Хадис

Бәни Маруан

Кутуб ситтә, 11-том, 739-тарау · 4 хадис · № 4825–4828

Хадистер

4825
Кутуб ситтә, № 4825 · тараудағы реті: 1

عَنْ سَعِيدِ بْنِ عَمْرِو بْنِ سَعِيدِ بْنِ الْعَاصِ قَالَ: أَخْبَرَنِي جَدِّي قَالَ: كُنْتُ جَالِسًا مَعَ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي مَسْجِدِ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِالْمَدِينَةِ وَمَعَنَا مَرْوَانُ. فَقَالَ أَبُو هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: سَمِعْتُ الصَّادِقَ الْمَصْدُوقَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: هَلَكَةُ أُمَّتِي عَلَى يَدَيْ أُغَيْلِمَةٍ مِنْ قُرَيْشٍ. قَالَ مَرْوَانُ: غِلْمَةً؟ لَعْنَةُ اللَّهِ عَلَيْهِمْ؛ فَقَالَ أَبُو هُرَيْرَةَ: لَوْ شِئْتُ أَنْ أَقُولَ بَنِي فُلَانٍ وَبَنِي فُلَانٍ لَفَعَلْتُ. قَالَ سَعِيدٌ رَحِمَهُ اللَّهُ: فَخَرَجْتُ مَعَ جَدِّي إِلَى الشَّامِ حِينَ مَلَكَهُ بَنُو مَرْوَانَ، فَإِذَا رَآهُمْ غِلْمَانًا أَحْدَاثًا قَالَ: عَسَى أَنْ يَكُونَ هَؤُلَاءِ الَّذِينَ عَنَى أَبُو هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ. فَقُلْتُ: أَنْتَ أَعْلَمُ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Сағид ибн Амр ибн Сағид ибн әл-Ас атасының мына сөзін жеткізген: «Мәдинадағы Пайғамбар мешітінде Әбу Һурайрамен (р.а.) бірге отырдым. Қасымызда Маруан да бар еді. Әбу Һурайра: “Өзі шын сөйлейтін, сөзі расталған Алла елшісінің (с.а.с.) ‘Үмбетім Құрайыштан шыққан бір топ жастың қолынан күйрейді’ дегенін естідім”, – деді. Маруан: “Жастар дейсің бе? Алла оларды лағынет етсін!” – деді. Әбу Һурайра: “Қаласам, олардың қай әулеттен екенін бір-бірлеп айтар едім”, – деді».

Сағид сөзін жалғады: «Бәни Маруан билік құрған кезде атаммен бірге Шамға бардым. Атам олардың жас жігіттерін көріп: “Әбу Һурайра меңзегендер осылар болмасын?” – деді. Мен: “Өзің жақсырақ білесің”, – дедім»1.

Түсіндірме

1. Бұл риуаят Әбу Һурайраның екінші «қоржындағы» біліміне жарық түсіреді. Ол бір риуаятта: «Алла елшісінен (с.а.с.) екі қоржын ілім алдым. Бірін жеткізіп жүрмін. Екіншісін жеткізсем, мойнымды шабар едіңдер», – деген. Әбу Һурайра Алла елшісінен (с.а.с.) бүліктер жайында егжей-тегжейлі білген, бірақ оны жеткізуде аса сақ болған. Осы риуаят оның бүлік шығарушылардың аттарына дейін білгенін көрсетеді.

2. Хадистегі «уғайлима» – «ғилма» сөзінің кішірейту түрі, ал «ғилма» – «ғулам» сөзінің көпшесі. «Ғулам» деп балиғатқа жетпеген ұл баланы айтады. Бұл мағынада «балақайлар» деген сөз шығады. Ибн Хажардың айтуынша, балиғатқа жетсе де, ақыл-пайымы, іс тындыру қабілеті мен діндарлығы кем кісіге «сәби» немесе «ғулайм» деп те айтады. Хадистегі сөз осы мағынада. Ибн Хажар: «Бәни Үмәйя халифаларының ешқайсысы балиғатқа жетпей халифа болмаған. Олар қызметке қойғандардың арасында да балиғатқа жетпегендер жоқ. Демек, “уғайлима” деп халифа болған кей кісілердің бұзғыншылыққа себепкер ұлдары айтылған», – дейді.

