عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ: نَرَى الْجِهَادَ أَفْضَلَ الْأَعْمَالِ أَفَلَا نُجَاهِدُ؟ قَالَ: لَا لَكِنَّ أَفْضَلَ الْجِهَادِ وَأَجْمَلَهُ حَجٌّ مَبْرُورٌ ثُمَّ لُزُومُ الْحَضَرِ. قَالَتْ: فَلَا أَدَعُ الْحَجَّ بَعْدَ إِذْ سَمِعْتُ هَذَا». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالنَّسَائِيُّ، وَلَيْسَ قَوْلُهُ «ثُمَّ لُزُومُ الْحَضَرِ» فِي رِوَايَتَيْهِمَا.
Айша (р.а.) былай дейді: «Мен: “Уа, Алланың елшісі, жиһадты амалдардың ең абзалы деп білеміз. Біз де жиһад етпейміз бе?” – дедім. Ол: “Жоқ. Жиһадтың ең абзалы әрі ең көркемі – мәбрур қажылық. Содан соң өз мекенінде қалу”, – деді». Айша: «Осыны естіген соң қажылықты тастамадым», – дейді. «Содан соң өз мекенінде қалу» деген сөз Бұхари мен Нәсәидегі нұсқаларда келмеген1.
Түсіндірме
1. Нәсәидің риуаятында Айша (р.а.): «Уа, Алланың елшісі, біз де сізбен бірге жиһадқа шықпаймыз ба? Құранда жиһадтан абзал амал көрмедім», – деп сұрайды. Алла елшісі (с.а.с.): «Жоқ. Жиһадтың ең абзалы әрі ең көркемі – Қағбаға қажылық ету, мәбрур қажылық», – деп жауап береді.
2. Қажылықта кездесетін ауыртпалықты сабырмен еңсеру – нәпсімен күрестің бір түрі. Хадисте қажылықтың жиһадқа теңелуі осыған байланысты. Кей риуаяттарда нәпсімен күрес жиһадтың абзал түрі деп аталады.
3. «Жиһадтың ең абзалы» деген сөздің әйелге айтылғанын ескерген жөн. «Содан соң өз мекенінде қалу» деген сөз де осы тұрғыдан түсіндіріледі. Хадистегі «хадар» сөзі қала, кент, ауыл секілді тұрақты қонысты білдіреді. Контексте оны «содан соң үйіңде қалу» деп те түсінуге болады. Бұл сөз Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайларына қарата айтылған ﴿وَقَرْنَ فِي بُيُوتِكُنَّ﴾ «Байсалдылық сақтап, үйлеріңде отырыңдар...»2 деген аятты еске салады.
4. Мәбрур қажылық – әдебі сақталып, күнә араласпай атқарылған қажылық. Оны «мақбул қажылық», яғни қабыл болған қажылық деп те түсіндірген. Осы екі түсінік өзара сабақтас: кемшіліксіз, күнә араласпай орындалған қажылық мәбрур әрі мақбул саналады.
5. Ғалымдар Алла елшісінің (с.а.с.) әйелдер үшін қажылықты сауабы мол жиһад деп атауына назар аударған. Ибн Мәжада Айша (р.а.): «Уа, Алланың елшісі, әйелдерге жиһад бар ма?» – деп сұрағанда, ол: «Иә, олар үшін соғыссыз жиһад бар. Ол – қажылық пен умра», – деп жауап берген. Ибн Батталдың айтуынша, Айшаны Жәмал оқиғасына қатысқаны үшін кінәлағандар «Үйлеріңде отырыңдар» деген аятқа сүйенген. Ибн Баттал қажылықты «жиһадтың абзалы» деп атаған хадисті әйелдерге өзге жағдайда үйінен шығуға да мүмкіндік бар деген пікірге дәлел еткен.
Осы түсіндіру бойынша, әйелдердің үйде отыруы жайындағы аят барлық жағдайда сыртқа шығуға тыйым салмайды.