُ: قَدْ دَعَوْتُ رَبِّي فَلَمْ يَسْتَجِبْ لِي». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ. وَفِي أُخْرَى لِمُسْلِمٍ قَالَ: «لَا يَزَالُ يُسْتَجَابُ لِلْعَبْدِ مَالَمْ يَدْعُ بِإِثْمٍ، أَوْ قَطِيعَةِ رَحِمٍ». وَفِي أُخْرَى لِلتِّرْمِذِيِّ: «مَا مِنْ رَجُلٍ يَدْعُو اللَّهَ تَعَالَى إِلَّا اسْتَجَابَ لَهُ، فَإِمَّا أَنْ يُعَجِّلَ لَهُ فِي الدُّنْيَا، وَإِمَّا أَنْ يَدَّخِرَ لَهُ فِي الْآخِرَةِ، وَإِمَّا أَنْ يُكَفِّرَ عَنْهُ مِنْ ذُنُوبِهِ بِقَدْرِ مَا دَعَا، مَالَمْ يَدْعُ بِإِثْمٍ، أَوْ قَطِيعَةِ رَحِمٍ، أَوْ يَسْتَعْجِلْ.»

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Асықпасаңдар, дұғаларыңа жауап беріледі. Асыққан адам: “Раббыма дұға еттім, бірақ Ол маған жауап бермеді”, – дейді.»1

Мүслимнің риуаятында: «Құл күнәлі істі немесе туыстық байланысты үзуді тілемесе, оның дұғасына жауап беріле береді», – делінген.

Тирмизи жеткізген бір нұсқада: «Алла Өзіне дұға еткен әркімге жауап береді: тілегін осы дүниеде тезінен орындайды, сауабын ақыретке сақтайды немесе дұғасына сай күнәсін кешіреді. Тек адам күнәлі істі не туыстық байланысты үзуді тілемесін әрі асықпасын», – делінген.

Түсіндірме

Бұл хадистерде Алла елшісі (с.а.с.) дұға еткен адамның асығыстығын, яғни тілегі дереу орындалсын деген күтімін сөз етеді. Мүслим жеткізген бір риуаятта одан: «Уа, Алла елшісі! Асығыстық деген не?» – деп сұрағанда, ол: «Адам “Қайта-қайта дұға еттім, бірақ жауабын көрмедім” дейді де, күдер үзіп, дұға етуді қояды», – деп түсіндірген.

Алла елшісі (с.а.с.) адамды дұғадан бас тартқызатын мұндай асығыстықты құптамаған. Ол әр жағдайда дұға ете беру үшін, дұғаға төмендегі жолдардың бірімен жауап берілетінін айтқан.

1. Тілегі осы дүниеде орындалады.

2. Дұғасының сауабы ақыретке сақталады.

3. Күнәсі кешіріледі.

Хадис дұғаның нәтижесін күтіп жалықпай, Алладан жақсылық тілеуге үндейді. Дұға – құлшылық, ал мүмін құлшылықтан жалықпайды. Өйткені адам құлшылық ету үшін жаратылған. وَمَا خَلَقْتُ ٱلْجِنَّ وَٱلْإِنسَ إِلَّا لِيَعْبُدُونِ «Мен жындар мен адамзатты тек қана Өзіме құлшылық етсін деп жараттым!» («Зәрият» сүресі, 56-аят). Жауаптың кешігуі дұғаға жауап берілетін уақыттың әлі келмеуінен немесе құлдың ықылас танытып, көбірек құлшылық етуі қажет болғанынан болуы мүмкін. Жоғарыда айтылғандай, Алла Тағала дұғада табанды болып, қайта-қайта сұрағанды жақсы көреді әрі көп дұға еткендердің тілегін қабыл алады.

