Хадис

Қажылықтың міндет болуы

Кутуб ситтә, 4-том, 150-тарау · 8 хадис · № 1174–1181

ҚАЖЫЛЫҚ ЖӘНЕ УМРА

Хадистер

1174
Кутуб ситтә, № 1174 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «خَطَبَنَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ: يَا أَيُّهَا النَّاسُ قَدْ فُرِضَ عَلَيْكُمْ الْحَجُّ فَحُجُّوا. فَقَالَ رَجُلٌ: أَفِي كُلِّ عَامٍ يَا رَسُولَ اللَّهِ؟ فَسَكَتَ حَتَّى قَالَهَا ثَلَاثًا. ثُمَّ قَالَ: ذَرُونِي مَا تَرَكْتُكُمْ. لَوْ قُلْتُ نَعَمْ لَوَجَبَتْ وَلَمَا اسْتَطَعْتُمْ. إِنَّمَا أَهْلَكَ مَنْ كَانَ قَبْلَكُمْ كَثْرَةُ سُؤَالِهِمْ وَاخْتِلَافُهُمْ عَلَى أَنْبِيَائِهِمْ، فَإِذَا أَمَرْتُكُمْ بِأَمْرٍ فَأَتُوا مِنْهُ مَا اسْتَطَعْتُمْ وَإِذَا نَهَيْتُكُمْ عَنْ شَيْءٍ فَاجْتَنِبُوهُ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالنَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бізге уағыз айтып: “Уа, адамдар, сендерге қажылық парыз етілді. Қажылыққа барыңдар”, – деді. Бір кісі: “Уа, Алланың елшісі, жыл сайын ба?” – деп сұрады. Ол әлгі адам сұрағын үш рет қайталағанша жауап бермеді. Содан соң: “Мен үндемеген мәселеде сендер де мені жайыма қалдырыңдар. ‘Иә’ десем, қажылық жыл сайын міндет болар еді, ал сендердің оған шамаларың жетпес еді. Сендерден бұрынғыларды көп сұрақ қойып, пайғамбарларымен келіспеушілікке түскені құрдымға жіберді. Бір істі әмір етсем, шамаларың келгенше орындаңдар. Бір іске тыйым салсам, одан аулақ болыңдар”, – деді».1

Түсіндірме

1. Басқа нұсқаларда бұл сұрақты Ақрағ ибн Хабис (р.а.) қойғаны айтылады.

2. Орынсыз көп сұрақ қою жайында № 581 хадистің түсіндірмесінде кеңірек айтылған. Мұнда соған қатысты бірнеше мәселе сөз болады.

3. Әмір қайталауды қажет ете ме?

Нәуауи бұл хадисті түсіндіргенде, фиқһ негіздерінің ғалымдары талқылаған бір мәселеге тоқталады. Құранда не хадисте айтылған әмірді бір рет орындау жеткілікті ме, әлде оны қайта орындау қажет пе? Бұл жайында бірнеше пікір бар:

1) Шафиғи ғалымдарының пікірінше, әмір өздігінен қайталауды міндеттемейді, бірақ қайталану ықтималы бар.

2) Екінші пікір бойынша, әмір істі қайта-қайта орындауды талап етеді.

3) Бір пікір бойынша, әмірді бірнеше рет орындау сақтыққа жатады. Ал әмір белгілі шартқа не себепке байланса, сол шарт не себеп қайталанған сайын іс те қайталанады.

4) Жалпылама келген әмір қайталап орындауды қажет етпейді. Ондай ықтимал да жоқ. Намаз, ораза, зекет сияқты ғибадаттардың қайталануы, себептерінің қайталануына байланысты. Қажылықтың себебі болған Бәйтул-Харам қайталанбағандықтан өмірде бір-ақ рет әмірді орындау арқылы парыз өтеледі. Ханафилердің көпшілігі ұстанған пікірі осы.

4. Сұрақ сұрауға қатысты тыйым қандай мәселелерге байланысты?

