وَعَنْ عَمْرِو بْنِ تَغْلِبَ قَالَ: أُتِيَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِمَالٍ أَوْ شَيْءٍ فَقَسَّمَهُ فَأَعْطَى رِجَالًا وَتَرَكَ آخَرِينَ. فَبَلَغَهُ أَنَّ الَّذِينَ تَرَكَهُمْ عَتَبُوا عَلَيْهِ. فَحَمِدَ اللَّهَ وَأَثْنَى عَلَيْهِ ثُمَّ قَالَ: أَمَّا بَعْدُ، فَوَاللَّهِ إِنِّي أُعْطِي الْرَّجُلَ، وَأَدَعُ الرَّجُلَ، وَالَّذِي أَدَعُ أَحَبُّ إِلَيَّ مِنَ الَّذِي أُعْطِي، وَلَكِنِّي أُعْطِي أَقْوَامًا لِمَا أَرَى فِي قُلُوبِهِمْ مِنَ الْجَزَعِ وَالْهَلَعِ، وَأَكِلُ أَقْوَامًا إِلَى مَا جَعَلَ اللَّهُ فِي قُلُوبِهِمْ مِنَ الْغِنَى وَالْخَيْرِ: مِنْهُمْ عَمْرُو بْنُ تَغْلِبَ. قَالَ عَمْرُو: فَوَاللَّهِ مَا أُحِبُّ أَنَّ لِي بِكَلِمَةِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ حُمْرَ النَّعَمِ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.
Амр ибн Тағлиб айтады: «Алла елшісіне (с.а.с.) бір мал не мүлік әкелінді. Ол оны бөліп, біреулерге берді де, басқаларға бермеді. Үлес тимегендердің наразылық білдіргені оған жетті. Ол Аллаға мақтау-мадақ айтып, былай деді: “Алланың атымен ант етемін, біреуге беріп, біреуге бермейтінім бар. Бергенімнен гөрі бермегенім маған сүйіктірек. Кейбіреулерге жүректерінен көрген сабырсыздығы мен ашкөздігі үшін беремін. Ал басқаларын Алла жүректеріне ұялатқан байлық пен ізгілікке тапсырамын. Солардың бірі – Амр ибн Тағлиб”». Амр: «Алланың атымен ант етемін, Алла елшісінің мен туралы айтқан осы сөзіне қызыл түйелер берілсе де айырбастамас едім», – дейді.1
Түсіндірме
1. Хадистен Алла елшісінің (с.а.с.) кейде белгілі мүдделерді ескеріп мүлік бөлгені көрінеді. Басты мақсаты – адамдардың көңілін тауып, Исламға ықыласын арттыру. Басқа бір нұсқада: «Кейбіріне жүректері ауып кете ме, сабырсыздық таныта ма деп қауіптеніп беремін», – делінген. Мұндай адамдар жүректері жібітілетіндер деп аталған.
2. Хадис адам табиғатының бір қырын ашады: оның жүрегінде сабырсыздық пен ашкөздік бар. Ибн Баттал Алланың адамға сабыр мен сабырсыздықты, сараңдық пен жомарттықты дарытқанын айтқан ғалымдардың сөзіне сүйеніп, былай дейді: «Алла намазын үзбей оқыған адамды сабырсыздық пен жаман мінезден арылтады. Олар намазды қайта-қайта оқудан жалықпайды, налымайды, малынан Алланың ақысын беруге сараңдық танытпайды. Ондай адам сауабын алатынына, ақыретіне азық жинайтынына және пайдасы мол сауда жасайтынына сеніп, малын Алла жолында жомарттықпен жұмсайды. Мінезі нашар, сараң, Алланың тағдырына сабыр ете алмай тұрып, өзін қуатты санайтын адам өтірік айтады».
3. Хадис осы дүниеде ризыққа кенелгендердің бәрі ақыретте сондай ризыққа ие бола бермейтінін көрсетеді. Өйткені дүние несібесі белгілі себептер мен шарттарға байланысты. Алла елшісі (с.а.с.) сабырсыздық пен ашкөздік таныта ма деп қауіптенгендерге үлес берді, ал ақыреттегі сый мен сауапқа берік сенгендерге бермеді.
4. Адамның табиғатында сыйды ұнату, сараңдықты жек көру бар. Кейбір адам бергеннен алғанды жақсы көреді, сый тимесе, сабыры сарқылып, шамданады. Ал кейбірін Алла осы мінезден сақтаған.
5. Қалағанымыз әрдайым орындала бермейді. Тілегеніміздің берілмеуі де бізге қайырлы болуы мүмкін. Құранда былай делінген: ﴿وَعَسَىٰ أَنْ تَكْرَهُوا شَيْئًا وَهُوَ خَيْرٌ لَكُمْ﴾ «Қайдан білесіңдер, бәлкім, ұнатпаған нәрселерің өздерің үшін қайырлы болар»2.
Сахабалардың ақыретке сенімі сондай берік еді, Алла елшісінің (с.а.с.) өздері туралы бір ауыз сөзін қызыл түйелерден артық көрген.
6. Сабырсыздық таныта ма деп қауіптенген немесе сыйдың арқасында дінге ықыласы арта ма деп үміт етілген адамның жүрегін жылыту үшін оған сый беруге болады.
7. Хадисте сөз болған адам табиғаты «Мағариж» сүресінде де сипатталған: ﴿إِنَّ الْإِنْسَانَ خُلِقَ هَلُوعًا إِذَا مَسَّهُ الشَّرُّ جَزُوعًا وَإِذَا مَسَّهُ الْخَيْرُ مَنُوعًا إِلَّا الْمُصَلِّينَ الَّذِينَ هُمْ عَلَىٰ صَلَاتِهِمْ دَائِمُونَ وَالَّذِينَ فِي أَمْوَالِهِمْ حَقٌّ مَعْلُومٌ لِلسَّائِلِ وَالْمَحْرُومِ وَالَّذِينَ يُصَدِّقُونَ بِيَوْمِ الدِّينِ وَالَّذِينَ هُمْ مِنْ عَذَابِ رَبِّهِمْ مُشْفِقُونَ﴾ «Адам баласы шыдамсыз болып жаралған. Жамандыққа тап болса, мазасыз налығыш келеді. Ал жақсылық дарыса, сараң болады. Ал намаз оқитындардың жөні бөлек. Олар намаздарын үзбей оқитындар. Әрі өз дүние-мүліктерінен белгілі мөлшерде алынатын ақы бар екенін білетіндер, Қайыр тілеуден басқа амалы қалмаған пақырлардың һәм қайыр сұраудан қымсынатын мал-дүниеден мақұрым жандардың ақысы. Әрі олар Дін күніне сенеді һәм растайды. Әрі олар Раббыларының азабынан қатты қорқатындар»3.
Қазылық үкімдер
«Қазы» – тілімізге енген, «үкім беруші, шешім шығарушы» деген мағынаны білдіретін сөз. Белгілі заңдар мен қағидаларға сүйеніп үкім айтатын адамды қазы дейді. Шариғат үкімдеріне сүйеніп, екі немесе одан да көп адамның арасындағы дауды шешкен адам да қазы аталады. Қазір бұл қызметті сот атқарады.