Хадис

Кутуб ситтә, № 786

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
96. «Ахқаф» сүресі
Нөмірі
№ 786 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
786
Кутуб ситтә, № 786 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ عَلْقَمَةَ قَالَ: «قُلْتُ لِابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: هَلْ صَحِبَ النَّبِيَّ ﷺ مِنْكُمْ أَحَدٌ لَيْلَةَ الْجِنِّ؟ قَالَ: مَا صَحِبَهُ أَحَدٌ مِنَّا وَلَكِنَّا كُنَّا مَعَهُ ذَاتَ لَيْلَةٍ فَقَدْنَاهُ فَالْتَمَسْنَاهُ فِي الْأَوْدِيَةِ وَالشِّعَابِ. فَقُلْنَا اسْتُطِيرَ أَوِ اغْتِيلَ؟ فَبِتْنَا بِشَرِّ لَيْلَةٍ بَاتَ بِهَا قَوْمٌ. فَلَمَّا أَصْبَحْنَا فَإِذَا هُوَ جَاءَ مِنْ قِبَلِ حِرَاءَ؛ فَقُلْنَا: يَا رَسُولَ اللَّهِ فَقَدْنَاكَ فَطَلَبْنَاكَ فَلَمْ نَجِدْكَ فَبِتْنَا بِشَرِّ لَيْلَةٍ بَاتَ بِهَا قَوْمٌ. فَقَالَ: أَتَانِي دَاعِي الْجِنِّ فَذَهَبْتُ مَعَهُ فَقَرَأْتُ عَلَيْهِمُ الْقُرْآنَ. قَالَ: فَانْطَلَقَ بِنَا فَأَرَانَا آثَارَهُمْ وَآثَارَ نِيرَانِهِمْ؛ وَسَأَلُوهُ الزَّادَ. فَقَالَ: لَكُمْ كُلُّ عَظْمٍ ذُكِرَ اسْمُ اللَّهِ تَعَالَى عَلَيْهِ يَقَعُ فِي أَيْدِيكُمْ أَوْفَرَ مَا يَكُونُ لَحْمًا وَكُلُّ بَعْرَةٍ أَوْ رَوْثَةٍ عَلَفٌ لِدَوَابِّكُمْ. فَقَالَ ﷺ: فَلَا تَسْتَنْجُوا بِهِمَا فَإِنَّهُمَا طَعَامُ إِخْوَانِكُمْ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Алқама былай дейді: «Ибн Мәсғудқа (р.а.): “Жындар келген түні араларыңнан біреу Алла елшісінің (с.а.с.) қасында болды ма?” – деп сұрадым. “Жоқ, бізден ешкім оған серік болмады. Алайда бір күні түнде пайғамбарымызбен бірге едік. Бір уақытта оны жоғалтып алдық. Оны аңғарлар мен сайлардан іздедік. Таппаған соң: ‘Ұшырып әкетті ме, әлде қастандықпен өлтірді ме?’ – дедік. Осылайша естен кетпестей ең жаман түнімізді өткіздік. Таң атқанда, қарасақ, Хира жақтан келе жатыр екен.

‘Уа, Алла елшісі, біз сені жоғалттық, әбден іздеп, таба алмадық. Сөйтіп, естен кетпестей ең жаман түнімізді өткіздік’, – дедік.

‘Маған жындардың елшісі келді. Бірге кеттік. Оларға Құран кәрімді оқыдым’, – деді. Кейін бізді ертіп апарып, жындардың іздерін, оттарының қалдықтарын көрсетті. Жындар одан жейтін азықтарын сұраған. Ол: ‘Алланың аты аталған әр сүйек қолдарыңа етке толы күйде түседі. Малдың әрбір қиы – малдарыңның жемі’, – деді. Сосын Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бізге былайша ескертті: ‘ дәрет сындырғаннан кейін мына екі нәрсемен (сүйек пен хайуанның құрғақ қиымен) истинжа жасамаңдар, өйткені олар – (жын) бауырларыңның азығы’, – деді”».1

Түсіндірме

Бұл риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) жындармен байланыс құрғанын, оларға Құран кәрім оқығанын, олардың бірнеше сұрақтарына жауап беріп, оларға да насихат еткенін баяндайды.

Хадис «жын оқиғасы» болған түнде ибн Мәсғудтың (р.а.) Алла елшісімен (с.а.с.) бірге болмағанын көрсетеді. Әбу Дәуіт пен басқа кейбір жинақтарда ибн Мәсғудтың «жын оқиғасы» болған түнде бірге болғанын растаған риуаят осы риуаятпен жоққа шығарылған. Себебі осы риуаят сахих, ал ол хадис әлсіз.

Дарақұтнидің айтуына қарағанда, осындағы ибн Мәсғуд хадисі «Бізге жындардың және оттарының іздерін көрсетті» сөйлемімен аяқталады. Қалған бөлігі – ибн Шағбидің түсіндірмесі. Хадисті Шағбиден риуаят еткен барлық рауилер оны «Шағбидің сөзі» деп риуаят еткен. Алайда ғайыпқа қатысты осы түсіндірмені Шағбидікі дей алмаймыз. Ол бұны Расулалладан (с.а.с.) жеткен риуаяттардан естіген болуы мүмкін. Хадистің осы бөлігі ибн Мәсғудтің риуаятында жоқ.

Жындардың азығы жайлы сұрақтарына қарап, олардың өздеріне қатысты кейбір нәрселерді сұрағанын көруге болады. Расулалланың (с.а.с.) «Бисмилла айтылған сүйек» сөзінен түрлі пікірлер туындаған: «Бисмилла бауыздағанда айтыла ма әлде жегенде айтыла ма?» Алайда ғалымдар бисмилла айтылған сүйектің мүмін жындардың азығы екенін, бисмилла айтылмаған сүйектердің кәпір жындардың азығы екенін бір ауыздан айтады.

Бұл хадистің күнделікті өмірге қатысты тұсы – сүйек пен құрғақ қиды истинжада қолданбау керектігі. Ауылдық жерлерде тұратындар осыны білгені жөн.

Жындарға қатысты толығырақ мәлімет №846 хадисте берілген.

  1. 1Мүслим, «Салат», 150 (№450). Тирмизи, «Тәпсір», «Ахқаф» (№3258, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде №3254). Әбу Дәуіт, «Таһарат», 42 (№85).