Хадис

Әділдік және куәлік

Кутуб ситтә, 11-том, 758-тарау · 5 хадис · № 4908–4912

ҚАНАҒАТ БӨЛІМІ

Хадистер

4908
Кутуб ситтә, № 4908 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Амр ибн Шұғайыб әкесі арқылы атасынан

عَنْ عَمْرِو بْنِ شُعَيْبٍ عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَا تَجُوزُ شَهَادَةُ خَائِنٍ وَلَا خَائِنَةٍ، وَلَا زَانٍ وَلَا زَانِيَةٍ، وَلَا ذِي غِمْرٍ عَلَى أَخِيهِ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. وَلِلتِّرْمِذِيِّ عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: لَا تَجُوزُ شَهَادَةُ خَائِنٍ وَلَا خَائِنَةٍ وَلَا مَجْلُودٍ حَدًّا وَلَا مَجْلُودَةٍ، وَلَا ذِي غِمْرٍ لِأَخِيهِ، وَلَا مُجَرَّبِ شَهَادَةٍ وَلَا الْقَانِعِ أَهْلَ الْبَيْتِ لَهُمْ، وَلَا ظَنِينٍ فِي وَلَاءٍ وَلَا قَرَابَةٍ.

Қазақша аудармасы

Амр ибн Шұғайыб әкесі арқылы атасынан мына хадисті жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.): “Аманатқа қиянат жасаған ер мен әйелдің, зина жасаған ер мен әйелдің және бауырына кек сақтаған адамның куәлігі қабыл етілмейді”, – деді»1.

Тирмизи әзірет Айшадан (р.а.) жеткізген нұсқада: «Аманатқа қиянат жасаған ер мен әйелдің, белгіленген жаза ретінде дүре соғылған ер мен әйелдің, бауырына кек сақтаған кісінің, бұрын жалған куәлік еткені анықталған кісінің, үй ішінде қызмет етіп, сол үй иелерінің пайдасына сөйлеген кісінің және өзін азат еткен кісі не туыстары туралы сөзі күмән туғызған кісінің куәлігі қабыл етілмейді», – делінген2.

Түсіндірме

1. Исламда куәлік ету үшін адам әділ болуға тиіс. Бұл қасиеті жоқ кісінің куәлігі қабыл етілмейді. Хадисте сондай адамдардың кімдер екені аталған:

• «Аманатқа қиянат жасаған» деген сөз әуелі жұрттың аманатына қиянат жасауымен танылған кісіге қатысты. Әл-Қади сөзді кеңірек ұғып, Алланың аманатына қиянат жасаған адамды да осы қатарға қосуға болатынын айтқан.

• Зина жасағандар.

• Шариғатта белгіленген жаза ретінде дүре соғылғандар. Бұл, ең әуелі, біреуге «зина жасады» деп жала жапқандарға қатысты деп түсіндірілген. Әбу Ханифа да осы пікірде: «Зина жасады деп жала жауып, дүре соғылған адамның куәлігі тәубе етсе де қабыл етілмейді», – деген.

Әл-Қади: «Басқа жазалардан дүренің бөлек аталуына қылмыстың ауырлығы себеп. Дүре жазасына некеде болмаған зинақор, зина жасады деп жала жапқан адам және шарап ішкен кісі де тартылады», – дейді.

Әбу Ханифа дүре соғылған адамның куәлігі тәубе етсе де қабыл етілмейді деген. Көпшілік ғалымдар тәубе еткен кісінің куәлігі қабыл етіледі деген пікірді басым санаған.

• Бауырына кек сақтағандар.

• Бұрын жалған куәлік еткенімен танылғандар.

• Үй ішіне ақыға не басқа жолмен қызмет ететіндер. Мұндай кісі өзіне пайдасы тиіп жүрген адамдарға қатысты бейтарап бола алмайды деп есептеледі. Сондықтан оның куәлігі қабыл етілмейді. Әкенің ұлының пайдасына, ұлдың әкесінің пайдасына берген куәлігі де жарамсыз. Қарыз беруші «Төлемге қабілетсіз борышкерімнің басқа біреуден алашағы бар» деп куәлік етсе, оның да куәлігі қабыл етілмейді.

