عَنْ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ: «بَعَثَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ بُسَيْسَةَ عَيْنًا يَنْظُرُ مَا صَنَعَتْ عِيرُ أَبِي سُفْيَانَ، فَجَاءَ وَمَا فِي الْبَيْتِ أَحَدٌ غَيْرِي وَغَيْرُ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ» (قَالَ: «لَا أَدْرِي مَا اِسْتَثْنَى بَعْضَ نِسَائِهِ») «قَالَ: فَحَدَّثَهُ الْحَدِيثَ، قَالَ: فَخَرَجَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فَتَكَلَّمَ، فَقَالَ: “إِنَّ لَنَا طَلِبَةً، فَمَنْ كَانَ ظَهْرُهُ حَاضِرًا فَلْيَرْكَبْ مَعَنَا”، فَجَعَلَ رِجَالٌ يَسْتَأْذِنُونَهُ فِي ظُهْرَانِهِمْ فِي عُلْوِ الْمَدِينَةِ، فَقَالَ: “لَا، إِلَّا مَنْ كَانَ ظَهْرُهُ حَاضِرًا”، فَانْطَلَقَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ وَأَصْحَابُهُ حَتَّى سَبَقُوا الْمُشْرِكِينَ إِلَى بَدْرٍ، وَجَاءَ الْمُشْرِكُونَ، فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: “لَا يَقْدَمَنَّ أَحَدٌ مِنْكُمْ إِلَى شَيْءٍ حَتَّى أَكُونَ أَنَا دُونَهُ”، فَدَنَا الْمُشْرِكُونَ، فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: “قُومُوا إِلَى جَنَّةٍ عَرْضُهَا السَّمَاوَاتُ وَالْأَرْضُ”. قَالَ: يَقُولُ عُمَيْرُ بْنُ الْحُمَامِ الْأَنْصَارِيُّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: “يَا رَسُولَ اللَّهِ، جَنَّةٌ عَرْضُهَا السَّمَاوَاتُ وَالْأَرْضُ؟” قَالَ: “نَعَمْ”. قَالَ: “بَخٍ بَخٍ”. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: “مَا يَحْمِلُكَ عَلَى قَوْلِكَ ‘بَخٍ بَخٍ’؟” قَالَ: “لَا وَاللَّهِ، يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِلَّا رَجَاءَةَ أَنْ أَكُونَ مِنْ أَهْلِهَا”. قَالَ: “فَإِنَّكَ مِنْ أَهْلِهَا”، فَأَخْرَجَ تَمَرَاتٍ مِنْ قَرَنِهِ، فَجَعَلَ يَأْكُلُ مِنْهُنَّ، ثُمَّ قَالَ: “لَئِنْ أَنَا حَيِيتُ حَتَّى آكُلَ تَمَرَاتِي هَذِهِ، إِنَّهَا لَحَيَاةٌ طَوِيلَةٌ”. قَالَ: فَرَمَى بِمَا كَانَ مَعَهُ مِنَ التَّمْرِ، ثُمَّ قَاتَلَهُمْ حَتَّى قُتِلَ».
Әнәс ибн Мәлик (р.а.) былай деді: «Алла Елшісі (с.а.с.) Әбу Суфиянның керуенінің жағдайын барлап келу үшін Бусәйсаны шолғыншы етіп жіберді. Ол қайтып келгенде, үйде Алла Елшісі (с.а.с.) екеумізден басқа ешкім жоқ еді». Риуаятшы: «Оның кейбір жұбайларын бұдан тыс қалдырған-қалдырмағанын білмеймін», – деді. Әнәс сөзін жалғастырып: «Бусәйса оған көрген-білгенін айтып берді. Содан кейін Алла Елшісі (с.а.с.) жұрт алдына шығып, сөз сөйледі де: “Біздің іздеп отырған керуеніміз бар. Кімнің мініс көлігі осында әзір тұрса, бізбен бірге аттансын”, – деді. Сонда кейбір адамдар Мәдинаның жоғары жағында тұрған мініс көліктерін әкелуге рұқсат сұрай бастады. Ол (с.а.с.): “Жоқ! Бізбен бірге мініс көлігі осында әзір тұрған адам ғана аттансын”, – деді. Алла Елшісі (с.а.с.) сахабаларымен бірге жолға шығып, мүшріктерден бұрын Бәдірге жетті. Кейін мүшріктер де келді. Сонда Алла Елшісі (с.а.с.): “Мен бастамайынша, ешқайсың ешбір іске кіріспесін”, – деді. Мүшріктер жақындаған кезде Алла Елшісі (с.а.с.): “Ені көктер мен жердей болған Жәннатқа ұмтылыңдар!” – деді. Сонда Умәйр ибн әл-Хумам әл-Ансари (р.а.): “Уа, Расулалла! Ені көктер мен жердей болған Жәннат па?” – деп сұрады. Ол (с.а.с.): “Иә”, – деді. Умәйр: “Паһ, паһ!” – деді. Алла Елшісі (с.а.с.) одан: “Сені ‘Паһ, паһ!’ деуге не итермеледі?” – деп сұрады. Ол: “Алламен ант етемін, уа, Расулалла! Бұған мені Жәннат иелерінің қатарынан болсам деген үміт қана итермеледі”, – деді. Ол (с.а.с.): “Расында, сен Жәннат иелерінің бірісің”, – деді. Сонда Умәйр қорамсағынан бірнеше құрма шығарып, жей бастады. Содан кейін: “Егер мына құрмаларымды жеп біткенше өмір сүрсем, бұл тым ұзақ ғұмыр болар еді”, – деді де, қолындағы құрмаларын лақтырып жіберді. Содан соң өлтірілгенге дейін мүшріктермен шайқасты» (1901/145).