Сахаба мен табиғиндерден кейбір ғалымдар, бұл тыйымның, бір оқиғаға байланысты болсын, болмасын әр мәселеге қатысты екенін айтқан. Бірақ бұл пікірге көптеген фиқыһ ғалымдары қарсылық білдірген. Бұл пікірді құптаған Әбу Бәкір ибн әл-Араби былай дейді: «Кейбір шолақ ойлайтындар сұрақ сұрауға тыйым салған аятқа қарап, (яғни, “Мәида” сүресі, 101-аятта. авт.) Құран мен хадисте аталмаған нәрселердің амалда анық пайда болмайынша, оларға қатысты сұрақ сұрауға тыйым салынған деп ойлап қалды. Анығында, мәселенің мәні олай емес еді. Өйткені аятта жауап берілсе жамандық туындатуы мүмкін деген сұрақтарға тыйым салынғандығы анық еді. Ал аят пен хадисте аталмаған нәрселерге қатысты сұрақтар бұл топқа жатпайды».

Ибн Хажар бұл пікірді құптаған, бірақ ибн әл-Арабидың өзі сияқты ойламаған ғалымдарға қатысты «таяз ойлайтындар» деп айтқанын айыптаған. Сондай-ақ одан бұрын Қуртуби да оны айыптаған және мұндай әрекеттердің ибн әл-Арабидің бойынан үнемі көрініп қала беретін мінез екенін айтқан.

5. Тыйым Расулалланың (с.а.с.) заманына ғана тән бе?

Кейбір ғалымдар сұрақ сұрауға тыйым салынудың Расулалланың (с.а.с.) заманына ғана қатысты еді деп қараған. Олар Расулалладан (с.а.с.) кейін сұралатын сұрақтар себепті аятта баяндалғандай жамандық туындау ықтималы жойылғандығын айтқан және мына хадистерді дәлел ретінде келтірген:

مَا أَحَلَّ اللَّهُ فِي كِتَابِهِ فَهُوَ حَلَالٌ وَمَا حَرَّمَ فَهُوَ حَرَامٌ وَمَا سَكَتَ عَنْهُ فَهُوَ عَفْوٌ فَاقْبَلُوا مِنَ اللَّهِ عَافِيَتَهُ فَإِنَّ اللَّهَ لَمْ يَكُنْ يَنْسَى شَيْئًا ثُمَّ تَلَا هَذِهِ الْآيَةَ: ﴿وَمَا كَانَ رَبُّكَ نَسِيًّا﴾

«Алла Өз кітабында халал еткен нәрсе – халал, харам еткені – харам. Ол үкімін ашық айтпаған нәрсені кешірімге қалдырған. Алланың осы кеңшілігін қабыл етіңдер. Алла ешнәрсені ұмытпайды». Алла елшісі (с.а.с.) артынша ﴿وَمَا كَانَ رَبُّكَ نَسِيًّا﴾ «Әрі сенің Раббың ұмытшақ емес» деген аятты оқыды2.

Басқа хадисте былай делінген:

إِنَّ اللَّهَ فَرَضَ فَرَائِضَ فَلَا تُضَيِّعُوهَا وَحَدَّ حُدُودًا فَلَا تَعْتَدُوهَا وَسَكَتَ عَنْ أَشْيَاءَ رَحْمَةً لَكُمْ غَيْرَ نِسْيَانٍ فَلَا تَبْحَثُوا عَنْهَا

«Алла парыздарды міндеттеді, оларды тәрк етпеңдер. Шек қойды, одан аспаңдар. Кей істерді сендерге мейірім етіп, үкімін ашық айтпады. Алла оларды ұмытқан жоқ. Ендеше, олардың қыр соңына түспеңдер».

Тағы бір хадисте былай делінген:

أَعْظَمُ الْمُسْلِمِينَ بِالْمُسْلِمِينَ جُرْمًا مَنْ سَأَلَ عَنْ شَيْءٍ لَمْ يُحَرَّمْ فَحُرِّمَ مِنْ أَجْلِ مَسْأَلَتِهِ

«Мұсылмандарға ең ауыр кінә арқалаған адам – харам етілмеген бір нәрсе жайында сұрап, сол сұрағы себепті ол нәрсенің харам етілуіне түрткі болған адам».

