Хадис

Сәлем

Муатта, 40-кітап · 8 хадис · № 1–8

1-бапСәлемдесу тәртібі

1
Муатта, 40-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Әсләмнен риуаят етілген: Алла елшісі (с.а.с.): «Көліктегі адам жаяу адамға сәлем береді. Бір топтың ішінен бір кісі сәлем берсе, қалғандарына да сол жеткілікті», – деген.1

  1. 1Риуаятшылардың бірауызды пікірі бойынша, бұл – мүрсәл риуаят. Сәлем беру – сүннет, ал сәлем алу – парыз. Сәлем берудің сүннет екені Алла елшісінің (с.а.с.) түрлі хадистерімен бекітілген. Ал сәлем алудың парыздығына мына аят дәлел: «Сендерге сәлем берілгенде, сендер одан да жақсы сәлем беріңдер немесе жоқ дегенде дәл солай сәлем қайтарыңдар» («Ниса» сүресі, 4:86). Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Кіші үлкенге, көліктегі адам жаяуға, жаяу отырғанға, аз топ көп топқа сәлем береді», – деген. Бәжи, «әл-Мунтақа», 7-том, 279-бет.
2
Муатта, 40-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Мұхаммед ибн Амр ибн Ата былай баяндайды: «Абдуллаһ ибн Аббастың (р.а.) жанында отырған едім. Оған Йеменнен бір адам келіп: “Әссәләму аләйкум уә рахмәтуллаһи уә бәракәтуһ”, – деп сәлем берді де, оған тағы біраз сөз қосты. Сол кезде көзі көрмейтін Ибн Аббас: “Бұл кім?” – деп сұрады. Қасындағылар: “Бұл – саған келген йемендік кісі”, – деп таныстырды. Сонда Ибн Аббас: “Сәлем берекет тілеумен аяқталады”, – деді».1

Яхия былай дейді: «Имам Мәликтен: “Әйелге сәлем беріле ме?” – деп сұралғанда, ол: “Жасы үлкен әйелдерге сәлем берудің әбестігін көрмеймін. Ал жас әйелдерге сәлем беруді құптамаймын”, – деп жауап берді».2

  1. 1Яғни сәлем «уә бәракәтуһ» сөзімен аяқталады. Оған басқа сөз қосудың қажеті жоқ.
  2. 2Шәйбани, № 914.

2-бапЯһудилер мен христиандарға сәлем беру

3
Муатта, 40-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан (р.а.) риуаят етілген: Алла елшісі (с.а.с.): «Яһудилердің бірі сендерге сәлем бергенде: “Әс-саму аләйкум”, яғни “Сендерге өлім келсін”, – дейді. Сендер оған: “Аләйкә”, яғни “Саған да”, – деп жауап беріңдер», – деген.1

Яхия былай дейді: «Имам Мәликтен: “Яһудиге немесе христианға сәлем берген адам кейін сол сәлемін кері қайтарып ала ма?” – деп сұралғанда, ол: “Жоқ”, – деп жауап берді».2

  1. 1Бұхари, Истиғзан, 79/22; Мүслим, Сәләм, 39/4, № 8.
  2. 2Шәйбани, № 911. Сәлемді кері қайтарып алудың пайдасы да, мәні де жоқ. Егер сәлем беруі жақсы іс болса, одан қайтудың қажеті жоқ. Ал жаман іс болса, оның өтемі яһудидің қолында емес. Өйткені сәлем – яһудидің емес, Алла Тағаланың хақы. Бәжи, «әл-Мунтақа», 7-том, 282-бет.

3-бапСәлем туралы әртүрлі риуаяттар

4
Муатта, 40-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Әбу Уақид әл-Ләйсиден (р.а.) риуаят етілген: Алла елшісі (с.а.с.) мешітте сахабаларымен бірге отырғанда, үш кісі келді. Екеуі Алла елшісіне (с.а.с.) қарай беттеді, ал біреуі кетіп қалды. Әлгі екеуі мәжіліске келіп тоқтап, сәлем берді. Бірі алқа құрып отырғандардың арасынан бос орын көріп, сонда отырды. Екіншісі жұрттың артына жайғасты. Үшіншісі болса, кері бұрылып кетіп қалды. Алла елшісі (с.а.с.) сөзін аяқтаған соң: «Сендерге мына үш кісінің жағдайын айтайын. Бірі Аллаға сиынды, яғни мәжіліске кірді. Алла да оны Өз қамқорлығына алды. Екіншісі тартынды, яғни өзгелерге ауырлық салғысы келмеді. Алла да оны азаптаудан тартынып, кешірді. Үшіншісі Алла елшісінің (с.а.с.) мәжілісінен жүз бұрды. Алла да оған қаһарланып, одан жүз бұрды», – деді.1

