Хадис

ҚАЖЫЛЫҚ ЖӘНЕ УМРА

Кутуб ситтә, 4-том, 149-тарау · 11 хадис · № 1163–1173

ҚАЖЫЛЫҚ ЖӘНЕ УМРА

Хадистер

«Қажылық» сөзінің тілдік мағынасы – зиярат етуді ниет ету. Шариғатта Бәйтул-Харамды белгіленген тәртіппен зиярат ету қажылық деп аталады. Қажылықта адам белгіленген уақытта Арафатта біраз тұрып, одан кейін қасиетті Қағбаны өз тәртібімен тауап етеді.

Қажылық – Исламның бес тірегінің бірі. Бұл ғибадаттың үмбеттің ынтымағы мен бірлігі үшін әлеуметтік әрі саяси маңызы бар. Қажылық Исламның ұлттар арасын жақындастыратын сипатын анық көрсетеді. Тілі, өңі, киімі мен әдет-ғұрпы әртүрлі мұсылмандар дүниенің төрт бұрышынан Алланың әмірін орындау үшін бір жерге жиналады. Олар танысады, сағынышын басады, әңгімелесіп, пікір алмасады, ортақ ойға келеді. Белгілі тәртіппен атқарылатын осы ғибадат адамдарды жақындастырады. Таныстықтан сүйіспеншілік туады, сүйіспеншілік өзара қолдау мен жәрдемге ұласады.

Бірінші дүниежүзілік соғыста кейбір мұсылман халықтар бір-біріне қарсы қару алды. Кейбір ғалымдар мұны қажылыққа салғырт қараудың салдарынан мұсылмандардың өзара таныстығы мен ынтымағы әлсірегенімен байланыстырған. Олардың пікірінше, осы салғырттық миллиондаған мұсылманның бір-біріне қарсы тұруына себеп болған.

«Умра» сөзінің тілдік мағынасы – зиярат ету. Шариғатта Қағбаны белгілі тәртіппен зиярат ету умра деп аталады. Оны «хажжул-асғар», яғни кіші қажылық дейді. Осыған орай қажылыққа «хажжул-әкбар», яғни үлкен қажылық атауы да берілген. Қажылық жылдың белгіленген мезгілінде атқарылады. Онда Арафат пен Мұздалифада тұру, шайтанға тас лақтыру сияқты рәсімдер бар. Бұл рәсімдер умрада атқарылмайды. Умраны жылдың кез келген айында жасауға болады. Умра ихрамға кіруден, тауап пен сағидан тұрады. Шафиғи мен Ахмад ибн Ханбал умраны уәжіп санаса, Имам Бұхари да осы көзқарасты ұстанған. Ханафи мен Мәлики ғалымдары умраны нәпіл ғибадатқа жатқызған. Екі көзқарас та Алла елшісінен (с.а.с.) жеткен риуаяттарға сүйенеді. Әбу Ханифа Тирмизиде келген мына хадисті дәлелге келтірген:

أَتَى أَعْرَابِيٌّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، أَخْبِرْنِي عَنِ الْعُمْرَةِ أَوَاجِبَةٌ هِيَ؟ فَقَالَ: لَا، وَإِنْ تَعْتَمِرَ خَيْرٌ لَكَ.

Бір бәдәуи Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: «Уа, Алланың елшісі, умра жайын айтыңызшы. Ол уәжіп пе?» – деп сұрады. Ол: «Жоқ. Умра жасасаң, өзің үшін қайырлы», – деді.

«Ислам бес негізге құрылған» деген хадисте қажылық аталады. Умра сол бес негіздің ішінде жеке аталмайды. Умраны сүннет санағандар осыны да дәлелге келтірген.

Ибн Аббас, Ата және Ахмад ибн Ханбал умраның Мекке тұрғындарына уәжіп еместігін айтқан. Ибн Аббас умраның Құранда қажылықпен қатар аталғанына назар аударған. Құранда ﴿وَأَتِمُّوا الْحَجَّ وَالْعُمْرَةَ لِلَّهِ﴾ «Қажылық парызы мен ұмраны Алла разылығы үшін өтеңдер.»1 делінген. Ибн Омар (р.а.) қажылық пен умраны бір-бір рет атқаруды міндет санаған. Имам Тахауи оның сөзін кифая уәжіп деп түсіндірген.

Имам Ағзам умраны сүннет санаған. Оның пікірінше, жылдың мына бес күнінде умра жасау мәкруһ:

1. Арафа күні

2. Құрбан айттың алғашқы күні

3, 4, 5. Тәшриқ күндері, яғни Құрбан айттың екінші, үшінші және төртінші күндері. Бұл жөніндегі қосымша мәлімет № 1165 хадистің түсіндірмесінде беріледі.

