Қазақша аудармасы
Ияс ибн Сәләмә әкесі Сәләмә ибн әл-Акуағтың (р.а.) былай дегенін жеткізді: «Біз Алла Елшісімен (с.а.с.) бірге Хұдайбияға келдік. Біз мың төрт жүз адам едік. Құдықтың басында елу қой бар еді, бірақ оның суы солардың өзін де қандыра алмайтын. Алла Елшісі (с.а.с.) құдықтың ернеуіне отырды да, не дұға жасады, не құдыққа түкірді. Сонда құдықтың суы бұрқылдап көтерілді. Біз малдарымызды суарып, өзімізге де су алдық. Содан кейін Алла Елшісі (с.а.с.) бізді ағаштың түбінде серт беруге шақырды. Мен оған жұрттың алды болып серт бердім. Содан соң адамдар бірінен кейін бірі серт бере бастады. Серт беру кезегі жұрттың орта тұсына жеткенде, ол: “Уа, Сәләмә, серт бер!” – деді. Мен: “Уа, Расулалла! Мен сізге жұрттың ең басында-ақ серт бергенмін”, – дедім. Ол: “Тағы да серт бер”, – деді. Алла Елшісі (с.а.с.) менің қарусыз екенімді көріп, маған былғары қалқан – немесе дөңгелек қалқан – берді. Жұрт түгелге жуық серт беріп, кезек соңғы адамдарға жеткенде, ол: “Уа, Сәләмә, маған серт бермейсің бе?” – деді. Мен: “Уа, Расулалла! Мен сізге жұрттың басында да, ортасында да серт бердім”, – дедім. Ол: “Тағы да серт бер”, – деді. Сөйтіп, оған үшінші рет серт бердім. Содан кейін ол маған: “Уа, Сәләмә, саған берген қалқаным қайда?” – деді. Мен: “Уа, Расулалла! Көкем Амир маған қарусыз күйде жолықты. Сондықтан қалқанды соған бердім”, – дедім. Алла Елшісі (с.а.с.) күліп: “Сен бұрынғылардың бірінің: ‘Уа, Алла! Маған өзімнен де сүйіктірек бір жанды нәсіп ет!’ – дегені секілді екенсің”, – деді. Содан кейін мүшріктер бізге бітім жасауды ұсынып, хабарласа бастады. Ақыры бір-біріміздің арамызда еркін жүріп, өзара бітімге келдік. Ол кезде мен Талха ибн Убайдулланың қарамағында қызмет ететінмін: атын суарып, тарап күтетінмін, өзіне қызмет көрсетіп, тамағынан жейтінмін. Алла Тағалаға және Оның Елшісіне (с.а.с.) һижрет ету үшін отбасым мен мал-мүлкімді тастап шыққан едім. Біз Мекке халқымен бітімге келіп, бір-бірімізбен араласа бастаған кезде, мен бір ағаштың жанына барып, түбіндегі тікендерді тазарттым да, жатып демалдым. Сол кезде Мекке мүшріктерінен төрт адам келіп, Алла Елшісі (с.а.с.) жайында жаман сөздер айта бастады. Оларды жек көргендіктен, басқа ағаштың түбіне ауыстым. Олар қаруларын іліп қойып, жата кетті. Олар осылай жатқанда, аңғардың төменгі жағынан бір жаршы: “Уа, мұһажирлер! Ибн Зунайм өлтірілді!” – деп айқайлады. Мен қылышымды суырып алып, ұйықтап жатқан әлгі төртеуіне тұтқиылдан бас салдым. Қаруларын жинап, бір бума етіп қолыма алдым. Содан кейін: “Мұхаммедтің (с.а.с.) жүзін ардақтаған Алланың атымен ант етемін! Біреуің басын көтерсе, сол басын шауып түсіремін!” – дедім. Сөйтіп, оларды алдыма салып, Алла Елшісіне (с.а.с.) айдап әкелдім. Көкем Амир де сауыт жабылған атқа мініп, әл-Абалат руынан шыққан Микриз есімді кісіні жетпіс мүшрікпен бірге Алла Елшісіне (с.а.с.) айдап әкелді. Алла Елшісі (с.а.с.) оларға қарап: “Оларды қоя беріңдер. Қиянатты алғаш бастаған да, оны қайталаған да солар болсын”, – деді. Алла Елшісі (с.а.с.) оларды кешірді. Сонда Ұлы әрі Құдіретті Алла мына аятты түсірді: “Мекке алқабында сендерді мүшріктерден үстем етіп жеңіске жеткізген соң, олардың қолын сендерден, сендердің қолдарыңды олардан тыйған да бір Өзі! Алла сендердің не істеп жүргендеріңнің бәрін көріп тұрушы” («Фатх», 24). Содан кейін Мәдинаға қайту үшін жолға шықтық. Бір жерге келіп аялдадық. Біз бен мүшрік Бәну Лихян тайпасының арасында бір тау бар еді. Алла Елшісі (с.а.с.) сол түні өзіне және сахабаларына қарауыл болу үшін осы тауға көтерілген адамға Алладан жарылқау тіледі». Сәләмә: «Сол түні мен әлгі тауға екі не үш рет көтерілдім», – деді.
