Хадис
كِتَابُ الْقَضَاءِ وَالشَّهَادَاتِ

Сот үкімдері және куәлік беру кітабы

Сахих Мүслим, 29-кітап · 9 хадис · № 1051–1059

Мазмұны: 9 бап
  1. 1Сырттай белгілі болған мән-жайға қарап үкім шығару және өз уәжін шебер жеткізу туралы
  2. 2Қасарысқан даукес адам туралы
  3. 3Жауапкердің антына сүйеніп үкім шығару туралы
  4. 4Ант пен бір куәнің куәлігіне сүйеніп үкім шығару туралы
  5. 5Қазы ашулы кезінде үкім шығармасын
  6. 6Қазының үкім шығарарда дәлелдерді мұқият саралап, дұрыс шешімге келуі не қателесуі туралы
  7. 7Дербес үкім шығаруға құзыретті ғалымдардың (мүжтәһидтердің) үкімге қатысты пікір айырмашылықтары туралы
  8. 8Қазының дауласушы тараптарды татуластыруы туралы
  9. 9Куәлардың ең абзалы туралы
بَابٌ: الْحُكْمُ بِالظَّاهِرِ وَاللَّحْنُ بِالْحُجَّةِ

1-бапСырттай белгілі болған мән-жайға қарап үкім шығару және өз уәжін шебер жеткізу туралы

1051
Мүслим, № 1051Риуаят етуші: Үммі Сәләма

عَنْ أُمِّ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا زَوْجِ النَّبِيِّ ﷺ، أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ سَمِعَ جَلَبَةَ خَصْمٍ بِبَابِ حُجْرَتِهِ، فَخَرَجَ إِلَيْهِمْ، فَقَالَ: «إِنَّمَا أَنَا بَشَرٌ، وَإِنَّهُ يَأْتِينِي الْخَصْمُ، فَلَعَلَّ بَعْضَهُمْ أَنْ يَكُونَ أَبْلَغَ مِنْ بَعْضٍ، فَأَحْسِبُ أَنَّهُ صَادِقٌ، فَأَقْضِي لَهُ، فَمَنْ قَضَيْتُ لَهُ بِحَقِّ مُسْلِمٍ فَإِنَّمَا هِيَ قِطْعَةٌ مِنَ النَّارِ، فَلْيَحْمِلْهَا أَوْ يَذَرْهَا».

Қазақша аудармасы

Пайғамбардың (с.а.с.) жұбайы Үммі Сәләмә (р.а.) былай деп жеткізді: «Алла Елшісі (с.а.с.) бөлмесінің есігі алдында дауласушылардың дабырын естіп, олардың алдына шықты да: “Мен де бар болғаны адаммын. Маған дауласушы тараптар келеді. Олардың бірінің сөз саптауы екіншісінікінен шебер болуы мүмкін. Сонда мен оны шын айтып тұр деп ойлап, оның пайдасына үкім шығаруым ықтимал. Кімнің пайдасына үкім шығарып, оған басқа бір мұсылманның ақысын алып берсем, оған бергенім – Тозақ отының бір кесегі ғана. Ендеше, оны алсын немесе қалдырсын”, – деді» (1713/5).

بَابٌ: فِي الْأَلَدِّ الْخَصِمِ

2-бапҚасарысқан даукес адам туралы

1052
Мүслим, № 1052Риуаят етуші: Айша

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا، قَالَتْ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «إِنَّ أَبْغَضَ الرِّجَالِ إِلَى اللَّهِ الْأَلَدُّ الْخَصِمُ».

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізді: «Адамдардың ішінде Аллаға ең жеккөрініштісі – қасарысқан даукес» (2668/5).

بَابٌ: الْقَضَاءُ بِالْيَمِينِ عَلَى الْمُدَّعَى عَلَيْهِ

3-бапЖауапкердің антына сүйеніп үкім шығару туралы

1053
Мүслим, № 1053Риуаят етуші: Ибн Аббас

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ قَالَ: «لَوْ يُعْطَى النَّاسُ بِدَعْوَاهُمْ، لَادَّعَى نَاسٌ دِمَاءَ رِجَالٍ وَأَمْوَالَهُمْ، وَلَكِنَّ الْيَمِينَ عَلَى الْمُدَّعَى عَلَيْهِ».

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) Пайғамбардың (с.а.с.): «Егер адамдарға талап еткен нәрселері тек өз сөздеріне сүйеніп беріле берсе, кейбіреулер өзге адамдардың қаны мен мал-мүлкін талап етер еді. Алайда ант беру жауапкерге жүктеледі», – дегенін жеткізді (1711/1).

