Хадис

Күнә арқылы рухани мәртебеге қол жеткізу

Кутуб ситтә, 9-том, 563-тарау · 8 хадис · № 4141–4148

Хадистер

Исламдағы күнә ұғымының басқа діндерде анық көріне бермейтін бір қыры бар. Адам істеген күнәсіне шын жүректен тәубе етіп, Раббысына ықыласпен бет бұрса, Оған жақындай түсіп, рухани дәрежесі өсуі мүмкін. Құранда жамандықтың жақсылыққа айналуы осылай баяндалады: ﴿إِلَّا مَنْ تَابَ وَآمَنَ وَعَمِلَ عَمَلًا صَالِحًا فَأُولَٰئِكَ يُبَدِّلُ اللَّهُ سَيِّئَاتِهِمْ حَسَنَاتٍ ۗ وَكَانَ اللَّهُ غَفُورًا رَحِيمًا﴾ «Ал кімде-кім тәубеге келсе әрі иман келтіріп, игі істер істесе, оның жөні бөлек. Алла ондай жандардың жамандықтарын жақсылыққа айналдырады. Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді!» («Фурқан» сүресі, 70-аят).

Бұл мағынаны түсіндіретін хадистердің бірі – № 4142 риуаят. Расулалла (с.а.с.) адамның ізгі амалдарына сүйеніп, өзін күнәдан ада санауы тәубе мен истиғфардан алыстатып жіберетінін ескертеді. Ондай адам жәннатқа өз күшімен жететіндей, әр жетістігіне өз амалымен ғана ие болғандай ойға берілуі мүмкін. Өз амалына осылай сүйсіну «ғұжб» деп аталады. Хадисте ғұжбтың күнәдан да қатерлі екені айтылады.

Бұл – байыппен ойлануды қажет ететін мәселе.

«Фатх» сүресінің 2-аятында өткен әрі келешек күнәларының кешірілгені сүйіншіленгеніне қарамастан, Расулалла (с.а.с.) күніне кемінде жүз рет тәубе ететінін айтқан. Күнәлары кешірілген Пайғамбар осылай істесе, біз күніне қанша рет истиғфар айтуымыз керек? Неліктен сонша құлшылық ететіні сұралғанда, Алла елшісі (с.а.с.): «Шүкір етуші құл болмаймын ба?» – деп жауап берген.1

Кейбір ғалымдардың айтуынша, бұл хадисте үмбеттің қайырлылары істеген күнәсіне алданып қалмай, Алланың кешірімін естен шығармай, тәубемен Оған қайта оралатындар деп сипатталады. Кейбір күнәлар мүміннің Раббысына ықыласпен бет бұрып, тәубесін көбейтуіне себеп болса, оған көптеген құлшылықтан да пайдалы болуы мүмкін. Тәубеден айнымайтын адам Алланың сүйікті құлдарының қатарынан орын алады. Аятта ﴿إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ التَّوَّابِينَ﴾ «Шүбәсіз, Алла қатты өкініп, тәубе ететін тәубешіл құлдарын жақсы көреді»2 делінген («Бақара» сүресі, 222-аят).

Тәубенің әркім аңғара бермейтін сыры осы. Күнәға былғанбай тұрып-ақ тәубені дағдыға айналдырғандар рухани игіліктерге кенеледі. Мұны түсінбей, күнәға бой алдырғанымен, кейін қателігін ұғынып, одан тазару үшін Раббысына асыққан құлдарға да Алла рақымымен биік дәрежелер уәде еткен. Сол уәделердің бірі – өткен күнәлардың сауапқа айналуы. Сондықтан күнәларымыздың сауапқа айналуы мүмкін екеніне сеніп, шын ықыласпен, адал ниетпен, нәсух тәубе ету керек.

Құлшылық әдебі

Осы сөздерді теріс түсінген біреу «кейбір күнәларды істеуге болады» деп пәтуа шығаруы мүмкін. «Күнә сауапқа айналады екен. Ендеше әуелі күнә жасап, артынша тәубе етсек, сауапқа оңай кенелмейміз бе?» деп ойлайтындар да табылады. Мақсатымыз – күнәға шақыру емес. Адамның алдында «бір ізгі іс істейін бе, әлде бұрын жасаған күнәмә тәубе етейін бе?» деген таңдау туса, тәубенің абзалдығын айтқымыз келеді. Ал күнәні әдейі істеп, кейін тәубе етуді көздеу құлшылық әдебіне жат. Бұл сөз білместікпен көп күнә жасап, «Күнәларым кешіріле ме? Кешірілмесе, тәубе етудің не пайдасы бар?» деп күмәнданған жанға арналған. Құранда ﴿إِنَّمَا التَّوْبَةُ عَلَى اللَّهِ لِلَّذِينَ يَعْمَلُونَ السُّوءَ بِجَهَالَةٍ ثُمَّ يَتُوبُونَ مِنْ قَرِيبٍ فَأُولَٰئِكَ يَتُوبُ اللَّهُ عَلَيْهِمْ ۗ وَكَانَ اللَّهُ عَلِيمًا حَكِيمًا﴾ «Әйтсе де, Алла қабыл алуды уәде еткен тәубе – жамандықты білместікпен істегеннен кейін дереу тәубе етіп, Аллаға бет бұрғандардың тәубесі. Міне, солардың тәубесін Алла міндетті түрде қабыл алады! Алла – Алим, Хаким» делінген («Ниса» сүресі, 17-аят).