Қажылықтың артықшылығы

1163
Кутуб ситтә, № 1163 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Айша

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ: نَرَى الْجِهَادَ أَفْضَلَ الْأَعْمَالِ أَفَلَا نُجَاهِدُ؟ قَالَ: لَا لَكِنَّ أَفْضَلَ الْجِهَادِ وَأَجْمَلَهُ حَجٌّ مَبْرُورٌ ثُمَّ لُزُومُ الْحَضَرِ. قَالَتْ: فَلَا أَدَعُ الْحَجَّ بَعْدَ إِذْ سَمِعْتُ هَذَا». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالنَّسَائِيُّ، وَلَيْسَ قَوْلُهُ «ثُمَّ لُزُومُ الْحَضَرِ» فِي رِوَايَتَيْهِمَا.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Мен: “Уа, Алланың елшісі, жиһадты амалдардың ең абзалы деп білеміз. Біз де жиһад етпейміз бе?” – дедім. Ол: “Жоқ. Жиһадтың ең абзалы әрі ең көркемі – мәбрур қажылық. Содан соң өз мекенінде қалу”, – деді». Айша: «Осыны естіген соң қажылықты тастамадым», – дейді. «Содан соң өз мекенінде қалу» деген сөз Бұхари мен Нәсәидегі нұсқаларда келмеген1.

Түсіндірме

1. Нәсәидің риуаятында Айша (р.а.): «Уа, Алланың елшісі, біз де сізбен бірге жиһадқа шықпаймыз ба? Құранда жиһадтан абзал амал көрмедім», – деп сұрайды. Алла елшісі (с.а.с.): «Жоқ. Жиһадтың ең абзалы әрі ең көркемі – Қағбаға қажылық ету, мәбрур қажылық», – деп жауап береді.

2. Қажылықта кездесетін ауыртпалықты сабырмен еңсеру – нәпсімен күрестің бір түрі. Хадисте қажылықтың жиһадқа теңелуі осыған байланысты. Кей риуаяттарда нәпсімен күрес жиһадтың абзал түрі деп аталады.

3. «Жиһадтың ең абзалы» деген сөздің әйелге айтылғанын ескерген жөн. «Содан соң өз мекенінде қалу» деген сөз де осы тұрғыдан түсіндіріледі. Хадистегі «хадар» сөзі қала, кент, ауыл секілді тұрақты қонысты білдіреді. Контексте оны «содан соң үйіңде қалу» деп те түсінуге болады. Бұл сөз Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайларына қарата айтылған ﴿وَقَرْنَ فِي بُيُوتِكُنَّ﴾ «Байсалдылық сақтап, үйлеріңде отырыңдар...»2 деген аятты еске салады.

4. Мәбрур қажылық – әдебі сақталып, күнә араласпай атқарылған қажылық. Оны «мақбул қажылық», яғни қабыл болған қажылық деп те түсіндірген. Осы екі түсінік өзара сабақтас: кемшіліксіз, күнә араласпай орындалған қажылық мәбрур әрі мақбул саналады.

5. Ғалымдар Алла елшісінің (с.а.с.) әйелдер үшін қажылықты сауабы мол жиһад деп атауына назар аударған. Ибн Мәжада Айша (р.а.): «Уа, Алланың елшісі, әйелдерге жиһад бар ма?» – деп сұрағанда, ол: «Иә, олар үшін соғыссыз жиһад бар. Ол – қажылық пен умра», – деп жауап берген. Ибн Батталдың айтуынша, Айшаны Жәмал оқиғасына қатысқаны үшін кінәлағандар «Үйлеріңде отырыңдар» деген аятқа сүйенген. Ибн Баттал қажылықты «жиһадтың абзалы» деп атаған хадисті әйелдерге өзге жағдайда үйінен шығуға да мүмкіндік бар деген пікірге дәлел еткен.

Осы түсіндіру бойынша, әйелдердің үйде отыруы жайындағы аят барлық жағдайда сыртқа шығуға тыйым салмайды.