3. Хадистегі «үмбет» сөзі сол дәуірде өмір сүрген үмбетке қатысты.

Хадистің мәнін Әбу Һурайраның Ибн Әбу Шәйба жеткізген мына марфуғ риуаяты аша түседі: «Жас балалардың билігінен Аллаға сыйынамын». «Жас балалардың билігі деген не?» – деп сұрағанда: «Оларға бағынсаңдар, діндеріңе зиян келеді. Қарсы шықсаңдар, өздеріңді құртады: малдарыңды, жандарыңды немесе екеуін де алады», – деген. Ибн Әбу Шәйба мына риуаятты да келтіреді: «Әбу Һурайра базар аралап жүріп: “Уа, Аллам, маған һижраның алпысыншы жылын да, жас балалардың билігін де көрсете көрме”, – деп дұға ететін».

Ибн Хажар былай дейді: «Бұл риуаятта сол жастардың алғашқысы һижраның алпысыншы жылы билікке келеді деген ишара бар. Солай болды да. Язид ибн Муғауия сол жылы халифалықты алып, һижраның алпыс төртінші жылына дейін билік етті. Ол қайтыс болған соң ұлы Муғауия халифа болып, бірнеше айдан кейін дүние салды. Язидтің ісі Әбу Һурайраның хабарын қуаттай түседі. Язид ірі өңірлердегі жасы үлкен басшыларды қызметтен алып, орындарына өзіне жақын жастарды қойды. Сөйтіп, билік басындағыларды жасартты».

4. Бұл риуаят Әбу Зурғаның Әбу Һурайрадан жеткізген «Жұртты Құрайыштың мына бір тармағы күйретеді» деген хадисінің кімдерге қатысты екенін айқындайды. Мұнда Құрайыштың бәрі емес, олардың арасындағы жастардың бір бөлігі меңзелген. Олар билікке таласып, соғыс ашады, жұрттың жағдайын нашарлатып, бірінен соң бірі келген бүліктен зардап шеккендерді көбейтеді. Оқиға Алла елшісі (с.а.с.) хабарлағандай болды. Жоғарыдағы хадистің жалғасында «Жұрт олардан аулақ жүрсе, өздеріне жақсы болады» делінген. Алла елшісі (с.а.с.) осындай бүліктен шет қалуға кеңес берген. Ибн Хажар мұны «Олардың ісіне араласпау, олармен шайқасқа түспеу, дінін бүліктен аман алып шығу» деп түсіндіреді. Осы хадистен күнә ашық жасалған мекеннен көшу мұстахаб деген үкім шыққан. Өйткені ол жерде қалу жұртқа ортақ апат әкелетін бүлікке ұрындыруы мүмкін. Имам Мәлик: «Бір жерде жамандық ашық жасалса, ол жерден кетеді», – деген.

5. Ибн Баттал былай дейді: «Бұл хадисте залым басшыға да қарсы шықпау керегіне дәлел бар. Алла елшісі (с.а.с.) Әбу Һурайраға олардың және әкелерінің атын білдірген. Үмбет сол басшылардың қолынан күйрейтінін хабарласа да, оларға қарсы шығуды бұйырмаған. Өйткені қарсы шығудың зардабы бағынудың зардабынан асып, елді түгел күйретуі мүмкін. Осылайша екі жамандықтың жеңілі, екі қиындықтың оңайы таңдалған».