Бұл аят пен Алланың барлық күнәні кешіретінін білдіретін аят бір-біріне қайшы келмейді. Алдыңғысында біліп те, білмей де істелген күнәнің кешірілуі мүмкін екені айтылады. Мұнда білместікпен күнә істеп, дереу тәубеге келген жанның тәубесі қабыл болатынына уәде беріледі. «Тәубе етіп, күнәмді сауапқа айналдырамын» деген адамға сондай мұрсат беріле ме? Өмірінің сол уақытқа жететініне кепілдік бар ма? Жеткен күннің өзінде Алла күнәсін сауапқа айналдыра ма? Бәлкім, қасақана, теріс ниетпен істеген күнәсі сол күйінде қалар. Мұны да ойлаған жөн.

Қай жағынан қарасаң да, Алланың алдында біле тұра күнә істеу – өзіңді алдау. Ол құлшылық әдебіне де сай келмейді.

Тәубе етудің әдебі

Тәубенің қабыл болуы – көпті толғандыратын мәселе. Ғалымдар аят пен хадиске сүйеніп, дұрыс тәубенің шарттарын белгілеген. Нәуәуи былай дейді: «Тәубе тілдік мағынада күнәдан теріс бұрылып, одан алыстауды білдіреді. Тәубенің үш шарты бар: күнәні дереу тоқтату, істеген ісіне өкіну, енді оған қайта оралмауға нық шешім қабылдау».

Нәуәуи сөзін жалғап: «Егер күнә біреудің ақысын бұзумен байланысты болса, төртінші шарт қосылады. Ақы иесінің ақысын қайтарып, онымен кешірісу керек», – дейді.

Нәуәуи бұл мәселені одан әрі былай түсіндіреді: «Тәубенің негізі әрі ең үлкен шарты – өкіну. Ғалымдар үлкен-кіші күнәнің бәріне тәубе ету уәжіп екеніне бірауыздан келіскен. Күнә жасалған бойда тәубе етіп, оны кейінге қалдырмаған жөн. Тәубе – Исламның аса маңызды қағидаларының бірі. Әһлі сүннет бойынша, тәубе ету шариғатпен уәжіп етілген, ал мұғтазила бойынша, ақыл тұрғысынан уәжіп. Барлық шарты орындалса да, әһлі сүннет бойынша, тәубені қабыл ету Алла тағалаға міндет емес. Алайда Алланың жомарттығы мен кеңшілігіне сүйеніп, оны қабыл етеді деп үміттенеміз. Мұны мұғтазиладан өзгеше, шариғат пен ижмағ арқылы білеміз. Бір күнәсіне тәубе еткен кісі кейін сол күнәсін есіне түсіргенде тәубесін жаңартуы керек пе деген мәселеде ғалымдар әртүрлі пікір айтқан. Ибн әл-Әнбари оны уәжіп десе, Имам әл-Харамайн уәжіп санамаған. Адам басқа бір күнәсін жалғастырып жүрсе де, бір күнәсіне еткен тәубесі дұрыс. Сондай-ақ шартына сай тәубе еткен күнәсін кейін қайталаса, екінші күнә жазылады, алғашқы тәубесі бұзылмайды». Бұл – екі мәселеге қатысты әһлі сүннеттің ұстанымы.

Нәуәуи былай жалғайды: «Күпірлігінен қайтып, иман келтірген адамның тәубесі сөзсіз қабыл болады. Өзге тәубелердің қабыл болатынына кесіп айтуға бола ма, әлде оны үміт етеміз бе деген мәселеде әһлі сүннет ғалымдары әртүрлі пікір айтқан. Имам әл-Харамайн оны үміт етеміз деген. Дұрысы да – осы пікір».

Тәубенің қабыл болуына қатысты өзге әдептер Жоғарыда Нәуәуи келтірген төрт шарт айтылды. Тәубе – дұғаның бір түрі. Сондықтан дұғаға қатысты әдептерді тәубе еткенде де сақтау оның қабыл болуына себеп болады. Алдымен мал-мүліктен садақа берген жөн. Рауда әл-Мутаһһара, Қағба, Ақса мешіті, өзге мешіттер мен алдыңғы сап секілді мүбәрак орындарда тәубе еткен абзал. Рамазан айы, Қадір түні, басқа мүбәрак күндер мен түндер, жұма күнгі дұға қабыл болатын мезет, сәресі уақыты, парыз намазды алғашқы уақытында өтегеннен кейінгі және дәреттен соң екі рәкат нәпіл намаз оқығаннан кейінгі уақыт та тәубеге қолайлы. Тәубені салауатпен бастап, салауатпен аяқтау, Құран мен хадисте келген тәубе дұғаларын оқу және дәретпен тәубе ету де осы әдептерге жатады.3

4141
Кутуб ситтә, № 4141 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Әйюб

عَنْ أَبِي أَيُّوبَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَوْلَا أَنَّكُمْ تُذْنِبُونَ لَذَهَبَ اللَّهُ تَعَالَى بِكُمْ وَخَلَقَ خَلْقًا يُذْنِبُونَ فَيَغْفِرُ لَهُمْ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Әйюб (р.а.) Расулалланың (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Егер сендер күнә істемейтін болсаңдар, Алла Тағала сендерді алып кетіп, орнына күнә жасайтын әрі Ол күнәларын кешіретін жаратылыс жаратар еді».1

  1. 1Мүслим, «Тәубе», 9 (№ 2748). Тирмизи, «Дағауат» (№ 3539, Ибраһим Жанан басылымында № 3533).
4142
Кутуб ситтә, № 4142 · тараудағы реті: 2

وَلِمُسْلِمٍ عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «وَالَّذِي نَفْسِي بِيَدِهِ لَوْ لَمْ تُذْنِبُوا لَذَهَبَ اللَّهُ بِكُمْ، وَلَجَاءَ بِقَوْمٍ يُذْنِبُونَ فَيَسْتَغْفِرُونَ اللَّهَ، فَيَغْفِرُ لَهُمْ». وَزَادَ رَزِينٌ: «وَالَّذِي نَفْسِي بِيَدِهِ لَوْ لَمْ تُذْنِبُوا لَخَشِيتُ عَلَيْكُمْ مَا هُوَ أَشَدُّ مِنْهُ، وَهُوَ الْعُجْبُ».