• Өзін азат еткен кісі немесе туысы туралы жалған айтуымен танылғандар. «Мені пәленше азат еткен» деп, ол сөзінің жалған екені анықталса, мұндай кісі пасық саналып, куәлігі қабыл етілмейді. Туыстық жайында өтірік айту да осыған жатады.

  1. 1Әбу Дәуіт, Ақдия 16 (3600, 3601); Ибн Мәжа, Ахкам 30 (2366).
  2. 2Тирмизи, Шаһадат 1 (2298).
4909
Кутуб ситтә, № 4909 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَا تَجُوزُ شَهَادَةُ بَدَوِيٍّ عَلَى صَاحِبِ قَرْيَةٍ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.): “Бәдәуидің ауыл тұрғынына қарсы куәлігі қабыл етілмейді”, – деді»1.

Түсіндірме

Бәдәуи деп шөлде шатыр тігіп, көшіп-қонып жүретін, тұрақты қонысы жоқ адамды айтады.

Бәдәуилердің куәлігін қабыл етпеуді кей ғалым олардың діни білімінің аздығымен, шариғат үкімдерін жете білмейтінімен және көбіне куәлік тәртібін сақтай алмайтынымен түсіндірген. Ахмад ибн Ханбал осы хадиске сүйенген. Имам Мәлик пен Әбу Убәйд те осы пікірде. Ғалымдардың көпшілігі бәдәуидің де куәлігі қабыл етіледі деп үкім берген. Ибн Раслан: «Бұл хадис әділдігі белгісіз бәдәуиге қатысты деп түсіндірілген. Әдетте олардың әділдігі белгісіз болады», – деген.

  1. 1Әбу Дәуіт, Ақдия 17 (3602); Ибн Мәжа, Ахкам 30 (2367).
4910
Кутуб ситтә, № 4910 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ أَيْمَنِ بْنِ خُرَيْمِ بْنِ فَاتِكٍ: أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَامَ خَطِيبًا فَقَالَ: «يَا أَيُّهَا النَّاسُ، عُدِلَتْ شَهَادَةُ الزُّورِ إِشْرَاكًا بِاللَّهِ». ثُمَّ قَرَأَ: ﴿فَاجْتَنِبُوا الرِّجْسَ مِنَ الْأَوْثَانِ وَاجْتَنِبُوا قَوْلَ الزُّورِ﴾. وَعَنْ خُرَيْمِ بْنِ فَاتِكٍ قَالَ: صَلَّى رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ صَلَاةَ الصُّبْحِ، فَلَمَّا انْصَرَفَ قَامَ قَائِمًا فَقَالَ: «عُدِلَتْ شَهَادَةُ الزُّورِ بِالْإِشْرَاكِ بِاللَّهِ» ثَلَاثَ مِرَارٍ، ثُمَّ قَرَأَ: ﴿فَاجْتَنِبُوا الرِّجْسَ مِنَ الْأَوْثَانِ وَاجْتَنِبُوا قَوْلَ الزُّورِ ۝ حُنَفَاءَ لِلَّهِ غَيْرَ مُشْرِكِينَ بِهِ﴾. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әймән ибн Хурәйм ибн Фатик былай жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.) орнынан тұрып, құтба оқыды: “Уа, жұрт! Жалған куәлік Аллаға серік қосумен тең саналды”, – деді де, мына аятты оқыды: ﴿فَاجْتَنِبُوا الرِّجْسَ مِنَ الْأَوْثَانِ وَاجْتَنِبُوا قَوْلَ الزُّورِ﴾ “Ендеше, нас пұттардан іргелеріңді аулақ салыңдар, жалған сөзден де барынша аулақ болыңдар”». Хурәйм ибн Фатик былай жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.) таң намазын оқыды. Намаздан соң орнынан тұрып: “Жалған куәлік Аллаға серік қосумен тең саналды”, – деп үш рет айтты да, мына аяттарды оқыды: ﴿فَاجْتَنِبُوا الرِّجْسَ مِنَ الْأَوْثَانِ وَاجْتَنِبُوا قَوْلَ الزُّورِ ۝ حُنَفَاءَ لِلَّهِ غَيْرَ مُشْرِكِينَ بِهِ﴾ “Ендеше, нас пұттардан іргелеріңді аулақ салыңдар, жалған сөзден де барынша аулақ болыңдар. Таухид сенімін ту етіп, бір Аллаға байланған, Оған өзгелерді серік етіп қоспайтын шынайы мүміндер болыңдар!”1».

