Хадис

Кутуб ситтә, № 724

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
75. «Фурқан» сүресі
Нөмірі
№ 724 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
724
Кутуб ситтә, № 724 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Аббас

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: «وَيَوْمَ يَعَضُّ الظَّالِمُ عَلَى يَدَيْهِ. قَالَ: الظَّالِمُ عُقْبَةُ بْنُ أَبِي مُعَيْطٍ. وَيَعْنِي بِالْخَلِيلِ أُمَيَّةَ بْنِ خَلَفٍ، وَقِيلَ أُبَيٌّ، وَذَلِكَ أَنَّ عُقْبَةَ صَنَعَ طَعَامًا فَدَعَا أَشْرَافَ قُرَيْشٍ وَكَانَ فِيهِمْ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فَامْتَنَعَ أَنْ يَطْعَمَ أَوْ يَشْهَدَ عُقْبَةُ شَهَادَةَ التَّوْحِيدِ فَفَعَلَ فَأَتَاهُ أُمَيَّةُ بْنُ خَلَفٍ أَوْ أُبَيٌّ، وَكَانَ خَلِيلَهُ، وَقَالَ: أَصَبَأْتَ؟ قَالَ: لَا؛ وَلَكِنِ اسْتَحْيَيْتُ أَنْ يَخْرُجَ مِنْ مَنْزِلِي أَوْ يَطْعَمَ مِنْ طَعَامِي. قَالَ: فَقَالَ: مَا كُنْتُ أَرْضَى حَتَّى تَأْتِيَهُ فَتَبْصُقَ فِي وَجْهِهِ. فَفَعَلَ عُقْبَةُ، فَقُتِلَ يَوْمَ بَدْرٍ صَبْرًا كَافِرًا». أَخْرَجَهُ رَزِينٌ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) ﴿وَيَوْمَ يَعَضُّ ٱلظَّالِمُ عَلَىٰ يَدَيْهِ يَقُولُ يَٰلَيْتَنِى ٱتَّخَذْتُ مَعَ ٱلرَّسُولِ سَبِيلًا ۝ يَٰوَيْلَتَىٰ لَيْتَنِى لَمْ أَتَّخِذْ فُلَانًا خَلِيلًا ۝ لَّقَدْ أَضَلَّنِى عَنِ ٱلذِّكْرِ بَعْدَ إِذْ جَآءَنِى وَكَانَ ٱلشَّيْطَٰنُ لِلْإِنسَٰنِ خَذُولًا ۝ وَقَالَ ٱلرَّسُولُ يَٰرَبِّ إِنَّ قَوْمِى ٱتَّخَذُوا۟ هَٰذَا ٱلْقُرْءَانَ مَهْجُورًا﴾ «Сол күні залым аһ ұрып, бармағын шайнап, былай дейді: “Әттең, дүниеде әлгі пайғамбармен бірге бір жолға түскенімде ғой!” “Сорымның қайнағаны-ай! Пәленшені дос тұтпай-ақ қойғанымда ғой!” “Маған жеткен тағылым-насихатқа толы Кітаптан мені алыстатып, адастырған сол ғой”. Шүбәсіз, шайтан адамды қысылтаяңда тастап кете барады. Алла елшісі: “Уа, Раббым! Расында, қауымым бұл Құранды мүлдем тәрк қылды”, – деді»1 деген аяттарға қатысты былай түсіндірген: «Аятта айтылған залым – Ұқба ибн Әбу Муайт. Ал досы – Үмәйя ибн Халаф. Досының Үбәй болғаны да айтылады.

Аяттың түсу себебі осылармен байланысты. Ұқба ас әзірлеп, Құрайыштың беделді кісілерін шақырады. Олардың арасында Алла елшісі де (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бар еді. Ол Ұқба тәухид сөзін айтпайынша асқа қол созбайтынын білдіреді. Ұқба оның өтінішін орындайды. Мұны естіген досы Үмәйя ибн Халаф немесе Үбәй оған келіп: “Дініңнен шықтың ба?” – деп сұрайды. Ұқба: “Жоқ, бірақ оның ас ішпей үйімнен кетуінен ұялдым”, – деп жауап береді. Досы: “Олай болса, барып оның бетіне түкірмейінше, саған риза болмаймын”, – дейді. Ұқба оның айтқанын істейді. Бәдір күні Ұқба күпір күйінде тұтқынға алынып, өлім жазасына кесілді».

Риуаятты Рәзин келтірген, алайда оның дереккөзін атамаған. Мазмұны ұқсас нұсқаны Табари «Тәпсірінде» Ибн Аббасқа теліп берген (18-т., 6-б.). Риуаятты әл-Уахиди «Әсбәб ән-нузулда» (191-б.) және Суюти «Әд-Дурр әл-мансурда» (5-т., 68-б.) келтірген.

Түсіндірме

1. Бұл – Құран Кәрімнің жаман жолдастан сақтандыратын аяттарының бірі. Адам бұл дүниеде достары үшін барын салуы мүмкін. Алайда Алланың разылығы ескерілмеген достық ақыретте өкінішке соқтырады. Ибн Аббас (р.а.) аяттың түсу себебін түсіндіргенде, оқиғаға қатысы бар адамдардың есімдерін атап, ғибратты жұрттың жадында қалатындай етіп жеткізген.

2. Аяттың белгілі бір адамға байланысты түсуі оның үкімінің қияметке дейін баршаға ортақ болуына кедергі келтірмейді. Өйткені Құран барлық дәуірдегі мүміндерге арналған. Ғалымдар: «Түсу себебінің жеке болуы үкімнің жалпы болуына кедергі келтірмейді», – деген.

Үмәйя ибн Халафтың «Дініңнен шықтың ба?» деген сөзі – «Мұсылман болдың ба?» дегені. Өйткені мүшріктер о баста ардақты Пайғамбарға (с.а.с.) саби деп айтатын. Ибн әл-Әсирдің «ән-Ниһаясында» айтуы бойынша, «Жаһилият арабтары бір діннен шығып басқа дінге өткендерге саби дейтін». Мұсылмандар да Құрайыштың дінінен шығып, Ислам дініне өтіп жатқан еді. Бұл сөз «шығу» деген етістікті білдіретін «сабаә» түбірінен тараған. Жұлдыз туған жерінен шыққан кезде صَبَأَتِ النُّجُومُ («жұлдыздар туды») делінетін. «Саби» сөзі – мұсылмандарға қатысты жиі қолданылған сөздің біреуі, көпше түрі – «субат». Мұсылмандарға осы түбірден тараған «масбу» сөзін де қолданған.

  1. 1«Фурқан» сүресі, 27–30-аяттар.