Қазақша аудармасы

Мүслимнің жинағында Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Жаным қолында болған Алланың атымен ант етемін, күнә істемесеңдер, Алла сендерді алып кетіп, орнына күнә жасап, артынан Алладан кешірім тілейтін бір қауым әкелер еді. Сонда Алла оларды кешірер еді».1

Разин риуаятты мына нұсқамен толықтырады: «Жаным қолында болған Алланың атымен ант етемін, егер күнә істемесеңдер, күнәдан да қатерлі ғұжбқа, яғни өздеріңе тамсануға бой алдырарсыңдар деп қорқар едім».2

Түсіндірме

Тиби былай дейді: «Алланың мақсатын бұрыс түсінген кей адамдар ойлағандай, бұл хадис күнәні доғармаған адамды жұбату үшін айтылған жоқ. Өйткені пайғамбарлар жұртты күнәдан арылту үшін жіберілген. Хадис күнәһардың Алланың кешірімінен, рақымынан үміт үзуіне жол бермейді. Алла ізгілік жасаушыларды сүйгені секілді, күнәһардың күнәсін кешіруді де қалайды. Бұған Оның Ғаффар, Халим, Тәууәб секілді есімдері дәлел. Алла құлдарының бәрін бір сипатта жаратпаған. Мәселен, періштелер күнәдан пәк. Бірақ Алла оларды күнә жасамағаны үшін жойып жібермейді. Ал адамға күнә жасауға ерік те, одан тыйылуға ақыл да берілген».

  1. 1Мүслим, «Тәубе» (№ 2749). № 2748-де Әбу Әйюбтің риуаяты берілген.
  2. 2Мүнзири, «әт-Тарғиб уәт-тарһиб», 4-том, 20-бет. Ибраһим Жанан бұл нұсқаны Разиннен келтіреді.
4143
Кутуб ситтә, № 4143 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: فِيمَا يَحْكِي عَنْ رَبِّهِ عَزَّ وَجَلَّ. قَالَ: أَذْنَبَ عَبْدٌ ذَنْبًا فَقَالَ: اللَّهُمَّ اغْفِرْ لِي ذَنْبِي. فَقَالَ اللَّهُ تَعَالَى: أَذْنَبَ عَبْدِي ذَنْبًا، فَعَلِمَ أَنَّ لَهُ رَبًّا يَغْفِرُ الذَّنْبَ وَيَأْخُذُ بِالذَّنْبِ. ثُمَّ عَادَ فَأَذْنَبَ. فَقَالَ: أَيْ رَبِّ اغْفِرْ لِي ذَنْبِي. فَقَالَ اللَّهُ تَعَالَى: أَذْنَبَ عَبْدِي ذَنْبًا، فَعَلِمَ أَنَّ لَهُ رَبًّا يَغْفِرُ الذَّنْبَ وَيَأْخُذُ بِالذَّنْبِ. ثُمَّ عَادَ فَأَذْنَبَ فَقَالَ: يَا رَبِّ اغْفِرْ لِي. فَقَالَ اللَّهُ تَعَالَى: أَذْنَبَ عَبْدِي ذَنْبًا، فَعَلِمَ أَنَّ لَهُ رَبًّا يَغْفِرُ الذَّنْبَ وَيَأْخُذُ بِالذَّنْبِ. اعْمَلْ مَا شِئْتَ فَقَدْ غَفَرْتُ لَكَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) айтуынша, Пайғамбарымыз (с.а.с.) Раббысынан мына құдси хадисті жеткізген: «Бір құл күнә жасап: “Уа, Алла! Күнәмді кешір”, – деді. Сонда Алла Тағала: “Құлым күнә жасады. Ол күнәні кешіретін әрі күнә үшін жазалайтын Раббысы бар екенін білді”, – деді. Содан кейін ол тағы күнә жасап: “Уа, Раббым! Күнәмді кешір”, – деді. Алла Тағала: “Құлым күнә жасады. Ол күнәні кешіретін әрі күнә үшін жазалайтын Раббысы бар екенін білді”, – деді. Содан соң әлгі құл тағы күнә жасап: “Уа, Раббым! Мені кешір”, – деді. Алла Тағала: “Құлым күнә жасады. Ол күнәні кешіретін әрі күнә үшін жазалайтын Раббысы бар екенін білді. Қалағаныңды істе, сені кешірдім”, – деді».1

Түсіндірме

Хадис күнәні кешіретін әрі күнә үшін жазалайтын Раббысы бар екенін мойындап, тәубе еткен құлға Алла тағаланың шексіз рақым ететінін көрсетеді.

Шынайы тәубе жүректі күнәдан тазартады, күнәнің кешірілуіне себеп болады.

Мүмін қандай күнә жасаса да, Алланың рақымынан үміт үзбеуі керек. Раббысын еске алып, қателігі үшін дереу тәубе етіп, күнәсін қайталамай, орнын ізгі амалмен толтырғаны абзал. Бұл – шынайы тақуаларға тән сипат. Құранда ﴿الَّذِينَ يُنْفِقُونَ فِي السَّرَّاءِ وَالضَّرَّاءِ وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ ۗ وَاللَّهُ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ ۝ وَالَّذِينَ إِذَا فَعَلُوا فَاحِشَةً أَوْ ظَلَمُوا أَنْفُسَهُمْ ذَكَرُوا اللَّهَ فَاسْتَغْفَرُوا لِذُنُوبِهِمْ وَمَنْ يَغْفِرُ الذُّنُوبَ إِلَّا اللَّهُ وَلَمْ يُصِرُّوا عَلَىٰ مَا فَعَلُوا وَهُمْ يَعْلَمُونَ﴾ «Нағыз тақуалы жандар – кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында садақа бергендер, ашуын жеңе білгендер һәм адамдарға кешірімді болғандар. Шүбәсіз, Алла ізгі жандарды жақсы көреді. Әрі олар жағымсыз іс істегендерінде немесе күнәға батып, өз-өздеріне қиянат жасағандарында, бірден Алланы еске алып, күнәлары үшін кешірім сұрайды. Күнәларды Алладан басқа кім кешіре алады?! Әрі олар бір рет істеген күнәні біліп тұрып қайта-қайта істемейді.»2 делінген.