  1. 1Бұхари, «Хаж», 4 (№ 1520), «Жазаус-сайд», 26 (№ 1861), «Жиһад», 1 (№ 2784). Нәсәи, «Хаж», 4 (№ 2628).
  2. 2«Ахзаб» сүресі, 33-аят
1164
Кутуб ситтә, № 1164 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Сәһл ибн Сағд

وَعَنْ سَهْلِ بْنِ سَعْدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَا مِنْ مُسْلِمٍ يُلَبِّي إِلَّا لَبَّى مَا عَنْ يَمِينِهِ وَشِمَالِهِ مِنْ حَجَرٍ أَوْ شَجَرٍ أَوْ مَدَرٍ حَتَّى تَنْقَطِعَ الْأَرْضُ مِنْ هَهُنَا وَهَهُنَا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Сәһл ибн Сағд (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Мұсылман тәлбия айтса, оның оң және сол жағындағы тас та, ағаш та, қатқан топырақ та тәлбияға қосылады. Осылайша екі жақтағы жердің шетіне дейін тәлбия айтылады»1, – дегенін жеткізді.

Түсіндірме

Қажылықта тәлбияны ихрамға кіргеннен бастап, Құрбан айттың алғашқы күні, зүлхижжаның онында, Ақаба жәмрасына алғашқы тас тастағанға дейін дауыстап айтады:

لَبَّيْكَ اللَّهُمَّ لَبَّيْكَ، لَبَّيْكَ لَا شَرِيكَ لَكَ لَبَّيْكَ، إِنَّ الْحَمْدَ وَالنِّعْمَةَ لَكَ وَالْمُلْكَ، لَا شَرِيكَ لَكَ.

«Аллаһым, шақыруыңа келдім, келдім! Шақыруыңа келдім, Сенің серігің жоқ, келдім! Күллі мадақ, нығмет пен билік Саған тән. Сенің серігің жоқ».

Қажылық міндетін атқарушы адамдар көптеген машақаттарға қарамастан, небір қиындықтарды еңсеріп қасиетті орындарға келу арқылы Алла тағаланың әмірін тікелей әрекеттері арқылы орындайды. Сөйтіп, шынайы ықыластарын сөзімен де дәлелдеп тәлбия айтады. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қажылардың осы ықыластары себепті оң мен солындағы тас, ағаш, топырақ сынды барлық жаратылыс, жердің соңғы шегіне дейін қайталайтындығынан хабар берген. Міне, бұл хадистен қажылықтың қасиетін, рухани құндылығын және әлеуметтік әрі саяси қырында хикмет жатқанын көреміз. Сондай-ақ хадистен мұсылман болып дүниеден өткен барлық адамға Раббымыздың мейірімінің молдығын түсінуге болады.

  1. 1Тирмизи, Хажж 14, (828).
1165
Кутуб ситтә, № 1165 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: تَابِعُوا بَيْنَ الْحَجِّ وَالْعُمْرَةِ فَإِنَّهُمَا يَنْفِيَانِ الْفَقْرَ وَالذُّنُوبَ كَمَا يَنْفِي الْكِيرُ خَبَثَ الْحَدِيدِ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Қажылық пен умраны бірінен соң бірін атқарыңдар. Көрік темірді қождан арылтқандай, ол екеуі кедейлік пен күнәдан арылтады»1, – дегенін жеткізді.

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) қажылық пен умраны бірінен соң бірін атқаруға үндеген. Яғни қажылықтан кейін умра, умрадан кейін қажылық атқару көзделеді.

Мунауи Мұхиббуддин әт-Табариден мына пікірді жеткізген: қажылық пен умра қатар аталғандықтан, умра да қажылық сияқты уәжіп. Құрандағы ﴿فَصِيَامُ شَهْرَيْنِ مُتَتَابِعَيْنِ﴾ деген тіркес кәффарат өтеушінің екі ай қатарынан үзбей ораза ұстауын білдіреді. Осы пікір бойынша хадистегі «тәтәбуғ» сөзі де умра мен қажылықты бірінен соң бірін атқаруды меңзейді.

Тағы бір түсіндіру бойынша, қажылық пен умраның арасына уақыт түссе де, бірі аяқталып, екіншісі орындалса, хадистегі бірінен соң бірін атқару талабы орындалады.

2. Нәсәидегі риуаятта қажылық пен умра кедейлік пен күнәдан арылтады делінген. Жинақтың бастапқы мәтінінде «кедейлік» сөзі түсіп қалған. Зекет пен садақа малға береке дарытатыны сияқты, қажылық пен умра жолындағы шығын да рухани әрі дүние берекесіне себеп болады. Хадис осы ғибадаттарға жұмсалған мал адамды кедейлендіреді деген қауіптің орынсыз екенін білдіреді.

3. Қажылық пен умраның күнәні тазартуы көріктің темірді қождан арылтуына ұқсатылған. Бір риуаятта темірмен бірге алтын мен күміс те аталады.