بَابٌ: الْقَضَاءُ بِالْيَمِينِ وَالشَّاهِدِ

4-бапАнт пен бір куәнің куәлігіне сүйеніп үкім шығару туралы

1054
Мүслим, № 1054Риуаят етуші: Ибн Аббас

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَضَى بِيَمِينٍ وَشَاهِدٍ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.): «Алла Елшісі (с.а.с.) ант пен бір куәнің куәлігіне сүйеніп үкім шығарды», – деген (1712/3).

بَابٌ: لَا يَقْضِي الْقَاضِي وَهُوَ غَضْبَانُ

5-бапҚазы ашулы кезінде үкім шығармасын

1055
Мүслим, № 1055

عَنْ عَبْدِ الرَّحْمَنِ بْنِ أَبِي بَكْرَةَ، قَالَ: «كَتَبَ أَبِي (وَكَتَبْتُ لَهُ) إِلَى عَبْدِ اللَّهِ بْنِ أَبِي بَكْرَةَ وَهُوَ قَاضٍ بِسِجِسْتَانَ: “أَنْ لَا تَحْكُمَ بَيْنَ اثْنَيْنِ وَأَنْتَ غَضْبَانُ، فَإِنِّي سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: ‘لَا يَحْكُمْ أَحَدٌ بَيْنَ اثْنَيْنِ وَهُوَ غَضْبَانُ’”».

Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Әбу Бәкра былай деді: «Әкем Сижистанда қазы болған Абдулла ибн Әбу Бәкраға хат жазды. Сол хатты оның атынан мен жазып бердім. Онда: “Ашулы күйіңде екі адамның арасында үкім шығарма. Өйткені мен Алла Елшісінің (с.а.с.): ‘Ешкім ашулы күйінде екі адамның арасында үкім шығармасын’, – дегенін естідім”, – деп жазылған еді» (1717/16).

بَابٌ: إِذَا حَكَمَ الْحَاكِمُ فَاجْتَهَدَ فَأَصَابَ أَوْ أَخْطَأَ

6-бапҚазының үкім шығарарда дәлелдерді мұқият саралап, дұрыс шешімге келуі не қателесуі туралы

1056
Мүслим, № 1056Риуаят етуші: Амр ибн әл-Ас

عَنْ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، أَنَّهُ سَمِعَ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: «إِذَا حَكَمَ الْحَاكِمُ فَاجْتَهَدَ ثُمَّ أَصَابَ، فَلَهُ أَجْرَانِ، وَإِذَا حَكَمَ فَاجْتَهَدَ ثُمَّ أَخْطَأَ، فَلَهُ أَجْرٌ».

Қазақша аудармасы

Амр ибн әл-Ас (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.): «Қазы үкім шығарарда ижтиһад жасап, дұрыс шешімге келсе, екі сауап алады. Ал ижтиһад жасап, қателессе, бір сауап алады», – дегенін естіген (1716/15).

بَابٌ: اِخْتِلَافُ الْمُجْتَهِدِينَ فِي الْحُكْمِ

7-бапДербес үкім шығаруға құзыретті ғалымдардың (мүжтәһидтердің) үкімге қатысты пікір айырмашылықтары туралы

1057
Мүслим, № 1057Риуаят етуші: Әбу Һурайра

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ ﷺ قَالَ: «بَيْنَمَا امْرَأَتَانِ مَعَهُمَا ابْنَاهُمَا، جَاءَ الذِّئْبُ، فَذَهَبَ بِابْنِ إِحْدَاهُمَا، فَقَالَتْ هَذِهِ لِصَاحِبَتِهَا: “إِنَّمَا ذَهَبَ بِابْنِكِ أَنْتِ”. وَقَالَتِ الْأُخْرَى: “إِنَّمَا ذَهَبَ بِابْنِكِ”، فَتَحَاكَمَتَا إِلَى دَاوُدَ، فَقَضَى بِهِ لِلْكُبْرَى، فَخَرَجَتَا عَلَى سُلَيْمَانَ بْنِ دَاوُدَ عَلَيْهِمَا السَّلَامُ، فَأَخْبَرَتَاهُ، فَقَالَ: “اِئْتُونِي بِالسِّكِّينِ أَشُقُّهُ بَيْنَكُمَا”. فَقَالَتِ الصُّغْرَى: “لَا، يَرْحَمُكَ اللَّهُ! هُوَ ابْنُهَا”، فَقَضَى بِهِ لِلصُّغْرَى». قَالَ: قَالَ أَبُو هُرَيْرَةَ: «وَاللَّهِ إِنْ سَمِعْتُ بِالسِّكِّينِ قَطُّ إِلَّا يَوْمَئِذٍ، مَا كُنَّا نَقُولُ إِلَّا الْمُدْيَةَ».

