وَعَنْ حُذَيْفَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَحْصُوا لِي كَمْ يَلْفَظُ بِالْإِسْلَامِ. قُلْنَا: يَا رَسُولَ اللَّهِ! أَتَخَافُ عَلَيْنَا وَنَحْنُ مَا بَيْنَ السِّتِّمِائَةِ وَالسَّبْعِمِائَةِ؟ قَالَ: إِنَّكُمْ لَا تَدْرُونَ، لَعَلَّكُمْ أَنْ تُبْتَلُوا. قَالَ: فَابْتُلِينَا حَتَّى جَعَلَ الرَّجُلُ مِنَّا لَا يُصَلِّي إِلَّا سِرًّا. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.
Хузайфа (р.а.) былай жеткізген: «Бір күні Алла елшісі (с.а.с.): “Исламды қабылдағандардың санын айтыңдаршы”, – деді. “Уа, Алла елшісі! Санымыз алты жүз бен жеті жүздің арасында тұрғанда, біз үшін қауіптенесіз бе?” – дедік. Ол: “Сендер қайдан білесіңдер? Сынаққа ұшырауларың мүмкін”, – деді. Расында, сынаққа түстік, тіпті кейбіріміз намазымызды жасырын оқыдық»1.
Түсіндірме
1. Бұл хадис халық санағына қатысты. Алла елшісінің (с.а.с.) жұртқа қауіп төнбеген кездің өзінде санақ жүргізуді тапсырғаны көрінеді. Бұхаридегі бір нұсқада اُكْتُبُوا «Жазыңдар» делінген. Демек, санақта әр кісінің аты жазылған болуы мүмкін. Худайбия келісімі туралы риуаяттарда мұсылмандардың саны бірде 1300, бірде 1400, бірде 1500 деп беріледі. Бұхаридегі бір риуаятта мұһажирлердің сегізден бірі Әсләм тайпасынан болғаны айтылады. Ибн Хажар Уақидидегі риуаят бойынша Әсләмнен жүз кісі болғанын айтып, соған сүйеніп, ондағы мұһажирлерді сегіз жүз деп есептейді.
2. Хузайфа (р.а.) айтқан сынақ қай кезде болған? Ғалымдар бұл жөнінде әртүрлі пікір айтқан.
• Ибн әт-Тин оқиға Хандақ ор қазылып жатқанда болды деген.
• Дәууди мұсылмандар Худайбияда болғанда орын алуы мүмкін дейді. Өйткені олардың саны мың төрт жүз бе, әлде мың бес жүз бе деген әртүрлі дерек бар.
• Хузайфаның «Сынаққа түстік» дегені әзірет Османның халифалығының соңғы жылдарында Уәлид ибн Уқба тәрізді Куфа әмірлері тұсындағы жағдайларға қатысты болуы мүмкін. Ол кезде намаз кешіктіріліп немесе жөнінше оқылмайтын. Сол себепті тақуа кісілердің бір бөлігі намазын оңаша, жасырын оқып, бүлік тумасын деп кейін мешітте әмірмен бірге де оқыған.
• Кейбіреулер бұл үрей әзірет Осман сапар намазын төрт рәкат оқыған тұста болған деген. Кей кісілер мін тағуынан қорқып, екі рәкат намазын оңаша, жасырын оқитын болған.
• Бұл жағдайды әзірет Осман шейіт болған уақытқа жатқызғандар да бар. Ибн Хажар оны жаңсақ пікір санап: «Ол кезде Хузайфа (р.а.) Мәдинада болмаған», – деген.
• Ибн Хажар: «Бұл хадис – Алла елшісінің (с.а.с.) болашақтан хабар берген мұғжизаларының бірі. Расында, Хузайфадан кейін, Хажжаж және басқа басшылар тұсында мұсылмандар бұдан да ауыр үрейлі күндерді көрді», – деп қосқан.
- 1Бұхари, «Жиһад», 181 (3060). Мүслим, «Иман», 235 (149).