Бұл жердегі ұқсату мәселесі расымен де қызық. Көрік темірдегі татты жеңіл үрлеумен емес, қатты қыздырып өртеу арқылы тазалайды. Сол секілді қажылық ғибадатында да нәпсіні өртеу арқылы тазалайтын әртүрлі «оттар» мен қиындықтар бар. Мысалы, мал-мүліктен қаражат жұмсау, сапарда жүргенде ашығу, шөлдеу, шаршау, ұйқысыздық, жолда кездесетін қауіп-қатерлерге қарамастан тәуекелге бел буып жолға шығу, жолдағы кедергілерді шешу және Отаннан, туған ел мен жерден, ағайын-туғаннан, дос-жараннан, отбасынан жырақтап жолға шығу, үйреншікті қалыптасқан әдеттерін тастау сынды мәселелерді жатқызуға болады.

Бұлар қазіргідей емес, 1500 жылдық тарих ішіндегі мүмкіндіктердің шектеулі кезеңдерін ойлап көрсеңіз, қажылыққа аттанудың қаншалықты темір қыздыратын көріктің жалыны екенін және бұл қиындықтардың барлығына қарамастан тек қана Алла разылығы үшін сабырмен орындаған ықыласты қажыны тап-таза ететінін оңай түсінуге болады.

Мүмін бұл жалындаған отта өзін тек қана бір мақсатпен өртейді, ол мақсат – Раббысының әмірін орындап, разылығына жету. Құлдың бұл жомарттығы мен жанқиярлығы үшін Алла тағаланың беретін сыйы жайлы келесі хадисте баяндалады. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Мәбрур қажылықтың сыйы тек қана жәннат болады, одан басқа нәрсе болмайды!» деген. Яғни қажылық пен умра, көріктің темірді тазалағаны сияқты, мүмінді күнәлардан тазалаумен ғана қалмайды, басқа да үстемдіктерге жеткізеді. Ол нығмет – жәннат!

  1. 1Нәсәи, «Мәнәсик», 6 (№ 2630). Ибн Мәжа, «Мәнәсик», 3 (№ 2886).
1166
Кутуб ситтә, № 1166 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: الْعُمْرَةُ إِلَى الْعُمْرَةِ كَفَّارَةٌ لِمَا بَيْنَهُمَا، وَالْحَجُّ الْمَبْرُورُ لَيْسَ لَهُ جَزَاءٌ إِلَّا الْجَنَّةَ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Бір умрадан келесі умраға дейінгі күнәларға умра кәффарат болады. Мәбрур қажылықтың сыйы – жәннат», – дегенін жеткізді.1

Түсіндірме

1. Ибн Абд әл-Бәрр хадистегі кәффаратты кіші күнәларға қатысты түсіндірген. Умра үлкен күнәларды да өтейді деген пікірге ол үзілді-кесілді қарсы болған.

2. Кейбір ғалымдар «үлкен күнәлардан сақтану, кіші күнәлардың кешірілуіне себеп болады, олай болса умраның кіші күнәлардың кешірілуіне себеп болуы деген қандай мағына білдіреді?» деген сауал қойған. Бұған: «Умраның кәффарат болуы уақытпен байланысты (шектеулі), үлкен күнәдан сақтанудың кәффарат болуына шек жоқ, кісінің бүкіл өміріне қатысты. Ендеше, бұл тұрғыдан екеуі екі бөлек» деген анықтама келтірген.

3. Бұл хадис умраны көп жасаудың мұстахаб екеніне дәлел болады. Өйткені бұл жерде осыған шақыру бар. Мәликилер, Расулалланың (с.а.с.) жылда бір мәрте ғана умра жасағанын дәлел етіп, «бір жылда бірден көп умра жасау мәкруһ» деген. Сонымен қатар «бір айда бірден артық умра жасау мәкруһ» дегендер де болған. Алайда: «Мәндуб саналатын әрекеттерде Расулалланың (с.а.с.) амалы шарт емес. Өйткені көптеген мұстахаб пен мәндуб істер үмбетке ауыр болмасын деп жиі жасалмаған...» деп жауап берген. Ғалымдар қажылық киімін кимеген адамға, жылдың әр күнінде умра жасауына болатындығы жайлы бір тоқтамға келген. Тек қана Ханафилер (жоғарыда да келтіргеніміздей) арафа мен құрбан айт күндері және тәшриқ күндері мәкруһ санаған. Ахмад ибн Ханбалдан жеткен бір риуаят бойынша: «Умра жасаған адам, шаштарын алдыруы немесе қысқартуы уәжіп. Олай болса умра жасаған сайын оны орындау керек, бірақ екінші умра жасау үшін шаштың азғантай болса да өсуі керек, ол үшін он күн өту қажет» деген.