6. Тыйым Мәдина тұрғындарына да қатысты ма? Кейбір риуаяттарда тыйым Мәдинадағы мұһажирлер мен ансарларға да қатысты екені айтылады. Бұдан оның аясы шектеулі болып, көбіне уахи түскен дәуірмен байланысты екені аңғарылады. Әнәс (р.а.) былай деген: «Алла елшісіне (с.а.с.) сұрақ қоюдан тыйылған едік. Сырттан ақылды бір бәдәуи келіп, сұрақ қойса, жауабын тыңдағанды жақсы көретінбіз». Мүслимде Нәууас ибн Сәмған (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) Мәдинада бір жыл болдым. Тек сұрақ қою мүмкіндігін жоғалтпау үшін һижрет етпедім. Біреуіміз һижрет етіп, мұһажир болғаннан кейін, Алла елшісіне (с.а.с.) сұрақ қоя алмайтын едік». Нәууас сұрақ қоя алу үшін мұһажир ретінде Мәдинаға қоныстанбаған. Ахмад ибн Ханбал келтірген риуаятта сахабалардың сырттан келген бәдәуиге сый беріп, сұрақ қоюға ынталандырғаны айтылады:

لَمَّا نَزَلَتْ يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تَسْأَلُوا عَنْ أَشْيَاءَ الآيَةَ كُنَّا قَدْ اِتَّقَيْنَا أَنْ نَسْأَلَهُ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَأَتَيْنَا أَعْرَابِيًّا فَرَشَوْنَاهُ بُرْدًا وَقُلْنَا: سَلِ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ

«Уа, иман келтіргендер! Ашық айтылған жағдайда көңілдеріңе жақпай қалатын мәселелерді қазбалап сұрай бермеңдер.» деген аят түскенде, Алла елшісіне (с.а.с.) сұрақ қоюдан тартындық. Бір бәдәуиге барып, үстіне жабатын бір шапан бердік те: «Пайғамбардан сұрашы», – дедік. Бұл тақырыпта басқа да риуаяттар бар.

7. Сахабалардан туындаған сұрақтардың түсіндірмесі:

Сахабалардың Алла елшісіне (с.а.с.) қойған көптеген сұрағы хадис кітаптарында келтірілген. «Сұрақ қоюдан тыйылса, олар бұл сауалдарды қалай қойған?» деген мәселені ғалымдар үш түрлі түсіндірген:

а) Бұл сұрақтар сұрақ қоюға қатысты тыйым салған аят түспей тұрып сұралған.

ә) Аят арқылы келген тыйым жалпылама емес, жекелей мәселеге қатысты еді. Яғни, үкімі нақты белгілі болған мәселелерге қатысты сұрақ қою қажет болса оған тыйым жоқ.

б) Тыйым міндетті түрде білінуі қажет мәселелерге қатысты емес еді. Қамыспен бауыздалған малдың етіне қажетті үкім, әміршілер Аллаға мойынсұнуға қарсы келетін әмір беретін болса, оларға бағынып, бағынбауға қатысты сұрақтар, қиямет жағдайлары мен ақырзаман бүлігіне қатысты сұрақтар, сондай-ақ, тікелей Құранда аталған кәлала (әке-шешесіз және баласыз), арақ-шарап, құмар ойындары, қасиетті айлардағы соғыс, жетімдер, хайыз уақыты, әйел, аңшылық және т.б. мәселелерге қатысты туындаған сұрақтар болатын. Бұл сұрақтар негізгі қажеттіліктерден туындағандықтан, тыйым бұлардың барлығын қамтымаған.

8. Тыйым әлі орын алмаған мәселелерді де қамтиды.

Кей ғалымдар сұрақ қоюға қатысты тыйым әлі орын алмаған, тіпті болуы екіталай оқиғаларды да қамтиды деген. Болған істің өзін орынсыз қазбалау адамға ауырлық әкелуі мүмкін болса, әлі болмаған істі сұраудың жөні одан да аз деп санаған.

Дарими «Сунәнінің» кіріспесінде осы тақырыпқа тоқталып, бірнеше сәләф ғұламаларының (алғашқы буынның) пікірін келтірген.

