Хадис

Балаларға қатысты үкімдер

Кутуб ситтә, 11-том, 743-тарау · 4 хадис · № 4842–4845

Хадистер

4842
Кутуб ситтә, № 4842 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Айша

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: تُوُفِّيَ صَبِيٌّ فَقُلْتُ: طُوبَى لَهُ، عُصْفُورٌ مِنْ عَصَافِيرِ الْجَنَّةِ. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «أَوَلَا تَدْرِينَ أَنَّ اللَّهَ خَلَقَ الْجَنَّةَ وَخَلَقَ النَّارَ، فَخَلَقَ لِهَذِهِ أَهْلًا وَلِهَذِهِ أَهْلًا؟» أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Бір бала шетінеп, мен: “Неткен бақытты бала! Жәннат торғайларының бірі ғой”, – дедім. Алла елшісі (с.а.с.): “Алланың жәннат пен тозақты жаратқанын, екеуінің әрқайсысына тиесілі адамдарды да жаратқанын білмейсің бе?” – деді»1.

Түсіндірме

Хадисте балиғатқа жетпей шетінеген мұсылман баласының ақыреттегі жайы сөз болады. Оның жәннаттық не тозақтық екенін Алла біледі. Осы сахих хадиске сүйенген ғалымдар кесімді үкім айтуда сақ болған. Бұл жөнінде өзге де хадистер бар. Ғалымдардың көбі балалардың жәннаттық екенін Әбу Һурайра жеткізген мына хадиске сүйеніп айтқан: «Балиғатқа жетпеген үш баласы шетінеген адамға сол балалары тозақ отынан қалқан болады». Басқа нұсқада ондай адамның жәннатқа кіретіні айтылады. Құртуби мұсылман балаларының жәннатқа кіретініне ғалымдар бір пікірге келгенін айтады. Нәуәуидің пікірінше, бұл ижмағ Әбу Һурайраның осы риуаятына сүйенсе керек.

Кей ғалымдар әзірет Айшаның (р.а.) хадисіне сүйеніп, кесімді үкім айтудан тартынған. Нәуәуи оларға былай жауап береді: «Алла елшісі (с.а.с.) Айшаны дәлелсіз кесімді үкім айтудан тыйған болуы мүмкін. Немесе сол кезде Пайғамбарға мұсылман балаларының жәннаттық екені әлі хабарланбаған болуы мүмкін». Мәзири пікірталастың пайғамбарлардың балаларынан өзге балаларға қатысты екенін айтқан. Ахмадтың «Муснадындағы» бір риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Мұсылмандардың балалары – жәннаттық, ал мүшріктер мен олардың балалары – тозақтық», – деп, мына аятты оқыған: ﴿وَالَّذِينَ آمَنُوا وَاتَّبَعَتْهُمْ ذُرِّيَّتُهُمْ بِإِيمَانٍ أَلْحَقْنَا بِهِمْ ذُرِّيَّتَهُمْ وَمَا أَلَتْنَاهُمْ مِنْ عَمَلِهِمْ مِنْ شَيْءٍ﴾ «Ал иман келтірген, әрі ұрпақтары да өздеріне еріп, имандылық жолына түскен мүміндерге келсек, Біз оларды ұрпақтарымен қауыштырамыз және олардың игі істерінен еш нәрсе кемітпейміз.»2

  1. 1Мүслим, «Қадар» (2662). Нәсәи, «Жәнәиз» (1947). Әбу Дәуіт, «Сүннет» (4713).
  2. 2«Тур» сүресі, 21-аят.
4843
Кутуб ситтә, № 4843 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: سُئِلَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَنْ أَوْلَادِ الْمُشْرِكِينَ فَقَالَ: «اللَّهُ إِذْ خَلَقَهُمْ أَعْلَمُ بِمَا كَانُوا عَامِلِينَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінен (с.а.с.) мүшріктердің балалары туралы сұрағанда, ол: “Алла оларды жаратқанда, олардың не істейтінін бәрінен де жақсы білген”, – деді»1.

