Хадис

«Фатх» сүресі

Кутуб ситтә, 3-том, 97-тарау · 3 хадис · № 787–789

Хадистер

787
Кутуб ситтә, № 787 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَزَلَ عَلَى النَّبِيِّ ﷺ: إِنَّا فَتَحْنَا لَكَ فَتْحًا مُبِينًا لِيَغْفِرَ لَكَ اللَّهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِكَ وَمَا تَأَخَّرَ. مَرْجِعَهُ مِنَ الْحُدَيْبِيَّةِ. فَالْفَتْحُ الْمُبِينُ هُوَ فَتْحُ الْحُدَيْبِيَّةِ. فَقَالُوا: هَنِيئًا لَكَ مَرِيئًا يَا رَسُولَ اللَّهِ، لَقَدْ بَيَّنَ اللَّهُ تَعَالَى لَكَ مَاذَا يَفْعَلُ بِكَ، فَمَاذَا يَفْعَلُ بِنَا؟ فَنَزَلَتْ: لِيُدْخِلَ الْمُؤْمِنِينَ وَالْمُؤْمِنَاتِ جَنَّاتٍ تَجْرِي مِنْ تَحْتِهَا الْأَنْهَارُ الْآيَة». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Уа, Мұхаммед! Шүбәсіз, Біз саған (көптеген жеңістердің басы болған) ап-айқын жеңіс нәсіп еттік. Міне, осылайша, Алла сенің өткен һәм келешек күнәларыңды кешіреді»1 деген аяттар Худайбиядан қайтар жолда Алла елшісіне (с.а.с.) түсті. Аяттағы «ап-айқын жеңіс» – Худайбия жеңісі.

Аят түскен соң: «Уа, Алла елшісі, қуанышыңыз құтты болсын! Алла Сізге не істейтінін білдірді. Ал бізге не істейді?» – делінді. Осыған байланысты ﴿لِّيُدْخِلَ ٱلْمُؤْمِنِينَ وَٱلْمُؤْمِنَٰتِ جَنَّٰتٍ تَجْرِى مِن تَحْتِهَا ٱلْأَنْهَٰرُ خَٰلِدِينَ فِيهَا وَيُكَفِّرَ عَنْهُمْ سَيِّـَٔاتِهِمْ وَكَانَ ذَٰلِكَ عِندَ ٱللَّهِ فَوْزًا عَظِيمًا﴾ «Мүмін ерлер мен мүмін әйелдерді ішінде мәңгі-бақи мекендейтін, түбінен өзендер ағып жататын жаннат бақшаларына кіргізу әрі олардың күнә-қателіктерін кешу үшін (мүміндердің жүрегін орнықтырды). Міне, бұл – Алланың құзырындағы орасан зор жетістік еді!»2 деген аят түсті».3

Түсіндірме

Риуаят «Фатх» сүресінің бас жағындағы аяттардың түскен уақытын көрсетеді және сүреде айтылған «ап-айқын жеңіс» сөзімен аталмыш тарихи оқиғаны түсіндіруде. Айта кететін жайт, риуаяттағы «Худайбия жеңісі» деген бір жағынан дұрыс, бір жағынан қате пікір. Қате, өйткені «жеңіс» сөзі көбіне соғыстағы жеңіс үшін қолданылады. Алайда Худайбияда соғыс болған жоқ, бейбіт келісім жасалды. Сонда да бұл сөз дұрыс, өйткені Исламның бұдан кейінгі жеңістерін осы бейбіт келісім қамтамасыз еткен. Тіпті ол сондай келісім: осы сапарға қатысқан бүкіл сахабалар келісім шарттарын өздерінің абырой-беделіне соққы ретінде көріп, бірауыздан қарсы шыққан. Тек әзірет Әбу Бәкір (р.а.) ғана үнсіз қалған, нәтижесін уайымдамаған. Ал басқа сахабалар, оның ішінде, әзірет Омар (р.а.) мүлдем риза болған жоқ. Тіпті бас көтеруге дайын тұрды. Сонда әзірет Омар мен Расулалла арасында мынадай диалог болады:

– Уа, Алла елшісі, біз ақиқат жолдамыз, ал олар адасушы емес пе?

– Дәл солай!

– Біздің өлілеріміз жаннаттық, олардікі тозақтық емес пе?

– Дәл солай!

– Олай болса, неліктен олардың дінімізді кемсітуіне жол беруіміз керек? Алла біз бен олардың арасындағы (соғыспен шешілетін) үкімін бермей тұрып ұмра жасамастан кері қайтамыз ба?

– Уа, Хаттабұлы, мен Алла елшісімін (және Оның әміріне қарсы емеспін) әрі Алла да бізді ешқашан тәрк етпейді.

Әзірет Омар осыдан кейін Әбу Бәкірдің қасына барып Алла елшісіне айтқандарын оған да қайталайды. Әзірет Әбу Бәкір: «Оның әміріне бойсұн. Себебі куәлік етемін: ол – Алла елшісі һәм Алла оны ешқашан тәрк етпейді» деп жауап береді.

Артынша аталмыш «Фатх» сүресі түседі. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сүрені бастан-аяқ әзірет Омарға оқып береді. Әзірет Омар (р.а.): «Яғни бұл жеңіс пе?!» – деп әлі де болса өзінің ренішін баса алмай, уайымын тілге тиек етеді.

Әзірет Омар сол кездегі әрекетіне кейін өкініп, өтеуі ретінде бір жыл ораза ұстап, құлдарды азат етеді. Кейінірек Әзірет Омар, әзірет Әбу Бәкір және басқа сахабалар Худайбия келісімі «Исламның ең үлкен жеңісі» болғанын бір ауыздан айтқан.