Ибн Баттал былай дейді: «Хадис күнәсін қайталаудан тыйылмаған адамның үкімі Алланың қалауында екенін білдіреді. Алла қаласа, оны кешіреді, қаласа, жазаға тартады. Қаласа, құлының жақсылығын еселеп, кешіріміне бөлейді. Ол жақсылық – күнәні кешіретін Раббысының барына шын сеніп, Одан кешірім тілеу. Құранда ﴿مَنْ جَاءَ بِالْحَسَنَةِ فَلَهُ عَشْرُ أَمْثَالِهَا ۖ وَمَنْ جَاءَ بِالسَّيِّئَةِ فَلَا يُجْزَىٰ إِلَّا مِثْلَهَا وَهُمْ لَا يُظْلَمُونَ﴾ “Кімде-кім Алланың алдына бір ғана жақсылықпен келсе, оған сол жақсылығы үшін он есе сауап жазылады. Ал кімде-кім бір жамандықпен келсе, ол тек сол күнәсінің ғана жазасын тартады. Олардың ешбіріне титтей де әділетсіздік жасалмайды”3 делінген. Асылында, Алланы бірлеуден асқан жақсылық жоқ».

Ғалымдар тәубе мен истиғфардың айырмасы барын айтады. Истиғфар – Алладан кешірім тілеу. Оны күнәдан бойын аулақ ұстаған адам да, күнәні қайталаған жан да, тәубе етуші де айтады. Тәубе – істеген күнәсіне өкіну, оны доғару және оған қайта оралмауға нық шешім қабылдау. Осы үш шарт орындалмаса, тәубе дұрыс болмайды. Кейбір ғалымдар шын өкінудің өзі жеткілікті деген. Өйткені шын өкінген адам күнәсінен бас тартып, оны қайталамауға бел буады. Демек, өкіну қалған екі шартты да қамтиды. Олар Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «Өкіну – тәубе» деген хадисін дәлел етеді.

Имам әл-Қуртуби былай дейді: «Хадис истиғфардың мол пайдасын, Алланың рақымы мен мейірімінің шексіздігін көрсетеді. Мұндағы истиғфар – істеген күнәсіне жүрегімен өкініп, оны қайталаудан тыйылуға себеп болатын, тілмен айтылған кешірім тілегі. Қысқасы, бұл – тәубе». Ол дәлел ретінде «Ең қайырлыларың – күнәға бой алдырған сайын тәубесіне қайта келетіндерің» деген хадисті келтіреді. Ғалымдар хадистегі «муфаттин» сөзін «күнәні қайталап қойса да, тәубесін тастамайтын адам» деп түсіндірген. Мәнауидің түсіндіруінше, ол күнә жасап, соңынан тәубе етеді, қайта күнә істеп қойса, қайта тәубе етеді. Қуртуби сөзін былай түйеді: «Жүрегі сол күнәні қалап тұрып, тілімен кешірім тілеу тәубеге жатпайды. Ондай истиғфардың өзі истиғфарға мұқтаж».

Ибн Хажар әл-Асқалани мына риуаятты келтіреді: «Күнәсіне тәубе еткен адам – оны істемеген адамдай. Күнәні жалғастырып жүріп кешірім тілеу – Раббысын келемеждеумен тең». Имам әл-Қуртуби хадистен мынадай қорытынды шығарады: «Күнәға қайтып оралу тәубені бұзады әрі алғашқы күнәдан да ауыр. Ал қайта тәубе ету алғашқы тәубеден абзал. Өйткені ол кешірім тілеуді жалғастырады, күнәні қайталағанын және Алладан өзге ешкім күнәні кешірмейтінін мойындайды». Имам Нәуәуи: «Күнәні жүз, тіпті мың рет қайталаса да, құл шын тәубе етсе, тәубесі қабыл болады. Барлық күнәсін бір тәубемен қамтыса да, тәубесі дұрыс», – дейді.

Хадистің соңындағы «Қалағаныңды істе, сені кешірдім» деген сөздің мағынасы – құл күнә істеп, артынан тәубе етсе, Алла оны кешіреді.

Ибн Хажар әл-Асқалани әс-Субкидің мына сөзін келтіреді: «Истиғфар – Алладан кешірім тілеу. Ол тілмен, жүрекпен немесе екеуімен бірдей жасалады. Тілмен айтудың пайдасы бар: жақсы сөз үнсіздіктен қайырлы, тіл жақсы сөзге дағдыланады. Жүрекпен тілеудің де үлкен пайдасы бар. Тіл мен жүректі бірге жұмсау бұлардың екеуінен де пайдалырақ. Алайда тіл мен жүректегі кешірім тілегіне тәубе, яғни күнәға өкіну қосылмаса, адам күнәсінен тазармайды». Әс-Субки: «Көп ғалым истиғфарды тәубе мағынасында түсінген. Осы пікірді ұстанған адам истиғфар айтқанда тәубе етуді көздейді», – дейді.

