Хадис

Қайыр сұрау

Кутуб ситтә, 11-том, 748-тарау · 16 хадис · № 4863–4878

ҚАНАҒАТ БӨЛІМІ

Хадистер

4863
Кутуб ситтә, № 4863 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Омар

عَنْ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَا تَزَالُ الْمَسْأَلَةُ بِأَحَدِكُمْ حَتَّى يَلْقَى اللَّهُ وَلَيْسَ فِي وَجْهِهِ مُزْعَةُ لَحْمٍ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: “Сендердің қайсыбірің қайыр сұрауын қоймаса, жүзінде бір жапырақ ет қалмаған күйде Аллаға жолығады”».1

  1. 1Бұхари, «Зекет», 52. Мүслим, «Зекет», 103 (№ 1040). Нәсәи, «Зекет», 83, (5/94).
4864
Кутуб ситтә, № 4864 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Сәмура ибн Жундуб

وَعَنْ سَمُرَةَ بْنِ جُنْدُبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: الْمَسَائِلُ كُدُوحٌ يَكْدَحُ بِهَا الرَّجُلُ وَجْهَهُ، فَمَنْ شَاءَ أَبْقَى عَلَى وَجْهِهِ، وَمَنْ شَاءَ تَرَكَ. إِلَّا أَنْ يَسْأَلَ الرَّجُلُ ذَا سُلْطَانٍ أَوْ فِي أَمْرٍ لَا يَجِدُ مِنْهُ بُدًّا. أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Сәмура ибн Жундаб (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: “Қайыр сұрау – адамның өз жүзін тырнап, жара салуы. Кім қаласа, жүзін сақтасын, кім қаласа, оны жараласын. Билік иесінен сұраған немесе басқа амалы қалмай сұраған адамның жөні бөлек”».1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Зекет», 26 (№ 1639). Тирмизи, «Зекет», 38 (№ 681). Нәсәи, «Зекет», 92, (5/100).
4865
Кутуб ситтә, № 4865 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ عَائِذِ بْنِ عَمْرٍو رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: سَأَلَ رَجُلٌ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَأَعْطَاهُ فَلَمَّا وَضَعَ رِجْلَهُ عَلَى أُسْكُفَّةِ الْبَابِ قَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَوْ تَعْلَمُونَ مَا فِي الْمَسْأَلَةِ مَا مَشَى أَحَدٌ إِلَى أَحَدٍ يَسْأَلُهُ شَيْئًا. أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Аиз ибн Амр (р.а.) айтады: «Бір кісі Алла елшісінен (с.а.с.) бір нәрсе сұрады. Алла елшісі оған сұрағанын берді. Әлгі кісі кетіп бара жатып, аяғын есіктің табалдырығына қойғанда, Алла елшісі (с.а.с.): “Сұраудың неге апарарын білсеңдер, біреуің де екінші біреуден бірдеңе сұрап бармас едіңдер”, – деді».1

  1. 1Нәсәи, «Зекет», 83 (5/94–95, № 2586).
4866
Кутуб ситтә, № 4866 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Зубәйір

وَعَنْ الزُّبَيْرِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَأَنْ يَأْخُذَ أَحَدُكُمْ أَحْبُلَهُ ثُمَّ يَأْتِيَ الْجَبَلَ فَيَأْتِيَ بِحُزْمَةٍ مِنْ حَطَبٍ عَلَى ظَهْرِهِ فَيَبِيعَهَا فَيَكُفَّ اللَّهُ بِهَا وَجْهَهُ، خَيْرٌ لَهُ مِنْ أَنْ يَسْأَلَ النَّاسَ، أَعْطُوهُ أَوْ مَنَعُوهُ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Зубәйір (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: “Сендердің қайсыбіріңнің арқанын алып тауға баруы, бір бума отынды арқалап әкеліп сатуы әрі сол арқылы Алланың оны қайыр сұраудың қорлығынан сақтауы – жұрттан қайыр сұрағанынан қайырлы. Өйткені олар сұрағанын беруі де, бермеуі де мүмкін”».1

Түсіндірме

1. Дініміз қайыр сұрау мәселесін егжей-тегжейлі қарастырған. Зәру жағдайда адамға өз халін өзгеге айтуға рұқсат етілген. Қайыр сұрауды кәсіпке, күнделікті әдетке айналдыруға тыйым салынған. Жоғарыдағы хадистердің негізгі мәні осында. Бұл туралы өзге де хадистер бар. Ғалымдар: «Кім малын көбейту үшін жұрттан сұраса, шоқ сұрағаны», – деген хадиске сүйеніп, қажеттен артық дүние сұрауға тыйым салған.

