وَعَنْ أَيْمَنِ بْنِ خُرَيْمِ بْنِ فَاتِكٍ: أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَامَ خَطِيبًا فَقَالَ: «يَا أَيُّهَا النَّاسُ، عُدِلَتْ شَهَادَةُ الزُّورِ إِشْرَاكًا بِاللَّهِ». ثُمَّ قَرَأَ: ﴿فَاجْتَنِبُوا الرِّجْسَ مِنَ الْأَوْثَانِ وَاجْتَنِبُوا قَوْلَ الزُّورِ﴾. وَعَنْ خُرَيْمِ بْنِ فَاتِكٍ قَالَ: صَلَّى رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ صَلَاةَ الصُّبْحِ، فَلَمَّا انْصَرَفَ قَامَ قَائِمًا فَقَالَ: «عُدِلَتْ شَهَادَةُ الزُّورِ بِالْإِشْرَاكِ بِاللَّهِ» ثَلَاثَ مِرَارٍ، ثُمَّ قَرَأَ: ﴿فَاجْتَنِبُوا الرِّجْسَ مِنَ الْأَوْثَانِ وَاجْتَنِبُوا قَوْلَ الزُّورِ حُنَفَاءَ لِلَّهِ غَيْرَ مُشْرِكِينَ بِهِ﴾. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Әймән ибн Хурәйм ибн Фатик былай жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.) орнынан тұрып, құтба оқыды: “Уа, жұрт! Жалған куәлік Аллаға серік қосумен тең саналды”, – деді де, мына аятты оқыды: ﴿فَاجْتَنِبُوا الرِّجْسَ مِنَ الْأَوْثَانِ وَاجْتَنِبُوا قَوْلَ الزُّورِ﴾ “Ендеше, нас пұттардан іргелеріңді аулақ салыңдар, жалған сөзден де барынша аулақ болыңдар”». Хурәйм ибн Фатик былай жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.) таң намазын оқыды. Намаздан соң орнынан тұрып: “Жалған куәлік Аллаға серік қосумен тең саналды”, – деп үш рет айтты да, мына аяттарды оқыды: ﴿فَاجْتَنِبُوا الرِّجْسَ مِنَ الْأَوْثَانِ وَاجْتَنِبُوا قَوْلَ الزُّورِ حُنَفَاءَ لِلَّهِ غَيْرَ مُشْرِكِينَ بِهِ﴾ “Ендеше, нас пұттардан іргелеріңді аулақ салыңдар, жалған сөзден де барынша аулақ болыңдар. Таухид сенімін ту етіп, бір Аллаға байланған, Оған өзгелерді серік етіп қоспайтын шынайы мүміндер болыңдар!”1».
Түсіндірме
Хадисте Алла елшісі (с.а.с.) жалған куәлікті күнә жағынан ширкке теңеген. Ширк – Алла туралы өтірік айту, Оған телуге болмайтын нәрсені Оған телу. Жалған куәлік берген адам да біреуге жала жауып, оған телуге болмайтын нәрсені телиді. Екеуінде де болмаған нәрсені болды деп айтады.
Тиби: «Расулалла жалған сөзді ширкке теңеген. Өйткені ширк те өтірікке жатады. Мүшрік пұтты құлшылық етуге лайық санайды», – дейді.
- 1«Хаж» сүресі, 30-аяттың соңы, 31-аяттың басы. Тирмизи, Шаһадат 3 (2299, 2300); Әбу Дәуіт, Ақдия 15 (3599); Ибн Мәжа, Ахкам 32 (2372). 31-аяттың басы Хурәйм ибн Фатиктен жеткен Әбу Дәуіт нұсқасында берілген.