Ибн Омар: «Әлі туындай қоймаған мәселе жайлы сұрамаңдар, өйткені мен әлі орын алмаған оқиға болады-ау деп сұрақ сұраған адамға әкем Омардың (р.а.) лағынет айтқанын естідім» деген.

Зәйд ибн Сәбит өзіне бір мәселеге қатысты сұрақ қойылғанда, алдымен оның болып-болмағанын сұрайтын. Егер «иә, солай болды» дейтін болса, ол мәселеге қатысты білетінін айтатын. Ал «жоқ, әлі болған жоқ» десе, «Қоя тұрыңдар, алдымен сондай жағдай туындасын, сол кезде сұрарсыңдар» деп, жауап беруден бас тартатындығы айтылады.

Әзірет Омар да: «Орын алған оқиғалар бізге жеткілікті» деп әлі туындамаған мәселелерге қатысты сұрақ сұрауға тыйым салған.

Ғалымдар мәтінде тікелей үкімі айтылмаған мәселелерді зерттеудің екі түрін ажыратқан:

1) Оқиғаның үкімін Құран мен хадистегі дәлелдерге сүйеніп анықтау. Мұндай ізденіс құпталады, ал мұжтаһидтер үшін ол міндет.

2) Риуаяттар арасында қаралмай қалуы мүмкін немесе біріктіруге болатын кішкентай айырмашылықтарға ерекше тоқталып, шариғатқа ешбір пайдасы жоқ мәселелерді іздеу, осыған ұқсас мәселелер арасында жоқ жерден өзге айырмашылықтар табуға тырысу немесе арасында айырмашылықтары бар мәселелерді айырмашылығы жоқ, керісінше, бір нәрсе сияқты көрсету үшін бос ізденіске кірісу – дәлелдерді қисынсыз орынға күшпен келтіру болмақ. Сәләф ғұламалары мәкруһ деп саналған ғылыми зерттеулер осы тармаққа кіреді. Бұл негіздегі еңбектер босқа уақыт жоғалтудан басқа еш нәрсе емес. Сонымен қатар мына хадистің ескертуіне кіретіні белгіленген:

هَلَكَ الْمُتَنَطِّعُونَ

«Асыра сілтеушілер құрдымға кетті».

Хадисте айтылған «мутанаттиғун» сөзін «асыра сілтеушілер» деп аудардық.

Зәмахшари хадистегі тыйымды қағидалары орныққан қырағаттарды бір-біріне қарсы қойып, орынсыз дау туғызуға да қатысты түсіндірген.

Нәуәуи болса: «Сөз өнерінде әртүрлі тәсілдерді қолдану арқылы халық алдына шыққан кезде мәнерлеп, көркем сөйлеймін деп өзін-өзі қинап, жасандылыққа жол берудің, ғылыми мәселелерде хабары жоқ халыққа грамматиканың терең мәселелерін айтып, өзін-өзі жарнамалаудың жағымсыз іс екені айтылған. Сонымен қатар пайдасыз, бос тақырыптарға кірудің, орын алуы мүмкін емес оқиғаларды болғандай етіп сұрақ сұраудың және т.б. осы сияқты мәселелерге қатысты айтылған.

Ибн Хажар Құран мен ғұламалар ижмағы сияқты негізге сүйенбейтін мәселелерге тереңдеуді осыған жатқызған. Басқа істерге арналса әлдеқайда жақсы нәтиже беретін құнды уақыттардың, болмаған яки болуы мүмкін де емес мәселелерді зерттеуге жұмсауды ұнатпай былай деген: «Бұлардың ең жаманы – шариғатта тек қана сенім білдіруі талап етілген нәрселерді егжей-тегжейлі зерттеу үшін көп сұрақ сұрау. Мысалы, кейбір мәселелер бар, оның бұл дүниеде сезілуі, білінуі мүмкін емес: қияметтің уақыты, рухтың мән-мағынасы, бұл үмбеттің өмір сүретін уақыты сияқты мәселелер. Бұлар тек сөзбен жеткізу арқылы ғана білінетін нәрселер бола тұра, бұларға қатысты сұрақтар да сұралады. Алайда бұлардың дәл қалай жүзеге асатынына қатысты жеткен мағлұмат жоқ, бұларды зерттеп қарастырып жатпастан иман ету керек. Сонымен қатар тағы бір жағымсыз жері, мұндай мәселелердің кейбірін тым түртпектеп қыр-соңына түсу, адамды күмәнға және адасуға апарады. Әбу Һурайрадан жеткен бір риуаятта: «Адамдар бір-бірінен ананы-мынаны сұрай келе: «Бұл жаратылысты Алла жаратты, олай болса Алланы кім жаратты?» деген сұрақ сұрауға апарады». Аталмыш хадис осы жағдайға байланысты хабар беріп тұр.