2. Хаттабидің пікірінше, тіленген адамның қияметте жүзі етсіз, терісі сыпырылған күйде келуі оның қадірі кеткенін бейнелейді. Ол былай түсіндіреді: «Қайыр сұраған адамның азабы жүзінен көрінеді. Өйткені жаза істеген әрекетіне сай болады. Тіленген адам жұрт алдында қарабет болып, абыройынан айырылады. Яки ол жүзі терісіз, сүйегі күйген күйде тіріледі. Сол белгі оның кім екенін танытады».

Ибн Әбу Жамра беттен еттің сыпырылып түсуін былай түсіндіреді: «Адамның келбеті мен көркі кетеді. Өйткені жүздің көркі оның етімен көрінеді».

Мүһәлләб хадистің тура мағынасын негізге алған. Оның пікірінше, қиямет күні күн жақындағанда, жүзінде ет қалмаған адамның бетін одан әрі күйдіреді. Мұнда қолы жете тұра малын көбейту үшін қайыр сұраған адамға садақа алу халал еместігі меңзеледі. Шын мұқтаж адамға айып жоқ, оның қайыр сұрауына рұқсат етіледі.

3. №4866 риуаятта адамның ризық табу үшін өзін ауыр жұмысқа салуы да қайыр сұраудан абзал екені айтылған. Осыдан шариғаттың тіленшілікті қаншалықты құптамайтыны көрінеді. Адам бір нәрсе сұрағанда жүзін төмен салса, сұрағаны берілмегенде қадірі одан әрі кетеді. Бұған қадірін түсіретін сөгіс пен тіл тигізу де қосылуы мүмкін. Сұрағанның бәріне бере берген кісінің өзі де таршылыққа түсер еді. Қайыр сұрауға еркіндік беріліп, сұрағанға беру міндетке айналса, адамдар еңбексіз күнелтуге үйреніп, шаруашылық тіршілік бұзылар еді. Сондықтан дініміз қайыр сұрауға шарт қойып, еңбекпен күн көруге шамасы жететін жанға тыйым салған.

  1. 1Бұхари, «Зекет», 50 (№ 1471), «Буюғ», 15 (№ 2075).
4867
Кутуб ситтә, № 4867 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Сәубан

وَعَنْ ثَوْبَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ يَتَكَفَّلُ لِي أَنْ لَا يَسْأَلَ النَّاسَ شَيْئًا وَأَتَكَفَّلُ لَهُ بِالْجَنَّةِ؟ فَقَالَ ثَوْبَانُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَنَا. فَكَانَ لَا يَسْأَلُ أَحَدًا شَيْئًا. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Сәубән (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.): “Ешкімнен ештеңе сұрамауға маған кім кепіл болады? Мен оған жәннатқа кіретініне кепіл боламын”, – деді. Сәубән: “Мен”, – деді. Содан кейін ол ешкімнен ештеңе сұрамады».1

Түсіндірме

Хадистегі «сұрау» сөзі «тіленшілік» ұғымынан кең. Өйткені ешкімнен ештеңе сұрамау талап етілген. Сахабалардан жеткен риуаяттар олардың осы мазмұндағы өсиетті тура мағынасында түсінгенін көрсетеді. Әбу Дәуіттің сол тараудағы өзге риуаятында кейбір сахабалардың қамшысы түсіп қалса, «алып берші» демей, мінісінен түсіп, өздері алғаны айтылады. Нәуәуи: «Бұл хадис болмашы нәрсені де өзгеден өтінбеуге шақырады», – дейді. Ғалымдардың айтуынша, ажалдан құтылу үшін көмек сұрауға болады. Өйткені зәрулік тыйым салынған іске де рұқсат береді. Тіпті кейбір ғалымдар мүмкіндігі бола тұра ондайда көмек сұрамай жан тапсырған адам күнә арқалайды деген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Зекет», 27 (№ 1643). Нәсәи, «Зекет», 86 (5/96, № 2590).
4868
Кутуб ситтә, № 4868 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Мұғауия