Сәләмә әңгімесін жалғастырып, былай деді: «Содан кейін Мәдинаға келдік. Алла Елшісі (с.а.с.) мініс малдарын өзінің қызметшісі Рабахпен бірге жайылымға жіберді. Мен де Рабахпен бірге барып, Талханың атын да сол малмен бірге алып шығып, кезек суарып, жайып жүрдім. Таң атқанда Абдуррахман әл-Фәзаридің Алла Елшісінің (с.а.с.) жайылымдағы малдарына шабуыл жасап, бәрін айдап әкетіп, бақташысын өлтіргенін көрдік. Мен: “Уа, Рабах! Мына атты ал да, Талха ибн Убайдуллаға жеткіз. Алла Елшісіне (с.а.с.) мүшріктердің оның жайылымдағы малдарына шабуыл жасағанын хабарла!” – дедім. Содан кейін бір төбешіктің басына шығып, Мәдинаға бет бұрып: “Аттан! Жау шапты!” – деп үш рет айқайладым. Артынша олардың ізіне түсіп, садақпен ата бастадым әрі: “Мен – әл-Акуағтың ұлымын, бүгін – оңбағандардың сазайын тартар күні!” – деп рәжәз жырын айттым. Олардың бірін қуып жетіп, ер-тоқымына жебе қададым. Жебенің ұшы оның иығына дейін жетті. Сонда мен: “Мынаны ал! Мен – әл-Акуағтың ұлымын, бүгін – оңбағандардың сазайын тартар күні!” – дедім».
Сәләмә сөзін жалғастырды: «Алламен ант етемін, мен оларға оқ жаудырып, аттарын жаралай бердім. Салт аттыларының бірі маған қарай бұрыла қалса, бір ағашқа жетіп барып, түбіне отыра кететінмін де, оған оқ атып, атын жаралайтынмын. Тау жолы тарылып, олар тар шатқалға кірген кезде, мен тауға көтеріліп, үстеріне тас домалата бастадым. Осылайша олардың соңынан қалмай қуып отырдым. Ақыры Алла Елшісінің (с.а.с.) табынынан айдап әкетілген түйелердің бірде-бірін қалдырмай, бәрін артымда қалдырдым. Олар менің түйелерге жетуіме бөгет жасауды қойды. Соған қарамастан, соңдарынан қуып, оқ жаудыруымды жалғастыра бердім. Жеңілдеу үшін олар отыздан астам шапан мен отыз найзаны тастап кетті. Олар тастаған әрбір заттың үстіне Алла Елшісі (с.а.с.) мен сахабалары танып алсын деп, тастан белгі үйіп отырдым. Ақыры олар тау асуының тар жеріне жетті. Сол кезде оларға пәленше ибн Бәдр әл-Фәзари келді. Олар сәске асын ішуге отырды. Мен тау сілемінің ұшар басына жайғастым. Әл-Фәзари: “Анау көрініп тұрған не?” – деп сұрады. Олар: “Мына адамнан көрмеген қорлығымыз қалмады. Алламен ант етеміз, ол таңғы қараңғылықтан бері бізден бір елі ажырамай, оқ жаудырып, қолымыздағының бәрін тартып алды”, – деді. Ол: “Араларыңнан төрт адам оған қарсы барсын”, – деді. Сонда олардың төртеуі тауға көтеріліп, мен тұрған жерге қарай бет алды. Олармен сөйлесуге болатындай жақындаған кезде: “Мені танисыңдар ма?” – деп сұрадым. Олар: “Жоқ, сен кімсің?” – деді. Мен: “Мен – Сәләмә ибн әл-Акуағпын. Мұхаммедтің (с.а.с.) жүзін ардақтаған Алламен ант етемін, араларыңнан кімді қусам да, қуып жетемін, ал араларыңнан ешкім мені қуып жете алмайды”, – дедім. Олардың бірі: “Мен де солай деп ойлаймын”, – деді. Содан кейін олар кері қайтты. Алла Елшісінің (с.а.с.) салт аттылары ағаштардың арасынан көрінгенге дейін орнымнан қозғалған жоқпын. Олардың ең алдында әл-Ахрам әл-Асади, оның соңынан Әбу Қатада әл-Ансари, ал одан кейін Миқдад ибн әл-Асуад әл-Кинди (р.а.) келе жатты. Мен әл-Ахрам мінген аттың тізгінінен ұстап қалдым. Жаулар теріс айналып, қаша жөнелді. Мен: “Уа, Ахрам! Алла Елшісі (с.а.