وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ لِامْرَأَةٍ مِنَ الْأَنْصَارِ يُقَالُ لَهَا أُمُّ سِنَانٍ: مَا مَنَعَكِ أَنْ تَكُونِي حَجَجْتِ مَعَنَا؟ قَالَتْ: نَاضِحَانِ كَانَا لِأَبِي فُلَانٍ (زَوْجُهَا) فَحَجَّ هُوَ وَابْنُهُ عَلَى أَحَدِهِمَا وَكَانَ الآخَرُ يَسْقِي أَرْضًا لَنَا. قَالَ: فَعُمْرَةٌ فِي رَمَضَانَ تَقْضِي حَجَّةً، أَوْ حَجَّةً مَعِي. فَإِذَا جَاءَ رَمَضَانُ فَاعْتَمِرِي فَإِنَّ عُمْرَةً فِيهِ تَعْدِلُ حَجَّةً». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ إِلَى قَوْلِهِ: مَعِي، وَالنَّسَائِي بِتَمَامِهِ. «النَّاضِحُ» الْبَعِيرُ الَّذِي يُسْقَى عَلَيْهِ.
Ибн Аббастың (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.) ансарлық Үммү Синаннан: «Бізбен бірге қажылыққа баруыңа не кедергі болды?» – деп сұрады. Ол: «Әбу пәленшенің, яғни күйеуімнің, су тартатын екі түйесі бар еді. Күйеуім ұлымен бірге соның біріне мініп қажылыққа кетті. Екіншісімен егіндігімізді суарып отырмыз», – деді. Алла елшісі: «Рамазандағы умра бір қажылыққа, яки менімен бірге жасалған қажылыққа тең. Рамазан келгенде умра жаса. Бұл айдағы умраның сауабы қажылықпен теңеседі», – деді1.
Түсіндірме
1. Ибн Хажар Бұхаридің «Рамазандағы Умра» атты тармағында бұл хадисті әртүрлі қырынан алып қарап, Расулалланың (с.а.с.) өзімен бірге қажылыққа қатыспауын сұраған бір емес екі бөлек әйел болуы мүмкін деген. Олардың бірі Үммі Мағқил әл-Әсдия, енді бірі Үммі Синан әл-Ансария. Бұлардың әңгімелері де хадистерде әртүрлі келген. Тіпті кейбір риуаяттарда Үммі Синан емес, Үммі Суләйм есімі де аталған.
2. Күйеуінің есімі бұл мәтінде ашық айтылмайды. Кейбір риуаятта ол Әбу Синан деп аталады. Бұдан әйелдің ұлы Синан болғаны аңғарылады.
3. Ибн Хузайма екі істі бір-біріне теңеудің олардың кейбір қырына ғана қатысты болатынын осы хадиспен түсіндіреді. Умра парыз немесе нәзір етілген қажылықтың орнын өтемейді. Ибн Баттал хадистегі сөзді нәпіл қажылыққа қатысты деп түсінген. Оның айтуынша, умра парыз қажылықтың орнын өтемейді дегенге үмбет бірауыздан келіскен. Ибн әл-Мунаййир бұл түсіндіруді сынға алған. Оның ойынша, әйел баруды қалаған қажылық – Қоштасу қажылығы. Ол мұны Исламда парыз ретінде орындалған алғашқы қажылық деп білген. Әбу Бәкір басқарған алдыңғы қажылықты алдын ала ескерту деп есептеп, әйелдің одан бұрын парыз қажылықты өтеуі мүмкін емес деген.
Ибн Хажар Ибн әл-Мунаййирдің пікірі көпшілікке ортақ болмағанын айтады. Әйелдің Әбу Бәкір (р.а.) басқарған қажылыққа қатысып, парызын өтеуі де мүмкін. Ибн әл-Мунаййир қажылық һижреттің оныншы жылы парыз болды2 деген көзқарасты ұстанып, осы тұжырымын қорғау үшін алдыңғы пікірге сүйенген. Ибн Хажардың түйіні бойынша, Рамазандағы умра қажылыққа сауабы жағынан тең. Умраның парыз қажылықты өтемейтініне ғалымдар бірауыздан келіскен. Тирмизи келтірген нұсқада Исхақ ибн Рахауайһ мұны «Ықылас» сүресінің Құранның үштен біріне теңелуімен салыстырған.
Ибн әл-Араби бұл риуаятты сахих деп атап, Рамазандағы умраның сауабы Алланың кеңшілігімен қажылықтың сауабына теңескенін айтқан. Ибн әл-Жәузидің түсіндіруінше, ізгі амалдың сауабын ықылас пен шынайы ниет арттыратыны секілді, амал жасалған мезгілдің шарапаты да арттырады.