Түсіндірме

Алдыңғы хадис мұсылман балаларының жәннатқа кіретіні туралы кесімді үкім айтудан сақтандырады. Екінші хадис те мүшрік балаларының тозаққа кіретіні туралы кесімді үкім айтудан сақтандырады.

Балиғатқа жетпей қайтыс болған балалардың жайы туралы бірнеше риуаят бар. Риуаяттардың әртүрлілігіне қарай ғалымдар да әрқилы пікір айтқан.

1) Хаммад ибн Сәләма, Хаммад ибн Зәйд, Ибн әл-Мүбәрак және Исхақ ибн Раһуя тиісті хадистерге сүйеніп: «Бұл Алланың қалауында. Қаласа, жәннатқа кіргізеді, қаласа, тозаққа кіргізеді», – деген. Бәйһақи «әл-Иғтиқад» еңбегінде Шафиғидің мүшрік балалары туралы осындай пікір айтқанын жазады. Ибн Абдулбәрр: «Имам Мәликтен бұл жайында кесімді үкім жетпеген. Оның пікірі осыған жақын. Алайда мәзһабымыздың ғалымдары мұсылман балалары жәннатқа кіреді, ал кәпір балаларының жайы Алланың қалауында деген», – дейді. Олардың дәлелі – «Алла олардың не істейтінін бәрінен жақсы біледі» деген хадис.

2) Екінші пікір бойынша, балалар туралы үкім ата-аналарына қарай беріледі: мұсылмандардың балалары жәннатқа, кәпірлердің балалары тозаққа кіреді. Бұл – харижиттердің әзариқа тобының пікірі. Олардың дәлелі – Нұхтың дұғасы: ﴿وَقَالَ نُوحٌ رَبِّ لَا تَذَرْ عَلَى الْأَرْضِ مِنَ الْكَافِرِينَ دَيَّارًا﴾ «Нұх дұғасын былай деп түйіндеді: “Уа, Раббым, жер бетінде кәпірлерден бірде-бір адам қалдырма!”»2 Бұған қарсы пікір айтқан ғалымдар аят тек Нұхтың қауымына қатысты дейді. Өйткені Нұх (а.с.) бұл дұғаны өзіне: ﴿أَنَّهُ لَنْ يُؤْمِنَ مِنْ قَوْمِكَ إِلَّا مَنْ قَدْ آمَنَ﴾ «Қауымыңнан бұрын-соңды иман еткендерден өзге енді ешкім иманға келмейді»3, – деп уахи келгеннен кейін жасаған. «Олар әкелерінен, яки солардың қатарынан» деген хадис соғыс үстіндегі мүшріктерге қатысты айтылған. Бұл көзқарасқа қарсы шыққандар Айшадан жеткен, мүшрік балаларының тозаққа кіретінін айтқан риуаяттың әлсіз екенін көрсеткен.

3) Үшінші пікір бойынша, олар жәннат пен тозақтың арасында қалады. Өйткені олардың жәннатқа кіргізетін ізгі амалы да, тозаққа кіргізетін күнәсі де жоқ.

4) Олар жәннат тұрғындарына қызмет етеді. Әлсіз бір риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Мүшріктердің балалары – жәннат тұрғындарының қызметшілері», – деген.

5) Бесінші пікір бойынша, олар топыраққа айналады. Бұл пікір Сумама ибн Әшрастан жеткен.

6) Алтыншы пікір бойынша, олар тозақта болады. Қади Ияд бұл пікірді Ахмад ибн Ханбалға теліген. Ибн Тәймия оның қателескенін, бұл сөздің Ахмад ибн Ханбалға тиесілі еместігін айтқан.

