Хадис

Кутуб ситтә, № 1178

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
150. Қажылықтың міндет болуы
Нөмірі
№ 1178 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 5
1178
Кутуб ситтә, № 1178 · тараудағы реті: 5

وَلَهُ عَنْهُ أَيْضًا: «قَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ أَرَادَ الْحَجَّ فَلْيَتَعَجَّلْ».

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Қажылыққа барғысы келген адам асықсын», – дегенін жеткізді1.

Түсіндірме

Хадисте қажылықты созбай орындауға үндеу бар. Қажылық – орындалатын уақытын адам өз еркімен белгілейтін нәпіл ғибадат емес. Ол мүмкіндігі мен шамасы жеткен адамға парыз.

Сондықтан мүмкіндігі туған адам қажылыққа баруды кейінге қалдырмағаны жөн. «Қартайғанда барамын» деген ұстаным хадистегі үндеуге сай келмейді.

Бұл хадиске сүйенген Әбу Ханифа, Имам Мәлик және бірқатар Шәфиғи ғалымдары қажылықтың мүмкіндігі болса кешіктірілместен бірден орындалуы міндет екеніне үкім берген. Алайда Имам Шәфиғи, Әузағи, Әбу Юсуф және Мұхаммед әш-Шайбани қажылық һижреттің бесінші немесе алтыншы жылында парыз болса да Расулалланың (с.а.с.) оныншы жылы қажылық жасағанын ескере отырып, парыз қажылықтың кешіктірілместен орындалуы қажет еместігін, қажет болса кешіктіруге болатынын айтқан. Бірақ бұл пікірге қосылмағандар мынадай уәж айтқан:

а) Қажылықтың парыз болған уақыты нақты белгілі емес, ол жайлы әртүрлі көзқарас бар, кейбір деректер бойынша һижреттің 10-жылы парыз болғандығы айтылады. Бұл жағдайда Расулалла (с.а.с.) қажылық жасауды кешіктірмеген.

б) Егер қажылық һижреттің 10-жылынан бұрын парыз етілсе, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тыр жалаңаш тауап жасайтын мүшріктермен бірге қажылық жасағысы келмегендіктен қажылықты кешіктірген.

Қазір сапарға қолайлы жағдай жасалғанымен, қажылықтың өз ауыртпалығы бар. Сол жолдан өткендер оны күш-қуат барда орындаудың артықшылығын айтады.

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәнәсик 6, (1732).