  1. 1Бұхари, Ілім, 3/8; Мүслим, Сәләм, 39/10, № 26.
5
Муатта, 40-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Әнәс ибн Мәлик (р.а.) былай дейді: «Омар ибн Хаттабтың (р.а.) сөзін тыңдап отырдым. Бір адам оған сәлем берді, ол сәлемін алды. Содан кейін әлгі адамнан: “Халің қалай?” – деп сұрады. Ол: “Аллаға шүкір”, – деп жауап берді. Сонда Омар (р.а.): “Сенен естігім келгені де осы еді”, – деді».1

  1. 1Жақсылық пен нығметті беретін Алла болғандықтан, Оған үнемі мадақ айту керектігін ұқтырғысы келген.
6
Муатта, 40-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Исхақ ибн Абдуллаһ ибн Әбу Талхадан риуаят етілген: Үбәй ибн Кағбтың ұлы Туфәйл оған Абдуллаһ ибн Омарға (р.а.) барып, екеуі бірге базарға шыққанын айтып, былай баяндайды: «Базарға барғанымызда, Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) алдынан шыққан сатушыларға, саудагерлерге, кедейлерге, қысқасы, кездескен адамның бәріне міндетті түрде сәлем беретін. Бір күні тағы да Абдуллаһ ибн Омарға (р.а.) бардым. Ол өзімен бірге базарға шығуымды қалады. Мен: “Базарда не істемексің? Сатушылардың қасына аялдамайсың, тауар сұрамайсың, ештеңе сатып алмайсың, базардағы мәжілістерге де отырмайсың. Одан да осында бізбен бірге отырып, әңгімелесейік”, – дедім. Сонда ол маған: “Ей, қарынды!”1 – деп тіл қатты». Туфәйл қарны үлкен кісі еді. Ибн Омар: «Біз сәлем беру үшін барамыз, кездескен адамдарымызға сәлем береміз», – деді.

  1. 1Мақсатын түсінбегені үшін оны зекіп осылай атаған болуы мүмкін. Немесе осы лақап атымен танылғандықтан, оған солай тіл қатқан.
7
Муатта, 40-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағидтен риуаят етілген: Бір адам Абдуллаһ ибн Омарға (р.а.): «Әссәләму аләйкә уә рахмәтуллаһи уә бәракәтуһу уәл-ғадияту уәр-раихат», яғни «Саған Алланың сәлемі, рақымы мен берекеті және таңертең-кеш келіп-кететіндердің сәлемі болсын», – деп сәлем берді. Мұндағы келіп-кететіндер – адам баласының амалдарын жазу үшін келетін періштелер. Абдуллаһ ибн Омар (р.а.): «Саған да мың рет сәлем болсын», – деп жауап берді. Алайда мұндай сәлемді жақтырмағандай болды.1

  1. 1Яғни сенің сәлеміңдей мың сәлем саған да болсын деген. Ол сәлемді «уә бәракәтуһ» сөзімен аяқтамай, оған басқа сөздер қосқанды мәкруһ санап, жақтырмаған.
8
Муатта, 40-кітап, № 8
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен риуаятта: «Ішінде ешкімі жоқ үйге кіргенде: “Әссәләму аләйнә уә алә ибадиллаһис-салихин”, яғни “Алланың сәлемі бізге және Алланың ізгі құлдарына болсын”, – делінеді», – деп айтылған.1

  1. 1Ішінде сәлем беретін ешкімі жоқ үйге кіргенде, адам өзіне және Алланың ізгі құлдарына сәлем береді. Алла Тағала: «Үйлерге кіргендеріңде бір-біріңе Алланың атынан құт-береке мен игілік тілеп сәлем беріңдер», – дейді («Нұр» сүресі, 24:61).