4. Хадисте айтылған «Бір умра, келесі умраға дейін» деп айтылған сөйлем мен «Бір умра, келесі бір умрамен бірге...» деген мағынада да түсінілген. Яғни, «Бір умрадан кейін тағы бір рет умра жасалса, бұл екеуі арасында жасалғандарға (күнәларға) кәффарат болады» деп түсінілген.

5. Ғалымдар осы хадистен парыз қажылықтан бұрын да умра жасауға болатынын түйген.

  1. 1Бұхари, Умра 1; Мүслим, Хажж 437, (1349); Тирмизи, Хажж 90, (933); Нәсәи, Мәнәсик 3, (5, 112), 5, (5, 115); ибн Мәжа, Мәнәсик 3, (2887); Муатта, Хажж 65, (2, 346).
1167
Кутуб ситтә, № 1167 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ طَافَ بِالْبَيْتِ خَمْسِينَ مَرَّةً خَرَجَ مِنْ ذُنُوبِهِ كَيَوْمِ وَلَدَتْهُ أُمُّهُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Қағбаны елу рет тауап еткен адам анасынан туған күндегідей күнәсіз болады»1, – дегенін жеткізді.

وَالمُرَادُ بِذَلِكَ خَمْسُونَ طَوَافًا كَامِلًا دُونَ الْأَشْوَاطِ.

Мұнда елу айналым емес, әрқайсысы жеті айналымнан тұратын елу толық тауап меңзелген.

Түсіндірме

Бұл хадис Қағбаны елу рет тауап жасаудың сауабы көп екенін баяндайды. Бірақ бұл жердегі «тауап» сөзі қандай тауапты білдіреді? Тауап сөздікте – бір нәрсені айналу дегенді білдіреді. Ендеше, хадис Қағбаның айналасында елу рет айналуды айтып жатыр ма әлде қажылық терминологиясындағы жеті шауттан (айналымнан) тұратын бір тауапты айтып тұр ма?

Мұхиббуддин әт-Табари кейбір ғалымдардың бұл сөзді жеке айналым деп түсіндіргенін келтіреді. Өзі «елу тауаптың әрқайсысы жеті айналымнан тұрады» деген пікірді ұстанған. Табаранидің «әл-Мұғжам әл-әусатындағы» нұсқадан елу тауапты қатарынан жасау шарт еместігі аңғарылады. Әрқайсысы жеті айналымнан тұратын елу тауапты адамның ғұмыр бойы біртіндеп жасауы да жеткілікті деп түсіндірілген.

  1. 1Тирмизи, «Хаж», 41 (№ 866). Тирмизи риуаятты ғариб деп, жеткізу тізбегіндегі Ала ибн Абдилкәрімнің өзге риуаяты белгісіз екенін айтқан.
1168
Кутуб ситтә, № 1168 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Үммі Сәләма

وَعَنْ أُمِّ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ أَهَلَّ بِحَجَّةٍ أَوْ عُمْرَةٍ مِنَ الْمَسْجِدِ الْأَقْصَى إِلَى الْمَسْجِدِ الْحَرَامِ غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ وَمَا تَأَخَّرَ أَوْ وَجَبَتْ لَهُ الْجَنَّةُ، شَكَّ الرَّاوِي أَيَّتَهُمَا قَالَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Үммү Сәләмә (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Қажылық не умра үшін Ақса мешітінен ихрамға кіріп, Харам мешітіне бет алған адамның бұрынғы және кейінгі күнәлары кешіріледі немесе оған жәннат нәсіп болады», – дегенін жеткізді. Риуаятшы Алла елшісінің осы екі сөздің қайсысын айтқанына күмәнданған1.

Түсіндірме

1. Хадисте Құдыста ихрамға кірген адамның бұрынғы және кейінгі күнәлары кешірілетіні айтылады. Құдыс Меккеге әдеттегі миқаттардан әлдеқайда алыс. Осыған сүйенген кейбір ғалымдар миқатқа жетпей ихрамға кірудің сауабы бар деген.

Хаттаби былай түсіндірген: «Хадисте миқатқа жетпей, одан алыс жерде де ихрамға кіруге рұқсат әрі ынталандыру бар. Бірқатар сахаба солай істеген. Алайда Омар (р.а.) Басрада ихрамға кірген Имран ибн Хусайынның бұл ісін құптамаған. Хасан әл-Басри, Ата ибн Әбу Рабах пен Мәлик ибн Әнәс те алыстан ихрамға кіруді мәкруһ санаған. Ахмад ибн Ханбал мен Исхақ ибн Рахауайһ миқатта ихрамға кіруді жөн көрген. Омардың ұстанымы үмбетке деген жанашырлықтан туған деп ойлаймын. Жол ұзарған сайын ихрам тыйымын бұзып, өтем төлеуге тура келу қаупі де артады. Сондықтан ихрамда жүретін жол неғұрлым қысқа болса, соғұрлым сақтыққа сай».