Әс-Субки тағы былай дейді: «Кейбір ғалымдардың пікірінше, истиғфарсыз тәубе кемшін болады. Тәубенің толық болуы үшін де кешірім тілеу қажет. Олар Құрандағы ﴿وَأَنِ اسْتَغْفِرُوا رَبَّكُمْ ثُمَّ تُوبُوا إِلَيْهِ﴾ “Әрі күнәларың үшін Раббыларыңнан кешірім тілеңдер, содан кейін істеген күнәларыңа өкінген күйде Оған бет бұрыңдар деп берілді”4 деген аятты дәлел етеді».

  1. 1Бұхари, «Тәухид» (№ 7507). Мүслим, «Тәубе», 29 (№ 2758).
  2. 2«Әли Имран» сүресі, 134–135-аяттар.
  3. 3«Әнғам» сүресі, 160-аят.
  4. 4«Һуд» сүресі, 3-аят.
4144
Кутуб ситтә, № 4144 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يَقُولُ اللَّهُ تَعَالَى: يَا ابْنَ آدَمَ، إِنَّكَ مَا دَعَوْتَنِي وَرَجَوْتَنِي غَفَرْتُ لَكَ عَلَى مَا كَانَ فِيكَ وَلَا أُبَالِي، يَا ابْنَ آدَمَ لَوْ بَلَغَتْ ذُنُوبُكَ عَنَانَ السَّمَاءِ ثُمَّ اسْتَغْفَرْتَنِي غَفَرْتُ لَكَ وَلَا أُبَالِي. يَا ابْنَ آدَمَ إِنَّكَ لَوْ أَتَيْتَنِي بِقُرَابِ الْأَرْضِ خَطَايَا ثُمَّ لَقَيْتَنِي لَا تُشْرِكُ بِي شَيْئًا لَأَتَيْتُكَ بِقُرَابِهَا مَغْفِرَةً». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. وَ«الْعَنَانُ» السَّحَابُ، وَقِيلَ: مَا عَنَّ لَكَ مِنْهَا، أَيْ ظَهَرَ. وَ«قُرَابُ الْأَرْضِ» مَا يُقَارِبُ مِلْأَهَا.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) Расулалланың (с.а.с.) Алла тағаладан жеткізген мына сөзін баяндайды: «Уа, Адам баласы! Маған дұға етіп, Менен үміт еткеніңде, не істесең де кешіремін, күнәңнің көптігіне қарамаймын. Уа, Адам баласы! Күнәларың аспан бұлттарына дейін жетсе де, Менен кешірім тілесең, сені кешіремін. Уа, Адам баласы! Маған жер толарлық күнәмен келіп, еш нәрсені серік қоспай жолықсаң, сені жер толарлық кешіріммен қарсы аламын».1

  1. 1Тирмизи, «Дағауат» (№ 3540, Ибраһим Жанан басылымында № 3534).
4145
Кутуб ситтә, № 4145 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Жундуб

وَعَنْ جُنْدَبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: قَالَ رَجُلٌ: وَاللَّهُ لَا يَغْفِرُ اللَّهُ لِفُلَانٍ. وَإِنَّ اللَّهَ تَعَالَى قَالَ: مَنْ ذَا الَّذِي يَتَأَلَّى عَلَيَّ أَنْ لَا أَغْفِرَ لِفُلَانٍ؟ فَإِنِّي قَدْ غَفَرْتُ لَهُ وَأَحْبَطْتُ عَمَلَكَ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ. وَ«التَّأَلِّي» الْحَلَفُ وَالْيَمِينُ وَ«إِحْبَاطُ الْعَمَلِ» إِبْطَالُهُ وَتَرْكُ الْجَزَاءِ عَلَيْهِ.

Қазақша аудармасы

Жундуб (р.а.) Расулалланың (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Бір адам: “Алланың атымен ант етемін, Алла пәленшені кешірмейді”, – деді. Алла Тағала: “Пәленшені кешірмеймін деп Менің атымнан ант еткен кім? Мен оны кешірдім, ал сенің амалыңды зая қылдым”, – деді».1

Түсіндірме

Нәуәуи былай дейді: «Бұл хадис Алла қаласа, тәубе етпеген құлын да кешіреді деген әһлі сүннет пікіріне дәлел болады. Мұғтазила осы хадиске сүйеніп, үлкен күнә ізгі амалды жояды дейді. Әһлі сүннет бойынша, амал күпірлік салдарынан ғана зая кетеді. Бұл адамның амалы күнәларына қарсы есептеліп, сауабы кемігенін бейнелі түрде “амалы жойылды” деп білдірген болуы мүмкін. Не оның күпірлікке апаратын өзге амалы болған шығар. Тағы бір түсіндірме бойынша, бұл оқиға бұрынғы шариғаттардың біріне қатысты, ол шариғатта үлкен күнә да амалды жоятын».