  1. 1Бұхари, Дағуат 22; Мүслим, Зикр 92 (2735); Муатта, Құран 29 (1, 213); Тирмизи, Дағуат 145 (3602, 3603); Әбу Дәуіт, Салат 358 (1484).
1783
Кутуб ситтә, № 1783 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَا تَدْعُوا عَلَى أَنْفُسِكُمْ، وَلَا تَدْعُوا عَلَى أَوْلَادِكُمْ، وَلَا تَدْعُوا عَلَى خَدَمِكُمْ، وَلَا تَدْعُوا عَلَى أَمْوَالِكُمْ، لَا تُوَافِقُوا مِنَ اللَّهِ سَاعَةَ نَيْلٍ فِيهَا عَطَاءٌ، فَيَسْتَجِيبُ لَكُمْ». «النَّيْلُ»: النَّوَالُ، وَالْعَطَاءُ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. «النَّيْلُ»: النَّوَالُ، وَالْعَطَاءُ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Өздеріңе де, балаларыңа да, қызметшілеріңе де, дүние-мүліктеріңе де қарғыс айтпаңдар. Сөздерің Алланың тілекке жауап беретін сәтіне дөп келіп, айтқан қарғыстарың қабыл болып кетпесін.»1

Түсіндірме

1. Мұндағы тыйым адамның өзіне «көзім көр болсын», баласына «Алла жаныңды алсын», дүние-мүлкіне «күл-көкке ұшсын» деп жамандық тілеуіне қатысты. Кейбір адам мұндай сөзді шын ниетімен айтпаса да, тіліне әдет етеді. Алла елшісі (с.а.с.) мұның мүміннің әдебіне жат екенін айтып, тіл мен ойды ондай сөздерден сақтауға үндеген. Көңілге алмай айта салған қарғыс та Алла дұғаларды қабыл ететін сәтке дөп келіп, ауыр салдарға соқтыруы мүмкін. Басқа бір хадисте періштелер дұғаға «әмин» дейтіндіктен, адам өзіне тек жақсылық тілеуі керектігі ескертілген.

لَا تَدْعُوا عَلَى أَنْفُسِكُمْ إِلَّا بِخَيْرٍ فَإِنَّ الْمَلَائِكَةَ يُؤَمِّنُونَ عَلَى مَا تَقُولُونَ.

«Өздеріңе тек жақсылық тілеңдер. Өйткені періштелер айтқан сөздеріңе “әмин” дейді».

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат 362 (1532).
1784
Кутуб ситтә, № 1784 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لِيَسْأَلْ أَحَدُكُمْ رَبَّهُ حَاجَتَهُ كُلَّهَا حَتَّى يَسْأَلَ شِسْعَ نَعْلِهِ إِذَا انْقَطَعَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. وَزَادَ فِي رِوَايَةٍ عَنْ ثَابِتٍ البُنَانِيِّ رَحِمَهُ اللّهُ مُرْسِلًا: «حَتَّى يَسْأَلَهُ الْمِلْحَ، وَحَتَّى يَسْأَلَهُ شِسْعَهُ إِذَا انْقَطَعَ». «الشِّسْعُ» سِيْرُ النَّعْلِ الَّذِي يَدْخُلُ بَيْنَ الْأَصَابِعِ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Әрқайсың қажетіңнің бәрін Раббыңнан сұра. Тіпті аяқ киіміңнің бауы үзілсе, соны да сұра».1 Сәбит әл-Бунанидің мурсал риуаятында «тіпті тұзды да, аяқ киімінің бауы үзілсе, оны да сұрасын» делінген. Шисғ – аяқ киімнің башпайлардың арасына өтетін бауы.

Түсіндірме

Мұнауи былай түсіндіреді: «Алла Тағала Өзіне тәуекел еткен әркімнің мұқтажын, аз болсын, көп болсын, үлкен болсын, кіші болсын, өтеуді өз кепіліне алған».

