Хадис

Кутуб ситтә, № 730

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
79. № 730–731 хадистер
Нөмірі
№ 730 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
730
Кутуб ситтә, № 730 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: «إِنَّكَ لَا تَهْدِى مَنْ أَحْبَبْتَ. قَالَ: نَزَلَتْ فِي رَسُولِ اللَّهِ ﷺ حَيْثُ يُرَاوِدُ عَمَّهُ أَبَا طَالِبٍ عَلَى الْإِسْلَامِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِىُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) «(Уа, Мұхаммед!) Сен көңіліңе жаққан әр адамды тура жолға сала алмайсың, Алла ғана қалаған пендесін тура жолға салады»1 деген аятқа қатысты былай деген: «Осы аят Расулалланың (с.а.с.) көкесі Әбу Талибтен исламды қабылдауын табанды түрде сұрауына байланысты түсті».2

Түсіндірме

Тәпсіршілер бұл аяттың Алла Елшісінің (с.а.с.) көкесіне қатысты түскені жөнінде бір пікірде.

Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көкесі Әбу Талибті қатты жақсы көретін. Себебі: Әбу Талиб Алла Елшісін (с.а.с.) сонау атасы Абдулмутталиб қайтыс болған күннен бастап қамқорына алған еді, яғни сегіз жасар Мұхаммедті қамқорына алды. Көкесін жанындай жақсы көруіне оның осы қамқорлығы жеткілікті себеп болған. Алайда оның ең үлкен қамқорлығы өзіне пайғамбарлық келгеннен кейін басталды. Әбу Талиб Құрайыштың алдыңғы қатарлы абыройлы тұлғаларының бірі болатын, сондықтан Меккеде барлығы оған құрмет көрсететін. Оның ел ішіндегі беделін ескеріп, мүшріктер Алла Елшісінің (с.а.с.) пайғамбарлық әрекеттерін жақтырмаса да артық сөз айтпайтын. Қатты ашуланған сәттерінде Әбу Талибке барып, шағымданатын.

Мүшріктер қорғаушысы жоқ алғашқы мұсылмандарды әбден азаптап, оларға зорлық-зомбылық көрсетіп жатқанда, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Әбу Талибтің қорғауымен бұл кезеңді жеңіл өткізді.

Меккелік мүшріктер Алла Елшісін (с.а.с.) қолдарына берілгенше жақындарымен байланысқа тыйым салуды ұйғарған. Міне, сол шешімге Әбу Талибтің бойсұнбай қарсы тұруы нағыз мәрттіктің мысалы еді һәм Расулалланың (с.а.с.) шынайы сүйіспеншілігінің бір себепкері болды. Басқа ешбір нәрсе болмаса да осы ісінің өзі жақсы көруіне жеткілікті болар еді. Үш жылға созылған, сауда-саттық, үйлену, сөйлесу, алыс-беріс секілді түрлі қарым-қатынастарға тыйым салған осы бойкот Алла елшісінің жақындарына орасан зор қиындықтар туғызды. Мысалы, басқа түскен жоқшылықтың қинағаны сонша – адамдар жолдан тауып алған тері қиындыларын қайнатып жейтін жағдайға жеткен еді.

Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзіне осынша қамқор болған көкесінің исламды қабылдауын қалады. Әбу Талиб исламды қабылдамағанымен, туыстық парызын берік ұстанып, оған қорған болды.

Өмірінің соңғы сәттерінде сырқаттанып, төсек тартып жатып қалды. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оның қасынан шықпай, оңтайлы сәттерді қалт жібермей: «Көкетай, “Лә иләһә иллаллаһ” деңізші. Сол сөзіңізге қиямет күні куәлік етейін», – деп, қайта-қайта өтінумен болды. Алайда Әбу Талибтің жанындағы Әбу Жәһил мен Абдулла ибн Әбу Умәйя: «Уа, Әбу Талиб, Абдулмутталибтің дінінен шыққың келе ме?» – деп, сөзге араласып, оның намысына тиіп отырды.

Әбу Талиб: «Құрайыштықтар мені айыптап: «Әбу Талиб бұған қорыққаннан келісті», – демесе, сенің қалауыңды орындар едім», – деді. Алайда иман келтірмеді, өйткені ақтық демінде оның Абдулмутталибтің дінінде екенін айтып жан тапсырғаны жайлы сахих риуаяттар бар.

Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұған қатты қайғырып: «Аллаға ант етемін, маған тыйым салынғанға дейін сіз үшін Алладан кешірім сұраймын», – деген.

Расулалланың (с.а.с.) осы сөзіне байланысты Алла Тағала: «Сен көңіліңе жаққан әр адамды тура жолға сала алмайсың, Алла ғана қалаған пендесін тура жолға салады» деген аятты түсірді.

Басқа риуаятта Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көкесіне былай деген: «Көкетайым! Шындығында, менен ең көп алашағы бар адам сенсің. Мен ең көп сенен жақсылық көрдім. Сенің мендегі ақың әкемдікінен де көп. Олай болса, бір-ақ сөз айтшы, қиямет күнінде сол сөзің үшін саған шапағатшы ететін болайын».

  1. 1«Қасас» сүресі, 56-аят.
  2. 2Мүслим, «Иман», 41–42 (№25). Тирмизи, «Тәпсір», «Қасас» (№3188, Ибраһим Жанан басылымында №3187).