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Пайғамбардың (с.а.с.) былай дегенін жеткізді: «Екі әйел әрқайсысы өз ұлымен бірге отырған кезде, қасқыр келіп, біреуінің баласын алып кетті. Сонда олардың бірі екіншісіне: “Қасқыр сенің балаңды алып кетті”, – деді. Екіншісі де: “Қасқыр сенің балаңды алып кетті”, – деді. Сөйтіп, екеуі Дәуітке төрелік сұрап барды. Дәуіт баланы жасы үлкен әйелге беруге үкім шығарды. Кейін екеуі Дәуіттің ұлы Сүлейменге (екеуіне де сәлем болсын) барып, болған жайды айтып берді. Сонда Сүлеймен: “Маған пышақ әкеліңдер, баланы екеуіңе қақ бөліп берейін”, – деді. Сол кезде жасы кіші әйел: “Жоқ, Алла сізге рақым етсін! Ол – соның баласы”, – деді. Сонда Сүлеймен баланы жасы кіші әйелге беруге үкім шығарды». Әбу Һурайра (р.а.): «Алламен ант етемін, “сиккин” деген сөзді сол күнге дейін мүлде естімеген едім. Біз пышақты тек “мудия” деп атайтынбыз», – деді (1720/20).

بَابٌ: الْحَاكِمُ يُصْلِحُ بَيْنَ الْخُصُومِ

8-бапҚазының дауласушы тараптарды татуластыруы туралы

1058
Мүслим, № 1058Риуаят етуші: Әбу Һурайра

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «اِشْتَرَى رَجُلٌ مِنْ رَجُلٍ عَقَارًا لَهُ، فَوَجَدَ الرَّجُلُ الَّذِي اِشْتَرَى الْعَقَارَ فِي عَقَارِهِ جَرَّةً فِيهَا ذَهَبٌ، فَقَالَ لَهُ الَّذِي اِشْتَرَى الْعَقَارَ: “خُذْ ذَهَبَكَ مِنِّي، إِنَّمَا اشْتَرَيْتُ مِنْكَ الْأَرْضَ، وَلَمْ أَبْتَعْ مِنْكَ الذَّهَبَ”. فَقَالَ الَّذِي شَرَى الْأَرْضَ: “إِنَّمَا بِعْتُكَ الْأَرْضَ وَمَا فِيهَا”. قَالَ: فَتَحَاكَمَا إِلَى رَجُلٍ، فَقَالَ الَّذِي تَحَاكَمَا إِلَيْهِ: “أَلَكُمَا وَلَدٌ؟” فَقَالَ أَحَدُهُمَا: “لِي غُلَامٌ”. وَقَالَ الْآخَرُ: “لِي جَارِيَةٌ”. قَالَ: “أَنْكِحُوا الْغُلَامَ الْجَارِيَةَ، وَأَنْفِقُوا عَلَى أَنْفُسِكُمَا مِنْهُ وَتَصَدَّقَا”».

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізді: «Бір адам өзге біреуден соған тиесілі жер телімін сатып алды. Сатып алған жерінен іші алтынға толы бір құмыра тауып алды. Сонда ол жерді сатқан адамға: “Алтыныңды алып кет. Мен сенен жерді ғана сатып алдым, алтынды сатып алған жоқпын”, – деді. Ал жерді сатқан адам: “Мен саған жерді де, оның ішіндегінің бәрін де саттым”, – деді. Сөйтіп, екеуі дауларын шештірмек болып, бір адамға жүгінді. Олар төрелік сұрап барған адам екеуінен: “Балаларың бар ма?” – деп сұрады. Бірі: “Менің ұлым бар”, – десе, екіншісі: “Менің қызым бар”, – деді. Сонда ол: “Ұлды қызға үйлендіріңдер. Осы алтыннан өздеріңе жұмсаңдар әрі садақа беріңдер”, – деді» (1721/21).

بَابٌ: خَيْرُ الشُّهَدَاءِ

9-бапКуәлардың ең абзалы туралы

1059
Мүслим, № 1059Риуаят етуші: Зәйд ибн Халид әл-Жуһани

عَنْ زَيْدِ بْنِ خَالِدٍ الْجُهَنِيِّ، أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ قَالَ: «أَلَا أُخْبِرُكُمْ بِخَيْرِ الشُّهَدَاءِ؟ الَّذِي يَأْتِي بِشَهَادَتِهِ قَبْلَ أَنْ يُسْأَلَهَا».

Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Халид әл-Жуһани (р.а.) Пайғамбардың (с.а.с.): «Сендерге куәгерлердің ең жақсысы кім екенін айтайын ба? Ол – куәлік етуі сұралмай тұрып, өзі келіп куәлік беретін адам», – дегенін жеткізді (1719/19).