Хадис

Берілген сыйды қабылдау

Кутуб ситтә, 11-том, 749-тарау · 2 хадис · № 4879–4880

ҚАНАҒАТ БӨЛІМІ

Хадистер

4879
Кутуб ситтә, № 4879 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Омар

عَنْ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَنَّ عُمَرَ قَالَ: كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُعْطِينِي الْعَطَاءَ، فَأَقُولُ: أَعْطِهِ مَنْ هُوَ أَفْقَرُ إِلَيْهِ مِنِّي، فَيَقُولُ: خُذْهُ، وَمَا جَاءَكَ مِنْ هَذَا الْمَالِ وَأَنْتَ غَيْرُ مُشْرِفٍ وَلَا سَائِلٍ فَخُذْهُ فَتَمَوَّلْهُ، فَإِنْ شِئْتَ فَكُلْهُ، وَإِنْ شِئْتَ فَتَصَدَّقْ بِهِ، وَمَا لَا فَلَا تُتْبِعْهُ نَفْسَكَ. قَالَ سَالِمٌ: فَلِأَجْلِ ذَلِكَ كَانَ عَبْدُ اللَّهِ لَا يَسْأَلُ أَحَدًا شَيْئًا وَلَا يَرُدُّ شَيْئًا أُعْطِيَهُ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) әкесі Омар ибн әл-Хаттабтың (р.а.) мына сөзін жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) маған ара-тұра сый беретін. Мен: “Уа, Алла елшісі, мұны менен де мұқтаж адамға берсеңіз!” – дейтінмін. Ол: “Ал. Осы дүниеден өзің сұрамай, дәметпей тұрғаныңда бір нәрсе келсе, оны қабыл алып, өз мүлкің ет. Қаласаң, өзің пайдалан, қаласаң, садақа бер. Ал бұлай келмеген дүниеге көңіліңді байлама”, – деді».

Ибн Омардан осы хадисті жеткізген Сәлим: «Осыған орай Абдулла ешкімнен ештеңе сұрамайтын, ал сұрамай берілген нәрседен бас тартпайтын», – дейді.1

Түсіндірме

1. Хадис мүміннің өзіне берілген сыйды қабылдауына өлшем белгілейді. Бұхари нұсқасында мәселені аша түсетін деректер бар. Омардың қызметкерлерінің бірі Абдулла ибн әс-Сағди Омар халифа болған кезде оған келеді. Омар: «Мемлекет ісін мойныңа алып атқарғаныңмен, соған берілген ақыны алмайды екенсің. Осы рас па?» – деп сұрайды. «Иә», – деген жауапты естіген соң: «Ондағы мақсатың не?» – дейді. Абдулла: «Аттарым мен қызметшілерім бар. Тұрмысым жеткілікті. Өзіме тиесілі ақының мұсылмандарға садақа болғанын қалаймын», – дейді. Омар оған: «Олай істеме. Алла елшісінің (с.а.с.) тұсында мен де сен сияқты ойлағанмын. Ол мені қызметке тағайындап, ақы бергенде: “Мұны менен мұқтаж адамға беріңіз”, – дейтінмін. Бірде тағы мүлік берді. Сол сөзімді қайталадым. Сонда ол: “Мұны ал да, өз мүлкің ет. Содан кейін садақа бер. Бұл дүние сұрамаған, дәметпеген кезіңде келсе, ал. Бұлай келмеген дүниеге көңіліңді байлама”, – деді», – деп жауап береді.

Осы мәселе жайлы басқа риуаяттарда Омардың Абдулла ибн әс-Сағдиге мың динар жібергені, Абдулланың «мұқтаж емеспін» деп ақшаны қайтарғаны және содан кейін Омардың әлгі өсиетті айтқаны баяндалады.

Ибн Баттал Алла елшісі (с.а.с.) Омарға мұндайда ең көркем ұстанымды үйреткенін айтады: «Біреу сый ұсынғанда “оны менен мұқтаж адамға бер” деу – жақсы іс. Сыйды қабылдап алып, кейін мұқтаж жанға садақа ету арқылы екі игілікке кенеледі. Сый иесінің көңілі қалмайды, Алла жолында садақа да беріледі. Сауабы да молырақ болады».

