Хадис

Кутуб ситтә, № 1787

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
231. Әртүрлі хадистер
Нөмірі
№ 1787 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 6
1787
Кутуб ситтә, № 1787 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَتِ امْرَأَةٌ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، صَلِّ عَلَيَّ وَعَلَى زَوْجِي، فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: صَلَّى اللَّهُ عَلَيْكِ وَعَلَى زَوْجِكِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Бір әйел: “Уа, Алла елшісі! Маған және күйеуіме дұға етіңізші”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Алла сені де, күйеуіңді де рақымына бөлесін!” – деп дұға етті».1

Түсіндірме

1. Әбу Дәуіт бұл хадисті اَلصَّلَاةُ عَلَى غَيْرِ النَّبِيِّ «Алла елшісінен (с.а.с.) басқа адамға салауат айту» деген тарауда келтірген.

Кей ғалымдар дұға етіп, береке тілеу мағынасындағы салауатты Алла елшісінен (с.а.с.) басқа адамдарға да айтуға рұқсат берген. Құранда зекетін бергендер туралы وَصَلِّ عَلَيْهِمْ «Әрі олар үшін дұға ет!» делінген. Аятта خُذْ مِنْ أَمْوَٰلِهِمْ صَدَقَةً تُطَهِّرُهُمْ وَتُزَكِّيهِم بِهَا وَصَلِّ عَلَيْهِمْ إِنَّ صَلَوٰتَكَ سَكَنٌ لَّهُمْ «Олардың дүние-мүлкінен зекет, садақа ал да, сол арқылы оларды тазартып, күнәларынан арылт әрі сауаптары мен ықыластарының арта түсуіне дәнекер бол. Әрі олар үшін дұға ет! Өйткені сенің дұғаң оларды жан тыныштығына бөлеп, жүректерін орнықтырады.» («Тәубе» сүресі, 103-аят) деп айтылады. Риуаятқа сай Әбу Ауфа әулеті зекетін алып келгенде, Алла елшісі (с.а.с.) اللَّهُمَّ صَلِّ عَلَى آلِ أَبِي أَوْفَى. «Уа, Алла! Әбу Ауфа әулетін рақымыңа бөлей гөр!» – деп дұға еткен.

2. Үмбетінің Алла елшісіне (с.а.с.) айтатын салауаты құрметті білдіреді. Бұл мағынадағы салауат оған ғана арналған. Ибн Аббас (р.а.) لَا تَنْبَغِي الصَّلَاةُ مِنْ أَحَدٍ عَلَى أَحَدٍ إِلَّا فِي حَقِّ النَّبِيِّ عَلَيْهِ الصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ. «Алла елшісінен (с.а.с.) басқа адамға салауат айтуға рұқсат жоқ», – деген.

Шииттер мұндай салауатты Әли мен оның ұрпақтарына да айтады. Олар жоғарыдағы аятқа сүйеніп: «Зекет бергендерге дұға етілген болса, Әли, Хасан және Хұсейнге (Алла баршасына разы болсын) неге салауат айтпасқа?» – дейді. Тағы бір уәжі: «Бір мұсылман “Әссәләмуғалейкум” деп сәлем берсе, екіншісі “Уағалейкумәссәләм” деп жауап қайтарады. Мұсылмандарға осы сөзді айтуға рұқсат болса, әһл-бәйтке де неге рұқсат болмасын?»

Қади Ияд былай дейді: «Бұл сөзді Алла елшісіне (с.а.с.) айтуға рұқсат. Мұның дәлелі мына риуаят. Сахабалардың кейбірі Алла елшісінен (с.а.с.) сұрады.

– Уа, Алла елшісі! Саған қалай сәлем беруді білеміз. Ал салауатты қалай айтамыз?

– Өздеріңе үйретілгендей айтыңдар: “Аллаһумма салли ала Мұхаммадин уа ала әли Мұхаммад, кәма саллайта ала Ибраһим уа ала әли Ибраһим”, – деп жауап берді.

Мұхаммедтің (с.а.с.) әулетінде пайғамбар болмағаны белгілі. Олай болса, Ибраһимнің әулетіне салауат айтуға рұқсат етілгені секілді, Әлиге де айтуға рұқсат». Қади Ияд осылай пайымдаған.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат 363 (1533).