7) Жетінші пікір бойынша, балалар ақыретте сыналады. Олардың алдына жалындаған от қойылады. Отқа кіргені аман қалады, кіруден бас тартқаны ауыр азапқа ұшырайды. Кейбір сахих риуаяттарда ақыл-есі толық болмағандар мен пайғамбарлар арасындағы үзіліс дәуірінде өмір сүргендер ақыретте сыналатыны айтылады. Бәйһақи «әл-Иғтиқадта» осы пікірді дұрыс санайды. Ал кейбір ғалымдар: «Ақырет – амал ететін, сыналатын жер емес», – деп қарсы уәж айтқан. Бұған: «Жәннат пен тозақта амал да, сынақ та болмайды. Мұндағы сөз – ақыреттегі арасат алаңы туралы», – деп жауап берген. Құранда: ﴿يَوْمَ يُكْشَفُ عَنْ سَاقٍ وَيُدْعَوْنَ إِلَى السُّجُودِ فَلَا يَسْتَطِيعُونَ﴾ «Балтыр ашылатын (іс насырға шабатын) күні олар сәжде етуге шақырылады, алайда сәжде жасай алмайды»4, – делінген.

8) Балалар жәннатта болады. Нәуәуи: «Дұрысы – осы пікір. Оған Құранның ﴿وَمَا كُنَّا مُعَذِّبِينَ حَتَّىٰ نَبْعَثَ رَسُولًا﴾ “Біз алдын-ала пайғамбар жіберместен азаптамаймыз”5 деген аяты дәлел», – дейді.

9) Тәуаққуф – бұл жайында үкім айтудан тартыну.

Бұхари мүшрік балалары туралы тарауда үш хадис келтірген. Біріншісінде кесімді үкім айтылмайды. Екіншісі балалардың жәннаттық деген пікірін қуаттайды. Үшіншісінде олардың жәннаттық екені ашық айтылады. Түсіндірме жазған ғалымдар осы үш хадистен үш пікірге де дәлел табады әрі Бұхаридің мүшрік балалары жәннаттық деген пікірді таңдағанын айтады.

  1. 1Бұхари, «Қадар», 3, «Жәнәиз», 93. Мүслим, «Қадар» (2660). Әбу Дәуіт, «Сүннет» (4711). Нәсәи, «Жәнәиз» (1952).
  2. 2«Нұх» сүресі, 26-аят.
  3. 3«Һуд» сүресі, 36-аят.
  4. 4«Қалам» сүресі, 42-аят.
  5. 5«Исра» сүресі, 15-аят.
4844
Кутуб ситтә, № 4844 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «تَحَاجَّ آدَمُ وَمُوسَى عَلَيْهِمَا السَّلَامُ. فَقَالَ لَهُ مُوسَى: أَنْتَ الَّذِي أَخْرَجْتَ النَّاسَ مِنَ الْجَنَّةِ بِذَنْبِكَ وَأَشْقَيْتَهُمْ. فَقَالَ آدَمُ لِمُوسَى: أَنْتَ الَّذِي اصْطَفَاكَ اللَّهُ بِرِسَالَتِهِ وَبِكَلَامِهِ، أَتَلُومُنِي عَلَى أَمْرٍ كَتَبَهُ اللَّهُ عَلَيَّ قَبْلَ أَنْ يَخْلُقَنِي؟» قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «فَحَجَّ آدَمُ مُوسَى». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Адам мен Мұса (а.с.) пікір таластырды. Мұса: “Күнәңнің кесірінен адамдарды жәннаттан шығарып, бақытсыз еткен сенсің”, – деді. Адам оған: “Алла елшілік міндетіне таңдап, Өзі тілдескен адам сенсің. Мені жаратпастан бұрын Алла маған жазған іс үшін мені кінәлайсың ба?” – деді. Осылайша Адамның дәлелі Мұсаның дәлелінен басым түсті».1

Түсіндірме

1. Осы пікірталастың қай жерде және қашан болғаны туралы әртүрлі пікір бар.