Мұнауи аяқ киімнің бауын да Алладан тілеуді былай түсіндіреді: «Елеусіз нәрсенің өзін ұлылардың Ұлысынан сұраудың мәні зор. Сондықтан хадисте “сұрасын” сөзі қайталанып, тілектің жолына бөгет қоятын ешкім жоқ екені көрсетілген. Сұрау арқылы адам Алланың әлемдегі кемел үстемдігін танып, Оның рақымын, жақсылығын және жомарттығын аңғарады. Алланың сұрағанын беруі – есімдері мен сипаттарының да талабы. Алланың есім-сипаттарын солардың салдары мен үкімдерінен бөле қарауға болмайды. Жомарттық – Алла Тағаланың кемел сипаты. Сондықтан Ол Өзінен тілек тілегенді жақсы көреді, адамдарға Өзінен сұрауды бұйырған. Ол тілейтін құлдарын да, олардың тілектерін де, тілеген нәрселерін де жаратқан».

Мұқтажыңды тілмен айтуға әрекетің де сай болсын. Сөзбен білдірген тілегімізге іспен де ұмтылуымыз керек. Құранда وَأَن لَّيْسَ لِلْإِنسَٰنِ إِلَّا مَا سَعَىٰ «Әр адамға өз еңбегінің ғана қарымы тиесілі.» делінген («Нәжм» сүресі, 39-аят).

Адам қалағанын әуелі Алладан тілеп, содан кейін оған еңбекпен жетуге ұмтылады. Еңбектің арқасында өзіне бұйырған материалдық та, рухани да игілікті, аяқ киімінің бауындай ұсақ нәрсені де, Алланың рақымы мен жомарттығынан деп білу – мүміннің әдебі («Ниса» сүресі, 79-аят).

  1. 1Тирмизи, Дағуат 149 (3607, 3608).
1785
Кутуб ситтә, № 1785 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: مَنْ لَمْ يَسْأَلِ اللّهَ يَغْضَبْ عَلَيْهِ».

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Алла Өзінен сұрамағанға ашуланады», – дейді.1

Түсіндірме

Ғалымдар бұл хадисті былай түсіндіреді: «Алланың дұға етпеген адамға ашулануы – оның тәкаппарлық танытып, өзін ештеңеге мұқтаж емес санауынан. Алланың алдында мұндай қылық құлға жараспайды, оған рұқсат та жоқ». Тиби: «Алла Өзінен сұрағанды жақсы көреді. Сондықтан Өзінен сұрамаған адамға ашуланады. Мұндай жанның Құрандағы “қаһарға ұшырағандар” қатарына жататынына күмән жоқ», – дейді («Фатиха» сүресі, 7-аят).

  1. 1Тирмизи, Дағуат 3 (3370); Ибн Мәжа, «Дұға» 1 (3827).
1786
Кутуб ситтә, № 1786 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: سَلُوا اللَّهَ تَعَالَى مِنْ فَضْلِهِ، فَإِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ أَنْ يُسْأَلَ، وَأَفْضَلُ الْعِبَادَةِ انْتِظَارُ الْفَرَجِ». أَخْرَجَهُمَا التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Алла тағаладан кеңшілігін сұраңдар. Өйткені Алла Өзінен сұрағанды жақсы көреді. Құлшылықтың ең абзалы – қиындықтың сейілуін күту.»1

Түсіндірме

«Қиындықтың сейілуі» деп аударылған «фәрәж» таршылық пен қиындықтан құтылуды білдіреді. Оны күту – Алладан өзгеге шағымдануды қойып, қайғы мен бәленің беті қайтуын сабырмен күту. Бұл – құлшылықтың абзалы. Өйткені түскен ауыртпалықты сабырмен қарсы алу – Алланың жазмышына бойсұнып, разы болу. Қолдан келген шараның бәрін жасағаннан кейін адамға сабыр мен төзім керек. Асығу, абыржу, өзгеге мұң шағу, байбалам салу дертке дауа болмайды, қайта ауыртпалықты арттырады.

Мұндағы сабыр – қол қусырып отыру емес. Адам қолдан келген шараға жүгінеді, содан кейін қиындықтың сейілуін Алладан сабырмен күтеді. Алла елшісі (с.а.с.) шипа Алладан екенін айта отырып, ем іздеуге шақырған.

