عَنْ يُوسُفَ بْنِ مَاهِكٍ قَالَ: «كَانَ مَرْوَانُ عَلَى الْحِجَازِ اسْتَعْمَلَهُ مُعَاوِيَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَخَطَبَ فَجَعَلَ يَذْكُرُ يَزِيدَ بْنَ مُعَاوِيَةَ لِكَيْ يُبَايِعَ لَهُ بَعْدَ أَبِيهِ. فَقَالَ لَهُ عَبْدُ الرَّحْمَنِ بْنُ أَبِي بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا شَيْئًا. فَقَالَ خُذُوهُ: فَدَخَلَ بَيْتَ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا فَلَمْ يَقْدِرُوا عَلَيْهِ. فَقَالَ مَرْوَانُ: إِنَّ هَذَا الَّذِي أَنْزَلَ اللَّهُ فِيهِ: وَالَّذِي قَالَ لِوَالِدَيْهِ أُفٍّ لَكُمَا أَتَعِدَانِنِي. فَقَالَتْ عَائِشَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا مِنْ وَرَاءِ الْحِجَابِ: مَا أَنْزَلَ اللَّهُ فِينَا شَيْئًا مِنَ الْقُرْآنِ إِلَّا مَا أَنْزَلَ فِي سُورَةِ النُّورِ مِنْ بَرَاءَتِي». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.
Юсуф ибн Маһик (р.а.) былай дейді: «Әзірет Муғауия (р.а.) Мәруанды Хижазға әкім етіп тағайындады. Ол әкім болып тұрған кезде құтба оқыды. Құтбада Язид ибн Муғауияның атын айта бастады. Ол Муғауиядан кейін Язидке билік сертін бергізбек болды. Абдуррахман ибн Әбу Бәкір оған бір нәрселер айтты. Мәруан: “Мынаны ұстаңдар!” – деп бұйырды. (Абдуррахман дереу қашып) әзірет Айшаның (р.а.) бөлмесіне кірді. Осылайша оны ұстай алмады. Сол кезде Мәруан: “Мына аят осы адам туралы түскен: ‘Сондай-ақ (адамдар арасында өзін имандылыққа шақырған) ата-анасына: ‘Түу, екеуіңнен (үгіт-насихаттарыңнан) әбден ығыр болдым. Сонда сендер мені өлгеннен кейін қайта тірілтіліп, көріңнен шығарыласың деп қорқытасыңдар ма?’ деген”, – деді.1
Сонда әзірет Айша (р.а.) перденің артынан Мәруанға былай жауап берді: “Алла біз туралы «Нұр» сүресінде менің жала сөзден ақталғанымды білдірген аяттардан өзге ештеңе түсірген жоқ”».2
Түсіндірме
Бұл риуаят әзірет Муғауия (р.а.) заманындағы саяси қарама-қайшылықтардан бір көріністі көрсетеді. Оқиға Мәруан Мәдинаның әкімі болып тұрған кезде, Пайғамбар мешітінің ішінде болған. Осы оқиға жайлы басқа риуаят түсініктірек берілген: «Әзірет Муғауия баласы Язидті өз орнына халифа етіп тағайындауды ойлап, өзінің қалауын (осыған көпшіліктің ойын дайындауы үшін) Мәруанға жазады. Мәруан хатты алған соң, халықты жинап, құтба оқыды. Құтбасында Язидтің атын атап, оған серт беруге шақырды. Осы мақсатта мыналарды айтты: «Алла Тағала әмирул-мүмінин Язидке қатысты ең жақсысын айтқан. (Осы сайлау түрі) әзірет Әбу Бәкір мен әзірет Омардың сүннетіне сәйкес, өйткені олар да өзінен кейінгі халифаны сайлаған еді».
Бұхаридің жоғарыдағы риуаятында Абдуррахман (р.а.) Мәруанға не айтқаны айтылмаған, «бір нәрселер айтты» делінген. Ибн Хажардың бір риуаяты бойынша, Абдуррахман (р.а.): «Сендердің жасап жатқандарың византиялықтардікі секілді (яғни халифалықты әкеден балаға өтетін патшалыққа айналдыру)», – дейді.
Мұхаммед ибн Зиядтан Шуғбаның риуаяты бойынша:
وَفِي رِوَايَةِ شُعْبَةَ عَنْ مُحَمَّدِ بْنِ زِيَادٍ: قَالَ مَرْوَانُ: «سُنَّةُ أَبِي بَكْرٍ وَعُمَرَ». فَقَالَ عَبْدُ الرَّحْمَنِ: «سُنَّةُ هِرَقْلَ وَقَيْصَرَ».
Шуғбаның Мұхаммед ибн Зиядтан жеткізген нұсқасында Мәруан: «Бұл – Әбу Бәкір мен Омардың жолы!» – деді. Сонда Абдуррахман: «Бұл – Ираклий мен Қайсардың жолы», – деді.
Басқа риуаятта: «Гераклді әкелдіңдер ме, ұлдарыңа серт бересіңдер ме?»