وَعَنْ مُعَاوِيَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَا تُلْحِفُوا فِي الْمَسْأَلَةِ، فَوَاللَّهِ لَا يَسْأَلُنِي أَحَدٌ مِنْكُمْ شَيْئًا فَتُخْرِجَ لَهُ مَسْأَلَتُهُ مِنِّي شَيْئًا وَأَنَا لَهُ كَارِهٌ فَيُبَارَكَ لَهُ فِيمَا أَعْطَيْتُهُ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Муғауия (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: “Сұрағанда қадалып, қайта-қайта өтінбеңдер. Алланың атымен ант етейін, араларыңнан біреу менен бір нәрсе сұрап, мен қаламасам да сұрағанын алса, оған бергенім берекелі болмайды”».1

Түсіндірме

Бұл хадисте Алла елшісі (с.а.с.) мұқтаждық туғанда өзгеден сұраудың әдебін үйретеді. Хадистегі «илхаф» сөзі «қадалып, қайта-қайта сұрау» дегенді білдіреді. Кейбір тіл мамандары оны «адамның мазасын алатындай дәрежеде өтіну» деп түсіндірген.

Нәсәи жеткізген хадис «илхаф» сөзінің мағынасын ашады. Әбу Сағид әл-Худри былай дейді: «Анам мені Алла елшісіне (с.а.с.) жіберді. Одан сұрайтын дүнием аз емес еді. Жанына барып отырдым. Ол маған бұрылып: “Кім барымен күнелтсе, Алла оны мұқтаж етпейді. Кім арын сақтаса, Алла оның арын сақтайды. Кім өзіне жетер мөлшерге қанағат етсе, Алла оған жеткізеді. Ал қырық дирхамға татитын дүниесі бола тұра сұраған адам қадалып сұраған болады”, – деді. Ішімнен: “Йақута деген түйем қырық дирхамнан да қымбат қой!” – дедім де, Алла елшісінен ештеңе сұрамай қайттым».2

Демек, осы риуаят бойынша «илхаф» сөзінің тағы бір мағынасы – қолында қырық дирхамға татитын мал-мүлкі бола тұра өзгеден сұрау. №4870 хадисте елу дирхам немесе соған тең алтын айтылған. Бұл мөлшерді қолма-қол ұстау шарт емес, соған татитын мүлкі болса жеткілікті.

  1. 1Мүслим, «Зекет», 99 (№ 1038). Нәсәи, «Зекет», 88 (5/97–98, № 2593).
  2. 2Нәсәи, «Зекет», № 2594.
4869
Кутуб ситтә, № 4869 · тараудағы реті: 7

وَعَنْ ابْنِ الْفِرَاسِيِّ: أَنَّ أَبَاهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، أَسْأَلُ؟ قَالَ: لَا. وَإِنْ كُنْتَ سَائِلًا لَا بُدَّ فَاسْأَلِ الصَّالِحِينَ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн әл-Фираси әкесінің (р.а.) былай дегенін жеткізеді: «Уа, Алла елшісі, өзгеден сұрасам бола ма?» Алла елшісі (с.а.с.): «Жоқ. Сұрамай амал таба алмасаң, ізгі адамдардан сұра», – деді.1

Түсіндірме

Мұндағы «салих» сөзі жәрдемдесуге шамасы жететін әрі ізгі адамды білдіреді. Ізгі жан мүмкіндігі болса, сұрағанды құр қол қайтармай, шын ықыласымен жәрдемдеседі. Дүниесі адал болғандықтан, Алланың разылығы үшін береді, жасаған жақсылығын міндетсінбейді.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Зекет», 28 (№ 1646). Нәсәи, «Зекет», 84 (5/95, № 2587).
4870
Кутуб ситтә, № 4870 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنْ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ سَأَلَ النَّاسَ وَلَهُ مَا يُغْنِيهِ جَاءَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ وَمَسْأَلَتُهُ فِي وَجْهِهِ خُمُوشٌ أَوْ خُدُوشٌ أَوْ كُدُوحٌ. قِيلَ: وَمَا يُغْنِيهِ؟ قَالَ: خَمْسُونَ دِرْهَمًا أَوْ قِيمَتُهَا مِنْ الذَّهَبِ. أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: “Кім қажетіне жетер дүниесі бола тұра жұрттан сұраса, қиямет күні сол сұрағаны жүзіндегі тырналған, сызылған немесе жараланған із болып көрінеді”. Одан: “Қажетіне жететін мөлшер қандай?” – деп сұрады. Ол: “Елу дирхам немесе соның құнына тең алтын”, – деді».1

Түсіндірме

1. Хадисте қажетінен артық дүние сұраған жанның қиямет күні жүзінде жара іздері болатыны айтылады. Жара ізін білдіретін «хумуш», «худуш», «кудух» сөздері мәндес. Бір мағынаны айқындау үшін үш сөз қатар қолданылған. Кейбір ғалымдар оларды бөлек түсіндірген: қажетінен аздап артық сұрағанның жүзі тырналғандай, одан көбірек сұрағанның жүзі тілінгендей, ал тым көп сұрағанның жүзі ойылып түскендей жараланады.