  1. 1Әбу Дәуіт, «Мәнәсик», 9 (№ 1741). Ибн Мәжа, «Мәнәсик», 49 (№ 3001–3002).
1169
Кутуб ситтә, № 1169 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ لِامْرَأَةٍ مِنَ الْأَنْصَارِ يُقَالُ لَهَا أُمُّ سِنَانٍ: مَا مَنَعَكِ أَنْ تَكُونِي حَجَجْتِ مَعَنَا؟ قَالَتْ: نَاضِحَانِ كَانَا لِأَبِي فُلَانٍ (زَوْجُهَا) فَحَجَّ هُوَ وَابْنُهُ عَلَى أَحَدِهِمَا وَكَانَ الآخَرُ يَسْقِي أَرْضًا لَنَا. قَالَ: فَعُمْرَةٌ فِي رَمَضَانَ تَقْضِي حَجَّةً، أَوْ حَجَّةً مَعِي. فَإِذَا جَاءَ رَمَضَانُ فَاعْتَمِرِي فَإِنَّ عُمْرَةً فِيهِ تَعْدِلُ حَجَّةً». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ إِلَى قَوْلِهِ: مَعِي، وَالنَّسَائِي بِتَمَامِهِ. «النَّاضِحُ» الْبَعِيرُ الَّذِي يُسْقَى عَلَيْهِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббастың (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.) ансарлық Үммү Синаннан: «Бізбен бірге қажылыққа баруыңа не кедергі болды?» – деп сұрады. Ол: «Әбу пәленшенің, яғни күйеуімнің, су тартатын екі түйесі бар еді. Күйеуім ұлымен бірге соның біріне мініп қажылыққа кетті. Екіншісімен егіндігімізді суарып отырмыз», – деді. Алла елшісі: «Рамазандағы умра бір қажылыққа, яки менімен бірге жасалған қажылыққа тең. Рамазан келгенде умра жаса. Бұл айдағы умраның сауабы қажылықпен теңеседі», – деді1.

Түсіндірме

1. Ибн Хажар Бұхаридің «Рамазандағы Умра» атты тармағында бұл хадисті әртүрлі қырынан алып қарап, Расулалланың (с.а.с.) өзімен бірге қажылыққа қатыспауын сұраған бір емес екі бөлек әйел болуы мүмкін деген. Олардың бірі Үммі Мағқил әл-Әсдия, енді бірі Үммі Синан әл-Ансария. Бұлардың әңгімелері де хадистерде әртүрлі келген. Тіпті кейбір риуаяттарда Үммі Синан емес, Үммі Суләйм есімі де аталған.

2. Күйеуінің есімі бұл мәтінде ашық айтылмайды. Кейбір риуаятта ол Әбу Синан деп аталады. Бұдан әйелдің ұлы Синан болғаны аңғарылады.

3. Ибн Хузайма екі істі бір-біріне теңеудің олардың кейбір қырына ғана қатысты болатынын осы хадиспен түсіндіреді. Умра парыз немесе нәзір етілген қажылықтың орнын өтемейді. Ибн Баттал хадистегі сөзді нәпіл қажылыққа қатысты деп түсінген. Оның айтуынша, умра парыз қажылықтың орнын өтемейді дегенге үмбет бірауыздан келіскен. Ибн әл-Мунаййир бұл түсіндіруді сынға алған. Оның ойынша, әйел баруды қалаған қажылық – Қоштасу қажылығы. Ол мұны Исламда парыз ретінде орындалған алғашқы қажылық деп білген. Әбу Бәкір басқарған алдыңғы қажылықты алдын ала ескерту деп есептеп, әйелдің одан бұрын парыз қажылықты өтеуі мүмкін емес деген.

Ибн Хажар Ибн әл-Мунаййирдің пікірі көпшілікке ортақ болмағанын айтады. Әйелдің Әбу Бәкір (р.а.) басқарған қажылыққа қатысып, парызын өтеуі де мүмкін. Ибн әл-Мунаййир қажылық һижреттің оныншы жылы парыз болды2 деген көзқарасты ұстанып, осы тұжырымын қорғау үшін алдыңғы пікірге сүйенген. Ибн Хажардың түйіні бойынша, Рамазандағы умра қажылыққа сауабы жағынан тең. Умраның парыз қажылықты өтемейтініне ғалымдар бірауыздан келіскен. Тирмизи келтірген нұсқада Исхақ ибн Рахауайһ мұны «Ықылас» сүресінің Құранның үштен біріне теңелуімен салыстырған.

