وَعَنْ سَلْمَانَ الْفَارِسِيِّ وَابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ قَالَا: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: الْحَلَالُ مَا أَحَلَّ اللَّهُ فِي كِتَابِهِ، وَالْحَرَامُ مَا حَرَّمَ اللَّهُ فِي كِتَابِهِ، وَمَا سَكَتَ عَنْهُ فَهُوَ عَفْوٌ، فَلَا تَتَكَلَّفُوا السُّؤَالَ عَنْهُ». أَخْرَجَهُ رَزِينٌ.
Салман әл-Фарси мен Ибн Аббас (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Адал – Алланың Өз кітабында адал еткені. Арам – Оның Өз кітабында арам еткені. Ал үкімін айтпаған нәрсені Ол кешірген. Ол жайында сұрап, өздеріңді қинамаңдар».1
Риуаятты Разин келтірген.
Түсіндірме
Хадис адал мен арамды ажыратуда Құранға жүгінуді үйретеді. Құранда олардың үкімі бірде ашық, бірде жалпы түрде айтылған. «Елші сендерге не берсе, соны алыңдар, неден тыйса, содан тыйылыңдар»2 делінген.
Бұл аят Құранда жеке аталмайтын кейбір істердің үкімін Алла Елшісі (с.а.с.) білдіретінін көрсетеді. Шәуқани «Нәйл әл-аутарда»: «Адал мен арамды Құранға тірейтін сөздер Құранның барлық үкімді қамтитынын білдіреді. Әр үкім бірдей ашық айтылмайды. Кейде жалпы сөзбен, кейде ишарамен, кейде басым жағдайды атау арқылы беріледі. Бір хадисте “Маған Құран және онымен бірге соған тең нәрсе берілді” делінген», – деп жазады.
Хадисте үкімі айтылмаған істер де бар екені айтылады. Алла Тағала оларды ұмытқандықтан емес, құлдарына рақым етіп, арнайы үкімсіз қалдырған. «Кешірілген» деген сөз оларды пайдалануға рұқсат барын білдіреді.
Хадис, сондай-ақ, заттарға қатысты әуелгі үкімнің рұқсат екенін аңғартады. Мұны «Ол жердегі барлық нәрсені сендер үшін жаратты»3 деген аят қуаттайды.
Кейбір ғалымдар осы аятқа сүйеніп, темекі мен оның өзге түрлерін қолдануды рұқсат санаған. Басқалары рұқсаттың шарты – зиян келтірмеу екенін айтқан. Осы қағидаға сүйенген ғалымдар темекі мен шылымның зиянын ескеріп, оны қолдануды арам деп санаған.