Хадис

Кутуб ситтә, № 1784

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
231. Әртүрлі хадистер
Нөмірі
№ 1784 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
1784
Кутуб ситтә, № 1784 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لِيَسْأَلْ أَحَدُكُمْ رَبَّهُ حَاجَتَهُ كُلَّهَا حَتَّى يَسْأَلَ شِسْعَ نَعْلِهِ إِذَا انْقَطَعَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. وَزَادَ فِي رِوَايَةٍ عَنْ ثَابِتٍ البُنَانِيِّ رَحِمَهُ اللّهُ مُرْسِلًا: «حَتَّى يَسْأَلَهُ الْمِلْحَ، وَحَتَّى يَسْأَلَهُ شِسْعَهُ إِذَا انْقَطَعَ». «الشِّسْعُ» سِيْرُ النَّعْلِ الَّذِي يَدْخُلُ بَيْنَ الْأَصَابِعِ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Әрқайсың қажетіңнің бәрін Раббыңнан сұра. Тіпті аяқ киіміңнің бауы үзілсе, соны да сұра».1 Сәбит әл-Бунанидің мурсал риуаятында «тіпті тұзды да, аяқ киімінің бауы үзілсе, оны да сұрасын» делінген. Шисғ – аяқ киімнің башпайлардың арасына өтетін бауы.

Түсіндірме

Мұнауи былай түсіндіреді: «Алла Тағала Өзіне тәуекел еткен әркімнің мұқтажын, аз болсын, көп болсын, үлкен болсын, кіші болсын, өтеуді өз кепіліне алған».

Мұнауи аяқ киімнің бауын да Алладан тілеуді былай түсіндіреді: «Елеусіз нәрсенің өзін ұлылардың Ұлысынан сұраудың мәні зор. Сондықтан хадисте “сұрасын” сөзі қайталанып, тілектің жолына бөгет қоятын ешкім жоқ екені көрсетілген. Сұрау арқылы адам Алланың әлемдегі кемел үстемдігін танып, Оның рақымын, жақсылығын және жомарттығын аңғарады. Алланың сұрағанын беруі – есімдері мен сипаттарының да талабы. Алланың есім-сипаттарын солардың салдары мен үкімдерінен бөле қарауға болмайды. Жомарттық – Алла Тағаланың кемел сипаты. Сондықтан Ол Өзінен тілек тілегенді жақсы көреді, адамдарға Өзінен сұрауды бұйырған. Ол тілейтін құлдарын да, олардың тілектерін де, тілеген нәрселерін де жаратқан».

Мұқтажыңды тілмен айтуға әрекетің де сай болсын. Сөзбен білдірген тілегімізге іспен де ұмтылуымыз керек. Құранда وَأَن لَّيْسَ لِلْإِنسَٰنِ إِلَّا مَا سَعَىٰ «Әр адамға өз еңбегінің ғана қарымы тиесілі.» делінген («Нәжм» сүресі, 39-аят).

Адам қалағанын әуелі Алладан тілеп, содан кейін оған еңбекпен жетуге ұмтылады. Еңбектің арқасында өзіне бұйырған материалдық та, рухани да игілікті, аяқ киімінің бауындай ұсақ нәрсені де, Алланың рақымы мен жомарттығынан деп білу – мүміннің әдебі («Ниса» сүресі, 79-аят).

  1. 1Тирмизи, Дағуат 149 (3607, 3608).