وَعَنْ سَمُرَةَ بْنِ جُنْدُبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لَمَّا حَمَلَتْ حَوَّاءُ عَلَيْهَا السَّلَامُ طَافَ بِهَا إِبْلِيسُ، وَكَانَ لَا يَعِيشُ لَهَا وَلَدٌ. فَقَالَ: “سَمِّيهِ عَبْدَ الْحَارِثِ فَإِنَّهُ يَعِيشُ”، فَسَمَّتْهُ عَبْدَ الْحَارِثِ فَعَاشَ، وَكَانَ ذَلِكَ مِنْ وَحْيِ الشَّيْطَانِ وَأَمْرِهِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Сәмура ибн Жундубтан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзі келтіріледі: «Хауа (а.с.) жүкті болғанда, Ібіліс оның маңына үйірілді. Хауаның балалары шетінеп қала беретін. Ібіліс оған “Балаңа Әбдулхарис деп ат қой, сонда ол аман қалады”, – деді. Хауа баласына Әбдулхарис деп ат қойды, бала тірі қалды. Бұл шайтанның азғыруы мен әмірінен болған еді»1.
Түсіндірме
Бұл шархта әл-Харис шайтанның аты ретінде аталады. «Әбдулхарис» «Харистің құлы» дегенді білдіреді. Шархта балаға мұндай ат қою есім берудегі серік қосуға жатқызылған, ал құлшылықтағы ширк өз алдына қаралады. Тирмизи Сәмурадан жеткен риуаятты мына аяттардың тәпсіріне қатысты келтірген. «Ол сендерді бір жаннан жаратты, сол жанның көңілі жай тапсын деп, оған өзінен жұп жаратты. Ер жұбайына қосылғанда, ол жеңіл жүкті болып, оны біраз уақыт көтерді. Жүгі ауырлағанда, екеуі Раббылары Аллаға “Бізге дені сау перзент берсең, шүкір етушілерден боламыз”, – деп жалбарынды. Алла екеуіне дені сау перзент бергенде, олар сол бергені үшін Аллаға серік қосты. Алла олардың қосқан серіктерінен пәк әрі ұлы»2.
Хадисті аятпен байланыстыра оқығанда, сөз Адам (а.с.) туралы болып көрінуі мүмкін. Сонда оның Аллаға серік қосқанын қалай түсінеміз деген сауал туады. Бұл пайғамбарлардың күнәдан сақталуын білдіретін исмет ұғымына қайшы келер еді. Ғалымдар осы тұсты әртүрлі түсіндірген. Шархта көпшілік құптаған пікір ретінде Хасан Басридің түсіндірмесі келтіріледі. Ол бұл аяттарды өзге дін өкілдері мен жаһилия дәуіріндегі арабтарға қатысты түсіндірген. Соңғы аяттағы «серік қосады» деген етістік екі адамды білдіретін тұлғада емес, көпше түрде келген. Осы пікірге сай түсіндірмеде «бір жаннан жаратты» деген сөз «бір тектен, бір сипатта жаратты» дегенді білдіреді. «Оған өзінен жұп жаратты» дегендегі жұп та сол тектен жаратылған. Ал «ер жұбайына қосылғанда» деген сөз жалпы ер мен әйелдің қосылуын білдіреді.
Осы түсіндірме бойынша аяттағы екілік есімдіктер ер мен әйел атаулыны қамтиды. Соған сай бұл тұс Адам мен Хауаның басынан өткен жеке оқиға ретінде қарастырылмайды.
Осыған жақын тағы бір түсіндірмеде жаратылыс жайы мысал түрінде баяндалғаны айтылады. Серік қосушылар дені сау бала сүйгенде, бұл нығметті табиғаттан, жұлдыздардың ықпалынан немесе пұттардың көмегінен көрген. Риуаяттың сахихтығына күмән келтірген ғалымдар да бар. Олардың пікірінше, хабар аятты түсіндіруге дербес дәлел боларлық дәрежеге жетпейді және әһл-кітап арасында тараған әңгімелердің бірі болуы ықтимал. Осы пікір иелері мұндай исраилият хабарларының мұсылмандар арасына тарауын Уәһб ибн Мунаббиһ пен Кағб әл-Ахбар секілді әһл-кітаптан хабар жеткізген адамдармен байланыстырады.