2. Нәуәуидің айтуынша, хадис сұрауға тыйым салады. Ғалымдар зәрулік тумаған жағдайда қайыр сұрауға болмайтынына келіскен. Ал дүние жинау үшін сұрау жайында пікірлері әртүрлі. Оның харам екеніне дәлел басым. Кейбір ғалымдар үш шарт орындалса, рұқсат деген:

• Адам өзін кемсітіп, қадірін түсірмеуі керек.

• Қадалып, қайта-қайта сұрамауы керек.

• Сұраған адамын ыңғайсыз жағдайға қалдырмауы керек.

Осы шарттардың бірі орындалмаса, сұрау харам.

3. «Ол дүниеге көңіліңді байлама» дегенді ғалымдар: «Дүние өздігінен келмесе, сұрап, талап етпе», – деп түсіндірген.

4. Нәуәуи хадистен Омардың әдептілігі мен дүниеге қызықпағанын аңғарады. Бұл қасиеттер Абдулла ибн әс-Сағдиге де тән.

  1. 1Бұхари, «Ахкам», 17, «Зекет», 51. Мүслим, «Зекет», 110 (№ 1045). Нәсәи, «Зекет», 94 (5/105).
4880
Кутуб ситтә, № 4880 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ عَمْرِو بْنِ تَغْلِبَ قَالَ: أُتِيَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِمَالٍ أَوْ شَيْءٍ فَقَسَّمَهُ فَأَعْطَى رِجَالًا وَتَرَكَ آخَرِينَ. فَبَلَغَهُ أَنَّ الَّذِينَ تَرَكَهُمْ عَتَبُوا عَلَيْهِ. فَحَمِدَ اللَّهَ وَأَثْنَى عَلَيْهِ ثُمَّ قَالَ: أَمَّا بَعْدُ، فَوَاللَّهِ إِنِّي أُعْطِي الْرَّجُلَ، وَأَدَعُ الرَّجُلَ، وَالَّذِي أَدَعُ أَحَبُّ إِلَيَّ مِنَ الَّذِي أُعْطِي، وَلَكِنِّي أُعْطِي أَقْوَامًا لِمَا أَرَى فِي قُلُوبِهِمْ مِنَ الْجَزَعِ وَالْهَلَعِ، وَأَكِلُ أَقْوَامًا إِلَى مَا جَعَلَ اللَّهُ فِي قُلُوبِهِمْ مِنَ الْغِنَى وَالْخَيْرِ: مِنْهُمْ عَمْرُو بْنُ تَغْلِبَ. قَالَ عَمْرُو: فَوَاللَّهِ مَا أُحِبُّ أَنَّ لِي بِكَلِمَةِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ حُمْرَ النَّعَمِ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Амр ибн Тағлиб айтады: «Алла елшісіне (с.а.с.) бір мал не мүлік әкелінді. Ол оны бөліп, біреулерге берді де, басқаларға бермеді. Үлес тимегендердің наразылық білдіргені оған жетті. Ол Аллаға мақтау-мадақ айтып, былай деді: “Алланың атымен ант етемін, біреуге беріп, біреуге бермейтінім бар. Бергенімнен гөрі бермегенім маған сүйіктірек. Кейбіреулерге жүректерінен көрген сабырсыздығы мен ашкөздігі үшін беремін. Ал басқаларын Алла жүректеріне ұялатқан байлық пен ізгілікке тапсырамын. Солардың бірі – Амр ибн Тағлиб”». Амр: «Алланың атымен ант етемін, Алла елшісінің мен туралы айтқан осы сөзіне қызыл түйелер берілсе де айырбастамас едім», – дейді.1

Түсіндірме

1. Хадистен Алла елшісінің (с.а.с.) кейде белгілі мүдделерді ескеріп мүлік бөлгені көрінеді. Басты мақсаты – адамдардың көңілін тауып, Исламға ықыласын арттыру. Басқа бір нұсқада: «Кейбіріне жүректері ауып кете ме, сабырсыздық таныта ма деп қауіптеніп беремін», – делінген. Мұндай адамдар жүректері жібітілетіндер деп аталған.

