وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ دَعَا عَلَى مَنْ ظَلَمَهُ فَقَدِ انْتَصَرَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Айша (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Кім өзіне зұлымдық жасаған адамға қарсы дұға етсе, одан есесін қайтарғаны.»1
Түсіндірме
1. Мұнауи бұл хадисті былай түсіндіреді: «Жәбір көрген адам залымға қарғыс айтса, оның күнәсі жеңілдейді. Жәбірленушінің сауабы да айтқан қарғысына қарай кемиді. Хадистің мәні – жәбір көрген жан тілімен болса да есесін қайтарса, залымдағы ақысын осы дүниеде алғаны. Сонда залымға сол қылығының күнәсі қалмайды, жәбірленуші де ақыретте алатын сауабынан айырылады. Сондықтан хадис жәбір көрген адамға есесін осы дүниеде қайтаруды көздемей, сауабын Алладан күтіп, кешіруге үндейді». Құранда وَلَمَن صَبَرَ وَغَفَرَ إِنَّ ذَٰلِكَ لَمِنْ عَزْمِ ٱلْأُمُورِ «Алайда кімде-кім сабыр етіп, өзіне орынсыз озбырлық көрсеткенді кешірсе, шүбәсіз, бұл ерекше күш-жігерді талап ететін, сауабы зор іс!» делінген («Шура» сүресі, 43-аят).
2. Хадис Алла елшісінің (с.а.с.) зұлымдық жасағанға да, жәбір көргенге де мейірім танытқанын көрсетеді. Жәбір көргендер өздеріне тиесілі сауаптан айырылмасын деп оларды кешіруге үндейді. Залымға да мейірім танытып, оның үстінен айтылған қарғыс қабыл болып, өзіне зиян тиюін қаламайды. Алла Тағала залымды кешіргенді де, өз есесін қайтарғанды да мақтаған.
- 1Тирмизи, Дағуат 115 (3547).