إِنَّ اللَّهَ تَعَالَى أَنْزَلَ الدَّاءَ وَالدَّوَاءَ وَجَعَلَ لِكُلِّ دَاءٍ دَوَاءً فَتَدَاوَوْا.… «Алла тағала дертті де, дауаны да түсірді. Әр дертке дауа жаратты. Емделіңдер…»2...»

  1. 1Тирмизи, Дағуат 126 (3566).
  2. 2Әбу Дәуіт, «Тыбб» (№ 3874). Жинақта хадистің осы тұсына дейінгі үзінді берілген.
1787
Кутуб ситтә, № 1787 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَتِ امْرَأَةٌ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، صَلِّ عَلَيَّ وَعَلَى زَوْجِي، فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: صَلَّى اللَّهُ عَلَيْكِ وَعَلَى زَوْجِكِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Бір әйел: “Уа, Алла елшісі! Маған және күйеуіме дұға етіңізші”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Алла сені де, күйеуіңді де рақымына бөлесін!” – деп дұға етті».1

Түсіндірме

1. Әбу Дәуіт бұл хадисті اَلصَّلَاةُ عَلَى غَيْرِ النَّبِيِّ «Алла елшісінен (с.а.с.) басқа адамға салауат айту» деген тарауда келтірген.

Кей ғалымдар дұға етіп, береке тілеу мағынасындағы салауатты Алла елшісінен (с.а.с.) басқа адамдарға да айтуға рұқсат берген. Құранда зекетін бергендер туралы وَصَلِّ عَلَيْهِمْ «Әрі олар үшін дұға ет!» делінген. Аятта خُذْ مِنْ أَمْوَٰلِهِمْ صَدَقَةً تُطَهِّرُهُمْ وَتُزَكِّيهِم بِهَا وَصَلِّ عَلَيْهِمْ إِنَّ صَلَوٰتَكَ سَكَنٌ لَّهُمْ «Олардың дүние-мүлкінен зекет, садақа ал да, сол арқылы оларды тазартып, күнәларынан арылт әрі сауаптары мен ықыластарының арта түсуіне дәнекер бол. Әрі олар үшін дұға ет! Өйткені сенің дұғаң оларды жан тыныштығына бөлеп, жүректерін орнықтырады.» («Тәубе» сүресі, 103-аят) деп айтылады. Риуаятқа сай Әбу Ауфа әулеті зекетін алып келгенде, Алла елшісі (с.а.с.) اللَّهُمَّ صَلِّ عَلَى آلِ أَبِي أَوْفَى. «Уа, Алла! Әбу Ауфа әулетін рақымыңа бөлей гөр!» – деп дұға еткен.

2. Үмбетінің Алла елшісіне (с.а.с.) айтатын салауаты құрметті білдіреді. Бұл мағынадағы салауат оған ғана арналған. Ибн Аббас (р.а.) لَا تَنْبَغِي الصَّلَاةُ مِنْ أَحَدٍ عَلَى أَحَدٍ إِلَّا فِي حَقِّ النَّبِيِّ عَلَيْهِ الصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ. «Алла елшісінен (с.а.с.) басқа адамға салауат айтуға рұқсат жоқ», – деген.

Шииттер мұндай салауатты Әли мен оның ұрпақтарына да айтады. Олар жоғарыдағы аятқа сүйеніп: «Зекет бергендерге дұға етілген болса, Әли, Хасан және Хұсейнге (Алла баршасына разы болсын) неге салауат айтпасқа?» – дейді. Тағы бір уәжі: «Бір мұсылман “Әссәләмуғалейкум” деп сәлем берсе, екіншісі “Уағалейкумәссәләм” деп жауап қайтарады. Мұсылмандарға осы сөзді айтуға рұқсат болса, әһл-бәйтке де неге рұқсат болмасын?»