• Кей ғалымдардың айтуынша, оқиға ақыретте болады. Оның болатыны анық болғандықтан, өткен шақпен жеткізілген.

• Кей ғалымдар бұл оқиға осы дүниеде, Мұсаның (а.с.) дәуірінде болды дейді. Мұса Адамды көруді тілегенде, Алла Адамды тірілтіп, екеуін кездестірген.

• Кей ғалымдар екі пайғамбар Мұса дүниеден өткеннен кейін бәрзақ әлемінде кездескен болуы мүмкін деп болжаған.

2. Бұл риуаятта Адамның тағдыры жаратылмай тұрып жазылғаны айтылады. Басқа нұсқада «Адам жаратылардан қырық жыл бұрын» делінген. Ибн әт-Тин бұған Құрандағы ﴿إِنِّي جَاعِلٌ فِي الْأَرْضِ خَلِيفَةً﴾ «Мен жер бетінде халифа жаратамын!»2 деген сөзді дәлел еткен. Ибн әл-Жәузи былай дейді: «Алланың әуелден бар ілімі барлық жаратылысты олар әлі жаратылмай тұрып қамтыған. Бірақ Ол бұларды әртүрлі уақытта жазған. “Сахих Мүслимде”: “Алла жаратылыстардың тағдырын көктер мен жерді жаратудан елу мың жыл бұрын жазды”, – делінген. Сондықтан Адамға қатысты істің ол жаратылардан қырық жыл бұрын жазылуы әбден мүмкін. Тіпті бір риуаятта Адамның Мұсадан: “Істеген ісімнің Тәуратта мен жаратылудан қанша жыл бұрын жазылғанын көрдің?” – деп сұрағаны, Мұсаның: “Қырық жыл бұрын”, – деп жауап бергені айтылады». Нәуәуидің пікірінше, бұл жерде тағдырдың өзі туралы сөз болып тұрған жоқ. Өйткені тағдыр әуелден бар, ал хадисте оның Ләухул-махфузға, Тәуратқа немесе тақталарға жазылуы меңзелген.

3. Хадистен шығарылған кейбір үкімдер

• Қади Иядтың айтуынша, бұл хадис Адам шығарылған жәннат тақуаларға уәде етілген мәңгілік жәннат деген әһлі сүннет пікірін қуаттайды. Мұғтазиланың кей ғалымдары ол жәннат жер бетінде болған деп санайды.

• Пікірталаста өз уәжін дәлелдеп, қарсы тараптың қателескен жерін көрсетуге болады.

• Ақиқатты анықтау үшін адам өзінен үлкен кісімен де дәлел келтіре отырып пікір алмаса алады.

• Хадис тағдырдың бар екенін және құлдардың істері жаратылатынын қуаттайды.

• Әдетте құпталмайтын кей қылықтарға адам ашуланған не қайғырған сәтте кешіріммен қарауға болады. Әсіресе ашуы тез келетін кісіге көбірек кеңдік танытылады.

Мұса (а.с.) кінә таққанда, Адам (а.с.) байыпты қалпын сақтаған. Ол Мұсаға сұрақ қою арқылы оның айтқанындағы ағаттықты аңғартып, естен шығарған жайтты есіне салған.

  1. 1Бұхари, «Қадар», 11, «Әнбия», 31, «Тәпсір», «Таһа», 1, 3, «Таухид», 37. Мүслим, «Қадар» (2652). Мәлик, «Муатта», «Қадар», 1 (2/898). Әбу Дәуіт, «Сүннет» (4701). Тирмизи, «Қадар» (2134).
  2. 2«Бақара» сүресі, 30-аят.
4845
Кутуб ситтә, № 4845 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Омар