Ибн әл-Араби бұл риуаятты сахих деп атап, Рамазандағы умраның сауабы Алланың кеңшілігімен қажылықтың сауабына теңескенін айтқан. Ибн әл-Жәузидің түсіндіруінше, ізгі амалдың сауабын ықылас пен шынайы ниет арттыратыны секілді, амал жасалған мезгілдің шарапаты да арттырады.

  1. 1Бұхари, Умра 4, Жәзаиус-сайд 26; Мүслим, Хажж 222; Нәсәи, Сиям 6, (4, 130).
  2. 2Қажылықтың нақты қашан парыз болғандығы жайлы әртүрлі көзқарастар бар. Һижретті 5, 6, 7, 8, 9-жылдары парыз болды деген түрлі пікірлер бар. Сонымен қатар һижреттен бұрын парыз болды дегендер де бар.
1170
Кутуб ситтә, № 1170 · тараудағы реті: 8

وَعَنْ أَبِي بَكْرِ بْنِ عَبْدِ الرَّحْمَنِ قَالَ: «جَاءَتِ امْرَأَةٌ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَتْ: إِنِّي كُنْتُ تَجَهَّزْتُ لِلْحَجِّ فَاعْتَرَضَ لِي. فَقَالَ: اعْتَمِرِي فِي رَمَضَانَ فَإِنَّ عُمْرَةً فِيهِ كَحَجَّةٍ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Бәкір ибн Абдуррахман былай дейді: «Бір әйел Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: “Қажылыққа қамданған едім. Бір кедергі шығып қалды. Не істейін?” – деді. Алла елшісі: “Рамазанда умра жаса. Бұл айдағы умра қажылықпен тең”, – деп жауап берді»1.

Түсіндірме

Әбу Дәуіттің риуаятынан аты аталмаған әйелдің Үммү Мағқил екені аңғарылады. Бір нұсқа бойынша, қажылыққа ерлі-зайыпты екеуінің сырқаты кедергі болған. Күйеуі қайтыс болып, әйелі жазылған. Жалғыз түйесін күйеуі Әбу Мағқил Алла жолына арнап қойған еді.

Абдурраззақтың риуаятында әйел қажылыққа қамданып жүріп түйесін жоғалтып алғанын айтқан.

Зурқани екі риуаятты былай сабақтастырған: әйел түйесін тауып алғаннан кейін ауырып қалуы немесе ауруынан жазылған соң түйесін жоғалтуы мүмкін.

Қалай болғанда да Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әйелге: «Рамазанда умра жаса, өйткені ол айдағы умра (сауап тұрғысынан), қажылықпен тең болады» деп жауап берген.

Ғалымдардың түсіндіруінше, бір игі амалдың сауабы жасалған мезгіліне қарай артады. Рамазанда сауап басқа айларға қарағанда көбірек еселенеді. Бұл – уақыттың шарапаты. Рәсімі мен ауыртпалығы көбірек қажылық ғибадатының өз дәрежесі бөлек.

  1. 1Муатта, Хажж 66, (1, 347); Әбу Дәуіт, Хажж 79, Тирмизи, Хажж 95, (939); Нәсәи, Сиям 6, (4, 130); ибн Мәжа, Хажж (Мәнәсик) 45, (2991.2995).
1171
Кутуб ситтә, № 1171 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَا عَمِلَ آدَمِيٌّ عَمَلًا يَوْمَ النَّحْرِ أَحَبَّ إِلَى اللَّهِ تَعَالَى مِنْ إِهْرَاقِ الدِّمَاءِ، إِنَّهَا لَتَأْتِي يَوْمَ الْقِيَامَةِ بُقُرُونِهَا وَأَشْعَارِهَا وَأَظْلافِهَا، وَإِنَّ الدَّمَ لَيَقَعُ مِنَ اللَّهِ تَعَالَى بِمَكَانٍ قَبْلَ أَنْ يَقَعَ فِي الْأَرْضِ فَطِيبُوا بِهَا نَفْسًا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. وَزَادَ رَزِينُ: وَأَنَّ لِصَاحِبِ الأُضْحِيَةِ بِكُلِّ شَعْرَةٍ حَسَنَةً.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Құрбан айт күні адамның Аллаға ең сүйікті амалы – құрбан шалу. Құрбандық малы қиямет күні мүйізі, жүні және тұяғымен келеді. Оның қаны жерге тамбай тұрып, амалы Алланың құзырында мәртебеге ие болады. Ендеше, құрбандықты көңіл ризалығымен шалыңдар»1, – дегенін жеткізді.