  1. 1Бұхари, «Иғтисам», 4. Мүслим, «Хаж», 412 (№ 1337), «Фадаил», 130. Нәсәи, «Хаж», 1 (5/110–111).
  2. 2«Мәриям» сүресі, 64-аят
1175
Кутуб ситтә, № 1175 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әли

وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ مَلَكَ زَادًا وَرَاحِلَةً تُبَلِّغُهُ إِلَى بَيْتِ اللَّهِ الْحَرَامِ وَلَمْ يَحُجَّ فَلَا عَلَيْهِ أَنْ يَمُوتَ يَهُودِيًّا أَوْ نَصْرَانِيًّا وَذَلِكَ أَنَّ اللَّهَ تَعَالَى يَقُولُ: ﴿وَلِلَّهِ عَلَى النَّاسِ حِجُّ الْبَيْتِ مَنِ اسْتَطَاعَ إِلَيْهِ سَبِيلًا﴾ الْآيَةَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әлиден (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.): «Бәйтул-Харамға жеткізер азығы мен көлігі бола тұра қажылық жасамаған адам яһуди болып өлсе де, христиан болып өлсе де, айырмасы жоқ. Өйткені Алла тағала ‘Қағбаны зиярат етуге шамасы жететін әрбір адам үшін қажылыққа бару – оның мойнындағы Алланың ақысы.’ деген»1, – деп айтқаны баяндалады.2

Түсіндірме

Ғалымдар бұл сөзді шамасы жете тұра қажылыққа бармаған адамға айтылған қатаң ескерту деп түсіндірген. Қажылықтың парыз екенін жоққа шығару немесе менсінбеу – иманға нұқсан келтіретін іс. Ал оның парыздығын мойындап, орындамай жүру – Алланың әміріне қарсы келу. Риуаяттағы ауыр сөз осы қатерді ұғындырады.

Қажылықты тәрк еткен адам кітап иелерінің өз кітаптарындағы үкіммен амал етпеуіне ұқсатылған. Шамасы жете тұра қажылыққа бармаған мұсылман да өзіне түскен кітаптағы әмірді орындамай қалады.

Риуаятта қажылықты әмір еткен аятты оқу арқылы осы міндетке немқұрайды қараудың ауырлығы ескертіледі.

  1. 1«Әли Имран» сүресі, 97-аят
  2. 2Тирмизи, «Хаж», 3 (№ 812). Тирмизи мұны ғариб риуаят деп, жеткізу тізбегіне сын айтқан.
1176
Кутуб ситтә, № 1176 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا «أَنَّ الْأَقْرَعَ بْنَ حَابِسٍ سَأَلَ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ: الْحَجُّ فِي كُلِّ سَنَةٍ أَوْ مَرَّةً وَاحِدَةً؟ فَقَالَ: بَلْ مَرَّةً وَاحِدَةً. فَمَنْ زَادَ فَتَطَوُّعٌ».

Қазақша аудармасы

Ибн Аббастың (р.а.) айтуынша, Ақрағ ибн Хабис (р.а.) Алла елшісінен (с.а.с.): «Қажылық жыл сайын міндет пе, әлде бір-ақ рет пе?» – деп сұрады. Ол: «Бір-ақ рет. Одан артық жасалғаны – нәпіл», – деді1.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Мәнәсик», 1 (№ 1721). Нәсәи, «Хаж», 1 (5/111). Ибн Мәжа, «Мәнәсик», 2 (№ 2886).
1177
Кутуб ситтә, № 1177 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَا صَرُورَةَ فِي الْإِسْلَامِ». أَخْرَجَهُمَا أَبُو دَاوُدَ. «الصَّرُورَةُ» الذِّي لَمْ يَحُجَّ رَجُلًا كَانَ أَوِ امْرَأَةً.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Исламда сарура жоқ»1, – дегенін жеткізді.