с.) мен сахабалары жеткенше, олардан сақтан. Сені қоршап алып, серіктеріңнен бөліп тастамасын”, – дедім. Ол: “Уа, Сәләмә! Егер Аллаға және Ақырет күніне иман келтірсең, Жәннаттың да, Тозақтың да хақ екенін білсең, мені шейіттіктен бөгеме”, – деді. Мен оны қоя бердім. Ол Абдуррахманмен бетпе-бет келіп, оның атын жаралады. Ал Абдуррахман оны найзамен түйреп өлтірді де, оның атына мініп алды. Сол кезде Алла Елшісінің (с.а.с.) атты жауынгері Әбу Қатада Абдуррахманды қуып жетіп, найзамен түйреп өлтірді. Мұхаммедтің (с.а.с.) жүзін ардақтаған Алламен ант етемін, мен олардың соңынан жаяу жүгіре бердім. Ақыры артымда Мұхаммедтің (с.а.с.) сахабалары да, олар көтерген шаң да көрінбей қалды. Күн батуға таяғанда, олар суы бар Зу Қарад деп аталатын бір сайға қарай бұрылды. Олар қатты шөлдегендіктен, сол жерден су ішпек болды. Олар менің арттарынан жүгіріп келе жатқанымды көрді. Мен оларды судан қуып, оған жолатпадым. Сөйтіп, олар судың бір тамшысын да тата алмады. Олар одан әрі қашып, бір асуға қарай өрлей жөнелді. Мен де соңдарынан жүгіріп, олардың бірін қуып жеттім де, жауырынының жоғарғы тұсына оқты дәл тигізіп: “Мынаны ал! Мен – әл-Акуағтың ұлымын! Бүгін – оңбағандардың сазайын тартар күні!” – дедім. Ол: “Анасы одан айырылғыр! Бұл таңертеңгі әл-Акуағтың өзі ме?” – деді. Мен: “Иә, ей, өзіне-өзі жау болған неме! Бұл – таңертеңгі әл-Акуағың!” – дедім. Олар асуда қалжыраған екі атты тастап кетті. Мен сол екі атты айдап, Алла Елшісіне (с.а.с.) алып келдім. Жолда Амир мені қуып жетті. Оның бір жалпақ торсығында су қосылған сүт, екіншісінде су бар еді. Мен дәрет алып, сусыннан іштім. Содан кейін өзім жауларды жолатпаған су басында тұрған Алла Елшісіне (с.а.с.) келдім. Қарасам, Алла Елшісі (с.а.с.) әлгі түйелерді, мүшріктерден қайтарып алған заттарымның бәрін, барлық найза мен шапанды қолға түсіріпті. Біләл жаудан қайтарылған түйелердің бірін сойып, Алла Елшісіне (с.а.с.) оның бауыры мен өркешін отқа қақтап жатыр екен. Мен: “Уа, Расулалла! Маған рұқсат беріңіз, адамдардың арасынан жүз кісіні таңдап алып, әлгі қауымның соңынан қуайын. Олардың арасынан хабар жеткізер бірде-бір жан қалдырмаймын”, – дедім. Сонда Алла Елшісі (с.а.с.) күн жарығында азу тістері көрінгенше күлді де: “Уа, Сәләмә! Шынымен солай істей аламын деп ойлайсың ба?” – деп сұрады. Мен: “Иә, сізді ардақтаған Алламен ант етемін”, – дедім. Ол: “Олар дәл қазір Ғатафан жерінде қонақасы ішіп отыр”, – деді. Осы кезде Ғатафаннан бір адам келіп: “Пәленше олар үшін бір түйе сойды. Олар оның терісін сыпырып жатқанда, алыстан көтерілген шаңды көрді. Сонда: ‘Қуғыншылар келіп қалды!’ – десті де, қаша жөнелді”, – деді. Таң атқанда Алла Елшісі (с.а.с.): “Бүгін біздің ең үздік салт атты жауынгеріміз – Әбу Қатада, ал ең үздік жаяу жауынгеріміз – Сәләмә болды”, – деді. Содан кейін Алла Елшісі (с.а.с.) маған екі үлес: атты жауынгердің үлесі мен жаяу жауынгердің үлесін беріп, екеуін де менің еншіме қосты. Кейін Мәдинаға қайтып келе жатқанымызда, Алла Елшісі (с.а.с.) мені әл-Адба атты түйесіне артына мінгестіріп алды. Жолда келе жатқанымызда, жүгіруден ешкімге дес бермейтін ансарлық бір адам: “Мәдинаға дейін менімен жарысатын біреу бар ма? Жарысатын кім бар?” – деп қайта-қайта айта бастады. Оның сөзін естігенде мен: “Ардақтыны құрметтемейсің бе, абыройлыдан именбейсің бе?” – дедім. Ол: “Жоқ, Алла Елшісі (с.