وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يَأْتِي عَلَى النَّاسِ زَمَانٌ لَا يُبَالِي الْمَرْءُ مَا أَخَذَ مِنْهُ، أَمِنَ الْحَلَالِ أَمْ مِنَ الْحَرَامِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالنَّسَائِيُّ. وَزَادَ رَزِينٌ: «لَا تُجَابُ لَهُمْ دَعْوَةٌ».
Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Бір заман келеді, адам қолына түскеннің адалдан ба, арамнан ба екеніне мән бермейді»1.
Рәзин нұсқасында: «Мұндай адамдардың дұғасы қабыл болмайды», – деген сөз қосылған.
Түсіндірме
Хадис мұсылманды табысына арам араласпауын қадағалауға үндейді. Разиннің қосымшасында дұға мен ғибадаттың қабыл болуы ризықтың адалдығымен байланыстырылған. Бұған немқұрайды қараған адам ақыретте бар игілігінен айырылып қалуы мүмкін. Алла Елшісінің (с.а.с.) түсіндіруінше, нағыз тақыр кедей – бұл дүниеде ақшасынан айырылған адам емес, мұнда жасаған игі амалдары ақыретте өзіне пайда бермей, тозаққа түскен адам. Арам аспен қоректену де сондай ақыретке ұрындыруы мүмкін. Алла сақтасын.
Ибн әт-Тин: «Алла Елшісі (с.а.с.) мұны мал-мүліктің сынағынан сақтандыру үшін айтты. Хадис оның пайғамбарлығына дәлел болатын мұғжизалардың бірі, өйткені мұнда өз заманында болмаған жағдайдан хабар берілген», – дейді.
- 1Бұхари, «Буюғ», 7 және 23-тараулар. Нәсәи, «Буюғ», 2-тарау (7-том, 243-бет).