Түсіндірме

Хадистегі «сарура» сөзінің екі мағынасы бар:

1. Қажылықты әлі бір рет те өтемеген адам.

2. Рухбандар секілді дүниеден безіп, үйленбей жүрген адам.

Бұл сөз жаһилия дәуіріндегі екі әдетке де қатысты қолданылған. Имам Мәлик «Мууаттада» әйелге қатысты «сарураны» қажылыққа бармаған әрі өзін ертіп бара алатын махрамы жоқ әйел деп түсіндірген. Мәликтің пікірінше, мұндай әйел бір топ әйелге қосылып, парыз қажылығын өтейді.

«Исламда сарура жоқ» деген сөз осы түсіндіру бойынша қажылыққа шамасы жететін ер мен әйелдің парызды тәрк етпеуін білдіреді.

Екінші түсіндіру бойынша, хадис рухбандар секілді үйленбеуді діндарлықтың шартына айналдыруды құптамайды.

  1. 1Әбу Дәуіт, Хажж 3, (1729).
1178
Кутуб ситтә, № 1178 · тараудағы реті: 5

وَلَهُ عَنْهُ أَيْضًا: «قَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ أَرَادَ الْحَجَّ فَلْيَتَعَجَّلْ».

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Қажылыққа барғысы келген адам асықсын», – дегенін жеткізді1.

Түсіндірме

Хадисте қажылықты созбай орындауға үндеу бар. Қажылық – орындалатын уақытын адам өз еркімен белгілейтін нәпіл ғибадат емес. Ол мүмкіндігі мен шамасы жеткен адамға парыз.

Сондықтан мүмкіндігі туған адам қажылыққа баруды кейінге қалдырмағаны жөн. «Қартайғанда барамын» деген ұстаным хадистегі үндеуге сай келмейді.

Бұл хадиске сүйенген Әбу Ханифа, Имам Мәлик және бірқатар Шәфиғи ғалымдары қажылықтың мүмкіндігі болса кешіктірілместен бірден орындалуы міндет екеніне үкім берген. Алайда Имам Шәфиғи, Әузағи, Әбу Юсуф және Мұхаммед әш-Шайбани қажылық һижреттің бесінші немесе алтыншы жылында парыз болса да Расулалланың (с.а.с.) оныншы жылы қажылық жасағанын ескере отырып, парыз қажылықтың кешіктірілместен орындалуы қажет еместігін, қажет болса кешіктіруге болатынын айтқан. Бірақ бұл пікірге қосылмағандар мынадай уәж айтқан:

а) Қажылықтың парыз болған уақыты нақты белгілі емес, ол жайлы әртүрлі көзқарас бар, кейбір деректер бойынша һижреттің 10-жылы парыз болғандығы айтылады. Бұл жағдайда Расулалла (с.а.с.) қажылық жасауды кешіктірмеген.

б) Егер қажылық һижреттің 10-жылынан бұрын парыз етілсе, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тыр жалаңаш тауап жасайтын мүшріктермен бірге қажылық жасағысы келмегендіктен қажылықты кешіктірген.

Қазір сапарға қолайлы жағдай жасалғанымен, қажылықтың өз ауыртпалығы бар. Сол жолдан өткендер оны күш-қуат барда орындаудың артықшылығын айтады.

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәнәсик 6, (1732).
1179
Кутуб ситтә, № 1179 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سُئِلَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَنِ الْعُمْرَةِ أَوَاجِبَةٌ هِيَ؟ فَقَالَ: لَا. وَأَنْ تَعْتَمِرُوا هُوَ أَفْضَلُ»

Қазақша аудармасы

Жәбирдің (р.а.) айтуынша, Алла елшісінен (с.а.с.) умраның уәжіп екені сұралды. Ол: «Жоқ. Дегенмен умра жасаған абзал», – деп жауап берді1.