Басқа риуаятта: «Гераклді ме? Аллаға ант етейін, әзірет Әбу Бәкір халифалықты ұлына да, отбасының бір мүшесіне де қалдырмады. Муғауияның жасап отырғаны – ұлын жоғарылату».
Міне, Мәруан әзірет Абдуррахманның осындай батыл, ақиқатты айтқан сөзіне жауап бере алмай қалғанда, әрқашан ақиқатқа жеңілген басшылардың әдетіне басып, күш көрсетуді таңдайды, «ұстаңдар мынаны!» деп бұйырады. Әзірет Абдуррахман әпкесі әзірет Айшаның (р.а.) құжырасын (бөлмесін) паналайды. Расулалланың (с.а.с.) жұбайы болғаны үшін оған құрмет ретінде бөлмесіне ешкім кірмейді, сөйтіп Абдуррахман құтылып кетеді.
Басқа риуаятта құтбасын аяқтаған Мәруанның әзірет Айшаның есігінің алдына дейін барғаны, біршама сөйлескені, екеуара бір-бірімен айтысқаны айтылады.
Басқа риуаятта әзірет Абдуррахман сөйлеп жатқанда, Мәруан оның сөзін бөліп: «Аузыңды жап! Сен жайлы Алланың былай деп айтқаны сен емессің бе?» деп, жоғарыда берілген аятты оқығаны айтылады. Абдуррахман: «Сен Алла елшісі лағынет айтқан малғұн адамның ұлы емессің бе?» – деп жауап қайтарады. Бір риуаятта Мәруан Абдуррахманға ашуланып, аяттың оған қатысты түскенін айтқан кезде, әзірет Айша оған былай жауап береді: «Мәруан жалған айтады! Уаллаһи, бұл ол жайлы түскен жоқ, аят пәленұлы төлен жайлы түскен, қаласам, атын да айта аламын. Алайда Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Мәруан әлі туылмай тұрып, Мәруанның әкесіне лағынет айтқан».
«Аталмыш аят Абдуррахманға қатысты түсті» деген пікірге келсек, бұл – кейбір әлсіз риуаяттарда айтылған. Мәселені тұжырымдаған ибн Хажар бұл мәселеде әзірет Айшаның қарсы жауабын негізге алу керектігін айтады. Судди былай деген: «Осы аят Абдуррахман ибн Әбу Бәкір жайлы түсті. Әкесі Әбу Бәкір мен анасы Үммі Руман мұсылман болып, ол болмаған еді. Әке-шешесі оған мұсылман болуын айтқан сайын, ол қарсы шығатын, жоққа шығаратын және Құрайыш көсемдерінен өлген кейбір кісілердің атын атап, пәленше қайда, түгенше қайда дейтін. Алайда кейінірек мұсылман болып, шынайы өмір сүрді. «Әркімнің (мейлі мүмін, мейлі кәпір болсын, дүниеде) атқарған істеріне қарай өзіндік дәрежесі бар...»3 аятында тәубесі де айтылған».
Суддидің осы ойын келтіргеннен кейін ибн Хажар былай дейді: «Алайда әзірет Айшаның (р.а.) Абдуррахман мен жанұясы жайлы аят түскенін жоққа шығарған риуаят тізбегі жағынан ең сенімдісі және ең дұрысы».
Ибн Хажар әзірет Айшаның «Алла Тағала Құран кәрімде бізге қатысты (мұнафықтардың жала жабуынан) мені ақтағанын баяндайтын «Нұр» сүресіндегі аяттардан басқа ештеңе түсірмеді» деген сөзін кейбір Рафизилердің өздеріне дәлел етіп көрсетіп ثَانِى اثْنَيْنِ اِذْهُمَا فِى الْغَارِ «үңгірде екі кісінің бірі»4 аятында әзірет Әбу Бәкірдің айтылғанын жоққа шығарғылары келгенін айтады және мына жауапты береді: «Әзірет Айша «бізге қатысты» дегенде әзірет Әбу Бәкірдің отбасын емес, балаларын айтқан».
- 1«Ахқаф» сүресі, 17-аят Аяттың жалғасы "... Біле білсеңдер, менен бұрын да қаншама нәсілдер өтті, (қане, солардың қайсысы қайта тіріліп, көрінен шығып келді?!)» – деп зекитін (жетесіз) де бар. Сонда да байғұс ата-ана бауыр еті баласының тура жолға түсуін тілеп, пәруана болып, Аллаға жалбарынумен болады һәм оған: «Өз обалыңа өзің қалма! Иманға кел! Шүбәсіз, Алланың уағдасы хақ!» – деп шырылдайды. Ол болса: «Бұл бұрынғылардың аңыз-ертегісінен басқа түк те емес», – деп күпірлікте табандайды".
- 2Бұхари, Тәпсір, Ахқаф 1.
- 3«Ахқаф» сүресі, 19-аят
- 4«Тәубе» сүресі, 40-аят