Хадис

Кутуб ситтә, № 4911

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
758. Әділдік және куәлік
Нөмірі
№ 4911 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
4911
Кутуб ситтә, № 4911 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Зәйд ибн Халид

وَعَنْ زَيْدِ بْنِ خَالِدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَلَا أُخْبِرُكُمْ بِخَيْرِ الشُّهَدَاءِ؟ الَّذِي يَأْتِي بِشَهَادَتِهِ قَبْلَ أَنْ يُسْأَلَهَا. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَمَالِكٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Халид (р.а.) былай жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.): “Сендерге куәгерлердің ең жақсысын айтайын ба? Ол – өзінен сұрамай тұрып куәлік етуге келген кісі”, – деді»1.

Түсіндірме

Бұл хадисте өзінен сұрамай тұрып куәлік етуге келген адамның ісі құпталған. Ал бұған дейінгі кей хадистерде өзінен сұрамай тұрып куәлік ететіндер сыналған. Солардың бірінде былай делінеді: «Ұрпақтардың ең жақсысы – менің замандастарым, содан кейін солардан соңғылар, содан кейін олардан кейінгілер. Одан соң өздерінен сұрамай-ақ куәлік ете беретін бір қауым келеді».

Ғалымдар екі риуаятты былай үйлестірген. Имам Нәуәуидің айтуынша, ең негізді әрі кең тараған түсіндірме – Имам Мәлик пен Шафиғидың шәкірттерінің пікірі. Бір адам өзгенің ақысына қатысты істің куәсі болады, бірақ ақы иесі оның куә екенін білмейді. Сонда әлгі кісі ақы иесіне барып, куә екенін хабарлайды. Осылайша мойнындағы аманатты өтейді.

Екінші түсіндірме бойынша, хадистегі құпталған куәлік жеке адамның ақысына қатысты емес, қоғамдық міндетті өтеу үшін берілетін куәлік. Оған талақ, құл азат ету, уақып, көпшілікке арналған өсиет және хадд жазаларына қатысты куәліктер жатады. Мұндай жайттан хабардар адам қазыға барып, білгенін айтып, куәлік етуге міндетті.

Үшінші түсіндірме бойынша, «сұрамай тұрып куәлік етеді» деген тіркес куәлік сұралған сәтте оны кешіктірмей беруді бейнелеп жеткізеді. «Жомарт – сұрамай тұрып беретін кісі» деген сөз де сұраған сәтте кідірмей беруді білдіреді.

  1. 1Мүслим, Ақдия 19 (1719); Муатта, Ақдия 3 (2, 720); Әбу Дәуіт, Ақдия 13 (3596); Тирмизи, Шаһадат 1 (2296).