عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «أَشْهُرُ الْحَجِّ شَوَّالٌ وَذُو الْقَعْدَةِ وَعَشْرٌ مِنْ ذِي الْحِجَّةِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ تَرْجَمَةً.
Ибн Омар (р.а.): «Қажылық айлары – шәууәл, зүлқағда және зүлхижжаның алғашқы он күні»1, – деген.
Түсіндірме
Риуаятта қажылық рәсімдері орындалатын мезгіл айтылған. Оны қажылық айлары немесе қажылық маусымы дейді. Оған шәууәл, зүлқағда және зүлхижжаның алғашқы он күні жатады. Қажылық рәсімдері осы мезгілге байланған.
Құранда ﴿الْحَجُّ أَشْهُرٌ مَعْلُومَاتٌ فَمَنْ فَرَضَ فِيهِنَّ الْحَجَّ فَلَا رَفَثَ وَلَا فُسُوقَ وَلَا جِدَالَ فِي الْحَجِّ﴾ «Қажылық – белгілі айларда өтелетін құлшылық. Кімде-кім сол белгілі айларда қажылық парызын өтеуге ниет етсе, онда қажылық парызын өтеу барысында жұбайлардың бір-бірімен төсек қатынасына түсуіне, шариғаттың шеңберінен шығуға, дауласуға және шекісуге жол жоқ...»2 делінген.
Ибн Аббас, Ибн Омар, Ибраһим ән-Нахағи, Шағби, Мужаһид, Хасан әл-Басри және Ахмад ибн Ханбал зүлхижжаның онын да қажылық маусымына жатқызған. Ханафи мазһабы осы пікірді ұстанады. Қажылықтың соңғы рүкіні саналатын зиярат тауабы осы күні жасалады.
Имам Шафиғи қажылық маусымы зүлхижжаның тоғызында аяқталады деп, оныншы күнді оған қоспаған.
Имам Мәлик зул-хижжа айын толықтай қажылық маусымы деп есептеген. Оның пікірі бойынша, аяттағы «әшһур» сөзі «шәһр» сөзінің көпше түрі. Араб тілінде көпше атау, ең аз үш санды білдіреді. Ендеше, аяттағы «әшһур» сөзі ең аз үш айды меңзейді. Бұл үш ай толықтай қажылық айлары болып саналады. Бірақ Шәфиғи мен Мәликидің бұл айтқандары көпшілік білетін белгілі мағлұматқа қайшы келеді.
Қажылық маусымы бұл уақыттардан басқа уақытқа өзгертілмейді. Ханафи мен Мәликилер қажылықтың шариғаттағы басты шарты болған ихрамға бұл айлардан басқа уақытта да кіруге болатынын қабыл етеді, бірақ сүннетке қайшы болғандықтан мәкруһ санайды. Имам Шәфиғи мұны дұрыс санамайды және былай дейді: «Бұл қажылық емес, умра болады».
Имамдардың барлығы тәмәттуғ, қиран және ифрад қажылықтың қайсысы болса да әдебі мен тәртібінің дұрыс болуы үшін аталмыш айлардың ішінде орындалуы шарт деген байламға келген.
Бұхаридегі дерекке қарағанда, Абдулла ибн Амир Хорасанды алған соң, жорықтағы жәрдемге шүкіршілік ретінде Нишапурда ихрамға кіріп, Мәдинаға дейін сол күйде баруға серт еткен.
Мәдинаға жетіп, Османның (р.а.) алдына келгенде, Осман бұл істі құптамаған. Кей ғалымдар мұның себебін оның қажылық маусымынан тыс уақытта ихрамға кіруімен түсіндірген.