Түсіндірме

Хадисте Алла елшісі (с.а.с.) жалған куәлікті күнә жағынан ширкке теңеген. Ширк – Алла туралы өтірік айту, Оған телуге болмайтын нәрсені Оған телу. Жалған куәлік берген адам да біреуге жала жауып, оған телуге болмайтын нәрсені телиді. Екеуінде де болмаған нәрсені болды деп айтады.

Тиби: «Расулалла жалған сөзді ширкке теңеген. Өйткені ширк те өтірікке жатады. Мүшрік пұтты құлшылық етуге лайық санайды», – дейді.

  1. 1«Хаж» сүресі, 30-аяттың соңы, 31-аяттың басы. Тирмизи, Шаһадат 3 (2299, 2300); Әбу Дәуіт, Ақдия 15 (3599); Ибн Мәжа, Ахкам 32 (2372). 31-аяттың басы Хурәйм ибн Фатиктен жеткен Әбу Дәуіт нұсқасында берілген.
4911
Кутуб ситтә, № 4911 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Зәйд ибн Халид

وَعَنْ زَيْدِ بْنِ خَالِدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَلَا أُخْبِرُكُمْ بِخَيْرِ الشُّهَدَاءِ؟ الَّذِي يَأْتِي بِشَهَادَتِهِ قَبْلَ أَنْ يُسْأَلَهَا. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَمَالِكٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Халид (р.а.) былай жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.): “Сендерге куәгерлердің ең жақсысын айтайын ба? Ол – өзінен сұрамай тұрып куәлік етуге келген кісі”, – деді»1.

Түсіндірме

Бұл хадисте өзінен сұрамай тұрып куәлік етуге келген адамның ісі құпталған. Ал бұған дейінгі кей хадистерде өзінен сұрамай тұрып куәлік ететіндер сыналған. Солардың бірінде былай делінеді: «Ұрпақтардың ең жақсысы – менің замандастарым, содан кейін солардан соңғылар, содан кейін олардан кейінгілер. Одан соң өздерінен сұрамай-ақ куәлік ете беретін бір қауым келеді».

Ғалымдар екі риуаятты былай үйлестірген. Имам Нәуәуидің айтуынша, ең негізді әрі кең тараған түсіндірме – Имам Мәлик пен Шафиғидың шәкірттерінің пікірі. Бір адам өзгенің ақысына қатысты істің куәсі болады, бірақ ақы иесі оның куә екенін білмейді. Сонда әлгі кісі ақы иесіне барып, куә екенін хабарлайды. Осылайша мойнындағы аманатты өтейді.

Екінші түсіндірме бойынша, хадистегі құпталған куәлік жеке адамның ақысына қатысты емес, қоғамдық міндетті өтеу үшін берілетін куәлік. Оған талақ, құл азат ету, уақып, көпшілікке арналған өсиет және хадд жазаларына қатысты куәліктер жатады. Мұндай жайттан хабардар адам қазыға барып, білгенін айтып, куәлік етуге міндетті.

Үшінші түсіндірме бойынша, «сұрамай тұрып куәлік етеді» деген тіркес куәлік сұралған сәтте оны кешіктірмей беруді бейнелеп жеткізеді. «Жомарт – сұрамай тұрып беретін кісі» деген сөз де сұраған сәтте кідірмей беруді білдіреді.

