Хадис

Кутуб ситтә, № 1790

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
232. Дұғаның түрлері. Исм-ағзам және әсма-хусна арқылы жасалатын дұғалар
Нөмірі
№ 1790 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
1790
Кутуб ситтә, № 1790 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Бурайда

عَنْ بُرَيْدَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ رَجُلًا يَقُولُ: اللَّهُمَّ إِنِّي أَسْأَلُكَ بِأَنِّي أَشْهَدُ أَنَّكَ: أَنْتَ اللَّهُ لَا إِلَهَ إِلَّا أَنْتَ الْأَحَدُ الصَّمَدُ الَّذِي لَمْ يَلِدْ وَلَمْ يُولَدْ وَلَمْ يَكُنْ لَهُ كُفُوًا أَحَدٌ، فَقَالَ: وَالَّذِي نَفْسِي بِيَدِهِ لَقَدْ سَأَلَ اللَّهَ بِاسْمِهِ الْأَعْظَمِ الَّذِي إِذَا دُعِيَ بِهِ أَجَابَ، وَإِذَا سُئِلَ بِهِ أَعْطَى». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Бурайда (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бір адамның “Уа, Алла! Мынаған куәлік ете отырып, Сенен сұраймын: Сен – бір Алласың. Сенен басқа тәңір жоқ. Сен жалғызсың, ешкімге мұқтаж емессің, бәрі Саған мұқтаж. Тумадың да, туылмадың да. Саған ешкім тең емес” деп дұға еткенін естіді. Сонда ол: “Жаным қолында болған Алламен ант етемін! Бұл кісі Алладан Оның ең ұлық есімімен сұрады. Сол есіммен дұға етсе, Алла жауап береді, сол есіммен сұраса, сұрағанын береді”, – деді».1

Түсіндірме

1. Хадисте Алла Тағаладан Оның ең ұлық есімімен сұраған адамның тілегі қабыл болатыны айтылады. Алланың тоқсан тоғыз көркем есімі туралы төменде, №1794 хадисте, сөз болады. Олардың ішіндегі ең ұлығы «исм-ағзам» деп аталады.

2. Тиби былай деген: «Бұл хадис мынаған дәлел болады: «Алланың бір ұлық есімі бар. Оны дәнекер етіп, дұға жасалатын болса, дұғаға жауап беріледі және ол есім осы хадисте айтылған. Сондай-ақ хадисте: «Алладан басқа нәрселерден бет бұрып, ерекше ықыласпен айтылған есім – ұлық есім (исм-ағзам). Өйткені әріптердің бір-бірінен асып түсетін айырмашылығы жоқ» дегендерге де дәлел бар. Осыған мағыналас басқа хадистер де жетерлік. Ол хадистерде бұл жерде айтылмаған есімдер бар. Алайда барлығында да «Алла» сөзі кездеседі. Осыған байланысты исм-ағзамның «Алла» сөзі екендігі айтылған».

3. Хадисте дұға жасау мен сұраудың арасында айырмашылық жасалмаған. Сондықтан құлдың «Маған ана нәрсені бер» деген сөзі оның сұрауы болып табылады. Ал дұға құлдың жалбарынып: «Уа, Раббым!» деп айтуы. Алла Тағала бұлай жалбарынуға: «Ләббәйк уа, құлым! (Ей құлым! Айт, нені қалайсың?)» – деп жауап береді. Бұндай жағдайда құлдың қалауына қарай Алла Тағаланың жауап беретіндігі айтылған. Демек, дұға мен сұраудың арасында белгілі бір айырмашылық бар. Бұл нәзік айырмашылық барлық мәселеге қатысты емес. Бірін екіншісінің орнына қолданса да болады. Алайда кейбір ғалымдар сұрауға қарағанда, дұға артық екендігін айтқан.

  1. 1Тирмизи, Дағуат 65, (3471); Әбу Дәуіт, Салат 358, (1493).