Хадис

Кутуб ситтә, № 1193

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
151. Миқат және ихрам. Миқат
Нөмірі
№ 1193 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 12
1193
Кутуб ситтә, № 1193 · тараудағы реті: 12Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «لَمَّا فُتِحَ هَذَانِ الْمِصْرَانِ أَتَوْا عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَقَالُوا: يَا أَمِيرَ الْمُؤْمِنِينَ، إِنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ حَدَّ لِأَهْلِ نَجْدٍ قَرْنًا وَهُوَ جَوْرٌ عَنْ طَرِيقِنَا، وَإِنَّا إِنْ أَرَدْنَا أَنْ نَأْتِيَ قَرْنًا شَقَّ عَلَيْنَا. قَالَ: فَانْظُرُوا حَذْوَهَا مِنْ طَرِيقِكُمْ فَحَدَّ لَهُمْ ذَاتَ عِرْقٍ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ. «المِصْرُ» الْمَدِينَةُ، وَالمُرَادُ بِهِمَا هُنَا: الْكُوفَةُ وَالبَصْرَةُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Басра мен Куфа орналасқан өңірлер алынғанда, жұрт Омарға (р.а.) келіп: “Уа, мүміндердің әміршісі, Алла елшісі (с.а.с.) Нәжд тұрғындары үшін Қарнды миқат етіп белгіледі. Ол біздің жолымыздан шалғай. Қарнға бұрылып бару бізге қиын”, – деді. Омар: “Өз жолдарыңнан Қарнмен тұспа-тұс келетін жерді белгілеңдер”, – деді де, оларға Зәтул-ирқты миқат етіп белгіледі»1.

Түсіндірме

1. Риуаяттағы «миср» сөзі «қала» дегенді білдіреді. Оның екілік түрі «мисран» Куфа мен Басраны меңзейді. Екі қаланы да мұсылмандар салғандықтан, мұнда сол қалалар орналасқан өңірлерді алу туралы айтылған.

2. Хадистің мәтініне қарасақ Зәтул-ирқты миқат ретінде әзірет Омар (р.а.) өзінің жеке пікірімен белгілеген болуы қажет. Имам Шәфиғидің: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) шығыстан келетін халық үшін ешбір миқат белгілемеген. Халық Зәтул-ирқ тауларын белгіледі» деп айтқаны риуаят етілген.

Ахмад ибн Ханбал осыған қатысты мына сөзді келтірген:

فَآثَرَ النَّاسُ ذَاتَ عِرْقٍ عَلَى قَرْنٍ

Ибн Омар: «Жұрт Қарннан гөрі Зәтул-ирқты таңдады», – деген.

Басқа бір риуаятта ибн Омар (р.а.) миқаттарды атап көрсеткенде бір кісі «Ирактың миқаты қайда» деп сұрағандығы, ибн Омардың оған: «Ол кезде Ирак жоқ еді, (яғни әлі жеңіспен алынбаған еді)» деп жауап бергендігі айтылған.

Ирактың миқаты ардақты Пайғамбар тарапынан белгіленбегендігін білдіретін басқа да риуаяттар бар. Бұлардың барлығын келтіргеннен кейін ибн Хажар: «Бұл риуаяттардың барлығы Зәтул-ирқ миқатының пайғамбар тарапынан белгіленбегендігін көрсетеді», – дейді және қосымша былай дейді: «Ғазали мен әр-Рафиғи “Шәрхул-Муснәдта”, Нәуәуи “Шәрху Мүслимде” осыған үкім берген. Имам Мәликтің “Мудәууәнәсінде” осылай келген».

Сондай-ақ ибн Хажар Зәтул-ирқтың миқат ретінде белгіленуі пайғамбар тарапынан белгіленгендігін айтқан ғалымдарды да атаған: «Ханафилер, Ханбалилер және Шафиғилердің көпшілігі яғни, “Шәрхус-Сағирде” Рафиғи, “Шәрхул-Муһәззабта” Нәуәуи бұл миқаттың да ардақты Пайғамбар тарапынан белгіленгендігін айтқан». Сонымен қатар, Ибн Хажар Мүслимде әзірет Жәбирден жеткен бір риуаяттың да бұл үкімді растайтынын, алайда ол риуаяттың мәрфуғ екеніне күмән барын айтқан.

Сонымен, Зәтул-ирқ, миқат ретінде Расулалла тарапынан әлде әзірет Омар тарапынан белгіленді ме? Бұл жайлы бір-біріне қарсы дәлелдерді келтіргеннен кейін бір жағының басымдығы жайлы анықтама келтірмейді. Бірақ Зәтул-ирқтың миқат ретінде белгіленуі, әзірет Омарға негізделген риуаяттардың негізге алынуы бойынша миқаты жоқтардың мәселесі шешілгенін көрсетіп былай дейді: «Миқаты жоқтардың үкімі мынау: Егер үйінен тура Меккеге кететін бағытта миқат болмаса, өздеріне ең жақын тұрған миқаттың тұсында ихрамға кіреді. Бірақ әзірет Омар (р.а.) Зәтул-ирқты миқат ретінде белгіледі, сахабалар да сол бойынша әрекет етті. Осы үкім бойынша амал жалғасты, сондықтан осыны ұстанған тиімді болды және миқаты жоқтар аталмыш бес миқаттың бірінің тұсында ихрамға кіруі керектігі бір тұжырымға келді. Аталмыш бес миқат Харам аймағының әр тарапында орналасқан: Зул-хуләйфә Шам бағытын (солтүстік), Иәләмләм Иемен бағытын (оңтүстік). Бұл екеуі бір-біріне қарсы Меккенің екі жағында, бірақ бірі Меккеге жақынырақ орналасқан. Қарн шығыс бағытын, ал Жухфа батыс тарапында орналасқан, бұл екеуі де Меккенің екі жағында бір-бірінің қарсы тұсында орналасқан. Бұлардың да Меккеге жақындығы екі түрлі. Ал Зәтул-ирқ, Қарнның тұсында орналасқан. Міне, осы жағдайда жер бетінің ешбір жағы, бұл миқаттардан бірінің тұсынан басқа жақта қала алмайды, дүниенің қай бағытынан келсе де бірінің тұсынан өтері сөзсіз».

Кирмани Зәтул-ирқты миқат етіп Омар (р.а.) белгіледі деген. Ал Айни бірнеше дерекке сүйеніп, оны Алла елшісі (с.а.с.) белгілеген деген пікір айтқан.

  1. 1Бұхари, «Хаж», 13 (№ 1531).