Рәзин мына сөзді қосқан: «Құрбан шалған адамға малының әр қылшығы үшін бір сауап жазылады».

Түсіндірме

Бұл хадис құрбан айт күнінде жасалатын ең құнды, ең қабыл болатын ғибадаттың құрбан шалу екенін баяндауда. Алиул-Қаридың келтірген анықтамасы бойынша, хадисте құрбанға шалынған малдың, жүні, тұяғы қатарлы іске жарамсыз ретінде көрінген бөлшектерінің өзі қиямет күні назарда болатыны айтылған. Бұл құрбан үшін берілетін сауаптың соншалықты көптігін білдіреді. Шалынған құрбанның кемшіліксіз түрде қиямет күні оралатындығы, яғни әрбір бөлшегі үшін сауап берілетіндіктен, мүмкіндігінше ең көркем түрде, шынайы көңілмен орындалуы қажет.

Құрбандықтың қаны жерге тамбай тұрып, Алланың құзырында мәртебеге ие болады деген сөз Алланың осы ғибадатқа разы болып, оны қабыл ететінін білдіреді.

Рәзинның келтірген қосымша ақпараттардан мүмкін болса құрбандыққа ірі-қара мал шалудың тіптен сауапты болатынын түсінуге болады.

  1. 1Тирмизи, Адахи 1, (1493); ибн Мәжа, Адахи 3, (3126).
1172
Кутуб ситтә, № 1172 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Әбу Бәкір

وَعَنْ أَبِي بَكْرٍ الصِّدِيقِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سُئِلَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَيُّ الْحَجِّ أَفْضَلُ؟ قَالَ: الْعَجُّ وَالثَّجُّ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. «الْعَجُّ» رَفْعُ الصَّوْتِ بِالتَّلْبِيَّةِ. «والثَّجُّ» إِرَاقَةُ دِمَاءِ الْهَدْيِ وَالضَّحَايَا.

Қазақша аудармасы

Әбу Бәкір әс-Сыддықтың (р.а.) айтуынша, Алла елшісінен (с.а.с.): «Қажылықтың қай түрі абзал?» – деп сұрағанда, ол: «Тәлбияны дауыстап айту және құрбан шалу», – деп жауап берген1.

Түсіндірме

Бұл жауапта қажылықты көркем атқарудың екі амалы, яғни тәлбияны дауыстап айту мен құрбан шалу аталған.

Тәлбияны дауыстап айту қажылық әдебіне жатады. Құрбан шалу қажылықтың барлық түрінде шарт емес. Ифрад қажылығы құрбансыз да толық атқарылады. Қиран мен тәматтуғ қажылығында шүкірлік құрбаны шалынады. Оған мүмкіндігі болмаған адам он күн ораза ұстайды.

Ханафи мазһабында құрбан шалуды міндеттейтін қиран қажылығы ең абзал саналады. Осы көзқараста хадис қиран қажылығының абзалдығына дәлел етіледі.

Тирмизидің тәпсір бөлімінде мына қосымша бар: «Басқа бір кісі тұрып: “Уа, Алланың елшісі, қажылыққа жетер жол деген не?” – деп сұрағанда, ол: “Азық пен көлік”, – деді».

  1. 1Тирмизи, Хажж 14, (827), Тәпсір, «Әли-Имран» (3001).
1173
Кутуб ситтә, № 1173 · тараудағы реті: 11Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: جِهَادُ الصَّغِيرِ وَالكَبِيرِ وَالضَّعِيفِ وَالْمَرْأَةِ: الْحَجُّ وَالعُمْرَةُ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Баланың, қарттың, әлсіздің және әйелдің жиһады – қажылық пен умра»1, – дегенін жеткізді.

Түсіндірме

Қажылық пен умраның жиһадқа теңелуі олардың да сабыр мен күш-жігерді қажет етуінен. Жиһадта да осындай ауыртпалық бар. Осы үш амал адамға өзін тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Сондықтан жағдайына қарай олардың сауабы да жақындайды, кейде теңеседі. Жиһадқа шамасы келмеген бала, қарт, әйел немесе әлсіз адам қажылық не умра арқылы сондай сауапқа бөлене алады.

  1. 1Нәсәи, «Хаж», 4 (№ 2626). Ибн Мәжа, «Мәнәсик», 8 (№ 2902), Айшадан жеткен мағыналас риуаят.