وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: سُئِلَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَنْ أَوْلَادِ الْمُشْرِكِينَ فَقَالَ: «اللَّهُ إِذْ خَلَقَهُمْ أَعْلَمُ بِمَا كَانُوا عَامِلِينَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.
Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінен (с.а.с.) мүшріктердің балалары туралы сұрағанда, ол: “Алла оларды жаратқанда, олардың не істейтінін бәрінен де жақсы білген”, – деді»1.
Түсіндірме
Алдыңғы хадис мұсылман балаларының жәннатқа кіретіні туралы кесімді үкім айтудан сақтандырады. Екінші хадис те мүшрік балаларының тозаққа кіретіні туралы кесімді үкім айтудан сақтандырады.
Балиғатқа жетпей қайтыс болған балалардың жайы туралы бірнеше риуаят бар. Риуаяттардың әртүрлілігіне қарай ғалымдар да әрқилы пікір айтқан.
1) Хаммад ибн Сәләма, Хаммад ибн Зәйд, Ибн әл-Мүбәрак және Исхақ ибн Раһуя тиісті хадистерге сүйеніп: «Бұл Алланың қалауында. Қаласа, жәннатқа кіргізеді, қаласа, тозаққа кіргізеді», – деген. Бәйһақи «әл-Иғтиқад» еңбегінде Шафиғидің мүшрік балалары туралы осындай пікір айтқанын жазады. Ибн Абдулбәрр: «Имам Мәликтен бұл жайында кесімді үкім жетпеген. Оның пікірі осыған жақын. Алайда мәзһабымыздың ғалымдары мұсылман балалары жәннатқа кіреді, ал кәпір балаларының жайы Алланың қалауында деген», – дейді. Олардың дәлелі – «Алла олардың не істейтінін бәрінен жақсы біледі» деген хадис.
2) Екінші пікір бойынша, балалар туралы үкім ата-аналарына қарай беріледі: мұсылмандардың балалары жәннатқа, кәпірлердің балалары тозаққа кіреді. Бұл – харижиттердің әзариқа тобының пікірі. Олардың дәлелі – Нұхтың дұғасы: ﴿وَقَالَ نُوحٌ رَبِّ لَا تَذَرْ عَلَى الْأَرْضِ مِنَ الْكَافِرِينَ دَيَّارًا﴾ «Нұх дұғасын былай деп түйіндеді: “Уа, Раббым, жер бетінде кәпірлерден бірде-бір адам қалдырма!”»2 Бұған қарсы пікір айтқан ғалымдар аят тек Нұхтың қауымына қатысты дейді. Өйткені Нұх (а.с.) бұл дұғаны өзіне: ﴿أَنَّهُ لَنْ يُؤْمِنَ مِنْ قَوْمِكَ إِلَّا مَنْ قَدْ آمَنَ﴾ «Қауымыңнан бұрын-соңды иман еткендерден өзге енді ешкім иманға келмейді»3, – деп уахи келгеннен кейін жасаған. «Олар әкелерінен, яки солардың қатарынан» деген хадис соғыс үстіндегі мүшріктерге қатысты айтылған. Бұл көзқарасқа қарсы шыққандар Айшадан жеткен, мүшрік балаларының тозаққа кіретінін айтқан риуаяттың әлсіз екенін көрсеткен.
3) Үшінші пікір бойынша, олар жәннат пен тозақтың арасында қалады. Өйткені олардың жәннатқа кіргізетін ізгі амалы да, тозаққа кіргізетін күнәсі де жоқ.
4) Олар жәннат тұрғындарына қызмет етеді. Әлсіз бір риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Мүшріктердің балалары – жәннат тұрғындарының қызметшілері», – деген.
5) Бесінші пікір бойынша, олар топыраққа айналады. Бұл пікір Сумама ибн Әшрастан жеткен.
6) Алтыншы пікір бойынша, олар тозақта болады. Қади Ияд бұл пікірді Ахмад ибн Ханбалға теліген. Ибн Тәймия оның қателескенін, бұл сөздің Ахмад ибн Ханбалға тиесілі еместігін айтқан.
7) Жетінші пікір бойынша, балалар ақыретте сыналады. Олардың алдына жалындаған от қойылады. Отқа кіргені аман қалады, кіруден бас тартқаны ауыр азапқа ұшырайды. Кейбір сахих риуаяттарда ақыл-есі толық болмағандар мен пайғамбарлар арасындағы үзіліс дәуірінде өмір сүргендер ақыретте сыналатыны айтылады. Бәйһақи «әл-Иғтиқадта» осы пікірді дұрыс санайды. Ал кейбір ғалымдар: «Ақырет – амал ететін, сыналатын жер емес», – деп қарсы уәж айтқан. Бұған: «Жәннат пен тозақта амал да, сынақ та болмайды. Мұндағы сөз – ақыреттегі арасат алаңы туралы», – деп жауап берген. Құранда: ﴿يَوْمَ يُكْشَفُ عَنْ سَاقٍ وَيُدْعَوْنَ إِلَى السُّجُودِ فَلَا يَسْتَطِيعُونَ﴾ «Балтыр ашылатын (іс насырға шабатын) күні олар сәжде етуге шақырылады, алайда сәжде жасай алмайды»4, – делінген.
8) Балалар жәннатта болады. Нәуәуи: «Дұрысы – осы пікір. Оған Құранның ﴿وَمَا كُنَّا مُعَذِّبِينَ حَتَّىٰ نَبْعَثَ رَسُولًا﴾ “Біз алдын-ала пайғамбар жіберместен азаптамаймыз”5 деген аяты дәлел», – дейді.
9) Тәуаққуф – бұл жайында үкім айтудан тартыну.
Бұхари мүшрік балалары туралы тарауда үш хадис келтірген. Біріншісінде кесімді үкім айтылмайды. Екіншісі балалардың жәннаттық деген пікірін қуаттайды. Үшіншісінде олардың жәннаттық екені ашық айтылады. Түсіндірме жазған ғалымдар осы үш хадистен үш пікірге де дәлел табады әрі Бұхаридің мүшрік балалары жәннаттық деген пікірді таңдағанын айтады.