  1. 1Мүслим, «Бирр» (№ 2621).
4146
Кутуб ситтә, № 4146 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: كَانَ فِي بَنِي إِسْرَائِيلَ رَجُلَانِ مُتَآخِيَانِ أَحَدُهُمَا مُذْنِبٌ وَالْآخَرُ فِي الْعِبَادَةِ مُجْتَهِدٌ. فَكَانَ الْمُجْتَهِدُ لَا يَزَالُ يَلْقَى الْآخَرَ عَلَى ذَنْبٍ. فَيَقُولُ: أَقْصِرْ. فَوَجَدَهُ يَوْمًا عَلَى ذَنْبٍ. فَقَالَ: أَقْصِرْ. فَقَالَ: خَلِّنِي وَرَبِّي، أَبُعِثْتَ عَلَيَّ رَقِيبًا؟ فَقَالَ لَهُ: وَاللَّهُ لَا يَغْفِرُ اللَّهُ لَكَ، أَوْ قَالَ: لَا يُدْخِلُكَ اللَّهُ الْجَنَّةَ. فَقَبَضَ اللَّهُ أَرْوَاحَهُمَا فَاجْتَمَعَا عِنْدَ رَبِّ الْعَالَمِينَ. فَقَالَ الرَّبُّ تَعَالَى لِلْمُجْتَهِدِ: أَكُنْتَ بِي عَالِمًا، أَوْ كُنْتَ عَلَى مَا فِي يَدِي قَادِرًا؟ وَقَالَ لِلْمُذْنِبِ: اذْهَبْ فَادْخُلِ الْجَنَّةَ بِرَحْمَتِي، وَقَالَ لِلْآخَرِ: اذْهَبُوا بِهِ إِلَى النَّارِ». قَالَ أَبُو هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «وَالَّذِي نَفْسِي بِيَدِهِ لَتَكَلَّمَ بِكَلِمَةٍ أَوْبَقَتْ دُنْيَاهُ وَآخِرَتَهُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. وَمَعْنَى «أَوْبَقَتْ» أَهْلَكَتْ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Расулалланың (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Бәни Исраилде бауырлас екі адам болған. Бірі күнә жасайтын, екіншісі құлшылыққа ынталы еді. Құлшылыққа ынталы адам екіншісін күнә үстінде көрген сайын: “Доғыра ғой”, – дейтін. Бір күні оны тағы күнә үстінде көріп, осы сөзін қайталады. Әлгі адам: “Мені Раббыммен оңаша қалдыр. Сені маған бақылаушы етіп жіберді ме?” – деді. Құлшылығы көп адам: “Алланың атымен ант етемін, Алла сені кешірмейді”, – деді немесе: “Алла сені жәннатқа кіргізбейді”, – деді. Алла екеуінің де жанын алды. Екеуі әлемдердің Раббысының алдында жүздесті. Раббысы құлшылығымен танылған адамнан: “Менің не істейтінімді білдің бе, әлде Менің қолымдағыға билігің бар ма еді?” – деп сұрады. Күнә жасаған адамға: “Бар, рақымыммен жәннатқа кір”, – деді. Екіншісі жайлы: “Мұны отқа апарыңдар”, – деп бұйырды».

Әбу Һурайра (р.а.): «Жаным қолында болған Алланың атымен ант етемін, оның сол бір сөзі дүниесін де, ақыретін де күйретті», – деді.1

Түсіндірме

1. Хадис адамның өз амалына ғана сенуінің салдарын көрсетеді. Қанша ізгі іс жасаса да, ешкім ақыреті не болатынын білмейді. Мүслимдегі риуаятта Расулалла (с.а.с.) былай дейді: «Өзінен басқа тәңір болмаған Алланың атымен ант етемін, бірің жәннат иелерінің амалын істеп жүріп, жәннатқа бір шынтақ қалғанда, ол туралы жазылған тағдыр басым түседі. Сөйтіп тозақ иелерінің амалын істеп, тозаққа кіреді. Енді бірің тозақ иелерінің амалын істеп жүріп, тозаққа бір шынтақ қалғанда, ол туралы жазылған тағдыр басым түседі. Сөйтіп жәннат иелерінің амалын істеп, жәннатқа кіреді».2

Мұсылман өмірінің соңына дейін амалына сеніп қалмай, үміт пен қорқыныштың арасындағы тепе-теңдікті ұстауы керек. Ғалымдар өзіңді немесе өзге біреуді «сөзсіз жәннаттық» не «сөзсіз тозақтық» деп кесіп айтуды ауыр күнә санаған. Уахи хабарында жәннатпен сүйіншіленген сахабалардың ішінде арнайы «Жәннатпен сүйіншіленген он сахаба» деп аталатын топ бар. Хадис бізге осы қағиданы үйретеді.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Әдеп» (№ 4901).
  2. 2Мүслим, «Қадар» (№ 2643).
4147
Кутуб ситтә, № 4147 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: كَانَ رَجُلٌ يُسْرِفُ عَلَى نَفْسِهِ فَلَمَّا حَضَرَهُ الْمَوْتُ قَالَ لِبَنِيهِ: إِذَا أَنَا مِتُّ فَأَحْرِقُونِي ثُمَّ اسْحَقُونِي ثُمَّ ذَرُّونِي فِي الرِّيحِ. فَوَاللَّهُ لَئِنْ قَدَرَ عَلَيَّ رَبِّي لَيُعَذِّبَنِّي عَذَابًا مَا عَذَّبَهُ أَحَدًا. فَلَمَّا مَاتَ فُعِلَ بِهِ ذَلِكَ. فَأَمَرَ اللَّهُ الْأَرْضَ فَقَالَ: اجْمَعِي مَا فِيكِ مِنْهُ. فَفَعَلَتْ: فَإِذَا هُوَ قَائِمٌ. فَقَالَ: مَا حَمَلَكَ عَلَى مَا فَعَلْتَ؟ فَقَالَ: مَخَافَتُكَ يَا رَبِّ. فَغَفَرَ لَهُ بِذَلِكَ». أَخْرَجَهُ الثَّلَاثَةُ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Расулалланың (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Бір кісі шектен шығып, өзіне қиянат жасады. Ажалы жақындағанда, балаларына: “Мен өлген соң денемді өртеп, күлімді ұнтақтап, желге ұшырып жіберіңдер. Алланың атымен ант етемін, егер Раббым мені қолға түсірсе, бұрын ешкім көрмеген азаппен азаптайды”, – деп өсиет етті.

Ол өлген соң балалары айтқанын орындады. Алла Тағала жерге: “Бойыңда одан қалғанның бәрін жина”, – деп бұйырды. Жер бұйрықты орындап, әлгі адам Алланың алдында түрегеп тұрды. Алла одан: “Мұны неге істедің?” – деп сұрады. Ол: “Сенен қорыққандықтан, уа, Раббым!” – деді. Осы жауабынан кейін Алла оны кешірді».1

Түсіндірме

1. Хадис Бұхариде өзге нұсқалармен де берілген.