Ибн Хажар соңында былай дейді: «Маруанның өзінің ұрпағы бола тұра, сол “жастарға” лағынет айтуы таңғаларлық. Алла тағала олардың өздеріне қарсы күштірек дәлел болсын, бәлкім, ғибрат алар деп, мұны Маруанның аузымен айтқызғандай». Ибн Хажар Маруанның әкесі Хакамның да лағынет айтқаны Табарәниде және басқа еңбектерде риуаят етілгенін жеткізеді.

  1. 1Бұхари, «Фитән», 3 (7058), «Манақиб», 25 (3605).
4826
Кутуб ситтә, № 4826 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Хузайфа

وَعَنْ حُذَيْفَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَحْصُوا لِي كَمْ يَلْفَظُ بِالْإِسْلَامِ. قُلْنَا: يَا رَسُولَ اللَّهِ! أَتَخَافُ عَلَيْنَا وَنَحْنُ مَا بَيْنَ السِّتِّمِائَةِ وَالسَّبْعِمِائَةِ؟ قَالَ: إِنَّكُمْ لَا تَدْرُونَ، لَعَلَّكُمْ أَنْ تُبْتَلُوا. قَالَ: فَابْتُلِينَا حَتَّى جَعَلَ الرَّجُلُ مِنَّا لَا يُصَلِّي إِلَّا سِرًّا. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Хузайфа (р.а.) былай жеткізген: «Бір күні Алла елшісі (с.а.с.): “Исламды қабылдағандардың санын айтыңдаршы”, – деді. “Уа, Алла елшісі! Санымыз алты жүз бен жеті жүздің арасында тұрғанда, біз үшін қауіптенесіз бе?” – дедік. Ол: “Сендер қайдан білесіңдер? Сынаққа ұшырауларың мүмкін”, – деді. Расында, сынаққа түстік, тіпті кейбіріміз намазымызды жасырын оқыдық»1.

Түсіндірме

1. Бұл хадис халық санағына қатысты. Алла елшісінің (с.а.с.) жұртқа қауіп төнбеген кездің өзінде санақ жүргізуді тапсырғаны көрінеді. Бұхаридегі бір нұсқада اُكْتُبُوا «Жазыңдар» делінген. Демек, санақта әр кісінің аты жазылған болуы мүмкін. Худайбия келісімі туралы риуаяттарда мұсылмандардың саны бірде 1300, бірде 1400, бірде 1500 деп беріледі. Бұхаридегі бір риуаятта мұһажирлердің сегізден бірі Әсләм тайпасынан болғаны айтылады. Ибн Хажар Уақидидегі риуаят бойынша Әсләмнен жүз кісі болғанын айтып, соған сүйеніп, ондағы мұһажирлерді сегіз жүз деп есептейді.

2. Хузайфа (р.а.) айтқан сынақ қай кезде болған? Ғалымдар бұл жөнінде әртүрлі пікір айтқан.

• Ибн әт-Тин оқиға Хандақ ор қазылып жатқанда болды деген.

• Дәууди мұсылмандар Худайбияда болғанда орын алуы мүмкін дейді. Өйткені олардың саны мың төрт жүз бе, әлде мың бес жүз бе деген әртүрлі дерек бар.

• Хузайфаның «Сынаққа түстік» дегені әзірет Османның халифалығының соңғы жылдарында Уәлид ибн Уқба тәрізді Куфа әмірлері тұсындағы жағдайларға қатысты болуы мүмкін. Ол кезде намаз кешіктіріліп немесе жөнінше оқылмайтын. Сол себепті тақуа кісілердің бір бөлігі намазын оңаша, жасырын оқып, бүлік тумасын деп кейін мешітте әмірмен бірге де оқыған.

• Кейбіреулер бұл үрей әзірет Осман сапар намазын төрт рәкат оқыған тұста болған деген. Кей кісілер мін тағуынан қорқып, екі рәкат намазын оңаша, жасырын оқитын болған.