2. Хадисте байлық мөлшері сөз болғанымен, имам Мәлик пен Шафиғи: «Байлықтың бәріне бірдей өлшемі жоқ. Ол адамның халіне байланысты», – деген. Шафиғи: «Еңбек ете алатын адамның бір дирхамы болса да, бай саналады. Ал еңбекке шамасы жетпейтін, бала-шағасы көп адамның мың дирхамы болса да, кедей саналады», – дейді. Сәури, Ибн әл-Мубәрак, Ахмад пен Исхақ осы хадиске сүйеніп, елу дирхамы бар адамды бай санаған әрі оған садақа алу харам деген. Әбу Ханифа мен оның шәкірттері садақа алуға тыйым салынатын мөлшерді екі жүз дирхам деп көрсеткен. Осынша мүлкі бар адамға зекет беру парыз.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Зекет», 23 (№ 1626). Тирмизи, «Зекет», 22 (№ 650). Нәсәи, «Зекет», 87 (5/97). Ибн Мәжа, «Зекет», 26 (№ 1840).
4871
Кутуб ситтә, № 4871 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ سَأَلَ النَّاسَ أَمْوَالَهُمْ تَكَثُّرًا، فَإِنَّمَا يَسْأَلُ جَمْرًا فَلَيَسْتَقِلَّ أَوْ لِيَسْتَكْثِرْ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: “Кім дүниесін көбейту үшін жұрттан сұраса, шоқ сұрағаны. Ендеше сол шоқты қаласа азайтсын, қаласа көбейтсін”».1

  1. 1Мүслим, «Зекет», 105 (№ 1041).
4872
Кутуб ситтә, № 4872 · тараудағы реті: 10

وَعَنْ قَبِيصَةِ بْنِ مُخَارِقٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: تَحَمَّلْتُ حَمَالَةً فَلَقِيتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَسْأَلُهُ فِيهَا. فَقَالَ: أَقِمْ حَتَّى تَأْتِيَنَا الصَّدَقَةُ فَنَأْمُرَ لَكَ مِنْهَا. ثُمَّ قَالَ: يَا قَبِيصَةُ، إِنَّ الْمَسْأَلَةَ لَا تَحِلُّ إِلَّا لِأَحَدِ ثَلَاثَةٍ: رَجُلٍ تَحَمَّلَ حَمَالَةً، فَحَلَّتْ لَهُ الْمَسْأَلَةُ حَتَّى يُصِيبَهَا، ثُمَّ يُمْسِكُ، وَرَجُلٍ أَصَابَتْهُ جَائِحَةٌ فَاجْتَاحَتْ مَالَهُ فَحَلَّتْ لَهُ الْمَسْأَلَةُ حَتَّى يُصِيبَ قِوَامًا مِنْ عَيْشٍ، أَوْ قَالَ سِدَادًا مِنْ عَيْشٍ؛ وَرَجُلٍ أَصَابَتْهُ فَاقَةٌ، حَتَّى يَقُولَ ثَلَاثَةٌ مِنْ ذَوِي الْحِجَا مِنْ قَوْمِهِ: لَقَدْ أَصَابَتْ فُلَانًا فَاقَةٌ، فَحَلَّتْ لَهُ الْمَسْأَلَةُ حَتَّى يُصِيبَ قِوَامًا مِنْ عَيْشٍ، أَوْ قَالَ سِدَادًا مِنْ عَيْشٍ، فَمَا سِوَاهُنَّ مِنَ الْمَسْأَلَةِ يَا قَبِيصَةُ سُحْتٌ، يَأْكُلُهَا صَاحِبُهَا سُحْتًا. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Қабиса ибн Мухариқ (р.а.) айтады: «Екі жақты жарастыру үшін төленетін өтемді мойныма алдым. Алла елшісіне (с.а.с.) жолығып, соған көмек сұрадым. Ол: “Бізге садақа түскенше күте тұр. Сонда одан саған да үлес беруді бұйырамын”, – деді. Содан соң: “Уа, Қабиса! Сұрау тек үш түрлі адамға рұқсат”, – деді». Алла елшісі (с.а.с.) олардың әрқайсысын былай сипаттаған:

• «Бітім үшін өтем төлеуді мойнына алған адам сол қаражатты тапқанға дейін сұрай алады. Тапқан соң сұрауын тоқтатады».

