Хадис

Кутуб ситтә, № 729

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
78. «Қасас» сүресі
Нөмірі
№ 729 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
729
Кутуб ситтә, № 729 · тараудағы реті: 1

عَنْ سَعِيدٍ بْنِ جُبَيْرٍ قَالَ: «سَأَلْتُ ابْنَ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَىُّ الْأَجَلَيْنِ قَضَى مُوسَى؟ فَقَالَ: قَضَى أَكْثَرَهُمَا وَأَطْيَبَهُمَا، إِنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ إِذَا قَالَ فَعَلَ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِىُّ.

Қазақша аудармасы

Сағид ибн Жубәйр былай дейді: «Ибн Аббастан (р.а.): “Мұса екі мерзімнің қайсысын өтеді?” – деп сұрадым. Ол: “Ұзағы әрі абзалы болған мерзімді өтеді. Алланың елшісі айтқан сөзін орындайды”, – деп жауап берді».1

Түсіндірме

Бұхаридегі нұсқада хиралық бір яһуди бұл сұрақты Сағид ибн Жубәйрге қояды. Сағид жауабын білмеген соң, Меккеге барып, Ибн Аббастан (р.а.) сұрайды. «Екі мерзім» дегені мына аяттарда айтылған: ﴿قَالَ إِنِّىٓ أُرِيدُ أَنْ أُنكِحَكَ إِحْدَى ٱبْنَتَىَّ هَٰتَيْنِ عَلَىٰٓ أَن تَأْجُرَنِى ثَمَٰنِىَ حِجَجٍ فَإِنْ أَتْمَمْتَ عَشْرًا فَمِنْ عِندِكَ وَمَآ أُرِيدُ أَنْ أَشُقَّ عَلَيْكَ سَتَجِدُنِىٓ إِن شَآءَ ٱللَّهُ مِنَ ٱلصَّٰلِحِينَ ۝ قَالَ ذَٰلِكَ بَيْنِى وَبَيْنَكَ أَيَّمَا ٱلْأَجَلَيْنِ قَضَيْتُ فَلَا عُدْوَٰنَ عَلَىَّ وَٱللَّهُ عَلَىٰ مَا نَقُولُ وَكِيلٌ﴾ «Содан әкелері Мұсаға: “Сені мына екі қызымның біреуіне қосқым келеді. Соның қарымы ретінде қолымда сегіз жыл жұмыс істейсің. Егер он жылға толтырамын десең, оның бізге жасаған жақсылығың болады. Саған ауыртпалық артқым келмейді. Алла қаласа, менің ешкімге қиянаты жоқ ізгі жандардан екенімді әлі-ақ көресің”, – деді. Мұса оған: “Онда екеуіміздің арамыздағы келісім осы болсын! Аталған екі мерзімнің қайсыбірін өтесем де, маған одан артық талап қойылып, қарсылық танытылмаса керек. Байласқан сөзімізге бір Алла куә әрі кепіл!” – деді»2

Ибн Аббастың жауабы сахабаның өз сөзі, яғни мауқуф риуаят сияқты көрінеді. Алайда бұл – ижтиһадпен шешілетін мәселе емес. Сондықтан екі ықтимал бар:

1. Бұл сөзді Алла Елшісінен (с.а.с.) естіген.

2. Кітап иелерінен жеткен риуаятқа сүйенген.

Ғалымдар Ибн Аббастың мұндай сөздері үкімі жағынан марфуғқа жатады, яғни Алла Елшісінен (с.а.с.) естіген болуы ықтимал деп санаған. Өйткені Ибн Аббас (р.а.) Кітап иелерінің хабарларына сүйенбеген және өзге кісілерді де исраилияттан сақтандырған. Бұхари мен басқа жинақтарда осыны растайтын риуаяттар бар.

Табаранидің «Әл-Муғжам әл-аусатында» бұл жауапты Алла Елшісіне (с.а.с.) телитін риуаят бар. Ол нұсқада Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Жәбірейілден (а.с.) осыны сұрап, жауап алған. «Екеуінің ұзағын өтеді» дегеннің орнына «Ең толық мерзімді, яғни он жылды өтеді» делінген.

«Алланың елшісі айтқан сөзін орындайды» дегенде «елші» сөзі жалпы мағынада қолданылған. Яғни Алланың елшісі уәде берсе, оның сөзінде тұратынына күмән келтірілмейді.

Басқа да кейбір риуаяттарда айтылған қосымшаларға қарағанда, Сағид ибн Жубәйр жауабын әлгі яһудиге жеткізгенде, ол: «Досыңыз шынымен ғалым екен», – деген.

  1. 1Бұхари, «Шәһадат», 28 (№2684).
  2. 2«Қасас» сүресі, 27–28-аяттар.