وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «أَنَا فَرَطُكُمْ عَلَى الْحَوْضِ، وَلَيُرْفَعَنَّ رِجَالٌ مِنْكُمْ ثُمَّ لَيُخْتَلَجُنَّ دُونِي، فَأَقُولُ: يَا رَبِّ أَصْحَابِي. فَيُقَالُ: إِنَّكَ لَا تَدْرِي مَا أَحْدَثُوا بَعْدَكَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.
Абдулла ибн Мәсғуд (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Мен сендерден бұрын хауызға барамын. Араларыңнан бір топ маған көрінеді де, оларды менен аластатады. Мен: “Уа, Раббым, сахабаларым!” – деймін. Маған: “Сенен кейін олардың қандай жаңалықтар енгізгенін білмейсің”, – делінеді»1.
Түсіндірме
Бұл риуаяттан Алла елшісінен (с.а.с.) кейін сахабалардың бір бөлігінің теріс жолға түсуі мүмкін деген мағына шығады. Қабиса: «Бұлар – әзірет Әбу Бәкір тұсында діннен шығып, онымен шайқасып, күпірлік үстінде өлтірілгендер», – деген. Хаттаби: «Сахабалардың ешқайсысы діннен шыққан емес. Діннен шыққандар – діннен үлес алмаған, дөрекі бәдәуилер. Соларға қарап, мәшһүр сахабаларды кінәлауға болмайды», – дейді. Хаттаби кей нұсқадағы أُصَيْحَابِي «Аз ғана сахабам» деген сөзді дәлел етеді. Кішірейту тұлғасы олардың аз болғанын көрсетеді. Өзге ғалымдар бұл мәселеге әртүрлі түсінік берген.
• «Мұнда ашық күпірлік меңзелген. Сөз Исламға шақыруды қабылдаған үмбет туралы емес, Исламға шақырылған жұрт туралы», – дегендер бар.
• Ибн әт-Тин олар екіжүзділер немесе үлкен күнә жасағандар болуы мүмкін деген.
• Кейбіреулер оларды өлімнен қорқып, дүние табудан үміттеніп Исламға кірген дөрекі бәдәуилер деген.
• Дәууди үлкен күнә жасағандар мен бидғатқа түскендер де солардың қатарында болуы мүмкін деген.
• Нәуәуи былай дейді: «Оларды екіжүзділер мен діннен шыққандар дегендер бар. Ондай болса, олар да мүміндерге тән маңдайы мен дәрет алған мүшелері нұрланған күйде тіріліп, кейін нұры өшірілуі мүмкін».
• «Олардың үстінде белгі болуы шарт емес. Мұсылман деп танылғандықтан шақырылады», – деген пікір бар.
• «Олар – үлкен күнә жасап, бидғатқа түскен, бірақ мұсылман күйінде дүниеден өткен кісілер. Оларды міндетті түрде тозаққа түседі деуге болмайды. Жаза ретінде әуелі хауыздан аластатылып, кейін Алланың рақымына бөленуі мүмкін».
• Олар Алла елшісінің (с.а.с.) дәуірінде немесе кейін өмір сүргеніне қарамастан, маңдайы мен дәрет алған өзге мүшелерінде нұр белгісі болуы және Пайғамбардың оларды сол белгіден тануы ықтимал.
• Ияд, әл-Бажи және басқа ғалымдар Қабисаның «Бұлар – Алла елшісінен (с.а.с.) кейін діннен шыққандар» деген пікірін басым санаған. Алла елшісінің оларды тануы үшін мұсылманға тән белгі болуы шарт емес. Ол белгі – мұсылманның амалын көрсететін Алланың сыйы. Діннен шыққан кісінің амалы есептен қалады. Демек, Алла елшісі оларды бұрынғы белгісінен емес, жүзінен таниды. Алла елшісі дәуіріндегі екіжүзділердің де солардың қатарында болуы ықтимал. Шапағат хадисінде «Бұл үмбет ішінде екіжүзділері болса да, тіршілігін жалғастырады» делінген. Олар айрықша белгісіз-ақ үмбетпен бірге тіріліп жиналады, бірақ өздері танылады. Бейнесін таныған кісі оны дүниедегі айрықша қалпымен дауыстап, жұртқа білдіреді.
Бидғат иелерінің сол қатарда болуы жөнінде де сұрақ туған. Алла елшісінен (с.а.с.) кейін бидғат жасағандарды оның «Сахабаларым» деуі қисынсыз көрінген. Ғалымдар мұны «сұхбат», яғни «бірге болу» сөзінің кең мағынасымен түсіндірген.
- 1Бұхари, «Риқақ», 53 (6576). Мүслим, «Фазаил», 32 (2297). Бұхари риуаят соңында Хузайфадан да осы мағынада жеткен жолды көрсетеді.