2. Кей ғалымдар әлгі адамның «Раббым мені қолға түсірсе» деген сөзінен Алланың құдіретіне күмәндану мағынасын аңғарған. Осы себепті оның кешірілуі жөнінде түрлі пікір айтылған. Хаттаби былай түсіндіреді: «Ол қайта тірілуді жоққа шығарып тұрған жоқ. Білместікпен “Осылай істесем, Аллаға жолықпай, азаптан құтылатын шығармын” деп ойлаған. Мұны Алладан қорыққандықтан істегені – иманы бар екенінің белгісі».

Ибн Қуртуби: «Мүміндердің кейбірі Алланың жекелеген сипаттарын түсінуде жаңылысуы мүмкін. Сол үшін олар кәпір болмайды», – дейді.

Ибн әл-Жәузи бұл пікірге қарсы шығып: «Алланың құдіретін жоққа шығару – күпірлік», – дейді. Кей ғалымдар «Раббым мені қолға түсірсе» тіркесіндегі етістікті «Алла маған кеңшілік бермей, қыспаққа алса» деп жорыған. Бұл етістік ﴿فَقَدَرَ عَلَيْهِ رِزْقَهُ﴾ «ризық-несібесін тарылтса» деген аят бөлігінде де осындай мағынада жұмсалады («Фәжр» сүресі, 16-аят).

Кейбіреулер ол адам пайғамбарлар арасындағы үзіліс дәуірінде өмір сүргендіктен, иманның барлық шартын білмей, осылай жаңылған дейді. Білместікпен жасалған күнәнің кешірілуі ықтимал.

Басқа ғалымдардың пікірінше, азаптан қатты қорыққандықтан оның санасы тұманданып, осындай сөз айтқан. Ол оны әдейі айтпаған. Ұмыту, білместік, үрей немесе ажал аузында жату мұндай қателікке себеп болуы мүмкін.

Бұл оқиға күнә қанша ауыр болса да, Алланың рақымынан үміт үзбеу керегін білдіреді. Оқиғаға осы тұрғыдан қарасақ, хадистің негізгі мақсатын ұғып, негізсіз таласқа уақыт кетірмейміз.

  1. 1Бұхари, «Әнбия» (№ 3481), «Тәухид», 35. Мүслим, «Тәубе» (№ 2756). «Муатта», «Жанаиз», 51 (1-том, 240-бет). Нәсәи, «Жанаиз», 117 (4-том, 113-бет).
4148
Кутуб ситтә, № 4148 · тараудағы реті: 8

وَعَنْ أُمِّ الدَّرْدَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «سَمِعْتُ أَبَا الدَّرْدَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَقُولُ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: كُلُّ ذَنْبٍ عَسَى اللَّهُ أَنْ يَغْفِرَهُ إِلَّا مَنْ مَاتَ مُشْرِكًا، أَوْ مُؤْمِنٌ قَتَلَ مُؤْمِنًا مُتَعَمِّدًا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Үммі Дәрда (р.а.) былай дейді: «Әбуд-Дәрданың (р.а.): “Расулалладан (с.а.с.): ‘Мүшрік күйінде өлген адамнан және бір мүмінді қасақана өлтірген мүміннен басқаның күнәсін Алла кешіруі мүмкін’, – дегенін естідім”, – деп айтқанын естідім».1

Түсіндірме

Бұл хадис – көлемді бір риуаяттың үзіндісі. Сыртқы мағынасы бойынша, мүмінді қасақана, заңды себепсіз өлтірген кісі кешірілмейді. Осы мағынаны қуаттайтын аятта ﴿وَمَنْ يَقْتُلْ مُؤْمِنًا مُتَعَمِّدًا فَجَزَاؤُهُ جَهَنَّمُ خَالِدًا فِيهَا﴾ «Ал енді кімде-кім бір мүмінді қасақана өлтірсе, оның жазасы – ішінде мәңгі-бақи қалып, азап шегетін тозақ болмақ» делінген («Ниса» сүресі, 93-аят). Ибн Аббас осы пікірді ұстанған.

Ал сәләф ғалымдарының көпшілігі мен әһлі сүннет ғалымдары аяттағы үкімді қатаң ескерту деп түсіндірген. Олардың пікірінше, мұндай күнәға барған адамның шынайы тәубесі де дұрыс болады. Олар ﴿إِنَّ اللَّهَ لَا يَغْفِرُ أَنْ يُشْرَكَ بِهِ وَيَغْفِرُ مَا دُونَ ذَٰلِكَ لِمَنْ يَشَاءُ﴾ «Алла өзіне серік қосқанды әсте кешірмейді. Ал одан өзге күнәларды істеген құлдарынан қалағанын кешіреді» деген аятқа сүйеніп, Алла қаласа, ол адамға да сыйын береді дейді («Ниса» сүресі, 48-аят). Бұған тоқсан тоғыз адамды өлтіріп, «тәубең қабыл болмайды» деген діндарды да өлтіріп, санын жүзге жеткізген бәни исраилдік адамның кейін тәубесі қабыл болғаны дәлел. Бұл үкім бұрынғы үмбетке жүрсе, бұрынғы шариғаттардағы бірқатар ауыр міндеттер жеңілдетілген осы үмбетке де жүретіні анық. Ғалымдар осы дәлелдерге сүйеніп, хадистің сыртқы мағынасын тәуил арқылы түсіндірген.

Құл азат ету

Құлдық – адамзат тарихында ерте заманнан болған қоғамдық институт. Оны Ислам орнатқан жоқ. Құлдықтың негізгі көздерінің бірі соғыс еді: жеңген тарап жеңілгендерді тұтқындап, құлдыққа салатын. Ислам келген кезде бұл тәртіп бұрыннан бар болатын.