• Бұл жағдайды әзірет Осман шейіт болған уақытқа жатқызғандар да бар. Ибн Хажар оны жаңсақ пікір санап: «Ол кезде Хузайфа (р.а.) Мәдинада болмаған», – деген.

• Ибн Хажар: «Бұл хадис – Алла елшісінің (с.а.с.) болашақтан хабар берген мұғжизаларының бірі. Расында, Хузайфадан кейін, Хажжаж және басқа басшылар тұсында мұсылмандар бұдан да ауыр үрейлі күндерді көрді», – деп қосқан.

  1. 1Бұхари, «Жиһад», 181 (3060). Мүслим, «Иман», 235 (149).
4827
Кутуб ситтә, № 4827 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «أَنَا فَرَطُكُمْ عَلَى الْحَوْضِ، وَلَيُرْفَعَنَّ رِجَالٌ مِنْكُمْ ثُمَّ لَيُخْتَلَجُنَّ دُونِي، فَأَقُولُ: يَا رَبِّ أَصْحَابِي. فَيُقَالُ: إِنَّكَ لَا تَدْرِي مَا أَحْدَثُوا بَعْدَكَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Мәсғуд (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Мен сендерден бұрын хауызға барамын. Араларыңнан бір топ маған көрінеді де, оларды менен аластатады. Мен: “Уа, Раббым, сахабаларым!” – деймін. Маған: “Сенен кейін олардың қандай жаңалықтар енгізгенін білмейсің”, – делінеді»1.

Түсіндірме

Бұл риуаяттан Алла елшісінен (с.а.с.) кейін сахабалардың бір бөлігінің теріс жолға түсуі мүмкін деген мағына шығады. Қабиса: «Бұлар – әзірет Әбу Бәкір тұсында діннен шығып, онымен шайқасып, күпірлік үстінде өлтірілгендер», – деген. Хаттаби: «Сахабалардың ешқайсысы діннен шыққан емес. Діннен шыққандар – діннен үлес алмаған, дөрекі бәдәуилер. Соларға қарап, мәшһүр сахабаларды кінәлауға болмайды», – дейді. Хаттаби кей нұсқадағы أُصَيْحَابِي «Аз ғана сахабам» деген сөзді дәлел етеді. Кішірейту тұлғасы олардың аз болғанын көрсетеді. Өзге ғалымдар бұл мәселеге әртүрлі түсінік берген.

• «Мұнда ашық күпірлік меңзелген. Сөз Исламға шақыруды қабылдаған үмбет туралы емес, Исламға шақырылған жұрт туралы», – дегендер бар.

• Ибн әт-Тин олар екіжүзділер немесе үлкен күнә жасағандар болуы мүмкін деген.

• Кейбіреулер оларды өлімнен қорқып, дүние табудан үміттеніп Исламға кірген дөрекі бәдәуилер деген.

• Дәууди үлкен күнә жасағандар мен бидғатқа түскендер де солардың қатарында болуы мүмкін деген.

• Нәуәуи былай дейді: «Оларды екіжүзділер мен діннен шыққандар дегендер бар. Ондай болса, олар да мүміндерге тән маңдайы мен дәрет алған мүшелері нұрланған күйде тіріліп, кейін нұры өшірілуі мүмкін».

• «Олардың үстінде белгі болуы шарт емес. Мұсылман деп танылғандықтан шақырылады», – деген пікір бар.

• «Олар – үлкен күнә жасап, бидғатқа түскен, бірақ мұсылман күйінде дүниеден өткен кісілер. Оларды міндетті түрде тозаққа түседі деуге болмайды. Жаза ретінде әуелі хауыздан аластатылып, кейін Алланың рақымына бөленуі мүмкін».

• Олар Алла елшісінің (с.а.с.) дәуірінде немесе кейін өмір сүргеніне қарамастан, маңдайы мен дәрет алған өзге мүшелерінде нұр белгісі болуы және Пайғамбардың оларды сол белгіден тануы ықтимал.