Қади Ияд былай дейді: «Бұл сөзді Алла елшісіне (с.а.с.) айтуға рұқсат. Мұның дәлелі мына риуаят. Сахабалардың кейбірі Алла елшісінен (с.а.с.) сұрады.

– Уа, Алла елшісі! Саған қалай сәлем беруді білеміз. Ал салауатты қалай айтамыз?

– Өздеріңе үйретілгендей айтыңдар: “Аллаһумма салли ала Мұхаммадин уа ала әли Мұхаммад, кәма саллайта ала Ибраһим уа ала әли Ибраһим”, – деп жауап берді.

Мұхаммедтің (с.а.с.) әулетінде пайғамбар болмағаны белгілі. Олай болса, Ибраһимнің әулетіне салауат айтуға рұқсат етілгені секілді, Әлиге де айтуға рұқсат». Қади Ияд осылай пайымдаған.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат 363 (1533).
1788
Кутуб ситтә, № 1788 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Әбу Дәрда

وَعَنْ أَبِي الدَّرْدَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَا مِنْ عَبْدٍ مُسْلِمٍ يَدْعُو لِأَخِيهِ بِظَهْرِ الْغَيْبِ إِلَّا وَقَالَ الْمَلَكُ: وَلَكَ بِمِثْلٍ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وأَبُو دَاوُدَ. وَزَادَ: «إلَّا قَالَتْ الْمَلَائِكَةُ: آمِينَ، وَلَكَ بِمِثْلٍ».

Қазақша аудармасы

Әбу Дәрда (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Мұсылман құл қасында жоқ бауырына сырттай дұға етсе, періште оған: “Саған да сондай жақсылық нәсіп болсын!” – дейді.»1

Әбу Дәуіттің риуаятында: «Періштелер: “Әмин! Саған да сондай жақсылық нәсіп болсын!” – дейді», – деген қосымша бар.

  1. 1Мүслим, Зикр 86, 88 (2732, 2733); Әбу Дәуіт, Салат 364 (1534).
1789
Кутуб ситтә, № 1789 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ دَعَا عَلَى مَنْ ظَلَمَهُ فَقَدِ انْتَصَرَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Кім өзіне зұлымдық жасаған адамға қарсы дұға етсе, одан есесін қайтарғаны.»1

Түсіндірме

1. Мұнауи бұл хадисті былай түсіндіреді: «Жәбір көрген адам залымға қарғыс айтса, оның күнәсі жеңілдейді. Жәбірленушінің сауабы да айтқан қарғысына қарай кемиді. Хадистің мәні – жәбір көрген жан тілімен болса да есесін қайтарса, залымдағы ақысын осы дүниеде алғаны. Сонда залымға сол қылығының күнәсі қалмайды, жәбірленуші де ақыретте алатын сауабынан айырылады. Сондықтан хадис жәбір көрген адамға есесін осы дүниеде қайтаруды көздемей, сауабын Алладан күтіп, кешіруге үндейді». Құранда وَلَمَن صَبَرَ وَغَفَرَ إِنَّ ذَٰلِكَ لَمِنْ عَزْمِ ٱلْأُمُورِ «Алайда кімде-кім сабыр етіп, өзіне орынсыз озбырлық көрсеткенді кешірсе, шүбәсіз, бұл ерекше күш-жігерді талап ететін, сауабы зор іс!» делінген («Шура» сүресі, 43-аят).

2. Хадис Алла елшісінің (с.а.с.) зұлымдық жасағанға да, жәбір көргенге де мейірім танытқанын көрсетеді. Жәбір көргендер өздеріне тиесілі сауаптан айырылмасын деп оларды кешіруге үндейді. Залымға да мейірім танытып, оның үстінен айтылған қарғыс қабыл болып, өзіне зиян тиюін қаламайды. Алла Тағала залымды кешіргенді де, өз есесін қайтарғанды да мақтаған.

  1. 1Тирмизи, Дағуат 115 (3547).