1. Бұл екі риуаят құл азат етудің артықшылығын білдіреді. Азат етілген құлдың әрбір мүшесіне сай, азат еткен адамның да бір мүшесі тозақтан құтылады. Құрандағы ﴿فَكُّ رَقَبَةٍ﴾ «Ол – бір құлды азат ету» деген аятта да осы жай айтылса керек. Бір хадисте «құлды азат ету» оның бостандық алуына жәрдемдесуді де білдіретіні айтылған.
2. Нәсәидің бір риуаятында былай делінген: «Қай мұсылман екі мұсылман күңді азат етсе, сол екеуі оны тозақтан құтқаруға себеп болады. Олардың екі сүйегі оның бір сүйегіне сай келеді. Қай мұсылман әйел бір мұсылман күңді азат етсе, күңнің азат болуы ол әйелдің тозақтан құтқарылуына себеп болады». Бұл жайында өзге риуаяттар да бар.
3. Риуаяттар жалпы құл азат етудің абзалдығын баяндайды. Ибн Хажар олардың бірінен ер кісіні азат ету абзалырақ болған деген түйін шығарады. Оның түсіндіруінше, сол дәуірде азат етілген әйел кейде күнкөріс қиындығына тап болатын, ал азат етілген ер адам білім үйрету, жиһадқа қатысу секілді жұртқа ортақ істерге араласа алатын. Сондықтан ер кісіні азат ету шығыны көбірек әрі абзалырақ деп саналған.
4. «Алла құлдың әрбір мүшесіне сай оны азат еткен адамның бір мүшесін тозақтан құтқарады» деген сөзден азат етілетін құлдың дене мүшелері бүтін болғаны абзал деген мағына ұғынылуы мүмкін. Хаттаби піштірілген құлды азат етуге мұндай кемістік кедергі болмайтынын айтқан. Нәуәуи мен өзге ғалымдар дене мүшелері сау құлды азат етуді абзал санаған.
5. Ибн әл-Мунәййир кәффарат үшін азат етілетін құлдың мұсылман болуы керек деген. Оның айтуынша, кәффарат тозақтан құтылуға себеп болатын амал болса, оны өзі де тозақтан құтылуға үміті бар адамды азат ету арқылы атқарған жөн.