وَعَنِ ابْنِ الزُّبَيْرِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «مَا نَزَلَتْ ﴿خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ﴾ إِلَّا فِي أَخْلَاقِ النَّاسِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَأَبُو دَاوُدَ.
Түсіндірме
Жағфар әс-Садықтың айтуынша, бұл – Құранда көркем мінездің мәнін барынша жинақтап жеткізген аят. Алла Тағала Пайғамбарына (с.а.с.) және сол арқылы мүміндерге үш нәрсені әмір етеді. Олар – кешірімділік, ізгілікке шақыру және надандардан бет бұру. Бұлар адамның үш ішкі қуатымен сабақтас. Ақыл қуатының байыпты қалпы – хикмет, ізгілікке шақыру осыған жатады. Нәпсі қалауының тепе-тең қалпы – иффат, яғни өзін тыя білу. Кешірім де осы қасиетпен байланысты. Ашу қуатының тепе-тең қалпы – шажағат, яғни батылдық. Надандыққа ермей, бет бұра білу осыған жатады. Мағруф – істеу қажет деп танылған, пайдасы бар ізгі іс. Оның өлшемі Құран мен сүннетте айқындалады немесе оны парасатты жұрт жақсылық деп таниды. Күшпен орныққан не әдетке айналып, жұртқа таныс болған істің өзі осы өлшемдерге сай келгенде ғана ізгілік саналады.
Мағруфқа туыстық байланысты сақтау, кешірім ету және надандардан бет бұру да жатады. Табаридің тәпсірінде осы аят түскенде Жәбірейіл (а.с.) Алла елшісіне (с.а.с.) мына сөзді жеткізгені айтылады: «Раббың сенімен байланысын үзген кісімен қайта қатынас орнатуыңды, саған бермегенге беруіңді және өзіңе зұлымдық жасағанды кешіруіңді бұйырды».