وَعَنِ الْمِقْدَامِ بْنِ مَعْدِيكَرِبَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَا أَكَلَ أَحَدٌ طَعَامًا قَطُّ خَيْرًا مِنْ أَنْ يَأْكُلَ مِنْ عَمَلِ يَدِهِ، وَإِنَّ نَبِيَّ اللَّهِ دَاوُدَ عَلَيْهِ السَّلَامُ كَانَ يَأْكُلُ مِنْ عَمَلِ يَدِهِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.
Миқдам ибн Мағдикарб (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Ешкім өз қолының еңбегімен тапқанынан қайырлы ас жеген емес. Алланың пайғамбары Дәуіт те (а.с.) өз еңбегімен тапқанынан жейтін»1.
Түсіндірме
Кей нұсқада «Адам өз еңбегімен тапқанынан адал ас жеген емес» делінген. Еңбектің қадірін білдіретін өзге риуаяттар да бар. Бірінде: «Еңбектен шаршап түнеген кісі сол түні Алланың кешіріміне бөленеді», – делінген. Тағы бірінде адамның ең таза асы өз еңбегімен тапқаны екені айтылады. Пайғамбарлардың да кәсіп еткені риуаят етілген. Дәуіт сауыт соққан, Адам егін еккен, Нұх ағаш ұстасы, Ыдырыс тігінші, Мұса малшы болған.
Ибн Хажардың айтуынша, хадис қол еңбегінің қадірін және кісінің іске өзі кіріскенінің артықшылығын көрсетеді. Дәуіт пайғамбар (а.с.) билеуші ретінде өзге адал табысқа да ие бола алар еді. Сонда да өз қолымен тапқан асын артық көрген. Құранда оған «Уа, Дәуіт! Біз сені жер бетіне халифа еттік»2 делінген. Бұл хадис ризық іздеудің тәуекелге қайшы келмейтінін және ойды дәлелімен айтудың тыңдаушыға әсерлі болатынын да аңғартады.