Хадис

Кутуб ситтә, № 731

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
79. № 730–731 хадистер
Нөмірі
№ 731 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
731
Кутуб ситтә, № 731 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: «لَرَادُّكَ إِلَى مَعَادٍ. قَالَ إِلَى مَكَّةَ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِىُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) «(Уа, Мұхаммед!) Саған Құранды (оқуды, басшылыққа алуды һәм адамзатқа жеткізуді) парыз қылған Алла сені қайтар жеріңе, сөзсіз, (айқын жеңіспен) қайтарады...»1 деген аятта айтылған «қайтар жер» – Мекке деген.2

Түсіндірме

Осы аят һижрет кезінде түскен. Ибн Кәсирдің айтуынша, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Меккені тастап шығып, Меккеден төрт күндік жолдағы әл-Жухфа деген жерге келгенде, туған жері Меккені қимай, көңіл-күйі түседі. Әлемдердің Жаратушысы Өзінің сүйікті құлын (с.а.с.) жұбату үшін осы аятты түсіреді. Аятта Расулалланың (с.а.с.) Меккеге қайтадан оралатыны сүйіншіленген.

Айта кетейік, Абдулла ибн Сәбә атты яһуди «қайтар жер» жайлы Мысыр халқының арасына жаңсақ хабар таратып жүріп, осы аятты да қате жеткізген: «Аятта ардақты Пайғамбардың (с.а.с.) қайтадан жіберілетіндігі айтылғанына қарағанда ол қайта оралуға әзірет Исадан да лайықты», – деген. Осыған сенгендер болған, тіпті Мысырда Алла Елшісінің (с.а.с.) қайтадан жер бетіне түсетіндігі жайлы пікір жайылады.

Ибн Аббас (р.а.) аяттағы «қайтар жер» деп кейін азат етілетін Меккені меңзеген. Яғни Алла Тағала Меккеден аттанған Пайғамбарына туған жеріне қайта оралатынын алдын ала білдіріп, көңілін жұбатқан.

Ибн Аббастан аятқа қатысты басқа түсіндірмелер де жеткен. Мысалы, Табаридің басқа нұсқасында «қайтар жер» ретінде Мекке емес «жәннат» айтылады.

Тағы бір риуаятта бұл сөз «өлім» деп, басқа бір нұсқада «қиямет күні қайта тірілу» деп түсіндіріледі.

Хасан Басри, Зуһри және Әбу Сағид «қайтар жерді» қиямет күні және ақырет деп түсіндірген.

  1. 1«Қасас» сүресі, 85-аят.
  2. 2Бұхари, Тәпсір, Қасас 2.