  1. 1Мүслим, Ақдия 19 (1719); Муатта, Ақдия 3 (2, 720); Әбу Дәуіт, Ақдия 13 (3596); Тирмизи, Шаһадат 1 (2296).
4912
Кутуб ситтә, № 4912 · тараудағы реті: 5

وَعَنْ خُزَيْمَةَ بْنِ ثَابِتٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ابْتَاعَ فَرَسًا مِنْ أَعْرَابِيٍّ فَاسْتَتْبَعَهُ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِلَى مَنْزِلِهِ لَيَقْضِيَهُ ثَمَنَ فَرَسِهِ. فَأَسْرَعَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ المَشْيَ وَأَبْطَأَ الْأَعْرَابِيُّ، وَطَفَقَ رِجَالٌ يَعْتَرِضُونَ الْأَعْرَابِيَّ، فَسَاوَمُوهُ بِالْفَرَسِ، وَلَا يَشْعُرُونَ أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَدِ ابْتَاعَهُ. فَنَادَى الْأَعْرَابِيُّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ: إِنْ كُنْتَ مُبْتَاعًا هَذَا الْفَرَسَ وَإِلَّا بِعْتُهُ. فَقَامَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ حِينَ سَمِعَ نِدَاءَ الْأَعْرَابِيِّ فَقَالَ: أَوَلَيْسَ قَدِ ابْتَعْتُهُ مِنْكَ؟ فَقَالَ الْأَعْرَابِيُّ: وَاللَّهِ مَا بِعْتُكَهُ. فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: بَلَى قَدِ ابْتَعْتُهُ مِنْكَ. فَطَفِقَ الْأَعْرَابِيُّ يَقُولُ: هَلُمَّ شَهِيدًا. فَقَالَ خُزَيْمَةُ: أَنَا أَشْهَدُ أَنَّكَ قَدْ بَايَعْتَهُ. فَأَقْبَلَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَلَى خُزَيْمَةَ فَقَالَ: بِمَ تَشْهَدُ؟ قَالَ: بِتَصْدِيقِكَ يَا رَسُولَ اللَّهِ. فَجَعَلَ شَهَادَةَ خُزَيْمَةَ بِشَهَادَةِ رَجُلَيْنِ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ. وَزَادَ رَزِينُ: فَقَالَ الْأَعْرَابِيُّ: أَهَذَا رَسُولُ اللَّهِ؟ فَقَالَ أَبُو هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: كَفَى بِكَ جَهْلًا أَنْ لَا تَعْرِفَ نَبِيَّكَ، صَدَقَ اللَّهُ: الْأَعْرَابُ أَشَدُّ كُفْرًا وَنِفَاقًا وَأَجْدَرُ أَلَّا يَعْلَمُوا حُدُودَ مَا أَنْزَلَ اللَّهُ عَلَىٰ رَسُولِهِ، فَاعْتَرَفَ الْأَعْرَابِيُّ بِالْبَيْعِ.

Қазақша аудармасы

Хузәйма ибн Сәбит (р.а.) былай дейді: «Расулалла (с.а.с.) бір бәдәуиден ат сатып алып, ақшасын беру үшін оны үйіне ертіп бара жатты. Алла елшісі (с.а.с.) жылдам, бәдәуи баяу жүрді. Бірнеше кісі бәдәуиге жолығып, атқа саудаласа бастады. Олар атты Пайғамбардың (с.а.с.) сатып алғанын білмеген еді. Бәдәуи Алла елшісіне: “Бұл атты алсаң, ал. Әйтпесе сатып жіберемін!” – деп дауыстады. Пайғамбар (с.а.с.) дауысты естіп тоқтады да: “Мен оны сенен сатып алдым ғой?” – деді. Бәдәуи: “Алланың атымен ант етемін, оны саған сатқан жоқпын!” – деді. Пайғамбар (с.а.с.): “Жоқ, мен оны сенен сатып алдым”, – деді. Бәдәуи: “Куәгер әкел!” – дей берді. Сонда Хузәйма: “Сенің атты сатқандығыңа куәмін”, – деді. Расулалла (с.а.с.) Хузәймаға бұрылып: “Не нәрсеге сүйеніп куәлік етесің?” – деп сұрады. Ол: “Сөзіңізді ақиқат деп білгендіктен куәлік етемін, уа, Алла елшісі!” – деді. Сонда Пайғамбар (с.а.с.) Хузәйманың куәлігін екі кісінің куәлігіне теңеді».1