• Ияд, әл-Бажи және басқа ғалымдар Қабисаның «Бұлар – Алла елшісінен (с.а.с.) кейін діннен шыққандар» деген пікірін басым санаған. Алла елшісінің оларды тануы үшін мұсылманға тән белгі болуы шарт емес. Ол белгі – мұсылманның амалын көрсететін Алланың сыйы. Діннен шыққан кісінің амалы есептен қалады. Демек, Алла елшісі оларды бұрынғы белгісінен емес, жүзінен таниды. Алла елшісі дәуіріндегі екіжүзділердің де солардың қатарында болуы ықтимал. Шапағат хадисінде «Бұл үмбет ішінде екіжүзділері болса да, тіршілігін жалғастырады» делінген. Олар айрықша белгісіз-ақ үмбетпен бірге тіріліп жиналады, бірақ өздері танылады. Бейнесін таныған кісі оны дүниедегі айрықша қалпымен дауыстап, жұртқа білдіреді.

Бидғат иелерінің сол қатарда болуы жөнінде де сұрақ туған. Алла елшісінен (с.а.с.) кейін бидғат жасағандарды оның «Сахабаларым» деуі қисынсыз көрінген. Ғалымдар мұны «сұхбат», яғни «бірге болу» сөзінің кең мағынасымен түсіндірген.

  1. 1Бұхари, «Риқақ», 53 (6576). Мүслим, «Фазаил», 32 (2297). Бұхари риуаят соңында Хузайфадан да осы мағынада жеткен жолды көрсетеді.
4828
Кутуб ситтә, № 4828 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ الْمُسَيَّبِ بْنِ رَافِعٍ قَالَ: لَقِيتُ الْبَرَاءَ بْنَ عَازِبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ. فَقُلْتُ: طُوبَى لَكَ، صَحِبْتَ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، وَبَايَعْتَهُ تَحْتَ الشَّجَرَةِ. فَقَالَ: يَا ابْنَ أَخِي إِنَّكَ لَا تَدْرِي مَا أَحْدَثْنَا بَعْدَهُ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Мусайяб ибн Рафиғ былай жеткізген: «Бара ибн Азибке (р.а.) кездесіп: “Саған қандай бақыт бұйырған! Алла елшісімен (с.а.с.) бірге болу құрметіне ие болып, Худайбияда ағаш түбінде оған биғат бердің”, – дедім. Ол: “Уа, бауырымның баласы! Одан кейін дінге қандай жаңалық енгізгенімізді сен білмейсің”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Бұл хадис табиғиндердің сахабаларға қызыға қарағанын, Алла елшісін (с.а.с.) көруді, оған сахаба болуды зор құрмет санағанын аңғартады. Сахабаның жауабы да кісілік кемелдігін көрсетеді. Ол өзін жоғары қоймай, ел ішінде болған оқиғалардан кейін ақыры үшін алаңдаған, Аллаға жалбарынып, Оған сыйынған. 2. Бұхариде осы хадистен кейін бүлік кезінде оқу мұстахаб саналған өлең жолдары келтіріледі: «Соғыс алғаш аңғал жанның көзіне Сәнденіп, алдынан жүгірген бойжеткендей көрінеді. Ал оты тұтанып, өртейтінін өртеп болғанда, Талап қылар жан қалмаған кәрі әйелге ұқсайды: Шашына ақ кірген, өңі кеткен, иіскеп, сүюді ешкім қаламайды». Ибн Хажар өлеңді кей нұсқада Имрул-Қайсқа телігенін, зерттей келгенде, оның Амр ибн Мағдикәрібке тиесілі екені анықталғанын айтады. Өлең келтірілген бір риуаятта әзірет Исаның мына кеңесі беріледі: «Патшалар хикметті сендерге қалдырғаны сияқты, сендер де дүниені оларға қалдырыңдар».

  1. 1Бұхари, «Мағази», 35 (4170).