Сахабаларды ренжіткен мәселе – келісімшарттағы «ұмра жасау ниетімен Мәдинадан шыға тұра сол жылы ұмра жасамастан кері қайту» бабы мен «мұсылман болып, Мәдинаны паналаған меккеліктерді Меккеге қайтару» бабы еді.

  1. 1«Фатх» сүресі, 1-2-аяттар
  2. 2«Фатх» сүресі, 5-аят
  3. 3Бұхари, «Мағази», 35, «Тәпсір», «Фатх», 1. Мүслим, «Жиһад», 97 (№1786). Тирмизи, «Тәпсір», «Фатх» (№3262, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде №3259).
788
Кутуб ситтә, № 788 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّ ثَمَانِينَ رَجُلًا نَزَلُوا عَلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ مِنْ جَبَلِ التَّنْعِيمِ عِنْدَ صَلَاةِ الصُّبْحِ يُرِيدُونَ قَتْلَهُ. فَأُخِذُوا، فَأَعْتَقَهُمْ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فَنَزَلَتْ وَهُوَ الَّذِي كَفَّ أَيْدِيَهُمْ عَنْكُمْ وَأَيْدِيَكُمْ عَنْهُمْ بِبَطْنِ مَكَّةَ مِنْ بَعْدِ أَنْ أَظْفَرَكُمْ عَلَيْهِمْ الْآيَة». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Таң намазы кезінде Тәнғим тауынан түскен сексен кісі Алла елшісіне (с.а.с.) шабуыл жасамақ болды. Ниеттері оны өлтіру еді. Олар қолға түсті. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оларды босатып жіберді. Осыған байланысты ﴿وَهُوَ ٱلَّذِى كَفَّ أَيْدِيَهُمْ عَنكُمْ وَأَيْدِيَكُمْ عَنْهُم بِبَطْنِ مَكَّةَ مِنۢ بَعْدِ أَنْ أَظْفَرَكُمْ عَلَيْهِمْ وَكَانَ ٱللَّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ بَصِيرًا﴾ “Мекке алқабында сендерді мүшріктерден үстем етіп жеңіске жеткізген соң, олардың қолын сендерден, сендердің қолдарыңды олардан тыйған да бір Өзі! Алла сендердің не істеп жүргендеріңнің бәрін көріп тұрушы”1 деген аят түсірілді».2

Түсіндірме

Жоғарыда берілген аяттың түсу себебіне қатысты түрлі риуаяттар бар. Әнәстен жеткен жоғарыдағы риуаят – солардың біреуі. Ахмад ибн Ханбалдың риуаятындағы осы басып кіру оқиғасы Худайбия күні болғаны айтылады. Ибн Исхақтың бір риуаятында Расулалланың (с.а.с.) сахабаларынан бір адамды алып қашу үшін Құрайыш жіберген 40 немесе 50 кісілік бір топтың қолға түсуі және кейінірек еркіндікке жіберілуіне байланысты осы аят түскен. Сондай-ақ Меккенің соғыссыз жеңісіне байланысты түскендігі жайлы риуаят та бар.

  1. 1«Фатх» сүресі, 24-аят
  2. 2Мүслим, «Жиһад», 133 (№1808). Тирмизи, «Тәпсір», «Фатх» (№3264, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде №3260). Әбу Дәуіт, «Жиһад», 130 (№2688).
789
Кутуб ситтә, № 789 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Убәй ибн Кәғб

وَعَنْ أُبَيِّ بْنِ كَعْبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «عَنِ النَّبِيِّ ﷺ فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: وَأَلْزَمَهُمْ كَلِمَةَ التَّقْوَى. قَالَ النَّبِيُّ ﷺ: لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Убәй ибн Кәғб (р.а.) «Алла пайғамбарына һәм мүміндерге жан-дүниелерін тыныштыққа бөлеп, жүректерін орнықтырған рақымын төкті. Сондай-ақ тақуа сөзін (яғни, жүректеріндегі иман мен мойынсұнушылық сезімін) олардың ажырамас досы қылды»1 аятындағы «тақуалық сөзі» لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ, яғни «Алладан басқа тәңір жоқ» деген сөз екенін Алла елшісінен (с.а.с.) естігенін айтты.2

Түсіндірме

Аятта берілген «тақуа» сөзі нені білдіреді? Бұған ғалымдар әртүрлі жауап берген. Көпшілігі оның «лә илаһа иллаллаһ» сөзі екенін айтқан. Кейбіреулері бұған «Мухаммәдун Расулуллаһ»-ты қосқан. Ал кейбіреулері «уахдаһу лә шәрикә ләһу» сөзін қосқан.

Зуһри «тақуа» сөзінің «бисмиллаһир-рахманир-рахим» екенін айтты. Ол дәлел ретінде Худайбия келісімі кезінде мүшріктердің келісім мәтініне осы сөзбен бастауға қарсы шыққанын көрсетеді. Риуаяттарда айтылғандай, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) олармен келісіп, жаһилияттың «бисмилласы» болған «бисмикаллаһуммә» сөзін жазуға келіскен.

Сахих көзқарас – жоғарыдағы ең бірінші айтылғаны. Себебі тәухид (лә илаһа иллаллаһ) сөзімен Аллаға ортақ қосудан құтылады, әрі «тақуа» сөзінің «лә илаһа иллаллаһ» сөзі екенін растайтын жоғарыдағы марфуғ риуаят та бар.

  1. 1«Фатх» сүресі, 26-аят
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Фатх» (№3265, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде №3261).