Түсіндірме

Умраға қатысты тақырыптың басында және №1165 хадистің түсіндірмесінде кең көлемді мағлұмат берілді. Сол мағлұматтарда да айтылғандай бірқатар ғалымдар (Шәфиғи, Ахмад т.б.) умраның уәжіп екенін айтса, бірқатар ғалымдар (Имам Мәлик, Әбу Ханифа т.б.) уәжіп емес, нәпіл екеніне үкім берген.

  1. 1Тирмизи, «Хаж», 88 (№ 931), Жәбирден жеткен риуаят.
1180
Кутуб ситтә, № 1180 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «الْعُمْرَةُ وَاجِبَةٌ» أَخْرَجَ التِّرْمِذِيُّ حَدِيثَ جَابِرٍ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.): «Умра уәжіп», – деген1.

Түсіндірме

Имам Шафиғиге Ибн Аббастың умраны уәжіп санағаны жеткен. Бұхари оның «Умра Алланың кітабында қажылықпен қатар аталған» деген сөзін иснадын толық келтірмей берген. Хаким Ата арқылы Ибн Аббастың «Қажылық пен умра – екі парыз» деген сөзін жеткізген.

Қажылық пен умра жайлы бұл тақырыптың басында қажетті түсіндірме келтіргендіктен бұл жерде қайталамаймыз.

  1. 1Бұхари, «Хаж», «Умраның уәжіптігі мен артықшылығы» тарауы, Ибн Аббастың сөзін муғаллақ түрде келтірген. Тирмизи № 931-де Жәбирдің мағыналас тақырыптағы риуаятын берген.
1181
Кутуб ситтә, № 1181 · тараудағы реті: 8

وَمِثْلُهُ عَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ: «وَكَانَ يَقْرَأُ: وَأَتِمُّوا الْحَجَّ وَالْعُمْرَةَ إِلَى الْبَيْتِ، وَكَانَ يَقُولُ: لَوْلَا التَّحَرُّجُ، وَإِنِّي لَمْ أَسْمَعْ مِنْ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فِي ذَلِكَ شَيْئًا لَقُلْتُ: الْعُمْرَةُ وَاجِبَةٌ». أَخْرَجَهُ رَزِينُ.

Қазақша аудармасы

Мағыналас сөз Ибн Мәсғудтан (р.а.) да жеткен. Ол аятты «Қажылық пен умраны Бәйтуллаға барып толық өтеңдер» деп түсіндіріп оқыған. Содан соң: «Бұл жайында Алла елшісінен (с.а.с.) ештеңе естімегеніммен, күнәға қалудан қорықпасам, “Умра уәжіп” дер едім»1, – деген.

Түсіндірме

1. Осы деректен Ибн Мәсғудтың да умраны уәжіп деп пайымдағаны аңғарылады. Құрандағы ﴿وَأَتِمُّوا الْحَجَّ وَالْعُمْرَةَ لِلَّهِ﴾ «Қажылық парызы мен ұмраны Алла разылығы үшін өтеңдер.»2 деген аятты ол وَأَتِمُّوا الْحَجَّ وَالْعُمْرَةَ إِلَى الْبَيْتِ деп түсіндіріп оқыған. Әбу Хайян «әл-Бахрул-мухитта» мұны аят мәтініне түсіндірме ретінде қосылған сөз деп қарастырған.

2. Ибн Мәсғуд умраның міндетті екені жөнінде Алла елшісінен (с.а.с.) ештеңе естімегенін айта келе: «Күнәға қалудан қорықпасам, умра уәжіп дер едім», – деген.

Әбу Ханифа пәтуаларында Ибн Мәсғудтың риуаяттарына жиі сүйенген. Бұл риуаятта умраның уәжіптігі туралы Пайғамбардан (с.а.с.) тікелей сөз жетпегені айтылғандықтан, Әбу Ханифаның «Умра уәжіп емес» деген үкімі риуаятқа қайшы келмейді.

  1. 1Рәзиннің қосымшасы.
  2. 2«Бақара» сүресі, 196-аят