Хадис

Кутуб ситтә, № 4842

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
743. Балаларға қатысты үкімдер
Нөмірі
№ 4842 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
4842
Кутуб ситтә, № 4842 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Айша

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: تُوُفِّيَ صَبِيٌّ فَقُلْتُ: طُوبَى لَهُ، عُصْفُورٌ مِنْ عَصَافِيرِ الْجَنَّةِ. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «أَوَلَا تَدْرِينَ أَنَّ اللَّهَ خَلَقَ الْجَنَّةَ وَخَلَقَ النَّارَ، فَخَلَقَ لِهَذِهِ أَهْلًا وَلِهَذِهِ أَهْلًا؟» أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Бір бала шетінеп, мен: “Неткен бақытты бала! Жәннат торғайларының бірі ғой”, – дедім. Алла елшісі (с.а.с.): “Алланың жәннат пен тозақты жаратқанын, екеуінің әрқайсысына тиесілі адамдарды да жаратқанын білмейсің бе?” – деді»1.

Түсіндірме

Хадисте балиғатқа жетпей шетінеген мұсылман баласының ақыреттегі жайы сөз болады. Оның жәннаттық не тозақтық екенін Алла біледі. Осы сахих хадиске сүйенген ғалымдар кесімді үкім айтуда сақ болған. Бұл жөнінде өзге де хадистер бар. Ғалымдардың көбі балалардың жәннаттық екенін Әбу Һурайра жеткізген мына хадиске сүйеніп айтқан: «Балиғатқа жетпеген үш баласы шетінеген адамға сол балалары тозақ отынан қалқан болады». Басқа нұсқада ондай адамның жәннатқа кіретіні айтылады. Құртуби мұсылман балаларының жәннатқа кіретініне ғалымдар бір пікірге келгенін айтады. Нәуәуидің пікірінше, бұл ижмағ Әбу Һурайраның осы риуаятына сүйенсе керек.

Кей ғалымдар әзірет Айшаның (р.а.) хадисіне сүйеніп, кесімді үкім айтудан тартынған. Нәуәуи оларға былай жауап береді: «Алла елшісі (с.а.с.) Айшаны дәлелсіз кесімді үкім айтудан тыйған болуы мүмкін. Немесе сол кезде Пайғамбарға мұсылман балаларының жәннаттық екені әлі хабарланбаған болуы мүмкін». Мәзири пікірталастың пайғамбарлардың балаларынан өзге балаларға қатысты екенін айтқан. Ахмадтың «Муснадындағы» бір риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Мұсылмандардың балалары – жәннаттық, ал мүшріктер мен олардың балалары – тозақтық», – деп, мына аятты оқыған: ﴿وَالَّذِينَ آمَنُوا وَاتَّبَعَتْهُمْ ذُرِّيَّتُهُمْ بِإِيمَانٍ أَلْحَقْنَا بِهِمْ ذُرِّيَّتَهُمْ وَمَا أَلَتْنَاهُمْ مِنْ عَمَلِهِمْ مِنْ شَيْءٍ﴾ «Ал иман келтірген, әрі ұрпақтары да өздеріне еріп, имандылық жолына түскен мүміндерге келсек, Біз оларды ұрпақтарымен қауыштырамыз және олардың игі істерінен еш нәрсе кемітпейміз.»2

  1. 1Мүслим, «Қадар» (2662). Нәсәи, «Жәнәиз» (1947). Әбу Дәуіт, «Сүннет» (4713).
  2. 2«Тур» сүресі, 21-аят.