• «Апатқа ұшырап, дүние-мүлкі түгел жойылған адам күнкөрісіне жетерлік қаражат тапқанға дейін сұрай алады».

• «Кедейлікке ұшыраған адамға да рұқсат. Өз жұртынан ақыл тоқтатқан үш кісі “Пәленше кедейлікке ұшырады” деп куәлік етсе, ол күнкөрісіне жетерлік қаражат тапқанша сұрай алады. Уа, Қабиса! Осы үшеуінен өзге сұрау – харам. Оны алған адам харам жеген болады».1

Түсіндірме

1. Екі тайпаны не екі адамды жарастыру үшін төленетін өтемді өз мойнына алған адамның беретін мүлкі «хәмәлә» деп аталады.

2. Хадисте өзгеден сұрауына рұқсат берілгендердің бірі – кедейлікке ұшыраған адам. Оның халін өз жұртынан үш адам растауға тиіс. Нәуәуи былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) куәгердің сол адамның өз жұртынан болуын шарт етті. Өйткені олар оның жасырын жайын, тұрмыс халін біледі». Куәгер ақыл-есі бүтін адам болуы керек. Ғапыл не мас адамның куәлігі қабылданбайды.

Куәгер санына қатысты шафиғилер осы үш кісінің куәлігі адамның кедейлігін анықтайды деген. Хадисті тура мағынасында ұстанған ғалымдар үштен кем куәгер жарамайды деген. Ғалымдардың көбі зинадан өзге істерге екі куәгер жеткілікті деп есептеп, бұл хадистегі үш санын құп көрілген амалға жатқызған. Куәлік бұрын бай болып, кейін мүлкінен айырылған адамның кедейлігін растауға керек. Ал әуелден кедей адамға өз халін айту жеткілікті.

Демек, хадисте аталған үш жағдайдан тыс жұрттан сұрау харам.

  1. 1Мүслим, «Зекет», 109 (№ 1044). Әбу Дәуіт, «Зекет», 26 (№ 1640). Нәсәи, «Зекет», 86 (5/96–97).
4873
Кутуб ситтә, № 4873 · тараудағы реті: 11Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: أَتَى رَجُلٌ مِنَ الْأَنْصَارِ يَسْأَلُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ: أَمَا فِي بَيْتِكَ شَيْءٌ؟ قَالَ: بَلَى؛ حِلْسٌ نَلْبَسُ بَعْضَهُ وَنَبْسُطُ بَعْضَهُ، وَقَعْبٌ نَشْرَبُ فِيهِ الْمَاءَ. فَقَالَ: ائْتِنِي بِهِمَا. فَأَتَاهُ بِهِمَا. فَأَخَذَهُمَا صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِيَدِهِ، وَقَالَ: مَنْ يَشْتَرِي هَذَيْنِ؟ قَالَ رَجُلٌ: أَنَا آخُذُهُمَا بِدِرْهَمٍ. قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَنْ يَزِيدُ عَلَى دِرْهَمٍ؟» مَرَّتَيْنِ أَوْ ثَلَاثًا. قَالَ رَجُلٌ: أَنَا آخُذُهُمَا بِدِرْهَمَيْنِ. فَأَعْطَاهُمَا إِيَّاهُ، وَأَخَذَ الدِّرْهَمَيْنِ فَأَعْطَاهُمَا لِلْأَنْصَارِيِّ، وَقَالَ: اشْتَرِ بِأَحَدِهِمَا طَعَامًا فَانْبِذُهُ إِلَى أَهْلِكَ، وَاشْتَرِ بِالْآخَرِ قَدُومًا فَأْتِنِي بِهِ. فَأَتَاهُ بِهِ فَشَدَّ فِيهِ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عُودًا بِيَدِهِ. ثُمَّ قَالَ لَهُ: اذْهَبْ فَاحْتَطِبْ وَبِعْ، وَلَا أَرَيَنَّكَ خَمْسَةَ عَشْرَ يَوْمًا. فَفَعَلَ ثُمَّ جَاءَ، وَقَدْ أَصَابَ عَشَرَةَ دَرَاهِمَ فَاشْتَرَى بِبَعْضِهَا ثَوْبًا وَبِبَعْضِهَا طَعَامًا فَقَالَ لَهُ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: هَذَا خَيْرٌ لَكَ مِنْ أَنْ تَجِيءَ الْمَسْأَلَةُ نُكْتَةً فِي وَجْهِكَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ، إِنَّ الْمَسْأَلَةَ لَا تَصْلُحُ إِلَّا لِذِي فَقْرٍ مُدْقِعٍ، أَوْ لِذِي غُرْمٍ مُفْظِعٍ، أَوْ لِذِي دَمٍ مُوجِعٍ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ، وَهَذَا لَفْظُهُ، وَالتِّرْمِذِيُّ بِاخْتِصَارٍ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) айтады: «Ансарлардан бір кісі Алла елшісіне (с.а.с.) келіп, бір нәрсе сұрады. Алла елшісі: “Үйіңде бірдеңе бар ма?” – деді. Ол: “Бір жүн матамыз бар. Бір шетін жамыламыз, бір шетін төсенеміз. Су ішетін бір ыдысымыз бар”, – деді. Алла елшісі: “Екеуін де әкел”, – деді. Әлгі кісі екеуін де алып келді. Алла елшісі заттарды қолына алып: “Мына екеуін кім сатып алады?” – деп сұрады. Бір кісі: “Бір дирхамға аламын”, – деді. Алла елшісі: “Бір дирхамнан артық беретін кім бар?” – деп екі-үш рет сұрады. Екінші бір кісі: “Екі дирхамға аламын”, – деді. Алла елшісі бұйымдарды соған берді де, екі дирхамды ансарлыққа ұстатып: “Біреуіне азық алып, отбасыңа апар. Екіншісіне балтаның басын сатып алып, маған әкел”, – деді. Әлгі кісі балтаның басын әкелгенде, Алла елшісі (с.а.с.) оған өз қолымен ағаш сап салды да: “Бар, отын жинап сат. Он бес күн бойы маған көрінбе”, – деді. Ол айтқанын орындап, он дирхам тауып келді. Ақшасының бір бөлігіне киім, бір бөлігіне азық алды. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Бұл саған қиямет күні қайыр сұрағаныңның жүзіңде дақ болып көрінуінен қайырлы. Сұрау тек тақыр кедейге, еңсесін басқан ауыр қарызы бар адамға немесе кісі құнын өтеуге міндетті адамға жарасады”, – деді».1