وَعَنْ عُمَرَ بْنِ الْخَطَّابِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «قَالَ مُوسَى: يَا رَبِّ، أَرِنَا آدَمَ الَّذِي أَخْرَجَنَا وَنَفْسَهُ مِنَ الْجَنَّةِ. فَأَرَاهُ اللَّهُ أَبَاهُ آدَمَ عَلَيْهِ السَّلَامُ. فَقَالَ: أَنْتَ أَبُونَا آدَمُ؟ فَقَالَ: نَعَمْ. فَقَالَ: أَنْتَ الَّذِي نَفَخَ اللَّهُ فِيكَ مِنْ رُوحِهِ، وَعَلَّمَكَ الْأَسْمَاءَ كُلَّهَا، وَأَمَرَ الْمَلَائِكَةَ فَسَجَدُوا لَكَ؟ قَالَ: نَعَمْ. قَالَ: فَمَا حَمَلَكَ عَلَى أَنْ أَخْرَجْتَنَا وَنَفْسَكَ مِنَ الْجَنَّةِ؟ فَقَالَ آدَمُ: وَمَنْ أَنْتَ؟ قَالَ: أَنَا مُوسَى. قَالَ: أَنْتَ الَّذِي اصْطَفَاكَ اللَّهُ بِرِسَالَتِهِ، أَنْتَ نَبِيُّ بَنِي إِسْرَائِيلَ الَّذِي كَلَّمَكَ اللَّهُ مِنْ وَرَاءِ الْحِجَابِ، وَلَمْ يَجْعَلْ بَيْنَكَ وَبَيْنَهُ رَسُولًا مِنْ خَلْقِهِ؟ قَالَ: نَعَمْ. قَالَ: أَفَمَا وَجَدْتَ أَنَّ ذَلِكَ كَانَ فِي كِتَابِ اللَّهِ قَبْلَ أَنْ أُخْلَقَ؟ قَالَ: بَلَى. قَالَ: فَفِيمَ تَلُومُنِي فِي شَيْءٍ سَبَقَ مِنَ اللَّهِ فِيهِ الْقَضَاءُ قَبْلِي؟» قَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عِنْدَ ذَلِكَ: «فَحَجَّ آدَمُ مُوسَى، فَحَجَّ آدَمُ مُوسَى، فَحَجَّ آدَمُ مُوسَى». عَلَيْهِمَا السَّلَامُ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Мұса (а.с.): “Уа, Раббым! Бізді де, өзін де жәннаттан шығарған Адамды бізге көрсет”, – деді. Алла оған атасы Адамды (а.с.) көрсетті. Сонда Мұса сұрады:

– Сен біздің атамыз Адамсың ба?

– Иә, – деді Адам.

– Алла саған Өз рухынан үрлеп, барлық атауды үйреткен, періштелерге бұйырып, саған сәжде еткізген адам сенсің бе?

– Иә.

– Онда бізді де, өзіңді де жәннаттан шығаруыңа не себеп болды?

Адам:

– Ал сен кімсің? – деді.

Мұса: “Мен Мұсамын”, – деп жауап берді. Сонда Адам: – Алла елшілікке таңдаған, перде сыртынан тілдескен Исраил ұрпақтарының пайғамбары сенсің бе? Алла Өзі мен сенің араңа жаратылыстарынан елші салмаған еді ғой?

– Иә, – деді Мұса.

– Бұл істің мен жаратылмай тұрып Алланың кітабында жазылғанын көрмедің бе?

– Иә, көрдім.

– Онда неге мені кінәлайсың? Бұл – Алланың менен бұрын үкім еткен ісі».

Алла елшісі (с.а.с.) осы тұста: «Адамның дәлелі Мұсаның дәлелінен басым түсті, Адамның дәлелі Мұсаның дәлелінен басым түсті, Адамның дәлелі Мұсаның дәлелінен басым түсті», – деді1. Екеуіне де Алланың сәлемі болсын.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Сүннет» (4702). «Тәйсир» нұсқасында қорытынды сөз үш рет, Әбу Дәуітте екі рет қайталанады.