Рәзин мынадай қосымша келтірген: «Бәдәуи: “Бұл Алла елшісі ме?” – деп сұрады. Әбу Һурайра (р.а.): “Пайғамбарыңды танымағаның надандығыңды аңғартады. Алла тағала ақиқатын айтқан: ﴿الْأَعْرَابُ أَشَدُّ كُفْرًا وَنِفَاقًا وَأَجْدَرُ أَلَّا يَعْلَمُوا حُدُودَ مَا أَنْزَلَ اللَّهُ عَلَىٰ رَسُولِهِ﴾ ‘Бәдәуилер күпірлікте және екіжүзділікте өзгелерден асып түседі. Әрі Алланың пайғамбарына түсірген үкімдерінің шегін білмеуді ең көп солардан күтуге болады.’2”, – деді. Сонда бәдәуи атты сатқанын мойындады».

Түсіндірме

1. Оқиға Ибн Сағдтың еңбегінде толығырақ баяндалған. Расулалла (с.а.с.) сатып алған аттың аты – Муртәжиз. Оны Бәни Мурра тайпасынан шыққан Сәуа ибн Қаус әл-Мухариби сатқан. Оны Сәуа ибн әл-Харис деп те атаған. Ол атты үйге дейін апарып, ақшасын сонда алмақ еді. Сәуа баяу жүріп келе жатқанда, жолда атқа қызыққан кісілер кездесіп, оған көбірек ақша ұсынды. Содан ол атты Расулаллаға (с.а.с.) сатқанын мойындамай қойды.

2. Бір риуаятта Расулалла (с.а.с.) Хузәймадан: «Сауда жасасқанымызда қасымызда жоқ едің. Не нәрсе сені куәлік етуге итермеледі?» – деп сұрайды. Хузәйма: «Мен сіз жеткізген хабардың ақиқат екеніне иман келтірдім. Хақ сөзден басқа ештеңе айтпайтыныңызды білемін», – дейді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): «Хузәйма кімнің пайдасына не кімге қарсы куәлік етсе де, оның куәлігі жеткілікті», – дейді. Осылайша Хузәйманың куәлігі екі кісінің куәлігіне тең болды.

3. Бұл оқиғаның мәні Расулалла (с.а.с.) дүниеден өткен соң да көрінді. Құранның жиналуы туралы тарауда айтылғандай, Зәйд ибн Сәбит басқарған алқа жатқа білген әр аятын екі жазбаша айғақпен растауды талап етті. Соңғы түскен аяттардың екеуін жазбаша түрде жалғыз Хузәйма (р.а.) әкелген еді. Оның куәлігі екі кісінікіне тең екенін ескеріп, аяттар қарсылықсыз қабылданды.

Кейбір түсіндірушілер: «Хузәймадан да абзалырақ кісілер бола тұра, Расулалла (с.а.с.) неліктен оның куәлігін екі куәлікке теңеді? Себебі дәл сол сәтте Хузәйма кідірмей алға шығып, Расулалланың (с.а.с.) пайдасына куәлік етті», – деген. Тура жолдағы халифалар оның куәлігін сол дәрежеде қабылдаған. Хузәйманың бұл ұстанымы негізді еді. Кей риуаяттарда өзі айтқандай, Расулалланың (с.а.с.) ғайыпқа қатысты әрі аса маңызды хабарларын ақиқат деп білген адам оның осындай қарапайым істе жалған сөйлегенін ойлай алмайды. Олай ойлау қайшылыққа ұрындырар еді. Расулалла (с.а.с.) куәліктің қоғамдағы орнына мән беріп, Хузәйманың куәлігін құптады. Расулалланың (с.а.с.) шыншылдығы мен бұл істі өзі білуі оны өзге куәгерге мұқтаж етпесе де, Хузәйманың куәлігі сөзін қуаттай түсті.

  1. 1Әбу Дәуіт, Ақдия 20 (3607); Нәсәи, Буйуғ 91 (7, 302).
  2. 2«Тәубе» сүресі, 97-аяттың үзіндісі.