Түсіндірме

Хадистегі «қайғылы қан» тіркесі кісі құнын өтеуге міндетті адамға және оның туыстарына қатысты. Құн төлеуге тиіс адамның шамасы жетпесе, туыстары да қиындыққа түседі. Алла елшісі (с.а.с.) осындай жағдайда құн өтеуге міндетті адамның көмек сұрауына рұқсат берген.

Хадис кедейліктен шығудың пәрменді жолын да көрсетеді. Адам қолындағы ең қажетті затын да арзан-қымбатына қарамай сатып, шағын қаражат жинап, оны адал еңбекке не саудаға жұмсай алады. Сонда ешкімге кіріптар болмайды. Отбасымен қарапайым, тұрмыс жабдығы аз болса да, өмір сүре алады. Алла елшісі (с.а.с.) қарызға батып, сән-салтанатпен өмір сүруді құптамаған. Маңдай термен тапқан күнкөріс, қанша машақаты болса да, біреуге кіріптар болып өмір сүруден әлдеқайда абзал.

Хадисте себепсіз қайыр сұраған адамның қиямет күні жүзінде дақпен тірілетіні де айтылған. Сондықтан дені сау, еңбекке жарамды мұсылманға тіленшілік жараспайды.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Зекет», 26 (№ 1641). Тирмизи, «Буюғ», 10 (№ 1218). Ибн Мәжа, «Тижарат», 25 (№ 2198).
4874
Кутуб ситтә, № 4874 · тараудағы реті: 12