2. Хадис адам табиғатының бір қырын ашады: оның жүрегінде сабырсыздық пен ашкөздік бар. Ибн Баттал Алланың адамға сабыр мен сабырсыздықты, сараңдық пен жомарттықты дарытқанын айтқан ғалымдардың сөзіне сүйеніп, былай дейді: «Алла намазын үзбей оқыған адамды сабырсыздық пен жаман мінезден арылтады. Олар намазды қайта-қайта оқудан жалықпайды, налымайды, малынан Алланың ақысын беруге сараңдық танытпайды. Ондай адам сауабын алатынына, ақыретіне азық жинайтынына және пайдасы мол сауда жасайтынына сеніп, малын Алла жолында жомарттықпен жұмсайды. Мінезі нашар, сараң, Алланың тағдырына сабыр ете алмай тұрып, өзін қуатты санайтын адам өтірік айтады».

3. Хадис осы дүниеде ризыққа кенелгендердің бәрі ақыретте сондай ризыққа ие бола бермейтінін көрсетеді. Өйткені дүние несібесі белгілі себептер мен шарттарға байланысты. Алла елшісі (с.а.с.) сабырсыздық пен ашкөздік таныта ма деп қауіптенгендерге үлес берді, ал ақыреттегі сый мен сауапқа берік сенгендерге бермеді.

4. Адамның табиғатында сыйды ұнату, сараңдықты жек көру бар. Кейбір адам бергеннен алғанды жақсы көреді, сый тимесе, сабыры сарқылып, шамданады. Ал кейбірін Алла осы мінезден сақтаған.

5. Қалағанымыз әрдайым орындала бермейді. Тілегеніміздің берілмеуі де бізге қайырлы болуы мүмкін. Құранда былай делінген: ﴿وَعَسَىٰ أَنْ تَكْرَهُوا شَيْئًا وَهُوَ خَيْرٌ لَكُمْ﴾ «Қайдан білесіңдер, бәлкім, ұнатпаған нәрселерің өздерің үшін қайырлы болар»2.

Сахабалардың ақыретке сенімі сондай берік еді, Алла елшісінің (с.а.с.) өздері туралы бір ауыз сөзін қызыл түйелерден артық көрген.

6. Сабырсыздық таныта ма деп қауіптенген немесе сыйдың арқасында дінге ықыласы арта ма деп үміт етілген адамның жүрегін жылыту үшін оған сый беруге болады.

7. Хадисте сөз болған адам табиғаты «Мағариж» сүресінде де сипатталған: ﴿إِنَّ الْإِنْسَانَ خُلِقَ هَلُوعًا ۝ إِذَا مَسَّهُ الشَّرُّ جَزُوعًا ۝ وَإِذَا مَسَّهُ الْخَيْرُ مَنُوعًا ۝ إِلَّا الْمُصَلِّينَ ۝ الَّذِينَ هُمْ عَلَىٰ صَلَاتِهِمْ دَائِمُونَ ۝ وَالَّذِينَ فِي أَمْوَالِهِمْ حَقٌّ مَعْلُومٌ ۝ لِلسَّائِلِ وَالْمَحْرُومِ ۝ وَالَّذِينَ يُصَدِّقُونَ بِيَوْمِ الدِّينِ ۝ وَالَّذِينَ هُمْ مِنْ عَذَابِ رَبِّهِمْ مُشْفِقُونَ﴾ «Адам баласы шыдамсыз болып жаралған. Жамандыққа тап болса, мазасыз налығыш келеді. Ал жақсылық дарыса, сараң болады. Ал намаз оқитындардың жөні бөлек. Олар намаздарын үзбей оқитындар. Әрі өз дүние-мүліктерінен белгілі мөлшерде алынатын ақы бар екенін білетіндер, Қайыр тілеуден басқа амалы қалмаған пақырлардың һәм қайыр сұраудан қымсынатын мал-дүниеден мақұрым жандардың ақысы. Әрі олар Дін күніне сенеді һәм растайды. Әрі олар Раббыларының азабынан қатты қорқатындар»3.

Қазылық үкімдер

«Қазы» – тілімізге енген, «үкім беруші, шешім шығарушы» деген мағынаны білдіретін сөз. Белгілі заңдар мен қағидаларға сүйеніп үкім айтатын адамды қазы дейді. Шариғат үкімдеріне сүйеніп, екі немесе одан да көп адамның арасындағы дауды шешкен адам да қазы аталады. Қазір бұл қызметті сот атқарады.

  1. 1Бұхари, «Жұма», 29 (№ 923), «Хумус», 19, «Тәухид», 49.
  2. 2«Бақара» сүресі, 216-аят.
  3. 3«Мағариж» сүресі, 19–27-аяттар.