Хадис

Кутуб ситтә, № 787

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
97. «Фатх» сүресі
Нөмірі
№ 787 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
787
Кутуб ситтә, № 787 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَزَلَ عَلَى النَّبِيِّ ﷺ: إِنَّا فَتَحْنَا لَكَ فَتْحًا مُبِينًا لِيَغْفِرَ لَكَ اللَّهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِكَ وَمَا تَأَخَّرَ. مَرْجِعَهُ مِنَ الْحُدَيْبِيَّةِ. فَالْفَتْحُ الْمُبِينُ هُوَ فَتْحُ الْحُدَيْبِيَّةِ. فَقَالُوا: هَنِيئًا لَكَ مَرِيئًا يَا رَسُولَ اللَّهِ، لَقَدْ بَيَّنَ اللَّهُ تَعَالَى لَكَ مَاذَا يَفْعَلُ بِكَ، فَمَاذَا يَفْعَلُ بِنَا؟ فَنَزَلَتْ: لِيُدْخِلَ الْمُؤْمِنِينَ وَالْمُؤْمِنَاتِ جَنَّاتٍ تَجْرِي مِنْ تَحْتِهَا الْأَنْهَارُ الْآيَة». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Уа, Мұхаммед! Шүбәсіз, Біз саған (көптеген жеңістердің басы болған) ап-айқын жеңіс нәсіп еттік. Міне, осылайша, Алла сенің өткен һәм келешек күнәларыңды кешіреді»1 деген аяттар Худайбиядан қайтар жолда Алла елшісіне (с.а.с.) түсті. Аяттағы «ап-айқын жеңіс» – Худайбия жеңісі.

Аят түскен соң: «Уа, Алла елшісі, қуанышыңыз құтты болсын! Алла Сізге не істейтінін білдірді. Ал бізге не істейді?» – делінді. Осыған байланысты ﴿لِّيُدْخِلَ ٱلْمُؤْمِنِينَ وَٱلْمُؤْمِنَٰتِ جَنَّٰتٍ تَجْرِى مِن تَحْتِهَا ٱلْأَنْهَٰرُ خَٰلِدِينَ فِيهَا وَيُكَفِّرَ عَنْهُمْ سَيِّـَٔاتِهِمْ وَكَانَ ذَٰلِكَ عِندَ ٱللَّهِ فَوْزًا عَظِيمًا﴾ «Мүмін ерлер мен мүмін әйелдерді ішінде мәңгі-бақи мекендейтін, түбінен өзендер ағып жататын жаннат бақшаларына кіргізу әрі олардың күнә-қателіктерін кешу үшін (мүміндердің жүрегін орнықтырды). Міне, бұл – Алланың құзырындағы орасан зор жетістік еді!»2 деген аят түсті».3

Түсіндірме

Риуаят «Фатх» сүресінің бас жағындағы аяттардың түскен уақытын көрсетеді және сүреде айтылған «ап-айқын жеңіс» сөзімен аталмыш тарихи оқиғаны түсіндіруде. Айта кететін жайт, риуаяттағы «Худайбия жеңісі» деген бір жағынан дұрыс, бір жағынан қате пікір. Қате, өйткені «жеңіс» сөзі көбіне соғыстағы жеңіс үшін қолданылады. Алайда Худайбияда соғыс болған жоқ, бейбіт келісім жасалды. Сонда да бұл сөз дұрыс, өйткені Исламның бұдан кейінгі жеңістерін осы бейбіт келісім қамтамасыз еткен. Тіпті ол сондай келісім: осы сапарға қатысқан бүкіл сахабалар келісім шарттарын өздерінің абырой-беделіне соққы ретінде көріп, бірауыздан қарсы шыққан. Тек әзірет Әбу Бәкір (р.а.) ғана үнсіз қалған, нәтижесін уайымдамаған. Ал басқа сахабалар, оның ішінде, әзірет Омар (р.а.) мүлдем риза болған жоқ. Тіпті бас көтеруге дайын тұрды. Сонда әзірет Омар мен Расулалла арасында мынадай диалог болады:

– Уа, Алла елшісі, біз ақиқат жолдамыз, ал олар адасушы емес пе?

– Дәл солай!

– Біздің өлілеріміз жаннаттық, олардікі тозақтық емес пе?

– Дәл солай!

– Олай болса, неліктен олардың дінімізді кемсітуіне жол беруіміз керек? Алла біз бен олардың арасындағы (соғыспен шешілетін) үкімін бермей тұрып ұмра жасамастан кері қайтамыз ба?

– Уа, Хаттабұлы, мен Алла елшісімін (және Оның әміріне қарсы емеспін) әрі Алла да бізді ешқашан тәрк етпейді.

Әзірет Омар осыдан кейін Әбу Бәкірдің қасына барып Алла елшісіне айтқандарын оған да қайталайды. Әзірет Әбу Бәкір: «Оның әміріне бойсұн. Себебі куәлік етемін: ол – Алла елшісі һәм Алла оны ешқашан тәрк етпейді» деп жауап береді.

Артынша аталмыш «Фатх» сүресі түседі. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сүрені бастан-аяқ әзірет Омарға оқып береді. Әзірет Омар (р.а.): «Яғни бұл жеңіс пе?!» – деп әлі де болса өзінің ренішін баса алмай, уайымын тілге тиек етеді.

Әзірет Омар сол кездегі әрекетіне кейін өкініп, өтеуі ретінде бір жыл ораза ұстап, құлдарды азат етеді. Кейінірек Әзірет Омар, әзірет Әбу Бәкір және басқа сахабалар Худайбия келісімі «Исламның ең үлкен жеңісі» болғанын бір ауыздан айтқан.

Сахабаларды ренжіткен мәселе – келісімшарттағы «ұмра жасау ниетімен Мәдинадан шыға тұра сол жылы ұмра жасамастан кері қайту» бабы мен «мұсылман болып, Мәдинаны паналаған меккеліктерді Меккеге қайтару» бабы еді.

  1. 1«Фатх» сүресі, 1-2-аяттар
  2. 2«Фатх» сүресі, 5-аят
  3. 3Бұхари, «Мағази», 35, «Тәпсір», «Фатх», 1. Мүслим, «Жиһад», 97 (№1786). Тирмизи, «Тәпсір», «Фатх» (№3262, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде №3259).