Хадис

Кутуб ситтә, № 4868

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
748. Қайыр сұрау
Нөмірі
№ 4868 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 6
4868
Кутуб ситтә, № 4868 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Мұғауия

وَعَنْ مُعَاوِيَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَا تُلْحِفُوا فِي الْمَسْأَلَةِ، فَوَاللَّهِ لَا يَسْأَلُنِي أَحَدٌ مِنْكُمْ شَيْئًا فَتُخْرِجَ لَهُ مَسْأَلَتُهُ مِنِّي شَيْئًا وَأَنَا لَهُ كَارِهٌ فَيُبَارَكَ لَهُ فِيمَا أَعْطَيْتُهُ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Муғауия (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: “Сұрағанда қадалып, қайта-қайта өтінбеңдер. Алланың атымен ант етейін, араларыңнан біреу менен бір нәрсе сұрап, мен қаламасам да сұрағанын алса, оған бергенім берекелі болмайды”».1

Түсіндірме

Бұл хадисте Алла елшісі (с.а.с.) мұқтаждық туғанда өзгеден сұраудың әдебін үйретеді. Хадистегі «илхаф» сөзі «қадалып, қайта-қайта сұрау» дегенді білдіреді. Кейбір тіл мамандары оны «адамның мазасын алатындай дәрежеде өтіну» деп түсіндірген.

Нәсәи жеткізген хадис «илхаф» сөзінің мағынасын ашады. Әбу Сағид әл-Худри былай дейді: «Анам мені Алла елшісіне (с.а.с.) жіберді. Одан сұрайтын дүнием аз емес еді. Жанына барып отырдым. Ол маған бұрылып: “Кім барымен күнелтсе, Алла оны мұқтаж етпейді. Кім арын сақтаса, Алла оның арын сақтайды. Кім өзіне жетер мөлшерге қанағат етсе, Алла оған жеткізеді. Ал қырық дирхамға татитын дүниесі бола тұра сұраған адам қадалып сұраған болады”, – деді. Ішімнен: “Йақута деген түйем қырық дирхамнан да қымбат қой!” – дедім де, Алла елшісінен ештеңе сұрамай қайттым».2

Демек, осы риуаят бойынша «илхаф» сөзінің тағы бір мағынасы – қолында қырық дирхамға татитын мал-мүлкі бола тұра өзгеден сұрау. №4870 хадисте елу дирхам немесе соған тең алтын айтылған. Бұл мөлшерді қолма-қол ұстау шарт емес, соған татитын мүлкі болса жеткілікті.

  1. 1Мүслим, «Зекет», 99 (№ 1038). Нәсәи, «Зекет», 88 (5/97–98, № 2593).
  2. 2Нәсәи, «Зекет», № 2594.