وَعَنْ حُبْشِيِّ بْنِ جُنَادَةَ السَّلُولِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: أَتَى أَعْرَابِيٌّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فِي حَجَّةِ الْوَدَاعِ وَهُوَ وَاقِفٌ بِعَرَفَةَ فَأَخَذَ بِطَرَفِ رِدَائِهِ، وَسَأَلَهُ إِيَّاهُ. فَأَعْطَاهُ إِيَّاهُ. فَذَهَبَ بِهِ مَعَهُ. فَعِنْدَ ذَلِكَ حُرِّمَتِ الْمَسْأَلَةُ. فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنَّ الصَّدَقَةَ لَا تَحِلُّ لِغَنِيٍّ، وَلَا لِذِي مِرَّةٍ سَوِيٍّ، وَلَا تَحِلُّ إِلَّا لِذِي فَقْرٍ مُدْقِعٍ، أَوْ غُرْمٍ مُفْظِعٍ، أَوْ دَمٍ مُوجِعٍ، وَمَنْ سَأَلَ النَّاسَ لِيُثْرِيَ بِهِ مَالَهُ كَانَ خُمُوشًا فِي وَجْهِهِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ وَرَضْفًا يَأْكُلُهُ مِنْ جَهَنَّمَ. فَمَنْ شَاءَ فَلْيُقِلَّ، وَمَنْ شَاءَ فَلْيُكْثِرْ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. وَزَادَ رَزِينُ رَحِمَهُ اللَّهِ: «وَإِنِّي أُعْطِي الرَّجُلَ الْعَطِيَّةَ فَيَنْطَلِقُ بِهَا تَحْتَ إِبْطِهِ أَوْ جَاعِلُهَا فِي بَطْنِهِ وَمَا هِيَ إِلَّا نَارٌ فَقَالَ لَهُ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: فَلِمَ تُعْطِي يَا رَسُولَ اللَّهِ مَا هُوَ نَارٌ؟ فَقَالَ: أَبَى اللَّهُ لِي الْبُخْلَ وَأَبَوْا إِلَّا مَسْأَلَتِي. قَالُوا: وَمَا الْغِنَى الَّذِي لَا يَنْبَغِي مَعَهُ الْمَسْأَلَةُ؟ قَالَ: قَدْرُ مَا يُغَدِّيهِ أَوْ يُعَشِّيهِ».

Қазақша аудармасы

Хабаши ибн Жунада әс-Сәлули (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) Қоштасу қажылығында Арафатта аялдап тұрғанда, бір бәдәуи келіп, оның жамылғысының ұшынан ұстап, жамылғысын сұрады. Алла елшісі оны берді. Әлгі кісі жамылғыны алып кетті. Сол кезде қайыр сұрауға тыйым салынды. Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: “Садақа байға да, дені сау, күш-қуаты бар адамға да халал емес. Ол тек тақыр кедейге, еңсесін басқан ауыр қарызы бар адамға немесе кісі құнын өтеуге міндетті адамға халал. Кім малын көбейту үшін жұртқа қол жайса, сұрап алғаны қиямет күні жүзін тырнаған жараға және тозақта жейтін қызған тасқа айналады. Ендеше қалағаны аз сұрасын, қалағаны көп сұрасын”».1

Рәзин мына сөздерді қосқан: «Мен бір адамға бір нәрсе беремін. Ол оны қолтығына қысып алып кетеді немесе жеп, асқазанына түсіреді. Ал алғаны ол үшін оттан басқа ештеңе емес».

Мұны естіген Омар (р.а.): «Уа, Алла елшісі! Онда оған от болатын нәрсені неге бересіз?» – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): «Алла менің сараң болуымды қаламады, ал жұрт менен сұрауын қоймады», – деді. Сонда сол жердегілер: «Қайыр сұрауды харам ететін байлықтың мөлшері қанша?» – деп сұрады. Ол: «Таңертеңге немесе кешке жететін ас», – деп жауап берді.

  1. 1Тирмизи, «Зекет», 23 (№ 653).
4875
Кутуб ситтә, № 4875 · тараудағы реті: 13Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنْ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ نَزَلَتْ بِهِ فَاقَةٌ فَأَنْزَلَهَا بِالنَّاسِ لَمْ تُسَدَّ فَاقَتُهُ، وَمَنْ نَزَلَتْ بِهِ فَاقَةٌ فَأَنْزَلَهَا بِاللَّهِ فَيُوشِكُ اللَّهُ لَهُ بِرِزْقٍ عَاجِلٍ أَوْ آجِلٍ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғудтан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Кім басына түскен кедейлікті жұртқа шағып, содан пана іздесе, кедейлігі сейілмейді. Ал кім кедейлікке ұшырап, мұңын Аллаға шақса, Алла оған ерте ме, кеш пе, несібесін жеткізеді».1

Түсіндірме

Хадисте Алла елшісі (с.а.с.) таршылық пен мұқтаждыққа ұшыраған адамға жұртқа шағымданбай, Аллаға жүгінуді өсиет етеді. Тиби мұнда кедейліктен құтылудың негізгі жолы деп жұрттан қайыр сұрауды білген адам меңзелгенін айтады.