Ислам адам тағдырына қатысты осы күрделі мәселеге де жол көрсетті. Құлдық елдердің бәріне дерлік тарағандықтан, оны біржақты жою мүмкін болмады. Соғыс тұтқындарына қалай қарау керегі екі тараптың келісімімен анықталатын, ал құлдықты жою үшін де елдердің өзара келісуі қажет еді. Ислам еркін адамды басып алып, құлдыққа салуға рұқсат етпейді. Африкадан күштеп әкетіліп, Америкада құлдыққа сатылған адамдардың басынан өткен жағдай – соның мысалы. Ислам құлдарға бірқатар құқық беріп, жағдайын жақсартты. Солардың кейбірі мыналар:

• Құлдарға оқу мен жазу үйретуге ынталандырды.

• Мектеп ұстаздарына балаларды құл немесе азат деп бөлмей, бәріне бірдей қарауды бұйырды.

• Құлға қожайынының өзі жеген тамағынан беріп, өзі киген киімдей киім кигізуді құп көрді.

• Құлдарға бостандық алу жолдарын ашты. Антты бұзу, зиһар, кісі өлтіру, оразаны бұзу секілді кәффарат қажет ететін бірқатар іс үшін құл азат ету қарастырылды. Құлдың қожайынымен келісіп, өз еңбегімен азаттығын сатып алуға құқығы бар. Мұндай келісім «мүкатаба» деп аталады. Ол № 4184 риуаятта сөз болады. Көп ғалымның пікірінше, құл осындай келісім жасауды сұраса, қожайынның бас тартуға құқығы жоқ.

• Әділетсіздік көрген құл қазыға шағына алады. Қожайын құлға ойына келгенін істей алмайды.

• Құлдың өміріне қол сұғуға болмайды. Қожайыны оны өлтіруге, азаптауға немесе денесін зақымдауға құқылы емес. Ондай іс істесе, жауапқа тартылады.

Құлды азат ету – ең қайырлы амалдардың бірі. Құлдықтағы адамдардың жағдайын жақсартқан осындай ережелердің арқасында тарихта өзге елдерден Ислам жеріне қашып келген құлдар болған.

Ислам тарихында азаттық алған құлдардың арасынан сұлтандар, уәзірлер, әкімдер, әскербасылар мен әйгілі қолбасшылар шыққан. Ғалымдары да аз емес. Сахабалар мен табиғиндер дәуірінің өзінде азаттық алған талай адам ілімге ден қойып, елге ұстаз болды. Төмендегі риуаят соның бір мысалы.

Зуһри былай дейді: «Абдулмәлик ибн Мәруанның алдына кірдім. Ол: “Уа, Зуһри, қайдан келе жатырсың?” – деп сұрады. “Меккеден”, – дедім. Содан әңгімеміз былай өрбіді:

– Мекке жұртына жөн сілтейтін кім қалды?

– Ата ибн Әбу Рабах.

– Тегі араб па, әлде азат етілген адам ба?

– Азат етілген адам.

– Мекке жұртына үкім айтқанда неге сүйенеді?

– Дін ілімі мен риуаятқа, яғни Пайғамбардың (с.а.с.) сүннетіне сүйенеді.

– Дін ілімі мен риуаятты білген адам елге жөн сілтеуге лайық. Ал Йемен жұртына кім жол көрсетеді?

– Тауус ибн Кәйсан.

– Тегі араб па, әлде азат етілген адам ба?

– Азат етілген адам.

– Ал ол жұртқа жөн сілтегенде неге сүйенеді?

– Ата ибн Әбу Рабах неге сүйенсе, соған сүйенеді.

– Олай болса, ол да осы іске лайық екен. Мысыр халқына кім жөн сілтейді?

– Язид ибн Әбу Хабиб.

– Араб па, әлде азат етілгендерден бе?

– Азат етілгендерден.

– Шам өлкесіне кім жөн сілтейді?

– Мәкхул.

– Тегі араб па, әлде азат етілгендерден бе?

– Азат етілгендерден. Тегі Нубиядан шыққан. Оны Һузәйл тайпасының бір әйелі азат еткен.

– Жазира өлкесіне кім жөн сілтейді?

– Мәймун ибн Миһран.

– Тегі араб па, әлде азат етілген адам ба?

– Азат етілген адам.

– Хорасан жұртына кім жөн сілтейді?

– Даххак ибн Мұзахим.

– Араб па, әлде азат етілгендерден бе?

– Азат етілгендерден.

– Басра халқына кім жөн сілтейді?

– Әл-Хасан ибн Әбу әл-Хасан, яғни Хасан Басри.

– Тегі араб па, әлде азат етілгендерден бе?

– Ол да азат етілгендерден.

– Япыр-ау, Куфа жұртына кім жөн сілтейді?

– Ибраһим ән-Нахағи.

– Мұның тегі араб па?

– Иә, тегі араб.

– Әй, Зуһри, көңілімді бір сергіттің. Алланың атымен ант етемін, азат етілгендер арабтарға басшылық ететін дәрежеге жетіпті. Енді арабтар мінбер түбінде отырсын да, бұрын құл болғандар мінберге шығып, оларға құтба айтсын ба?!

– Уа, мүміндердің әміршісі, бұл – Алланың тағдыры. Оның дінін ұстанып, қорғай білген адам абырой табады. Оны ұстанбай, қолдан шығарып алған адам қор болады».2

  1. 1Әбу Дәуіт, «Фитан», 6 (№ 4270).
  2. 2Ибраһим Жанан, «Күтүб-и Ситтә тәржімесі мен шархы», 11-том, 545–548-беттер.