Хадис

Құлға жақсы қарау

Кутуб ситтә, 9-том, 565-тарау · 2 хадис · № 4151–4152

Хадистер

4151
Кутуб ситтә, № 4151 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Бәкір

عَنْ أَبِي بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَا يَدْخُلُ الْجَنَّةَ سَيِّءُ الْمَلْكَةِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Бәкір (р.а.) Расулалланың (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Қол астындағы адамға жаман қарайтын кісі жәннатқа кірмейді».1

  1. 1Тирмизи, «Бирр», 29 (№ 1946, Ибраһим Жанан басылымында № 1947).
4152
Кутуб ситтә, № 4152 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ رَافِعِ بْنِ مَكِيثٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، وَكَانَ مِنْ جُهَيْنَةَ قَدْ شَهَدَ الْحُدَيْبِيَةَ مَعَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: حُسْنُ الْمَلْكَةِ نَمَاءٌ، أَوْ قَالَ يُمْنٌ، وَسُوءُ الْخُلُقِ شُؤْمٌ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. «النَّمَاءُ» الزِّيَادَةُ. وَ«الْيُمْنُ» ضِدُّ الشُّؤْمِ.

Қазақша аудармасы

Жүһәйна тайпасынан шыққан, Расулалламен (с.а.с.) бірге Худайбияға қатысқан Рафиғ ибн Мәкис (р.а.) Алла елшісінің мына сөзін жеткізеді: «Қол астыңдағыға жақсы қарау – өсім», – немесе «береке», – деген. «Ал мінездің жаманы – берекесіздік».1

Түсіндірме

1. Хадистегі «хуснул-мәләка» – қол астындағы құлға жақсы қарау. Алла елшісінің (с.а.с.) сөзі басшының да қызметкерлеріне жақсы қарауы керегін аңғартады. Кей түсіндірмелерде былай делінеді: «Қожайын не басшы қол астындағыларға мейіріммен, адамгершілікпен қараса, олар да оған жақсы қарайды. Ісін адал, тиянақты атқаруға тырысады. Ал қарым-қатынас нашар болса, олар да салғырттық танытып, істі тек құтылу үшін орындайды. Ондай жерде береке болмайды. Алла елшісі (с.а.с.) екі жағдайды осылайша береке мен берекесіздік деп сипаттаған».

2. Құлдарға жақсы қарауды өсиет еткен хадистердің бірнешеуі мыналар. Расулалла (с.а.с.) жан тәсілім етер шағында: «Намазды сақтаңдар, намазды сақтаңдар! Қол астындағыларға қатысты Алладан қорқыңдар!» – деген. Тағы бір хадисте: «Құлдарың – бауырларың. Алла оларды қол астарыңа берді. Кімнің бауыры қол астында болса, оған өзі жегеннен жегізсін, өзі кигеннен кигізсін. Шамасы жетпейтін істі жүктемесін. Жүктесе, өзі көмектессін», – делінген. Сондай-ақ: «Құлына қол көтерген адамның кәффараты – сол құлды азат ету», – деген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Әдеп», 133 (№ 5162–5163).