Әбу Дәуіт келтірген нұсқада: «Кім кедейлігін Аллаға шақса, Алланың оған жақын ажалмен немесе жуық арада байлық беруімен жәрдем етуі мүмкін», – делінген. Түсіндірмешілер «жақын ажал» дегенді дәулетті туыстарының бірі қайтыс болып, әлгі адамға мұра қалуымен байланыстырған.

  1. 1Тирмизи, «Зуһд», 18 (басылымға қарай № 2326 немесе № 2327). Әбу Дәуіт, «Зекет», 28 (№ 1645).
4876
Кутуб ситтә, № 4876 · тараудағы реті: 14Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنْ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: شَرُّ النَّاسِ الَّذِي يَسْأَلُ بِوَجْهِ اللَّهِ وَلَا يُعْطَى بِهِ. وَقَالَ: لَا تَسْأَلُوا بِوَجْهِ اللَّهِ إِلَّا مِنْهُ. أَخْرَجَهُ رَزِينُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: “Адамдардың ең жаманы – ‘Алланың разылығы үшін’ деп сұрап, сұрағаны берілмеген адам”».

Ибн Аббас: «“Алланың разылығы үшін” деп жұрттан сұрамаңдар. Бұл тіркесті Алладан сұрағанда ғана қолданыңдар», – дейтін.1

Түсіндірме

Екі дереккөзде хадис әртүрлі харакатпен берілгендіктен, мағынасы да екі түрлі түсіндірілген.

«Әл-Жәмиғ әс-сағирде»: «Адамдардың ең жаманы – өзінен “Алланың атымен сұраймын” деп сұраған кісіге бермеген адам», – делінген. Мунауи де осылай түсіндіреді. Нәсәи нұсқасында: «Адамдардың ең жаманын айтайын. Ол Алланың атымен сұрайды, ал өзінен Алланың атымен сұрағанда бермейді», – делінген. Синди: «Бұл адам екі жағымсыз іс істеді: Алланың атымен сұрады, ал өзінен Алланың атымен сұрағанда бермеді», – деп екі әдепке назар аударады.

1) Өзгеден бір нәрсе сұрағанда «Алланың атымен», «Құдай үшін», «Алланың разылығы үшін» деген тіркестерді қолданбаған жөн.

2) Біреу осындай сөзбен өтініш айтса, мүмкіндігінше сұрағанын орындаған жөн.

  1. 1Рәзин келтірген. Суюти, «Әл-Жәмиғ әс-сағир», № 4860. Мунауи, «Файз әл-Қадир», 4/159. Нәсәи, «Зекет», 74 (5/83–84, № 2569), бірінші бөлігінің өзге нұсқасы.
4877
Кутуб ситтә, № 4877 · тараудағы реті: 15Риуаят етуші: Әли

وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَنَّهُ سَمَعَ رَجُلًا يَسْأَلُ النَّاسَ يَوْمَ عَرَفَةَ. فَقَالَ: أَفِي هَذَا الْيَوْمِ وَفِي هَذَا الْمَكَانَ تَسْأَلُ مِنْ غَيْرِ اللَّهِ؟ وَخَفَقَهُ بِالدِّرَّةِ. أَخْرَجَهُ رَزِينُ.

Қазақша аудармасы

Әлиден (р.а.) жеткен риуаятта оның Арапа күні жұрттан садақа сұраған кісіні көріп: «Осындай күні, осындай жерде Алладан басқадан сұрайсың ба?» – деп, оған шыбығын тигізгені айтылады.1

  1. 1Рәзин келтірген. Ибраһим Жанан, «Күтүб-и Ситтә тәржімесі мен шархы», 14-том, 68-бет.
4878
Кутуб ситтә, № 4878 · тараудағы реті: 16Риуаят етуші: Омар

وَعَنْ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: تَعَلَّمُوا أَيُّهَا النَّاسُ أَنَّ الطَّمَعَ فَقْرٌ، وَأَنَّ الْيَأْسَ غِنًى، وَأَنَّ الْمَرْءَ إِذَا أَيِسَ مِنْ شَيْءٍ اسْتَغْنَى عَنْهُ. أَخْرَجَهُ رَزِينُ.

Қазақша аудармасы

Омар (р.а.) жұртқа былай деді: «Уа, адамдар! Біліңдер: ашкөздік – кедейлік, дәметпеу – байлық. Адам бір нәрсені дәметпесе, оған мұқтаж болмайды».1

  1. 1Рәзин келтірген. Ибраһим Жанан, «Күтүб-и Ситтә тәржімесі мен шархы», 14-том, 68-бет.