а.с.) болса ғана именемін”, – деді. Мен: “Уа, Расулалла! Әке-шешем сізге пида болсын, рұқсат етіңіз, мына адаммен жарысайын”, – дедім. Ол (с.а.с.): “Қаласаң, жарыс”, – деді. Мен әлгі адамға: “Қане, жүр!” – дедім де, аяқтарымды бүгіп, түйеден қарғып түсіп, жүгіре жөнелдім. Демімді сақтау үшін бір не екі төбеден асқанша қарқынымды тежедім. Содан кейін оның соңынан жүгірдім. Тағы да бір не екі төбе бойы қарқынымды бәсеңдеттім. Содан соң бар күшіммен жүгіріп, оны қуып жеттім де, екі жауырынының ортасынан қағып: “Алланың атымен ант етемін, сен жеңілдің!” – дедім. Ол: “Мен де солай ойлаймын”, – деді. Сөйтіп, мен одан бұрын Мәдинаға жеттім. Алламен ант етемін, арада үш түн ғана өткенде Алла Елшісімен (с.а.с.) бірге Хайбарға аттандық. Сонда көкем Амир адамдарға рәжәз жырын айтып келе жатты: “Алламен ант етемін, Алла болмағанда тура жол таппас едік, садақа да бермес, намаз да оқымас едік. Біз Сенің кеңшілігіңе әрдайым мұқтажбыз. Жаумен кездескенде табанымызды бекем ете гөр, бізге тыныштық түсіре гөр!”».
Сонда Алла Елшісі (с.а.с.): «Бұл кім?» – деп сұрады. Ол: «Мен Амирмін», – деді. Ол (с.а.с.): «Раббың сені кешірсін!» – деді. Сәләмә: «Алла Елшісі (с.а.с.) бір адамды арнайы атап, оған кешірім тілесе, ол міндетті түрде шейіт болатын», – деді. Сол кезде түйесінің үстінде отырған Омар ибн әл-Хаттаб: «Уа, Алланың Пайғамбары! Амирмен бірге болуды бізге ұзағырақ нәсіп етсеңіз ғой!» – деп дауыстады.
Сәләмә сөзін жалғап, былай деді: «Хайбарға жеткенімізде, олардың патшасы Мәрхаб семсерін ойнатып шығып: “Хайбар біледі: мен – Мәрхабпын! Соғыс өрті лапылдағанда, қаруым сай, майданда сыналған қаһарманмын”, – деді. Оған көкем Амир қарсы шығып: “Хайбар біледі: мен – Амирмін, қаруым сай, қауіпке бас тіккен батырмын”, – деді. Екеуі бір-біріне семсер сілтеді. Мәрхабтың семсері көкем Амирдің қалқанына тиді. Амир оны төменнен шаппақ болғанда, өзінің семсері кері серпіліп, қолының ірі көктамырын қиып кетті. Ол содан қаза тапты. Мен сыртқа шықсам, Пайғамбардың (с.а.с.) бірнеше сахабасы: “Амирдің амалы зая кетті, ол өзін-өзі өлтірді”, – деп тұр екен. Мен жылаған күйі Пайғамбарға (с.а.с.) келіп: “Уа, Расулалла! Амирдің амалы зая кетті ме?” – деп сұрадым. Алла Елшісі (с.а.с.): “Мұны кім айтты?” – деді. Мен: “Сахабаларыңыздың кейбірі”, – дедім. Ол (с.а.с.): “Мұны айтқан адам жалған айтты. Керісінше, оған екі есе сауап бар”, – деді. Содан кейін Алла Елшісі (с.а.с.) мені көзі қабынған Әлиге (р.а.) жіберді де: “Мен туды Алла мен Оның Елшісін жақсы көретін бір адамға міндетті түрде беремін”, – деді немесе: “Оны Алла мен Оның Елшісі жақсы көреді”, – деді. Мен Әлиге барып, көзі қабынғандықтан оны жетектеп, Алла Елшісіне (с.а.с.) алып келдім. Ол (с.а.с.) Әлидің екі көзіне түкіргенде, көзі жазылып кетті. Содан соң туды оған берді. Мәрхаб шығып: “Хайбар біледі: мен – Мәрхабпын! Соғыс өрті лапылдағанда, қаруым сай, майданда сыналған қаһарманмын”, – деді. Сонда Әли (р.а.): “Мен – анам Хайдара деп ат қойған ермін, түрім айбарлы, тоғай арыстанындаймын, оларға есесін мол өлшеммен қайтарамын”, – деді. Сөйтіп, ол Мәрхабтың басынан ұрып, өлтірді. Содан кейін жеңіс оның қолымен келді» (1807/132).