عَنْ عُبَيْدِ اللَّهِ بْنِ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عُتْبَةَ، أَنَّ ابْنَ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا كَانَ يُحَدِّثُ أَنَّ رَجُلًا أَتَى النَّبِيَّ ﷺ فَقَالَ: «يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنِّي أَرَى اللَّيْلَةَ فِي الْمَنَامِ ظُلَّةً تَنْطِفُ السَّمْنَ وَالْعَسَلَ، فَأَرَى النَّاسَ يَتَكَفَّفُونَ مِنْهَا بِأَيْدِيهِمْ، فَالْمُسْتَكْثِرُ وَالْمُسْتَقِلُّ، وَأَرَى سَبَبًا وَاصِلًا مِنَ السَّمَاءِ إِلَى الْأَرْضِ، فَأَرَاكَ أَخَذْتَ بِهِ فَعَلَوْتَ، ثُمَّ أَخَذَ بِهِ رَجُلٌ مِنْ بَعْدِكَ فَعَلَا، ثُمَّ أَخَذَ بِهِ رَجُلٌ آخَرُ فَعَلَا، ثُمَّ أَخَذَ بِهِ رَجُلٌ آخَرُ فَانْقَطَعَ بِهِ، ثُمَّ وُصِلَ لَهُ فَعَلَا». قَالَ أَبُو بَكْرٍ: «يَا رَسُولَ اللَّهِ، بِأَبِي أَنْتَ، وَاللَّهِ لَتَدَعَنِّي فَلَأَعْبُرَنَّهَا». قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «اُعْبُرْهَا». قَالَ أَبُو بَكْرٍ: «أَمَّا الظُّلَّةُ فَظُلَّةُ الْإِسْلَامِ، وَأَمَّا الَّذِي يَنْطِفُ مِنَ السَّمْنِ وَالْعَسَلِ فَالْقُرْآنُ حَلَاوَتُهُ وَلِينُهُ، وَأَمَّا مَا يَتَكَفَّفُ النَّاسُ مِنْ ذَلِكَ فَالْمُسْتَكْثِرُ مِنَ الْقُرْآنِ وَالْمُسْتَقِلُّ، وَأَمَّا السَّبَبُ الْوَاصِلُ مِنَ السَّمَاءِ إِلَى الْأَرْضِ فَالْحَقُّ الَّذِي أَنْتَ عَلَيْهِ، تَأْخُذُ بِهِ فَيُعْلِيكَ اللَّهُ بِهِ، ثُمَّ يَأْخُذُ بِهِ رَجُلٌ مِنْ بَعْدِكَ فَيَعْلُو بِهِ، ثُمَّ يَأْخُذُ بِهِ رَجُلٌ آخَرُ فَيَعْلُو بِهِ، ثُمَّ يَأْخُذُ بِهِ رَجُلٌ آخَرُ فَيَنْقَطِعُ بِهِ، ثُمَّ يُوصَلُ لَهُ فَيَعْلُو بِهِ، فَأَخْبِرْنِي يَا رَسُولَ اللَّهِ، بِأَبِي أَنْتَ وَأُمِّي، أَصَبْتُ أَمْ أَخْطَأْتُ؟» قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «أَصَبْتَ بَعْضًا وَأَخْطَأْتَ بَعْضًا». قَالَ: «فَوَاللَّهِ، يَا رَسُولَ اللَّهِ، لَتُحَدِّثَنِّي مَا الَّذِي أَخْطَأْتُ». قَالَ: «لَا تُقْسِمْ».
Убайдулла ибн Абдулла ибн Утбаның жеткізуінше, Ибн Аббас (р.а.) мына оқиғаны баяндайтын: бір кісі Алла Елшісіне (с.а.с.) келіп: «Уа, Расулалла! Бүгін түнде түсімде сары май мен бал тамшылап тұрған бір бұлтты көрдім. Адамдардың одан қолдарымен көсіп алып жатқанын көрдім: бірі көбірек, енді бірі азырақ алды. Сондай-ақ көктен жерге дейін созылған бір арқанды көрдім. Сіздің одан ұстап, жоғары көтерілгеніңізді, содан кейін сізден соң бір кісінің ұстап, жоғары көтерілгенін, одан кейін тағы бір кісінің ұстап, жоғары көтерілгенін көрдім. Одан кейін тағы бір кісі одан ұстағанда, арқан үзіліп кетті. Содан соң арқан қайта жалғанып, әлгі кісінің жоғары көтерілгенін көрдім», – деді. Әбу Бәкір: «Уа, Расулалла! Әкем сізге құрбан болсын! Алламен ант етемін, маған рұқсат етіңіз, мен мұны міндетті түрде жорып берейін», – деді. Алла Елшісі (с.а.с.): «Жорып көр», – деді. Әбу Бәкір: «Бұлтқа келсек, ол – Исламның саясы. Ал одан тамшылап тұрған сары май мен бал – Құранның тәттілігі мен жұмсақтығы. Адамдардың одан қолдарымен көсіп алғаны – Құраннан көбірек немесе азырақ үлес алуы. Ал көктен жерге дейін созылған арқан – сіз ұстанған ақиқат. Сіз одан ұстайсыз да, Алла сол арқылы сізді жоғары көтереді. Содан кейін сізден соң бір кісі одан ұстап, сол арқылы жоғары көтеріледі. Одан кейін тағы бір кісі одан ұстап, сол арқылы жоғары көтеріледі. Одан кейін тағы бір кісі одан ұстайды да, арқан үзіліп кетеді. Содан соң ол қайта жалғанып, әлгі кісі сол арқылы жоғары көтеріледі. Уа, Расулалла! Әкем де, шешем де сізге құрбан болсын! Айтыңызшы, мен дұрыс жорыдым ба, әлде қателестім бе?» – деді. Алла Елшісі (с.а.с.): «Кейбірін дұрыс жорыдың, кейбірінде қателестің», – деді. Ол: «Алламен ант етемін, уа, Расулалла! Қай тұста қателескенімді маған міндетті түрде айтасыз», – деді. Сонда ол (с.а.с.): «Ант етпе», – деді (2269/17).