Хадис

Кутуб ситтә, № 4866

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
748. Қайыр сұрау
Нөмірі
№ 4866 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
4866
Кутуб ситтә, № 4866 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Зубәйір

وَعَنْ الزُّبَيْرِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَأَنْ يَأْخُذَ أَحَدُكُمْ أَحْبُلَهُ ثُمَّ يَأْتِيَ الْجَبَلَ فَيَأْتِيَ بِحُزْمَةٍ مِنْ حَطَبٍ عَلَى ظَهْرِهِ فَيَبِيعَهَا فَيَكُفَّ اللَّهُ بِهَا وَجْهَهُ، خَيْرٌ لَهُ مِنْ أَنْ يَسْأَلَ النَّاسَ، أَعْطُوهُ أَوْ مَنَعُوهُ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Зубәйір (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: “Сендердің қайсыбіріңнің арқанын алып тауға баруы, бір бума отынды арқалап әкеліп сатуы әрі сол арқылы Алланың оны қайыр сұраудың қорлығынан сақтауы – жұрттан қайыр сұрағанынан қайырлы. Өйткені олар сұрағанын беруі де, бермеуі де мүмкін”».1

Түсіндірме

1. Дініміз қайыр сұрау мәселесін егжей-тегжейлі қарастырған. Зәру жағдайда адамға өз халін өзгеге айтуға рұқсат етілген. Қайыр сұрауды кәсіпке, күнделікті әдетке айналдыруға тыйым салынған. Жоғарыдағы хадистердің негізгі мәні осында. Бұл туралы өзге де хадистер бар. Ғалымдар: «Кім малын көбейту үшін жұрттан сұраса, шоқ сұрағаны», – деген хадиске сүйеніп, қажеттен артық дүние сұрауға тыйым салған.

2. Хаттабидің пікірінше, тіленген адамның қияметте жүзі етсіз, терісі сыпырылған күйде келуі оның қадірі кеткенін бейнелейді. Ол былай түсіндіреді: «Қайыр сұраған адамның азабы жүзінен көрінеді. Өйткені жаза істеген әрекетіне сай болады. Тіленген адам жұрт алдында қарабет болып, абыройынан айырылады. Яки ол жүзі терісіз, сүйегі күйген күйде тіріледі. Сол белгі оның кім екенін танытады».

Ибн Әбу Жамра беттен еттің сыпырылып түсуін былай түсіндіреді: «Адамның келбеті мен көркі кетеді. Өйткені жүздің көркі оның етімен көрінеді».

Мүһәлләб хадистің тура мағынасын негізге алған. Оның пікірінше, қиямет күні күн жақындағанда, жүзінде ет қалмаған адамның бетін одан әрі күйдіреді. Мұнда қолы жете тұра малын көбейту үшін қайыр сұраған адамға садақа алу халал еместігі меңзеледі. Шын мұқтаж адамға айып жоқ, оның қайыр сұрауына рұқсат етіледі.

3. №4866 риуаятта адамның ризық табу үшін өзін ауыр жұмысқа салуы да қайыр сұраудан абзал екені айтылған. Осыдан шариғаттың тіленшілікті қаншалықты құптамайтыны көрінеді. Адам бір нәрсе сұрағанда жүзін төмен салса, сұрағаны берілмегенде қадірі одан әрі кетеді. Бұған қадірін түсіретін сөгіс пен тіл тигізу де қосылуы мүмкін. Сұрағанның бәріне бере берген кісінің өзі де таршылыққа түсер еді. Қайыр сұрауға еркіндік беріліп, сұрағанға беру міндетке айналса, адамдар еңбексіз күнелтуге үйреніп, шаруашылық тіршілік бұзылар еді. Сондықтан дініміз қайыр сұрауға шарт қойып, еңбекпен күн көруге шамасы жететін жанға тыйым салған.

  1. 1Бұхари, «Зекет», 50 (№ 1471), «Буюғ», 15 (№ 2075).